ҚЫЛМЫСТЫҚ ТЕРІС ҚЫЛЫҚ САНАТЫНЫҢ ЕНГІЗІЛУІНІҢ ЖАЗАЛАР ЖҮЙЕСІНЕ ӘСЕРІ
- Patriot Tulga
- 10 часов назад
- 4 мин. чтения

Қылмыстық заңнаманы қолданудың отандық тәжірибесіндегі қылмыстық жауаптылықты жүзеге асырудың негізгі нысаны қылмыстық заңмен қудаланатын әрекетті жасаған кінәлі адамға жаза тағайындау және оны іс жүзінде орындау болып табылады. Бұл орынды да, өйткені мемлекеттің қылмыстылыққа қарсы саясатының басым ұстанымдары жазалар жүйесінен ерекше анық байқалады. Осы себепті кез келген қылмыстық-құқықтық реформа «қылмыс пен жаза» жұбының екі элементін қатар дамытуды көздеуі керек.
2009 және 2021 жылдардағы Құқықтық саясат тұжырымдамалары қылмыстық заңмен жазаланатын әрекеттерді қылмыстарға және қылмыстық теріс қылықтарға бөліп, қылмыстық заңды «қылмыстық теріс қылық» ұғымымен толықтыру, қылмыстық құқық бұзушылықтың жаңа ұғымын тұжырымдау қажеттігі туралы айта отырып, «жаза» институтының даму бағыттарын «қылмыс» институтында жоспарланып отырған өзгерістерге сәйкестендірудің біртұтас тұжырымдамалық идеясын ұсынбады. Дегенмен, жазаның кейбір түрлері мен санкцияларды жетілдірудің жекелеген бағыттарын айқындады.
2014 жылы қабылданған ҚР Қылмыстық кодексі отандық тәжірибеге көптеген соны жаңалықтар әкелді. Олардың ішіндегі ең бастысы да, бірегейі де – заңнамаға қылмыспен қатар қылмыстық құқық бұзушылықтардың дербес бір тобын құрайтын «қылмыстық теріс қылық» санатының енгізілуі. Қылмыстық-құқықтық тұрғыдан жазаланатын әрекеттердің бір-бірінен қоғамдық қауіптілігі мен жазаланушылығы бойынша ажыратылатын екі түрге бөлінуі олар үшін қолданылатын жазалар жүйесінің де түбегейлі өзгерістерге ұшырауына соқтырды. Бұл – қисынды құбылыс, егер қылмыстық заңнамада қоғамдық қауіптілігі әртектес әрекеттер қарастырылып, олардың жазаланушылығында ешқандай еркешеліктер көзделмесе, қылмысты әрекеттерді түрлерге бөлудің мәні жойылған болар еді.
Еліміздің жаңартылған қылмыстық заңнамасына «қылмыстық теріс қылық» санатының енгізілуінің нәтижесінде жазалар жүйесінің құрылымы күрделеніп, оның құрамында қылмыстық теріс қылықтарға арналған жазалардың дербес жүйешесі пайда болды. Қылмыстық теріс қылықтарға арналған жазалар жүйешесін келесідей анықтауға болады: «Қылмыстарға арналған жазалар жүйешесімен қатар жаза мақсаттарына қол жеткізуді қамтамасыз ететін, қылмыстық құқықтағы жазалар жүйесінің құрамдас бөлігі болып табылатын, қылмыстық теріс қылықтар үшін тағайындалатын жазалардың қылмыстық заңда көзделген өзара байланысты, тәртіпке келтірілген, біртұтас жиынтығы».
Қылмыстық теріс қылықтарға арналған жазаларда жүйеге тән қасиеттердің барлығы бар: құрылымы күрделі, тұйықталған, бір тәртіпке келтірілген, элементтері өзара байланысты және өзара әрекеттес, функционалды, интегративтік қасиеттері бар.
Біріншіден, жазалар жүйесінің құрылымы күрделі болып келеді, яғни көптеген элементтерден құралады. Атап айтқанда, жазалар жүйесінде қылмыстар және қылмыстық теріс қылықтар үшін тағайындалатын жазаларды; негізгі, қосымша және балама жазаларды; құқықтық шектеулердің көлемімен айқындалатын қатаңдық дәрежесі бойынша әртектес жазаларды және т.б. бөліп қарастыруға болады. Өз кезегінде, жазалар жүйесінің құрылымдық бөлігі болып табылатын жазалардың жекелеген топтарының күрделі ішкі құрылымы бар.
Екіншіден, жазалар жүйесінің элементтері тұйықталған, шектеулі түрде айқындалған болып келеді, яғни жекелеген жаза түрлерінің ішкі өзара байланысы олардың мемлекеттік мәжбүрлеу шараларының өзге (қылмыстық-құқықтық емес) түрлерімен байланысынан әлдеқайда күшті болады.
Үшіншіден, жүйені құрайтын элементтер бір тәртіпке келтірілген, яғни жазалар қатаңдық дәрежесі бойынша рет-ретімен орналастырылған. Жазалар жүйесінің осы қасиетінің тәжірибелік маңызы өте зор, себебі соттарға жаза тағайындау барысында әділдік, жазаның үйлесімділік қағидаттарын жүзеге асыруға қажетті жағдай жасайды.
Төртіншіден, жүйенің элементтері өзара байланысты және өзара әрекеттес болып келеді. Сондықтан біртұтас жүйеге кіретін жаза түрлерінің біреуін алып тастау немесе жаңа жаза түрін қосу, тіпті дәстүрлі жаза түрінің жазалаушылық мазмұнын өзгерту, өзге жаза түрлерін қолдану тәжірибесіне де әсер етеді.
Бесіншіден, жазалар жүйесі функционалды болып келеді, яғни олар әрекет етуге, тәжірибе жүзінде қолдануға жаралған. Жазалар жүйесінің жазалар тізімінен айырмашылығына тоқтала отырып, В.К. Дуюнов: егер олардың кімге, қалай және қандай мақсаттарда қолданылатынын реттемесе, қылмыстық заңда жазалар тізімін бекітудің маңызы жойылады, – деп көрсетеді. Жазалар тізімі ҚР ҚК-нің тек қана 40-бабында бекітілсе, жазалар жүйесінің іс жүзінде қолданылуын жаза тағайындау институты және тұтастай Ерекше бөлік баптары санкцияларының жүйесі қамтамасыз етеді.
Алтыншыдан, жазалар жүйесінің өзіндік интегративтік қасиеттері бар және олар жекелеген жаза түрлерінің қасиеттерінің жиынтығынан әлдеқайда бай, қомақты. Соның арқасында жазалар жүйесін өзіндік феномен, дербес қылмыстық-құқықтық институт ретінде қарастыруға болады. Жазалар жүйесі мемлекетке қылмыстылыққа қарсы іс-қимыл шаралары кешенінің тиімділігі жөнінде пікір қалыптастырып, қылмыстық-құқықтық ықпал ету құралдарын дер кезінде қайта қарап, оңтайландырып отыруға мүмкіндік береді.
Жоғарыда айтылғандар бізге қылмыстық заңнамада көзделген жазаларды бір жүйе деп қабылдауға, ал қылмыстық теріс қылықтар үшін көзделген жазаларды оның құрылымындағы дербес жүйеше (қосалқы жүйе) деп қарастыруға негіз береді.
Бұл жүйешенің жүйенің өзге элементтерімен (қылмыстар үшін көзделген жазалар жүйесімен) біртұтастығын айқындайтын бірден-бір фактор – олардың ортақ мақсаттарға бағытталғандығы: әлеуметтiк әдiлеттiлiктi қалпына келтiру, сотталған адамды түзеу және сотталған адамның да, басқа адамдардың да жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу.
Мемлекеттің қылмыстық көріністерге қарсы саясатының сипаты мен басым бағыттары жазалар жүйесінен ерекше анық байқалады, өз кезегінде қылмыстық саясат мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық және саяси құрылысына, елдегі қылмыстылық жағдайына, қоғамдағы құқықтық сана деңгейіне және т.б. мән-жайларға тәуелді болады.
2014 жылғы қылмыстық заңды қолданудың тәжірибесі қылмыстық теріс қылықтарға арналған жазалар жүйешесінің артықшылықтары мен кемшін тұстары туралы ой қорытуға, соның негізінде заңнама мен құқық қолдану тәжірибесін жетілдіру бағыттарын айқындауға жол ашты.
Өкінішке қарай, қылмыстық теріс қылық санатының енгізілуі кәмелетке толмағандарға қолданылатын жаза түрлерін реттеу практикасынан еш көрініс таппады.
Қолданыстағы қылмыстық заң айыппұл, түзеу жұмыстары және қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазалардың мөлшері мен мерзімін олардың кәмелетке толмағандарға қылмыстық құқық бұзушылықтың қай түрі үшін тағайындалғанына тәуелді етпеген. Атап айтқанда, ҚК-нің 81-бабына сәйкес айыппұл мен түзеу жұмыстары кәмелетке толмағандарға айлық есептiк көрсеткiштің 5-тен 100-ге дейiнгi мөлшерінде; қоғамдық жұмыстарға тарту 10 сағаттан 75 сағатқа дейiнгi мерзiмге тағайындалады.
Бұл ұстаным, біздің ойымызша, қылмыстық заңмен тыйым салынған әрекеттерді қоғамға қауіптілік және жазаланушылық дәрежесіне қарай түрлерге жіктеу идеясына кереғар келеді, қылмыстық теріс қылық немесе қылмыс жасаған кәмелетке толмағандарға бірдей жаза тағайындалуына жол беріп, әділдік принципінің бұзылуына себепші болады.
Сондықтан, ҚК-нің 81-баб. 3, 4 және 5-бөліктерінің сәйкес жаза түрлерінің мөлшеріне немесе мерзіміне арналған бөлігін жаңа редакцияда жазуды ұсынамыз:
«3. Айыппұл қылмыстық теріс қылық үшін айлық есептік көрсеткіштің 5-тен 30-ға дейінгі мөлшерінде, ал қылмыс үшін айлық есептік көрсеткіштің 30-дан 100-ге дейінгі мөлшерінде тағайындалады.
4. Түзеу жұмыстары қылмыстық теріс қылық үшін айлық есептік көрсеткіштің 5-тен 30-ға дейінгі мөлшерінде, ал қылмыс үшін айлық есептік көрсеткіштің 30-дан 100-ге дейінгі мөлшерінде тағайындалады.
5. Қоғамдық жұмыстарға тарту қылмыстық теріс қылық үшін 10 сағаттан 25 сағатқа дейінгі, ал қылмыс үшін 25 сағаттан 75 сағатқа дейiнгi мерзiмге тағайындалады».
Қазақстан Республикасы
Бас прокуратурасының жанындағы
Құқық қорғау органдары академиясы
Кәсіптік оқыту институты
Прокурорлық қадағалау кафедрасының
аға оқытушысы, PhD докторы
Нұрхан Айбар Серікұлы
Kommentare