top of page

ӨМІРГЕ ҒАШЫҚ ЖАН ЕДІ


 

ree

 

Рақымжан Өтегенов туралы естелік-эссе

 

«Татаркадағы» таныстық

 

– Не боп қалды? Жүздерің өрт сөндірердей ғой, – деді Кеңшілік, есіктен кіре бере. Бөлмедегілер жалт қарадық. Екі езуі екі жақта.

– Сенің-ақ қабағың шытылмайды екен

 

, – деп, мырс етті Марат, оқып отырған кітаптан басын әнтек көтеріп.

– Серіге серуен де бір, сергелдең де бір емес пе? – деді Кеңшілік, міз бақпай. Қашанда жауабы дайын.

– Ойпыр-ай, Кеңшілік! Қазақта «байға – серуен, сорлыға – сергелдең» деген сөз бар еді, сен серуендесең де, сергелдеңге түссең де, селт етпейтін Кең сері, Мырза сері екенсің, – деп, биязы күлді Рақымжан. Оның мына сөзіне түгел елең ете қалдық.

– Құдай тілеуіңді берсін, Тілеуімбеттің ұлы Рақымжан! – деді Кеңшілік, мәз болып. – Маған бір емес, білдей екі лақап атты лақ еткізіп қия салған өзің бір рақымды жан екенсің. Өзің жақсы көретін Мұқағали ағаңның тілімен айтсам: «Ойлы жас, түсініпсің, рақмет!».

Сосын одан әрі жадырай түсіп:

– Әй, жігіттер, мына Рақымжан шабытына келіп, қайратына мініп тұр екен. Жүр, кеттік, жерлесімнің шаңырағынан шай ішіп қайталық, – деді, екі алақанын ысқылап.

– Сен өзің де шабыт шалқарында шалқып жүр екенсің, барсақ, баралық, – деп, Рақымжан Марат екеумізге кезекпен қарады. Соны күткендей-ақ, біз де орнымыздан ұшып түрегелдік. Көз алдымызда – буы бұрқыраған қою қара шай, маргарин қалыңдатып жағылған қара нан. Тапқаның таңдайыңа татымай жүрген кезде, терлеп-тепшіп шай ішу – бір ғанибет емес пе?!.

– Өзі жұмысқа орналаса алмай жүр. Пропискасы жоқ, паспорты құрғыр тіркелмей жатыр. Ауылдас қой, жағдайын біліп қайталық, – деді Кеңшілік қамқор көңілмен. Оған түсіністікпен қарағандай, бас изесіп қоямыз.

«Шу-у, Татарка, қайдасың?» деп, тарта жөнелдік. Жаяу жүріске әбден төселіп алғанбыз. Бәтеңкелеріміздің өкшелері қисаймас үшін қақтырып алған темір тағашықтары тас жолда тақ-тұқ етеді. Кешқұрым уақытта лабиринт тәрізді айқұш-ұйқыш қиылысып, жалғасқан, жарығы аздау ұзынды-қысқалы көшелердің орысша аттарын ежіктей оқып, күллі иттерін шулатып келеміз.

Керек үйді тапқасын, қаймықпай-ақ, аулаға кіре беріп едік, бір пәкене кәндек шәуілдеп, тап-тап берді. Дауысы құлақ жарады.

– Ей, мынауың қайтеді-ей? Тұмсығынан дәлдеп тұрып, қаңқ еткізіп, бір тепсе ғой, – дедім мен, оң аяғымды ыңғайлағандай боп.

– Қой, қой, Жақа, обал емес пе?! – деп, Марат, шын көріп, шынтағымнан тартты.

– Е-е, он шошқаға тоймайтындардың итін аяймыз ба? – деп күлдім мен, атылардай айбат шеккен шәуілдектің азуынан көз алмай.

Осы сәтте үй иесінің шәңкілдеген дауысы шықты:

– Менә шулай, өрүдән тукта! Житәрлек дип әйттем!

Анадайдан аяғына ілген кебісі тарпылдап, итіне зеки сөйлеп келеді.

Кеңшілік естілер-естілмес:

– Мынау мұсылманның жайы екен, – деді, жүзіне жылылық кіріп.

Артынша:

– Бәтіш осында тұра ма? – деп, дауыстап сұрады.

– Бәтіш-тәтіш кайдан беләм? Казакълар ял итми, – деп, сақауланып, үй иесі бақ ішінде шамы жанып тұрған шағын тамды нұсқады. Ит шабаланып, үре бастағанда-ақ, сол үйдің есігі ашылып, қайта жабылған-ды.

Кеңшілік есікті кеңінен серпе ашып, бізді кіргізіп жатып:

– Бәтіш-ау, есігіңді ашып тұрып, бізге «кіріңдер» демегенің қалай? Әлде біздің келгенімізді қаламадың ба? – деп, әзілдей сұрады.

Дастарқан басындағы бір топ жастардың арасында шеткерек отырған бұрымды қыз орнынан түрегеле беріп:

– Жоға, үй иесінің әдеті осы – есікті өзі ашып, келген адамды санап кіргізеді, – деді, мұрнын тыржитып. – Айдың аяғында есеп айырысар кезде «бәлен күні бәлен адам келген» деп, адам санын шығарып, адам басына бір сомнан қосып төлеткізеді. Содан біз кез келген адамды қарсы алмаймыз. Дау айтысып көріп едік: «И-и, казакълар, кандайсын? Туалетіме барады. Бақтың ағашын сындырады. Итім мезгілсіз үріп, нервісі ауырып, ерте қартаяды. Тағы бір ит сатып алу – қымбат», – деп, зарлай жөнелгенде, «құрысын, бәлесінен аулақ» дестік. Кісі басына бір сомнан беріп құтыламыз.

– Е, «есік көрсетудің» осындай сыры бар де, – деп күлді Кеңшілік. Оның сөзіне жамырай күлістік. Төрде отырған жігіттер оған «мына әзілқой жігіт қайдан келе қалды?» деп сынап қарағандай болып отыр.

Бәтіш шәйнекті ысытып жатып:

– Орындық жетіспейді енді, мына үстелді төсекке қарай жылжытып, сыйыса отырыңдар, – деді. Үнінен аздап ыңғайсызданғаны білінсе де, өжет қыз екені сезіліп тұр. Қасындағы ұяңдау екі құрбысы қасықтарды сүртіп, шай ішетін ыдысты әзірлей бастады. «Қонақ қой, ыстық шайға аузы күймесін» дегені болар, зерлі кеселерді біздің алдымызға қойды. Өздеріне дәу қырлы стақандар мен жартылитрлік банкілер тиді.

– Иә, айтқандайын, қонақтарымды таныстырып қояйын, жерлесім, ақын Кеңшілік Мырзабеков, – деп, Бәтіш Кеңшіліктің иығына қолын салды.

Сол-ақ екен, төрде отырған жігіттер бір-біріне жалтақтай қарап, елеңдеп қалды. Мұрты енді тебіндеген жігіт:

– Мен де Торғайданмын, Бәтіштің кластасымын, есімім Жәнібек, мына жігіт Гурьевтен, курстасым Айбек. Қазақта «кейінгі келген қонақ алдыңғы келген қонақты ығыстырады» деген мәтел бар емес пе еді? Сіздер құдайы қонақсыздар ғой, төрге шықсаңыздар, жөн болар, – деп, елпілдей жөнелді.

– Бәрекелді, екі бек, көңілдеріңе рахмет, – деді Кеңшілік, жымиып. – Мен де қасымдағы үш жанмен таныстырайын: Жақыпжан, Рақымжан және Маратжан. Әзіл ғой, Мараттың есіміне «жан» дегенді өзім қосып жібердім. Десем-дағы, біздің Марат әйгілі француз революционері Жан-Поль Марат сияқты мықты журналист болуды армандайды. Осы төртеуміз де КазГУ-дың журналистикасында оқимыз.

Кеңшіліктің осы қысқа таныстыруынан кейін-ақ жаңа ортада беделіміз әп-сәтте өсіп шыға келді. Әсіресе, талшыбықтай бұралған қыздардың көз алдында сүйкімді боп көрінгендей болдық.

– Кеңшілік, танысып қойыңдар, менің құрбыларым Айгүл мен Маржан, – деді Бәтіш. Аққұба өңді, әдеміше келген қыздармен қол алысып, танысып жатырмыз. Жанарлары жарқ-жұрқ еткеніне қарағанда, ұнаған сияқтымыз.

Осыдан кейін дастарқан басындағы әңгіме-дүкен ағытылып, қызып сала берді. Кеңшілік тізгінді қолына алғысы келгендей:

– Ал, енді, әңгіме болсын, мен көргенімді емес, бір естігенімді айтайын, – деп, тамағын қырнады. – Бірде Мұхтар Әуезов өзі «жас пері» атаған сүйікті аспиранты, жас жазушы Сәкен Жүнісов асабалық еткен бір дөкейдің тойына шақырылып, жұмысбасты болып, тойға сәл кешігіп келеді. Жұрт орындарына жайғасып алған. Үй иелері Мұқаңа төрден орын іздестіріп жатқанда, жазушы төменгі жақтағы бір бос орынға отыра кетеді. Мұқаңды төрдегі «мықтылар» көздеріне ілгісі келмейді. Қатты сасқан асаба Сәкен дауыстап: «Мұқаң төмен отырып қалды-ау», – деп, үй иесіне қарап, желкесін қасиды. Алайда, қозғала қойған бір адам көрінбейді. «Мұқаңнан ұят болды-ау!» – дейді ол тағы да, дауысын қаттырақ шығарып. Шәкіртінің ұялғаннан қан сорпаға түскенін байқап қалған Мұқаң: «Сәкен, шырағым, ниет-көңілің оңды! Мен отырған жерді төр санасаң, болды», – депті.

Ду етіп күлістік. Сөз астары тікелей өздеріне бағышталғанын біліп, әлгі жігіттердің қызарақтап қалғаны. Соны байқаған Рақымжан:

– Мұқаң «ұлық болсаң – кішік болды» қатаң ұстанған ұлы тұлға ғой. Кеңшіліктің айтқан тәмсілінен осы ұлағатты ойға түйген жөн болар, – деді, жуып-шайғандай. – Ақыры, әңгімеміздің желқайығы әдебиеттің айдынына түскен екен, ұлықсат болса, мен сіздерге Мұқағали Мақатаевтың таяуда ғана жарияланған «Үш бақытым» атты жаңа өлеңін жатқа айтып берейін.

– О не дегеніңіз, бауырым?! Мұқағали ағамыздың өлеңі үшін ұлықсат сұрамасаңыз да болады. Дұрыс қой, иә, қыздар? – деп, «ұялған тек тұрмас» дегендей, елп ете қалған Жәнібек қыздарға бас изетіп алды.

– Е, жыр дегенің сөз кезегін сұрамайды ғой, – деп қосты Марат байсалды түрде.

Рақымжан орнынан тұрды да, шашын сол жағына бір қайырып қойып, жатқа айта бастады.

 

Ең бірінші бақытым – Халқым менің,

Соған берем ойымның алтын кенін.

Ол бар болса, мен бармын, қор болмаймын,

Қымбатырақ алтыннан нарқым менің.

 

Ал, екінші бақытым – Тілім менің,

Тас жүректі тіліммен тілімдедім.

Кей-кейде дүниеден түңілсем де,

Қасиетті тілімнен түңілмедім.

 

Бақытым бар үшінші – Отан деген,

Құдай деген кім десе, Отан дер ем!

...Оты сөнген жалғанда жан барсың ба?

Ойланбай-ақ, кел-дағы, от ал менен.

 

Түтін түтет,

Өс, өрбі, көгере бер,

Немерелер көбейсін, шөберелер.

Жадыңда ұста:

Жақсылық күтпегейсің!

От емес, оқ сұрасаң менен егер!

 

Үш бірдей бақытым бар алақанда,

(Мені мұндай бақытты жаратар ма?!)

Үш күн нұрын төгеді аспанымнан,

Атырау, Алтай, Арқа, Алатауға!!! – деп, жасампаз жырдың соңғы жолдарын барынша екпіндете, асқақтата аяқтағанда, бәріміз ду ете қалдық.

– Біздің Гурьевтің жұрты теңіз жағалауын, түгел төңіректі «Атырау» деп айтады, – деді Айбек ойлы жүзбен. – Бірде атамнан «ол не?» деп сұрасам, «ол – теңіздің сала-салаға бөлініп, тармақтанып, шығанақтар, арал, саға, мүйістер пайда болатын жағалауы, «атырау» сөзінің негізі «айрық» деген мағынаны білдіреді», – деп тәптіштеп жауап берген еді. Гурьевтіктерді «атыраулықтар» деп те айта береміз. Мұқағали ағамыздың «Атырауды» өз өлеңіне қосқанына қарағанда, біздің Гурьевте болғаны ғой?

– Болғанда қандай! – деді Рақымжан, көзінен ұшқын атып. – Ақын, тіпті, «Алтай – Атырау» атты поэма да жазған. Поэманың ұзын-ырғасында ағамыз қазақтың жерін ұшақпен аралап, әр аймақты мадақтап, атап өтеді. Мен түгел жатқа білсем де, Атырауға қатысты тұсын ғана айтып берейін.

 

Армысың, Атырауым, бозаң далам!

Каспий менен Жайықтан көз алмағам,

Ұмыттың ба сонау бір кездеріңді?

Құлан жортса, құмыңды кезе алмаған,

Жылан жайлап, аптапқа төзе алмаған,

Армысың, Атырауым, бозаң далам!

Қайда кеткен сағымың көз алдаған?!

Арманменен, елеспен ажарланған?

Амансың ба, от далам, ожар далам!

Түйе орнына бұл күнде ақ қалалар,

Мұнаралар мойынын созар маған.

Қоныстайтын бабалар құмға барып,

Үңілетін құдыққа құмған алып.

Құмға оранып, өмірді ашатын да,

Жабатұғын өмірді құмға оранып.

Ақынның да, алапат батырдың да,

Зергердің де, зейінді пақырдың да,

Қараның да, ханның да, төренің де,

Табыттары тұншығып, жатыр құмда.

Атыраулап ұлдарың атқа мінді,

Құмнан сая, шағылдан бақ табылды.

Мұң-арманың көзіңнен мұнай болып,

Жалын болып кеудеңнен ақтарылды,

Енесінен туғандай жаңа ғана.

Өлген қала орнында – жаңа қала.

Адам деген – құдірет, құдірет қой,

Адам ізі жалғанда жоғала ма?!

Қайтем мақтап мұнайың, балығыңды,

Халығыңды сүйемін, халығыңды!

Құм үстінде құс болып ұшып барам,

Жалыныма жалғап ап жалыныңды, – дейді ақын, ақтарыла. Осыдан-ақ оның Атыраудың кешегісі мен бүгінін жақсы білетінін аңғаруға болады.

– Иә, ақын да бір тарихшы ғой, – деп, іліп әкетті Кеңшілік. – Тек ол тарихты көркем тілмен жеткізеді. Иә, айтпақшы, былтыр марқұм боп кеткен Төлеген Айбергенов те сапарлап барған ғой Гурьевке. Осыдан төрт-бес жыл бұрын Шәмші Қалдаяқов екеуі бірге барып, бірнеше күн аралап, «Урал» атты ресторанда отырып, тойлап қайтыпты. Сол сапарда екеуінің атақты «Ақ ерке ақ Жайық» әні дүниеге келген екен.

Кенет Бәтіш әннің қайырмасын әндете жөнелді.

 

Өзіңсің жаным,

Жаңғыртқан әнім.

Каспийдің толқын тауларын.

Сенбісің көгілдір махаббатым,

Алқызыл алаулы таңдарым, – деп әуелеткенде, оған бәріміз де қосыла кеттік. «Ән – көңілдің ажары» деп тегін айтылған ба, жадырап сала бердік.

– Тегінде, Төлеген Қарақалпақстан жерінде туса да, Мұқағали сияқты қазақтың қай аймағын да ардақтап өткен ғой, – деп, жалғастырды Кеңшілік. – Десек те, әркімнің кіндік қаны тамып, кірін жуған, яғни, туған жері өзіне ыстық қой. Міне, қараңдаршы, «Дала» деген қысқа ғана өлеңінде:

 

Арманың ада болмас арна сенің,

Туған жер, сірә, сенің бар ма шегің?!

Сен үшін қызыл аяқ қырды кезіп,

Жалаң аяқ жар кешемін.

 

Шаттықтан мінген төбем шыңға айналып,

Тамырлар ток жүретін сымдай жанып.

Мен саған қарап тұрмын мың ойменен,

Көзім күліп, тіл байланып, – деп, тебіренеді ол. Әдетте, ұзақ жырлайтын ақынның осы өлеңі қаншалықты қысқа болғанымен, ойы даланың өзі сияқты кең, дарқан, ұшы-қиыры жоқ, шексіз созылып жатқандай әсер береді. Асылы, Төлеген Айбергенов – ешкімге ұқсамайтын ақын.

– Мұқағали Төлегенді туған інісіндей көріп ардақтаған ғой, – деп қосты Рақымжан. – Төлеген туралы қаралы хабарды естігенде, қайғыдан «аһ» ұрып, қатты есеңгіресе де, дереу есін жиып, іні-досын жерлеу үшін Нөкіске жалғыз өзі ұшып барыпты. Жас қабірдің басында екі иығы селк-селк етіп, еңкілдеп жылап тұрып, Төлегенге арнаған өлеңін оқыпты.

 

Бармаңдар ақынды жұрт жерлегенде,

Көрмеңдер көрдің аузы жабылғанын.

Көтеріп сендер оны келмегенде,

Көмусіз қалмайды ғой, бауырларым! – деген жыр жолдары көзі тірісінде теперіш көрген марқұм ақынның тағдырына налудан туған дейді...

...Бір сәт бәріміз томсырайып отырып қалған едік, ауыр үнсіздікті Бәтіш бұзып:

– Кеңшілік, өз басым сені, өзің айтпақшы, ешкімге ұқсамайтын, ешкімді қайталамайтын ақын деп санаймын. Бізге өз өлеңіңді оқып берсеңші, – деп, қиыла өтінді.

– Жақсы, – деді Кеңшілік, еріксіз туындаған көңілсіздіктің көлеңкесін сейілтейін дегендей, жарқын дауыстап. – Мына Алматыда «үп» еткен желді көрмейсің ғой. Кейде Торғайдың еспе желін де аңсайды екенсің. «Жел» деген жырымды жатқа айтып берейін.

 

Сәскеде соққан желдердің

Кешке де мүмкін тынбауы.

Кешігіп соқса кезінен,

Әсте де мүмкін тумауы.

Лап етіп, жалын тіліндей

Өте де шыққан өткір жел,

Сандуғаштардың үніндей

Сан алуан жұпар төктіңдер!

Табиғат заңы керемет,

Тазалаушысы жердің – жел.

Текемет-қырды, не керек,

Қағып та сілкіп бердіңдер.

Жел тұрып еді жасанып,

Көлдерім шалқып ақты ғой.

Төбемде тұрған маса бұлт

Табанын жалтыратты ғой.

Тек сені бізге, еспе жел,

Табиғат дәйім кез қылғын.

Жел соққан кеш пен сәскелер –

Бақытты шағы мезгілдің, – деп, қалың кекілін бір сілкіп қойды.

– Төһ, шіркін! Торғайдың еспе желін тура көз алдыға келтірдіңіз, ағасы, – деді Жәнібек, желпініп. – Ақындық деген бір сиқыр, құдірет қой!

Бағанадан бері ұяң мінез танытып, сөзге де араласпай, ара-тұра жылы жымиып қойып, ымдасып, сыбырласып қана отырған Айгүл мен Маржан бір-біріне қарасты.

– Рақымжан, сіз де ақынсыз ба, өлең жазасыз ба? – деп сұрады Маржан, батылы әрең жеткендей.

– «Ақынмын» деп ауыз толтырып айтуға әлі ерте шығар, былтыр ғана алғашқы өлеңдерім «Жас керуен» атты жинаққа кірген еді, – деді Рақымжан, сәл кідіріп.

– Рақымжанның ақындығы туралы менен сұрай беріңіз, – деп, байсалды қалыппен сөзге қосылды Марат. – Екеуміз мектеп-интернатта жоғарғы класта бірге оқып, бір бөлмеде тоқайластық қой. Соңғы партада шұқшиып, бірдеңе жазып отыратын. Бір күні суыртпақтап сұрасам, жетінші кластан бастап өлең жазады екен. Ақындық шабыт еріксіз қолына қалам алдыртатын сияқты. Ал, мен болсам, төртінші кластан бастап жазушы болуды армандадым. Жасырар не бар, естияр жасқа келгенше, «естіген балалар күлкі қылады» деп арман-қиялымды жария етуден қашқақтаушы ем. Рақымжан ашыла сөйлескен соң, мен де оған жан сырымды айтып, екеуміз сырлас дос боп шыға келдік. Енді шығармашылық ойларымызбен бөлісіп, қабырға газетінде, ара-тұра аудандық газетте не Рақымжанның өлеңдері, не менің бір мақалам жариялана қалса, шығармашылық қуанышпен ортақтасатын болдық.

Рақа, байқаймын, қыздар сенің бір өлеңіңді өз аузыңнан тыңдауға ынтық болып отырған сияқты. «Бастаңғыны» оқып берсеңші.

– Соны дұрыс көріп отырсаң, оқып берейін, – деді Рақымжан, сыпайы жымиып.

 

Ауылдың кеші еді майда лепті,

Жиылып үлкен-кіші тойға кетті.

Он жеті, он сегіздер қалып қойып,

Бастаңғы жасау біздің ойға кепті.

 

Қысыла шашымызды тарап қойып,

Біз жүрдік қыз алдына шарап қойып.

Құрбылар бойжеткенін сездіреді,

Астымен көздерінің қарап қойып.

 

Отырып көрші қызға тамсанып біз,

Сол күні тастық екен қаншалық біз?

Жастықтың алғаш тартқан буы ма екен,

Қосыла түн ауғанша ән салыппыз.

 

Бас қосып, дабырласып тасқан күні,

Жастықтың қалықтайды аспанда үні.

Неге екен, жиын-тойға барған сайын,

Еске алам сол алғашқы бастаңғыны, – деген жыр жолдары үшін ақынға қол соғып, қошемет көрсеттік бәріміз.

– Марат, құрбыларым сіздің қоңыр дауысыңызда «бір ғажап сыр бар» деп сыбырласып отыр, – деді Бәтіш, сыңғырлай күліп. – Әншілік өнерден де құр алақан емессіз-ау.

– Бәтіш-ай, сенің осы сезімталдығың күшті. Мараттың тәп-тәуір дауысы бар екенін қайдан сезіп қойдың? Сенен кісі еш құпия-сырын жасыра алмас, – деп риясыз күлді Кеңшілік.

– Оның несі құпия? – деп, күле сөйледі Бәтіш. – Ән салатын адамның қабілеті түрінен көрініп тұрады.

– Мына менің түрімнен ондай айрықша қабілет байқалмайды-ау. Бала күнімде құлағымды аю басып кеткен еді, – деп әзілдедім мен. Сосын Айгүлге мойын бұрып:

– Айгүл, ал, сіздің нұр шашқан сұлу жүзіңізден өнерлі екеніңіз көрініп тұр. «Жаны сұлу адамның сұлулығы жүзіне шығады» дейді ғой психологтар, – дедім, мадақ сөзімді аямай.

– Музыкалық аспапта ойнай білмесем де, ән салатыным бар, иә, – деп, сыпайы басын изеді ол. – Асылы, «әу» демейтін қазақ жоқ қой.

– Иә, айтпақшы, қазақпыз дейміз, қара басып, домбырамызды ұмытып кетіппіз ғой, – деп, Бәтіш қабырғада ілулі домбыраны алып, Маратқа ұсынды.

Марат домбыраның құлақ бұрауын келтіріп отырып:

– Ал, ендеше, кімнен, неден бастаймыз? Әнді бәріміз қосыла айтамыз ба, жоқ, әлде жеке дауыспен айтамыз ба? Әлде топқа бөлініп, айтысамыз ба? – деп сұрады.

– «Шын жүйрік шабысынан танылады» деген ғой. Алдымен өзің баста, Марат, – деді Кеңшілік. Көпшілік те осы ұйғарымға келді.

– «Қазақ вальсінің королі» атанған Шәмші ағамыздың әндерін бәріміз білеміз ғой. Жұрттың сүйіп тыңдайтын «Бақыт құшағында» әнінен бастайық. Әннің сөзін жазған Тұманбай Молдағалиев ағамыз екенін білесіздер. Сосын мен Тұманбай ағамыздың «Үш досқа» деген өлеңін кімге арнап шығарғанын айтып беремін, – деп, жылы жымиды Марат, сөзінің соңын жұмбақтап.

Марат өзінің бояуы қою, жұмсақ, қоңыр дауысымен әуелетіп бастаған әннің қайырмасына келгенде, бәріміз қосыла кеттік.

 

Кел билейік, кетпе менің қасымнан,

Қызғалдағым таң нұрымен ашылған.

Сезім шіркін ақ жаңбырға ұқсайды,

Алматыда жаңа жауып, жаңа жауып басылған, – деп, ән шарықтап барып аяқталғанда, Бәтіш Маратқа жалт бұрылып:

– Ал, енді, батырым, жұмбақтың шешуін тезірек айтып беріңіз. «Бақыт құшағында» болған да жақсы ғой қашанда. Бірақ, Тұманбай ағамыздың «Үш досы» жайлы айтып бермейінше, жаным жай таппай жатыр, – деп, жұртты ду күлдірді.

– Марат бала күнінен «интригаға» жоқ еді, негізі, осы отырған көңілді де, әсем кешіміз әсер етсе керек, – деп, жеңіл әзілдеді Рақымжан.

– Әңгіменің әлқиссасына «интрига» да керек, – деді Марат, еш саспай. – Әріден бастасам, интернатта Рақымжан екеумізбен бірге Мәлік деген бала да оқыды. Мектептен кейін екі жыл автоклубта жұмыс істеген Рақымжан мен Мәлік екеуі Алматыға менен бұрын келіп алды да, араға екі жылдай салып, артынып-тартынып, астанамызға мен де жеттім-ау. Сөйтіп, бала күнгі достар қайта бас қостық. Сыр елінен келген Дүйсен деген жігітті қатарымызға қосып алдық. Мәлік екеуі СХИ-да бірге оқиды. Төртеуміз жұбымыз жазылмай, ылғи да қатар жүретін едік, бүгін Мәлік Дүйсенді ертіп, «алда екі күн демалыс қой, азын-аулақ азық алып келейік» деп ауылға кеткен.

Мен Алматыға келгесін, Рақымжанның «Жетісу» газетінде курьер боп жұмыс істеп жүріп, журналистің оқуына түсіп алғанына қызыға қарап, мен де «солай істесем-ау» деп армандадым. Екеуміздің аузымыздың салуы бар ма, көп ұзамай, ол секретариат жұмысына ауысып, мені өз орнына ұсына қойды. Армандап жүрген жұмысыма қабылданғасын, қатты қуанып, іске құлшына кірістім. Осы редакцияда жүріп, мына Жақыпжанмен танысып, жақын дос боп кеттік. Жақыпжан да жұмысын курьерліктен бастаған.

Бір күні Рақымжан: «Тұманбай аға «Балдырған» журналында жауапты хатшы екен. Өлеңдерімді көрсетейін деп едім, бірге барсақ, қайтеді?» – деді. Жалғыз баруға бата алмай тұрғанын байқап: «Е, шапанымызды шешіп алар дейсің бе, барсақ, барайық», – дедім, батылдығым ұстап. Әйтпесе, өзім де ұяң едім. Содан, не керек, редакцияға жеткенше, іштей ағамыздың кабинетінде жалғыз отыруын тілеп бардық қой. Абырой болғанда, бір өзі ғана отыр екен. Бір-бірімізді түрткілеп, амандасып едік, ағамыз ұялып тұрғанымызды байқап, жылы қарсы алды. Жақынырақ танысып, хал-жағдайымызды түгел тәптіштей сұрап, келген бұйымтайымызды да айтқызып, іші-бауырымызға кіріп кетті. Рақымжанның өлеңдерін бірден ұнатты.

– Әсіресе, Марат, сенің әкесіз, жетім өскеніңді естіген ағамыздың жүрегі елжіреп кетті ғой, – деп қосты Рақымжан ілтипатпен. – «Сенің әкең Байділдә он жыл бойы оқтың астында жүріп, елге оралыпты ғой, әйтеуір. Ал, менің әкем Молдағали қан майданға кеткеннен қайта оралмады. Жеті жасар кезімде жетім қалдым», – деп, көзі жасаурағаны әлі де көз алдымнан кетпейді.

– Оның рас, Рақымжан, – деді Марат, байсалды қалпынан айнымай. – Біз Тұманбай ағамен қайғы-мұңымыз бір ұрпақпыз ғой. Атың өшкір сұм соғыс әкемізді жалмап, аналарымызды жесір, өзімізді жетім етті.

Мен енді әңгімені соза бермей, тоқ етеріне көшейін. Содан, обалы не керек, бізді өзінің туған інілеріндей көріп кеткен ағамыз мәре-сәре болып, үйіне шақырып, қонақ қылды. Ол үйдегі Күлтай жеңешеміз де, оның шешесі, Тұманбай ағаның енесі, Насиха апамыз да сондай бір асыл жандар болып шықты. Емешегі үзілердей боп, «айналайын» деп айналып-толғанып, асты-үстімізге түскенде, өзімізді жаңа туған қозыдай сезіндік.

– Насиха апамыздың Социалистік Еңбек Ері атағына ие екенін естігенде, тіліміз байланып қалғандай болып еді ғой, – деп, еске алды Рақымжан.

– Иә, онысы тағы бар, – деді Марат, езу тартып. – Дегенмен, апамыз да адам баласы ғой, атағын айтып, еш бәлсінбейді. Бізде де ұят жоқ, Тұманбай ағаның үйіне жиі барғыштаймыз. Бір жағы, бармайық десек, өзіміз қашанда түлкіқұрсақ жүреміз. Онымен де қоймай, Мәлік досымызды ертіп аламыз.

– Соқталдай үш жігіт үйге кіріп келгенде, Күлтай жеңешеміз еш қабақ шытпай, қарсы алады ғой, шіркін, – деп, басын шайқады Рақымжан. – Қашан барсақ та, кең пейілмен дастарқанын жайып, барын алдымызға тосады. Тіпті, әлдеқалай кештеу қалсақ, үйіне қондыра да салады.

– Енді, мына қызықты қарасайшы, – деді Марат, дауысын созыңқырап. – Тұманбай ағамыз бірде ерте тұрып, балконға шығып қараса, айқыш-ұйқыш ұйықтап жатқан үшеуімізді көреді. Көреді де, үндеместен, есікті қайта жаба қояды. Сосын жазу үстеліне отыра қалып, қолына қаламын алып, сүйкектете жөнеледі. Сөйтсек, «Үш досқа» деген өлең жазыпты ғой.

– Ойымызда дәнеңе де жоқ, – деп, іліп әкетті Рақымжан, – таңертең алаңсыз шай ішіп отырсақ, Тұманбай аға: «Балалар, тыңдап көріңдерші», – деді де, өлең оқып берді. Біз ол өлеңді бірден жаттап алып, өмірлік кредомыз сияқты санайтын болдық. Мен оның соңғы екі шумағын ғана оқып берейін, иә ма, Марат?

– Олай болса, екеуміз қатар оқиық, – деді Марат, басын изеп.

 

Жұп жазбайтын үшеуіңді көргенде,

Бір мұңлық құс оянады кеудемде.

Біз ұқсатып сендерді де бөледі-ау,

Жеке түндік жеке төрін бергенде.

 

Оған дейін жұптарыңды бөлмеңдер,

Өмір атты баспалдақпен өрлеңдер.

Бірің көкте, бірің жерде қалсаңдар,

Өтінемін, бір-біріңнен көрмеңдер, – деген терең мағыналы жыр жолдары бәріміздің жүрегімізге қонып, ду қол шапалақтадық.

– Қандай керемет! – деп тамсанды Бәтіш. – Қазақтың мүйізі қарағайдай көрнекті ақынының сіздерге мынадай, өмірлік десем бе екен, өнегесі зор өлең арнауы мені ғажаптандырып отыр.

– Олай болса, «вешірімізді» жалғастырайық. Ағамыздың құрметіне мен енді оның сөзіне жазылған Нұрғиса Тілендиев ағамыздың «Құстар қайтып барады» әнін айтып берейін, – деді Марат, қолындағы домбыраның құлақ күйін қайта келтіріп жатып.

 

Өмір пойызы

 

Рақымжан кекіл шашын саусағына орап, ойлы жүзбен терезеге қайта-қайта қарағыштайды. Шабыты келіп, шығармашылық күйде отырса керек, алдында ашық жатқан блокнотына ауық-ауық үңіліп қояды.

Мен төсекте шалқалай жатып, алғаш мектепте жүргенімде жата-жастана оқыған Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Курляндиясын» қайта бір сүзгіден өткізіп, сүйсіне оқып жатқам. Осыдан он шақты жыл бұрын жазушы оны «Күткен күн» деген атпен қайта жариялаған-ды. Ойым – «ештен кеш жақсы» деп, бала күндегі қиялымды қозғаған сол кітапқа өзіндік бір пікір жазу.

– Жігіттер, бүгін қай күн екенін білесіңдер ме? – деп сұрады Мәлік. Ол босаға жақта әлдебір бұтақтың ұшын жонып отырған.

– Футбол күні демекшісің бе? – деп сұрады екінші төсекте ұйқылы-ояу жатқан Марат, есінеп қойып. Ол түндегі газет кезекшілігінен кеш шығып, таң ата келіп, төсекке киімшең жата кеткен.

– Ей, жоға, жетінші пойыз келетін күн ғой, ұмытып кеттіңдер ме?! – деді Мәлік, дауысын көтере түсіп. – Тоғызыншы вагонмен Аралдың қаяз балығы келетін күн ғой! Дүйсен досымыз «әкем пойызбен қаяз балық жібереді, қарсы алыңдар» деп тапсырған жоқ па?! Жетінші пойыз! Тоғызыншы вагон!

– Ә, білеміз ғой, – деді Марат жайбарақат. – Жетінші пойыздың келуіне әлі ерте емес пе?

– Е, қайдан білейін? Тамағы тоқ, көйлегі көк, уайымы жоқ адам сияқты тым-тырыс жатқандарыңа қарап, «мыналарың кең пейілді, ақкөңіл досымыз Дүйсеннің әкесінің жүрекжарды сәлем-сауқатын ұмытып кеткеннен сау ма өзі?» деп ойлап қалмайын ба? – деп жорта бұрқылдады Мәлік. – Ой, пәлі-ай, сендердің қарындарың шұрылдамай ма?! Ал, менің қарным «белгі» беріп жатыр! Анау аңсар ақыныңа Аралдың қаяз балығы – беш тиын.

– Ол сен сияқты тамақсау дейсің бе? – деп, мырс етті Марат.

– Ойбай, ол не сонда, тамақ ішпей ме екен, әлде аузы бітеу ме екен? Аш құрсақ ақыннан шабыт та қашады, біле-білсеңдер. Әй, қайдам, дастарқанның басында кімнің қолы, Рақымжанның қолы бірінші боп созылатынын байқап жүрмін ғой, – деп мазақ қылды Мәлік.

Рақымжан өзін қажай беретін Мәліктің әзіл-қалжыңдарына бойы әбден үйреніп кеткен. Ойынан арыла алмай жүргенде, кейбірін елемейді, ал, кейде өткір жауап беріп, жасындай жарқылдайды.

Ұйқысынан оянған адамдай:

– Жақыпжан, Мәлік, Марат, құлақ салыңдаршы, мына шумақтар қалай? – деп, Рақымжан жаңа жыр жолдарын оқи жөнелді.

 

Гүл көмкеріп қырларын, жылғаларын,

Өзгергенін көрдің бе бұл даланың?

Қараймын да өзіңе дарқан болып,

Қараймын да өзіңе нұрланамын,

Айналайын, туған жер – гүлді алаңым! – деп, екпіндей аяқтағанда, жүзі бал-бұл жанып, қырға шыққандай, алқынып қалды.

– Бәрекелді! – деді Марат. – «Гүлді алаң» деген теңеуің соны шықты, өз басым оны ешкімнен естімеппін. Орысша «цветочная поляна» деген тіркес қана ойға келеді.

– Расында да, Рақымжан, мына өлеңің кең жазира, дарқан даланы көз алдыға елестетеді екен, – деп қостым мен.

– Тө-өһ, Рақымжан! – деді, басын шайқап Мәлік. – Сенің өлеңіңді менен артық кім мақтай алар, менен артық кім талдай алар дейсің, ә?! Тақияңа тар келмесін, мына мен – арнайы өсімдіктермен айналысатын ғылыми-зерттеу мекемесінің білдей қызметкерімін, лаборантымын, яғни! Қараңдаршы, міне, қырларын да, жылғаларын да гүл көмкеріп тұр. Даланы өзгертетін гүл ғой, гүл, көп гүлдер – қызыл, жасыл, сары, көк гүлдер. Енді өзгергенін көрдің бе даланың? Міне, сол даланың өзіндей дарқан болып қараймын, дарқан көзбен қараймын, яғни. Қараймын да, нұрланамын, яғни. Содан келіп, «Айналайын, туған жер – гүлді алаңым!» – деп тебіренеді ақын жүрегі!

– Ай-хой, Мәлік! Сен менің жүрек тебіренісімді дәл таптың-ей! Әкелші бері қолыңды, досым, – деп, оның қалжыңына мәз боп күлді Рақымжан.

– Иә, айтақ сол! – деді Мәлік, балаша бұртия, қолын артына жасырып. – Жүрек тебіренеді, ал, қарын ашады.

– Мәлік-ау, сенің ұйқасқа ебің бар ғой, негізі. Тек соны өзің де аңғармай жүрсің, – деп риясыз күлді Рақымжан. – «Жүрек тебіренеді, қарын ашады. Қарын ашса, абыройды шашады» дей салсаңшы.

– Пай-пай, ақыл үйретуін! – деді Мәлік, басын шайқап. – Бізге бір ақын да жетеді. Сен одан да Дүйсеннің қаяз балығы туралы өлең шығарсаңшы.

– Әй, Мәлік, «Шөп те өлең, шөңге де өлең, өңге де өлең» дегендей-ақ, Рақымжанның енді Дүйсеннің қаяз балығына өлең арнауы қалыпты, – деді Марат, мырс етіп.

– О неге?! – деді Мәлік, жұлып алғандай. – Тұманбай аға үлкен басын кішірейтіп, «Үш досқа» деп үшеуімізге өлең арнағанда, Рақымжан Дүйсен досымызға өлең арнағанға арлана ма?

– Қой, Мәлік, сен олай деп сөзді бұрмасаңшы, – деді Марат, байсалды мінезінен жаңылмай. – Сен «Дүйсен туралы» емес, «Дүйсеннің қаяз балығы туралы» дедің, дұрыс па? Екеуі екі түрлі ұғым ғой, айналайын-ау. Ал, мұның атын, орысшалап айтқанда, «подмена понятий», яғни, «ұғымдарды қасақана, әдейі алмастыру» дейді.

– Әне, бұл енді оқымыстылығын білдіріп, орысшалап шыға келеді, – деп жорта бұртиды Мәлік. – Онсыз да қарным ашып отырғанда, енді миымды ашытайын дедің бе? Баяғыда біреу «қарнымның ашқанына жыламаймын, қадірімнің қашқанына жылаймын» депті. Мен сияқты байғұс біреу болса керек. Сол айтқандай, менің қарным ашса, басым істемей қалады.

– Қоя ғой, Мәлік, сен өзіңді «байғұс» деп тұқыртпа. Жаман сөз айтпау керек. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген. Өзің айтқандай, аты да, заты да бар, дардай ғылыми-зерттеу мекемесінің білдей қызметкерісің. Енді, мінеки, бірер жылда институт дипломын алып, таза ғылым жолына түскелі отырсың. Біз де сені әрдайым биік шыңдардан көретін болайық, – деді Марат, сөзінің соңын салмақтап.

– Рахмет, Мәке, – деді Мәлік, аяқ астынан ойнақы мінезін сап тыйып. – Жөн айтасың, өмірге байыпты көзқарас керек. Өткенде институт директоры Аймақ ағай шақырып алып: «Сен бала пәтер жалдап тұрасың ғой, солай ма?» – деп төтесінен сұрады. «Иә», – деп, басымды изеп едім: «Ендеше, баспана туралы өтініш жаз, саған бір ескі де болса, екі бөлмелі ағаш үй береміз», – деді. Не дерімді білмей, қыпылықтап, отырып қалдым. «Үйленгенсің бе?» деп сұрады ол. «Сол ғой, ағай», – деп, желкемді қасып, басымды шайқап едім: «Онда не бітіріп жүрсің, үйлен», – деді. Соңғы кезде мені осы мәселе қатты толғандырып жүр, Мәке. «Жаман шынын айтам деп, сырын айтады» дегендей, біраздан бері сендерден жасырып жүрген сырым осы еді.

– Пәлі, Мәлік, мынауың үлкен жаңалық қой! – деп, Марат төсектен басын жұлып алды. Ұйқысы шайдай ашылып кетті, білем. Рақымжан екеуміз де орнымыздан атып-атып тұрыстық.

Мәліктің қолын алып, баспаналы болуымен құттықтап жатсақ:

– Әй, қайдам, әлі нақты шешілмеді, «бұл бала бойдақ әлі» деп бермей қойса ше? – деп күмілжіді ол.

– Қорықпа, бастық айтты, бітті, мәселе шешілді дей бер, – дедім мен нық сеніммен.

– Жүр, кеттік, сені өзім-ақ үйлендірем, – деді Марат, құлшынып.

– Оу, жігіттер, – деп, Рақымжан екеуіне аңырып қарап қалыпты. Сосын маған мойнын бұрып, көзін жыпылықтатып:

 

Жақыпжан, Мәлік қайда, Марат қайда?

Япыр-ау, қыз қуудан жалықпай ма?

Дүйсеке, былай шығып қайталық, сыра ішіп,

Тулап келген Аралдан балық қайда? – деп, күліп жіберді.

Оған біз де қосыла күліп, төртеуміз достық көңілмен құшақтаса кеттік.

 

Өлең деген тумайды жайшылықта,

Өлең деген тулайды қайшылықта.

Ақын болсаң, жарқыным, алысқа аттан,

Күнделікті тірлікке бой суытпа, – деп жырлаған ғой Мұқағали ағамыз, – деді Рақымжан ойлы жүзбен. – Расында да, ақын айтқандай, «өлең деген жайшылықта тумайды» екен, «өмір» атты қайшылықта туады екен ғой. Өмір деген өз дегенін істейді екен. Күні кеше ғана жұбымыз бөлінбейтіндей көріп жүргенде, Дүйсен досымыз үйленіп, ол кетті. Әйтеуір, біздерді, өзі сияқты адал достарын ұмытпай, әкесі арқылы сәлем-сауқатын үзбей жіберіп тұр. Ертеңгі күні, Мәлік, сен де үйленіп, бөлек кетесің. Бірақ, өзіміздің өмірлік кредомыз етіп алған Тұманбай ағаның өлеңінде айтылғандай, «өмір атты баспалдақпен өрлейік, біріміз көкте, біріміз жерде қалсақ та, бір-бірімізден көрмейік».

– Дұрыс айтасың, Рақымжан, – деді Мәлік, қуақы күлімдеп. – Жалпы, сен дұрыс жігітсің ғой. Бірақ, жетінші пойыздан қалып қоймайық. Дүйсеннің қаяз балығынан айырылып, масқара боп қалмайық.

– Жетінші пойыз қайда кетер дейсің, Мәлік? «Запасной путьқа» апарып қояды ғой оны. Өмір пойызынан қалып қоймайық, өмір пойызынан, – деп, сұқ саусағын шошайтты Марат.

 

– Саспаңдар, жігіттер, саспаңдар,

Жаман ойды тастаңдар,

Қиындықтан қашпаңдар.

Өмір деген пойызда

Желігіп, асып-таспаңдар, – деп, езу тартып күлді Рақымжан. – Мәлік, сен жағымды жаңалығыңмен менің шабытымды оятып жібердің, білем. Ата-бабаларымыздың аруағына сыйынып, жақсы тілеу тілеп жүрейік. Сонда ғана, Марат, сен айтқандай, өмір пойызынан қалмай, тек биіктерге өрлей береміз. Ойымды өлеңімнің қауызына сыйғызып, түйіндей айтсам:

 

Қиял мініп, олардың көксегені –

Бүгінгі күн – осы бір көктем еді.

Айналайын бабамның ақ тілеуі

Тік көтеріп тұрғандай көкке мені!..

 

*

 

Автобекет басы – сапырылысқан жұрт.

Рақымжан Тұманбай ағасы сыйлаған былғары баулы қол сағатына қарап қояды.

– Ауылдан ешкім көрінбеді, ә? – деді Марат, өзіне-өзі сұрақ қойғандай.

– Осымен екінші рет сұрап тұрсың. «Ойбай, Мәлік пен Мараттың қарны аш екен, мә, айналайындар, құрт пенен майың», – деп, бір апамыз бұрыштан шыға келсе ғой, ә? «Ер кезегі – үшке дейін» деген, үшінші рет сұрасаң, анық ешкім көрінбейді, – деді Мәлік, мысқылдап.

– Олай болса, қозғалмаймыз ба, жігіттер? – деп, қасын керді Марат.

– Білмеймін, мына Рақымжан сағатына қарағыштай береді, біреуді күтіп тұрған сыңайлы, – деп, долбарымды айттым мен.

– Солай-ау өзі, манадан бері мен де Рақымжанның келіп жатқан сансыз көліктен көз айырмай тұрғанын байқап тұрмын, – деді Марат, басын изеп.

– Өй, сендер білмейді екенсіңдер, – деп, қолын сермеді Мәлік. – Ақын емес пе, ол «Уақыт және көлік» деген жыр топтамасын жазғалы жүр. Қазір бізге:

Уақыт деген ұлы көлік бар,

Өтеді уақыт, минуттар мен сағаттар, – деп басталатын өлеңін оқып береді.

– Ой, пәлі-ой, Мәлік, өлең оқитынымды қайдан біліп қойдың, ей? – деді Рақымжан, жылы жымиып. – Ал, ендеше, одан әрі:

 

Жігіттерге жетпей жатыр тағаттар,

Сол сағатта кетедi талай ағаттар.

Мүмкiндiк бар түзетуге ағатты,

Қоя білсек егер қатал талапты...

 

«Ә» деп үлгергенімізше болған жоқ, Рақымжан бұрылып алып жөнелді. «Бұнысы несі?» деп, соңынан қарап қалыппыз.

– Ананы қара-а, – деді Мәлік бір кезде, дауысын соза, аңырып.

– Өзіміз де көріп тұрмыз, – деді Марат та таңданысты үнмен.

Рақымжан көліктен түскен бір бейтаныс қызға ілтипатпен басын изеп, оның қолындағы түйіншекті алды. Бейтаныс қыз үріп ауызға салғандай екен. Рақымжан оған ыммен әлденені айтып, иегімен бізді нұсқады. «Достарыммен таныстырайын» десе керек. Екеуі қатарласа, бізге жақындай бергенде, мен Мәліктің бүйірінен түртіп қалдым.

– Танысып қойыңдар, есімі Дариға, – деді Рақымжан, қасындағы қызға жымия қарап. Екеуінің де ұяң жүздері бал-бұл жанып шыға келді.

 

Арманым бар ма өлсем, бір көріп,

Қайда екен, қайда, дариға, сол қыз?! – деп, Рақымжанның айтып жүргені сіз екен ғой, – деді Мәлік, қолын ұсынып, танысып жатып.

– Қызды бір көріп, өле берсе, жер бетінде жігіт қалмас, – деп, сыңғырлай күлді Дариға.

 – Әй, қайдам, өз басыма сіз сияқты қызды бір көру – ұлы арман, – деді Мәлік, екі қолын жоғары көтере, көзін көкке тігіп.

– Мен сияқты қызға Рақымжан сияқты жігіттің сұлтаны ғана қол жеткізе алады, – деп, күле түскен Дариға Рақымжанның қолындағы түйіншекті алып, сыртынан сипап көрсетті. – Айыпқа бұйырмаңыздар, ауылдан арқалап келе жатқан сарқыт бар, бірге жүріп, дәм татыңыздар.

– Өй, жоқ, патша көңіліңізге рақмет. Рақымжанға арнап әкелген сыбаға ғой, ортақтасқанымыз жарамас, – деді Мәлік, бас тартып.

Марат екеуміз Мәліктің тамақсаулығын қалай тежегеніне таңырқап, бір-бірімізге көз қысысып қарадық та:

– Иә, Мәлік дұрыс айтады, сыбағаға орта жолдан ортақ болу жарамайды, – десіп, кеудемізге қолымызды қойып, алғыс ишарасын білдірдік.

Мәлік қалтасынан кілт шығарып жатып:

– Рақымжан, менің үйімді білесің ғой, мә, мынаны ал да, таксимен жетіп алыңдар, – деп, Рақымжанға ұсынды.

Такси ұстап, Рақымжан мен Дариға екеуін «сәт сапар» тілеп отырғызып жібергеннен кейін Марат:

– Мәлік, сен ерледің, – деп, қолын алып қысты.

– Бәрінен де үндемей жүріп, Рақымжанның қатырғанын айтсаңшы, мына мен сияқты ай қарап жүрмепті, – деді Мәлік, өкінгендей басын шайқап.

Сосын жұдырығын түйіп көрсетіп:

– Енді көр де, тұрыңдар, Дариғаның дәл өзі сияқты әдемі құрбысын өзім айналдырып алам! – деді, жұлып алғандай.

– Е, оның құрбысы әдемі екенін қайдан білесің? Мүмкін, қатқан қара қыз шығар? – деп әзілдеді Марат.

– Қызықсың-ей, Марат, өзің «жақсы сөз – жарым ырыс» деп мәтелдеп, жаман сөз айтпау керек дейсің де, жамандыққа бұрасың. Кегеннің қыздары қатқан қара емес, аппақ сазандай әдемі боп келеді. Солай ма, Жақыпжан? – деді Мәлік, менен қолдау күтіп.

– Рас, рас, Кегеннің қыздары шетінен ақсары, әдемі, жүзіктің көзінен өткендей сұлу да, сымбатты, – деп мақтай жөнелдім мен.

– Құдай аузыңа салып тұрған да шығар, Мәлік, – деді Марат байсалды түрде. – Үй алатыныңа сеніп едік, енді үйленіп кететініңе бек сенеміз. Құдай қаласа, Рақымжанның тойында сен күйеу жолдас бол, мен асабалық етейін.

– «Аузыңа – ақ маргарин, астыңа – көк жигули», – деп, жеңіл әзілдеді Мәлік. – Ойнасам да, ойымдағыны айтам, Марат, сен түбінде ақ волга мінетін үлкен бастық боласың.

 

«Қырандар, қош болыңдар!»

 

– Е-е, жігіттер, сөйткен Рақымжаннан да, Мәліктен де айырылдық, – деді Дүйсен, ауыр күрсініп. – Мен оншама көп араласа алмадым ғой, бірақ, маған екеуі үнемі айтысып, тәжікелесіп жүретіндей боп көрінетін.

– Жоқ, Дүйсеке, Рақымжан ешқашан тәжікелескен емес, – деп, басын шайқады Марат. – Мәлік марқұм қылжақбастау еді ғой, тілі қышып тұратын. «Жуас түйені жүндеуге жақсы» деп, Рақымжанға тілін безеуге құмар еді.

– Асылы, туған жер құдіреті, киелі топырақ Рақымжанды өмірге ақын ғып әкелген ғой, – деп, тебірене толғандым мен. – Ақын болғанда да, арқасы бар, адуынды ақын емес, аңғал, сенгіш бала сияқты жүрегі нәзік, данагөй, сыршыл ақын еді. Ол сәбилік пәк сезіміне бөленгенде, жанының мөлдірлігін не түрлі химиялық құрамдардың аса бір тазалығымен салғастырып, есептей алмайсың. Рақымжанның таудың мөлдір бұлағындай тұнық ойларын Мәлік бұзатын. Рақымжан өзінің жауһардай асыл ойларынан арыла алмай, Мәлікке достықтың дарқандық пейілімен жымиып қойып, отыра беретін. Мәліктің де оған деген жаман ниеті жоқ қой. Бәлкім, бар болғаны досының ішкі жан-дүниесінде не болып жатқанын білгісі келіп, оны әдейі қажай ма екен, кім білген. Әзілдің астына алып, қытығына тиетіні естеріңде ме?

– Оған мен бейбақ та қосыла кетем, – деп, етжеңді, мол денесі селкілдей, кеңк-кеңк күлді Дүйсен. – Өй-дөйт де, біздің Сыр елін ойын-күлкіге қоя бер, Мәліктің қылжақбастығы далада қалады. Қайта мен «байқаусызда көңіліне қаяу түсіріп алмайын» деп өзімді тежеймін ғой, әйтпесе, небір дарақы әзіл- қалжыңдарға басып, қамшы салдырмай кетем.

– Шіркін-ай десейші, қатар жүрген көп күндеріміз шуақтанып, бозбала жүректің қан соғысына қысым келтірмейтін әзіліне малынып, рахат-қызыққа бөленген шақтарымыз-ай! – дедім мен, тамсана, еске алып. – Таңертең тұра салып, құры шайды сораптап ішіп алып, «ауылдан таныстар шығып қалмас па екен» деп, қаздай тізіліп, автобекетке барар едік. Ауылдан ешкім көрінбей, қайтарда босқа арам тер, көк балақ болып, қарнымыз шұрқырап, пәтер иесі Маша апайдан нанға деген тиынды өлгендегі сөзімізді айтып алатын кездер де аз болған жоқ.

– «Сенің орысшаң бізден тәуір ғой» деп, Маша апайға мені жалындырып қоятынсыңдар, қулар, – деп күлді Марат. – Ал, мен қасыма түрі аяныштылау көрінеді ғой деп Рақымжанды ертіп алатынмын. Бір жағынан, кейіннен қазір жиіркенішті көрінетін сол бір әрекетімнің менің дипломатиялық қабілетімнің ашылуына пайдасы тиді-ақ.

– Ол қай жағынан, Мәке? – деп сұрады Дүйсен әуестікпен.

– Жазушы Шона Смаханұлы ағамыз Алматыда қазақ мектептері жоққа тән екендігін байқап, дабыл қаққан, тек дабыл қағып қана қоймай, өзі тікелей осы істі қолға алған кезде мен де сол үлкен шаруаға белсене араласқан едім, – деді Марат, сөзін салмақтап. – Сексенінші жылдардың басында балаларымыз мектепке баратын тұста мен де осы бір түйткілге тап келдім емес пе? Шыны керек, балаларымызды қазақ балабақшаларына, мектептеріне бере алмадық қой. Міне, осы кезден бастап орыс шовинизміне қасқайып қарсы тұрған тіл жанашыры Шона ағамыз бастаған қозғалыс жандана бастады.

– Ә, оны білемін ғой, – деп, басын изеді Дүйсен. – Сен сол кезде Шона Смаханұлының орынбасары болған жоқсың ба?

– Орынбасары болған кезім кейінірек, Дүйсеке, – деді Марат, тәптіштеп. – Алғашқыда ойға алған жұмысымызға белгілі бір дәрежеде ресмилік сипат беру үшін Жазушылар одағының жанынан Мектеп кеңесі құрылғанда, оған жазушылар бірауыздан Шона ағамызды төраға етіп сайлады. Ал, Шөкеңнің орынбасары боп жазушы Советхан Ғаббасов сайланды. Мені жауапты хатшы ретінде бекітті. Бір қызығы, үндемей жүріп, Рақымжан досымыз да әлі ресми негізге ие болмаған қозғалысқа алғашқылардың бірі боп қатысып жүр екен.

– Солай ма? Шыны керек, мен оны білмеппін, – дедім мен. – Сол кезде мен Шелек аудандық газетіне редактор боп кеткен едім.

– Иә, Рақымжанның өзі оны қызық қып әңгімелеп еді, – деп, езу тартты Марат. – «Өй, сен қайдан жүрсің?» деп сұрағанымда, ол әдетінше күлімдеп: «Бірде ертемен біз отыратын тоғызыншы қабаттың дәлізінде Шона ағаның саңқылдаған дауысы естілді. Кабинеттен шықсам: «Кім бар маған ілесетін? Қалада қазақ мектебін ашу үшін құлақтандыру жазылған қағаздарды жаяу жүріп, жұрт көретіндей жерлерге, көшелердегі бағаналар мен аялдамаларға жапсырып шығу керек. Маған көмекшілікке жарайтындарың жүріңдер», − деп, бұйыра сөйлеп тұр. Ағамызға «Қазақстан пионері» газетінен мен өзім және «Балдырған» журналынан суретші Еркін Нұразханов ілестік. Қаланың бір аумағына жеттік те, Шона ағамыздың өзі алдын-ала дайындап әкелген қағаздарды жапсыра бастадық. Шона аға қай тұсқа жапсыру керектігін айтып жол бастап келеді. Бір кезде мен артыма бұрылып қарасам, біз жапсырған қағазды бір дәу орыс әйелі жыртып жатыр екен. «Аға, ананы қараңыз!» – деп, айқай салдым. Шона аға бар денесімен бұрыла қарап, әйелді көрді де: «Әй, мына, атаңа нәлет! Что ты делаешь, дура? Зачем рвешь нашу бумагу?» – деп, жан ұшыра жүгіріп барып, әлгінің білегінен шап беріп ұстай алды. Бірақ, ол әйелдің нәндігі сондай, ағамыздың басы оның кеудесінен ғана келеді. Сонда да ағамыз ұрып жіберердей бір-екі қимыл жасады. Біз де көмекке ұмтылдық. Қорқып қалған әйел сасқалақтап: «Я не поняла, потом порвала», − деп ақтала бастады. Шона аға: «Әй, если ты не понимаешь, зачем рвать? Это ведь не для тебя написано. Немедленно убирайся вон!» − деп, жекіп, бұл жерден табанын жалтыратуды талап етті. Орыс әйел алды-артына қарамай зытты. Артынан: «Қарашы, оңбаған неменің «түсінбедім» деуін. Бәрін түсінеді бұлар, сосын жыртып жатыр. Түгел ұқпаса да, «қазақ мектебі» деген сөзді жақсы біледі. Бұлар соған қанымен де, жанымен де қарсы», – деді Шона аға, ашуын баса алмай. Сосын бізге қарап: «Әй, мынауың қатын емес, еркек болғанда ғой, тап тұмсығынан періп жіберетін едім», − деп күліп алып, ашуын басты. Түс ауа шаруамызды жайғастырып болған соң, Шона аға: «Жігіттер, бүгінге жетеді. Жүріңдер, үйге барып, шай ішейік», – деді. Біз жұмысты айтып, бас тартып едік: «Жо-жоқ, жігіттер, қазақша салт-дәстүрімізден аттауға болмайды. Түскі ас уақыты ғой, сосын жұмыстарыңа барасыңдар», – деп, ағамыз үйіне бастай жөнелді. «Азаматсыңдар, рахмет сендерге! Бұл азаматтық істеріңді келешек ұрпақ ұмытпай, үнемі еске алып отырады. Мен жеңгелеріңе кешке осындай құлақтандыруларды машинкаға көбейтіп, бастырып, ертесіне тағы да көшеге шығамын. Сендерді күнде жұмыстан қалдырмай, басқа редакциялардан бір-екі жігіт алармын», − деп, жоспарын жайып салды. Ертесіне Шона ағамызға қайта ердім.

 – Ұлт тағдыры шешіліп жатқан тұста ақын жүрегі шыдай алмай кеткен ғой, сірә да, – деді Дүйсен ойлы жүзбен.

– Иә, өзіміз білетін қыз мінезді Рақымжанның бойында күрескерлік руһ жасырынулы екенін мен сезбеппін, – деп толғанды Марат. – Оның лирикалық өлеңдерінен буырқанған азаматтық лепті аз байқайсың. Нағыз ұя бұзбастың өзі деп ойлауға болар. Десе-дағы, ол қоғам алдындағы азаматтық парызын еш ұмытқан емес.

– Жүрегі нәзік Рақымжан лирик ретінде өзін Тұмағаңның шәкірті санаса да, Мұқағалиды пір тұтушы еді, – деп қостым мен, Рақымжанның ақындық келбетіне бойлай түсіп. – Ол ақиық ақынның жырларын жатқа айтып, өзінің өлеңдеріне қосып отырушы еді ғой.

 

Ағалары Мұқаңның, құрбылары

Талай жайды тамсана жыр қылады.

Биіктіктен осынау бастау алған

Ақын деген даланың бір бұлағы.

 

Тұлғаларды осындай үлгі етемін,

Қиялменен қиянға бір кетемін.

Әр таң сайын барамын биікке өрлеп,

Бөлеймін деп бұл таудың гүлге етегін, – деп, өзінің ақындық өнерін аға буынмен үндестіре жырлайтын. Ал, Мұқаңның:

 

Тағы да көрдім,

Тағы да көрем таң нұрын,

Аязын қыстың,

Аяулы жаздың жаңбырын.

Алтынға, мейлі, толмай-ақ қойсын сандығым,

Ырзамын саған!

Ырзамын саған, тағдырым! – деп басталатын жырымен Рақымжанның:

 

Ақындықтың көндім де сан қырына,

Сенім арта қараймын әр жырыма.

Шаш ағарды,

Сиреді,

Әжім түсті,

Ризамын бәрібір тағдырыма! – деген жыр жолдары тіптен үндесіп, үйлесіп жатыр. Ұрпақтар үндестігі осы болар, сірә да.

– Мұқағали ағамыз қайтыс болғанда, Рақымжан екеуміз жерлеу рәсіміне қатысып келіп, редакциялар үйінің жанында еңкілдеп жылап тұрдық, – деп, еске алды Марат. – Бір кезде Рақымжан: «Мұқағалиға адал болайықшы!» – деді, домбығып ісіп кеткен көзін орамалымен сүртіп жатып. «Иә, Мұқаңды ешқашан ұмытпаймыз!» – дедім мен де, оны құшақтап. Мұқаңның қазасынан кейін біздің өмірге құштарлығымыз еселене түскен тәрізді.

– Бәріміз де өмірге құштармыз ғой, – деді Дүйсен, күрсінгендей.

– Дүйсеке, бұрнағы жылдары 85 жасында дүниеден өткен орыс ақыны Анатолий Найманның «Мне жить – нравится, а жизнь – нет» деген бір сөзі бар, – деді Марат, дәлел келтіргендей. – Ал, біздің Рахымжан өмір сүруді де, өмірді де жақсы көрген, өмірге ғашық жан еді ғой. Оның жырларынан өмірге құштарлық, туған жерге, сүйген жарға деген махаббат, ертеңгі күнге деген сенім қатар өріліп жататын. Ол өзінің мінезі туралы жырында:

 

Емес еді бұл сенің жасықтығың,

Басым жатты өмірге ғашықтығың.

Өтейінші деген бір ойда ма едің,

Ізгіліктің далаңа шашып нұрын?! – деп, өмірге ғашықтығын паш етеді.

– Бірде Рахымжан, Мәлік үшеуіміз бас қоса қалдық, – еске алдым мен. – Сонда Мәлік әдеттегіден тыс өмір философиясынан сөз қозғады. «Осы өмір не боп барады? Бүгінгі адами қарым-қатынастардың өзегіне құрт түскендей. Кеше біз Мұхтарды, Сәбит, Ілияс, Бейімбет, Сәкен, Қасымдарды оқып өстік. Шерхан, Әбіш, Сайын, Дулат, Төлеген, Мұқағалилармен қатар жүрдік десем болады. Олардың жарыса жазған шығармаларын күнделікті баспасөз болсын, жинақтардан болсын, түбегейлі оқыдық десем де, артық айтқандық емес. Ал, бүгінде күрделі уақыттың тынысын, өмір белестерін өрнектеген туындылар жоқтың қасы. Уақыт тамыршылары неге тыныш отыр?» – деп, түңіле бір сөйледі. Сонда Рақымжан сырбаз мінезінен бір жаңылмаса да: «Мен «бүгінгі ұрпақ оқымайды, түк білмейді» дегеннен аулақпын. Десек-дағы, шыны керек, қазіргі жастардың құлшынысы төмен. Біз «драма театрларында бәлен деген спектакль болады екен» деп кіруге билет іздейтін едік қой. Ал, қазір басқаша, бізден кейінгі жастар бойкүйез, салғырт. «Неге бұлай?» деген сұраққа өзім де ойланамын. Жас болсақ та, қатарымыз сиреп барады», – деп толғанды.

– Өзінің өмірден ерте кететінін сезгендей-ақ айтқан екен, – деп, басын шайқады Дүйсен.

– Рақымжанның өлеңдерінде өмірден торығу, өмірден түңілу деген жоқ қой, – деді Марат. – Мен оның баяғы айтқан «Мұқағалиға адал болайықшы!» деген сөзін жиі еске алып жүрдім. Бір күні басыма: «Ақын досымыз осы сөзімен «поэзияға адал болайықшы» деген ақ пейілін білдірмекші болған ғой», – деген ғажап бір ой келді. Расында да, Рахымжан соңғы деміне дейін поэзияға адалдығын сақтады. Өмірге, өлеңге ғашық досымыздың Поэзияға деген сағынышын білдірген:    

 

Өлең, сені сағындым жазбағалы,

Жаз барады, қайрылмай қаз барады.

Күйбің-күйбің тірлікпен күн батырып,

Мүмкін, менің жүрегім маздамады?

Өлең, сені сағындым жазбағалы.

 

Сағынбауым мүмкін бе осы менің?

Үлкен жолда табысқан досым едің.

Сен жоқ болсаң, құлазып, кібіртіктеп,

Өзің барда барынша көсілемін.

Сағынбауым мүмкін бе осы менің?!

 

Көктем еді, зымырап жаз барады,

Өлең, сені сағындым жазбағалы.

Дегенменен, ұмытпай келгеніңе

Сал көңілім балаша мәз болады,

Сал көңілім балаша мәз болады, – деген жыр жолдарынан сол ұстанымы анық көрінеді.

– Менің ойымша, Рақымжанның ізгі мақсаты да сол еді ғой, – деп қосты Дүйсен.

– Иә, шын ақынның жүрек сөзі бұл, – дедім мен, терең ойға батып.

Үшеуіміз үнсіз отырып, терезеге телмірдік. Терезенің арғы жағынан Рақымжан досымыздың ең жақсы көретін мезгілі – көктемнің шуақты күні «жаңа өмір басталды» деп қуана жар салғандай болады.

Жақыпжан НҰРҒОЖАЕВ

 
 
 

Недавние посты

Смотреть все

Комментарии


Байланыс:

+7 (775) 228-43-78

  • YouTube
  • 768px-Instagram_icon

Жіберілді! Рахмет!

bottom of page