top of page

ҰЛЫ ДИРИЖЕРДЫҢ ҚҰРМЕТІНЕ – КОНКУРС


8-қазан күні Алматы қаласы Өңірлік коммуникациялық қызметінің алаңында Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған Республикалық дирижерлер конкурсына байланысты көшпелі баспасөз брифингі өтті.

Баспасөз конференциясына қатысқан Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақан Әбдуалиев, Н.Тілендиев атындағы академиялық фольклорлық-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері Дінзухра Тілендиева, Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы Қазақ оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айтқали Жайымов және бірқатар көрнекті өнер тұлғалары биылғы конкурстың ерекшеліктері туралы баяндады. Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойы аясында атқарылып жатқан жұмыстары туралы хабарлап, байқаудың мақсаты мен міндеттері жайында бүкпесіз әңгімелеп берді. Жас дирижерлердің шығармашылығына серпін беретін мәдени шараның маңыздылығына тоқталды.

Конкурс Қазақстанның дирижерлік мектебінің дәстүрлерін сақтай отырып, дирижерлік шеберлікті жетілдіру, сондай-ақ дарынды жас дирижерлерді анықтау мен ынталандыруды көздейді. Шеберлік алмасу арқылы ұлттық мәдениеттің деңгейін көтеру және Қазақстанның мәдени имиджін арттыру да басты назарда. Конкурсқа Қазақстан Республикасының музыкалық өнер саласындағы 18 бен 35 жас аралығындағы талантты жастар мен жоғары оқу орындарының студенттері қатысады. Конкурс 2 кезеннен тұрады. Қатысушылар Нұрғиса Тілендиев атындағы академиялық фольклорлық-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің сүйемелдеуімен музыкалық шығармаларды орындайды. Конкурс жеңімпаздарын құзіретті қазылар алқасы қорытындылайды. Конкурс номинациялары бойынша – Гран-при, І орын, ІІ орын, ІІІ орын, диплом және«Нұрғиса Тілендиевтің шығармаларын үздік орындағаны үшін» дипломы белгіленді.

Іс-шара 10 қазан күні кешке Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармонияның Үлкен залында жеңімпаздарды марапаттау және гала-концертпен қорытындыланады.

Гүлмира МЕРАЛИНА

 
 
 

Комментарии


Байланыс:

+7 (775) 228-43-78

  • YouTube
  • 768px-Instagram_icon

Жіберілді! Рахмет!

bottom of page