БИЛ САПАСЫ ЖОҒАРЫ
- Марат Тоқашбаев
- 2 окт.
- 2 мин. чтения
Кеше «Білім-инновация» халықаралық қоры (БИЛ) басшыларының ұйымдастыруымен Алматыдағы «Нұрорда» мектебінде қариялар күніне орай сонау тоқсаныншы жылдардың басында Қазақстандағы білім беру ісінің көрнекті ұйымдастырушыларының бірі болған Жантілеу Әзізханов, Қазақстанның Еңбек Ері, академик Асқар Жұмаділдаев, Қазақстанның Құрметті жазушысы, академик, профессор Марат Байділдаұлы (Тоқашбаев) сияқты аға буын өкілдерімен қызықты кездесу өткізілді.
Кездесуде Жантілеу аға Қазақстанда қазақ-түрік лицейлерінің пайда болуы туралы әңгімелеп, осы салаға тұрақты көңіл аударған Тұрғыт Озал, Сүлеймен Демирел сияқты көрнекті тұлғалардың еңбектеріне тоқталды. Асқар ініміз қазіргі заманда мемлекетімізде ғылым мен білім шешуші рөл атқаруға тиіс екенін, сондықтан жаңадан құрылған Ғылым Академиясы өз жұмысын осы бағытта жүргізіп жатқанын тілге тиек етті. Құдай қаласа енді үш жаңа ғылыми-зерттеу институты ел игілігіне еңбек етпек.
Ал мен Қазақстанда қазақ-түрік лицейлерінің пайда болуына ғалым Ислам Жемей түрткі болғанын еске алдым. Ол Ираннан Түркияға келіп магистратурада оқып жүрген кезінде 1991 жылдың басында Бакуге жолы түседі. Сонда дүңгіршектен «Заман-Әзірбайжан» газетін сатып алып бұл түрік-әзірбайжан әріптестігінің жемісі екенін көреді. Ұлтқа жанашыр азаматқа ой түседі: «Осындай басылымды неге Қазақстанда ашпасқа?». Газетті ұстап қонақүйге келіп лифтіге мінсе оның шетелдік екендігін байқаған бір жігіт қолындағы газетке таңырқай қарап «Сіз мұны оқи аласыз ба?» деп сұрапты. Сөйтсе ол Махмұт Чеви деген осы газеттің қызметкері екен. Екеуі танысып, Ислам ол жігітті Қазақстанға шақырыпты. Өз қаражатына бір апта кездіріп, Қазақстанда «Заман-Қазақстан» газетін де, лицейлер аштыруға да мүмкіндік бар екеніне көзін жеткізеді. Ол өз кезегінде осы мүмкіндіктер туралы өз басшыларына баяндап, ресми байланыстардың өрбуіне жол ашады. Ол кезде білім министрінің орынбасары қызметін атқарған Жантілеу ағаның тікелей араласуымен 1992 жылы алғаш Алматыда, одан кейін Көкшетау мен Кентауда қазақ-түрік лицейлері жұмыс істей бастады. Қазір олардың саны 32-ге жетті.
Сол қазақ-түрік лицейлерінің бүгінгі жалғасы «Білім-инновация қоры» қолға алып, демеушілер қолдауымен салынған «Нұр орда» мектебі бүгінде халықаралық озық тәжірибелерді пайдалана отырып, еліміздегі мүлде жаңа бағытта білім мен тәрбие беретін оқу ордасына айналып отыр. БИЛ қорының президенті Дархан Өте мырза: «Қордың миссиясы – білім мен тәрбие саласында отандық және халықаралық озық тәжірибелерге сүйене отырып, бәсекеге қабілетті және үйлесімді дамыған тұлғаны қалыптастыруға жағдай жасау арқылы еліміздің адами капиталының дамуына үлес қосу» деп нақтылап берді. Осы кезге дейін Қазақстанда Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қорына қарасты мекептердің оқушылары түрлі халықаралық пән олимпиадаларында 4558 медаль, оның ішінде 1017 алтын медаль жеңіп алған. «Міне, осындай жетістік!» – деді Қор басшысы ақсақалдарға шапан жауып жатып.
Комментарии