top of page

ҚАЗАҚСТАН КОНСТИТУЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТІСТІКТЕРІ МЕН КЕМІСТІКТЕРІ

Құрметті көпшілік!

Баршаңызды алдымызда келе жатқан Қазақстан Конституциясы күнімен құттықтаймын!

1995 жылы жаздың соңында бүкіл еліміз үшін басты Негізгі құжат қабылданар тұста оған қолымыздан келгенше көмектесіп атсалысқанымыз есімде. Ол кезде Әділет министрі Нағашыбай Шайкеновтың шақыруымен республикалық «Заң газетін» құрып, басқарып жүрген кезім еді. Конституцияның ресми жобасы мен баламалы нұсқаларын қазақ тіліне аударуға атсалыстық. Жаңа заң терминдерін жасауға және қалыптастыруға ұмтылдық. 1995 жылы 30 тамызда өткен референдумда жаңа Конституция қабылданды.

Мен осы Негізгі құжаттың жетістіктері мен кемістіктеріне тоқталмақпын.

Қазақстан Республикасы осы Ата заң бойынша өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады. Бұл мемлекеттің ең қымбат қазынасы — адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп көрсетілді. Өте дұрыс! Құжатта Қазақстан президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет екендігі баянды етілді. Бұл да жақсы! Мемлекеттік биліктің үш тармағының: атқарушы, заң шығарушы және сот биліктерінің ара жігі ажыратылды.

Қазақстан Республикасында мемлекеттік меншік пен жеке меншік бірдей қорғалады. «Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі, меншік құқығын халық атынан мемлекет жүзеге асырады» деген қағидалар электорат тарапынан үлкен қолдау тапты. Ата заңда: «Қазақстанның мемлекеттік тілі — қазақ тілі» екендігі шегеленді.

Әлемдік тәжірибеде жетекші державалардың конституциялары ондаған жылдар бойы, тіпті ғасырлар бойы өзгертілмей бірқалыпты күйде тұрақталады. Ал бізде өкінішке қарай 30 жылда небары 98 баптан тұратын Конституцияға Назарбаев билігі тұсында Парламент арқылы бес рет: 1998 жылы – 19, 2007 жылы – 41, 2011 жылы – бір, 2017 жылы – 31, 2019 жылы – бір, Тоқаев билігі тұсында 2022 жылы 6-маусымда өткен референдум арқылы 33 бапқа 56 толықтыру мен өзгеріс енгізілді! Сонда қолданыстағы Негізгі Заңға 30 жылда барлығы 149 өзгеріс пен толықтыру енгізіліпті! Бұл орташа есеппен жылына 4,9 түзету деген сөз. Бұл өте көп. Бірақ халық үшін ең қажетті қағидалар қарастырылмаған.


Назарбаев билігі кетіп, қазір Тоқаев билігі «Еститін Үкімет» пен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» бағытын қолға алған кезде конституциялық реформалар жалғасады деп үміттенеміз.

Бізге қандай реформалар қажет?

Бізге ең алдымен Қазақстанның 1990 жылы 25-қазанда қабылданған мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияда көрсетілгендей Ата заңымызда Қазақстанның ұлттық мемлекет ретінде даму бағыты баянды етілуі қажет.


Қазақстандағы ұлтаралық саясат қауіпсіздік мақсатында онда тұратын түрлі диаспоралардың мемлекет құраушы – қазақ ұлтының төңірегіне топтасу, шоғырлану бағытында жүргізілгені маңызды.

Заң шығаршы орган бізде екі сатылы Сенат пен Мәжілістен құралған. 1990 жылы Қазақстан халқы 17 млн еді, Жоғарғы Кеңесте 360 депутат болды. 2025 жылы халық саны 20 млн-ға жетті, Парламентте Сенат (47 cенатор) пен Мәжілісті (98 мәжілісмен) қосқанда 145 депутат жұмыс істейді. Сонда 145 депутат үшін екі палатаның не қажеті бар? Бұл Назарбаев саясатының демократиялық ойындардағы көп құйтұрқылықтарының бірі. Жиырма жылдан бері айтып келеміз, Қазақстанға бір палаталы парламент әбден жетіп жатыр. Ары қарай жанама сайлау тәсілдері төтелей сайлау тәсілдеріне алмастырылады. Яғни Сенат пен партиялық сайлау жүйесі болмайды. Яғни конституциялық реформа тап осы жерге де керек.

Сот билігі саласында шынайы әділеттілікке жету үшін, халық алдында есеп беріп отыру үшін судьялар Президенттің тағайындауымен емес халықтың шынайы сайлау жолымен сайлануы маңызды. Кез келген лауазым иесі сот алдында тік тұрып жауап беруге міндетті.

Ата заңда адамдар заң мен сот алдында тең құқылы деп жарияланғанымен орын алып жатқан теңсіздіктер көп. Мысалы Қазақстанда биылғы жиынтық зейнетақының орташа мөлшері айына 143 097 теңге болса экс елбасы неге 8 млн 300 мың теңге алады? Бәрі тең болатын болса қарапайым жұмысшы неге сағаттап дәрігер алдында кезекте тұрады? Шенеуніктер неге контингент деген желеумен Президент іс басқармасының емханасы мен ауруханасында элиталық ем-дом алады? Олардың халықтан несі артық? Конституция неге бұзылады?

Міне, қысқартып айтқанда Конституциямыздың жетістіктері мен кемістіктері осындай!



 
 
 

Недавние посты

Смотреть все

Комментарии


Байланыс:

+7 (775) 228-43-78

  • YouTube
  • 768px-Instagram_icon

Жіберілді! Рахмет!

bottom of page