top of page

ЖАЗМЫШТЫҢ ЖАЗҒАНЫНАН АСА АЛМАЙСЫҢ...

–Нұрғали аға, ассалаумаликум, мына коронавирустық карантин кезінде немен шұғылданып жатырсыз?

 

–Ой, Марат айналайын, әликүмсалам, талай сайт,  талай газет тілшілері бір жылдай уақыттан бері қанша сұқбат сұраса да бәрінен бас тартып жүр едім. Енді қапелімде сен әңгімеге тартқан соң сол үнсіздікті бұзайын. Қазір көпшілік ақпарат көздерінде адамгершілік деген ада қалып, сенсация қуған заман ғой. Сондықтан сұқбатымызды үзіп-жұлқып сан-саққа жүгіртпейтіндей етіп жарияларсың.

    Коронавирус деп жатырсың. Тегінде жалқау адамға сылтау көп. Жұмыс істейтін адам бәрі бір қарап жатпайды. Карантин кезінде байқасам істейтін шаруа жетерлік екен. Өз басым қазір жеке мұрағаттарымды ретке  келтіру үстіндемін.  

   Менде өте бірегей,  «уникальный» мұрағаттар бар. Кенен Әзірбаев, Құрманбек Жандарбеков, Қанабек Байсейітов, Асқар Тоқпанов өз кездерінде қазақ өнерін асу-асу биіктерге жеткізгені мәлім. Өзіммен қатар Райымбек Сейтметов, Асанәлі Әшімов, Сәбит Оразбаев театр өнерін аянбай өрге сүйреді. Мен сондай тұлғалардың жанды дауысын жинап әрі сақтап жүрмін. Байқасаңыз әр 10-15 жылда технология жаңарып кетеді. Күні кеше жазып алған дүниелеріңді оқитын  техника таппай қаласың. Қолда бар сол «қазынамды» қазір цифрлық форматқа көшіруді қолға алып жатырмын.

 

 –Иә, шынымен мұныңыз үлкен байлық екен!

 

–Оның құндылығына бір қызық мысал келтірейін. 1995 жылы  өзінің туған өңірі Талдықорған жақта Қанабек Байсейітовтың 90 жылдығы аталып өтілетін болды. Бақыт Әшімова, Оспанхан Әубәкіров (?), тағы оншақты адам сол тойға шақырылдық. Ілкіде бір оңаша сәтті пайдаланып Қанекеңнің дауысын жазып алғам. Бұрын Қазақ телевизиясының музыкалық редакциясында 15-20 жылдай басшылық қызмет жасаған тәжірибем бар.  Соның бес минуттай үзіндісін флешкаға көшіріп алғанмын. Қараталда, Үштөбеде салтанатты жиындар өткізілді. Соңына таман «Ой, мына Нұрғали ортамызда екен, көкесінің тойында ән айтып беретін шығар» деп мені сахнаға шығарды. Флешканы алдында дыбыс операторына беріп қойғам. Микрофонға шықтым да: «мен көп сөйлемей микрофонға Қанабек ағаның өзін шақырам» дедім. Жұрт аң-таң болып қалды. Баяғыда қайтыс болған марқұм қайтып шығады? Оператор флешкадағы дауысты қосты да жіберді. Аға кетті дейсің саңғырлап. Сілтідей тынған жұрт артынан дуылдата қол соқты кеп.  Сөйтіп елді бір риза еткенмін. Жалпы қазақ өнеріне, қазақ халқына қызмет ету маңдайыма бұйырғаны үшін, күннің жасу сәулесіндей болса да үлес қосқаным үшін өзімді бақытты санаймын.   

 

Өміріңізге ризасыз ба?

 

–Жаратқан иеміздің бергенінің бәрі – нығмет. Шығармашылық өміріме ризамын! Биыл сахнада жүргеніме 65 жыл болыпты. Одан ілкіде колхозда шопан болып еңбек жолын бастаппын. Сол кездің өзінде көркемөнерпаздар қатарында ән салып жүрдім. Аудандық, облыстық, республикалық байқауларға қатыстым. Содан есептесем, сахнаға шыққаныма 68 жыл болыпты. Өмірден көрген, түйгеніміз аз емес. Өнердегі өмірімді мақтан тұтамын.

 

–Ғұмыр жолыңыздың ғибратты тұстары көп екен...

 

–Өткен ғасырдың 60-шы, 90-шы жылдары қазақ музыкасының өркендеген кезі, қазақ ән өнерінің ренессанс кезеңі болды десем қателеспеспін. Димаш Ахметұлы Қонаев басқарған сол бір кезеңде кеңестік идеология да оңтайлы болды.  Өнер сахнасына тамаша өнерпаздар шықты. Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов, менімен қатар  курстасым Әсет Бейсеуов, Мыңжасар Маңғытаев, Базарбай Жұманиязов, Ескендір Хасанғалиев, Теміржан Базарбаев  сияқты белгілі тұлғалардың атын атап отырмын. Арасында қаншама басқа да үзеңгілестер болды. Біз сол кезде композитор, ақын, орындаушы  болып үштік одақта жұмыс істейтінбіз.  Жемісті – шығармашылығымызға сол арқау болды. Солардың көпшілік әндерінің тұсауын кесу бақыты маған бұйырыпты.   

 

  –Сізді Нұрғисамен өте жақын дос-бауыр болды дейді.

 

    –Ол рас, біздің достығымыздан гөрі бауырластығымыз басым болды. Ол да, мен де әкеден жалғыз едік. Ара-тұра шақыртуы бойынша «Отырар сазы» ансамбліне,  репитицияға келгенімде үш-төрт жүз адамдық ұжымды дүркіретіп орнынан тұрғызып маған сәлем бергізуші еді. Арындатқан екі-үш әннен кейінгі үзілісте «Жалғызым-ау, адалым-ау, қайдасың?» деп көзінен жасы парлап ыстық құшағына алатын. Ұлы адамның сезімдері де ұлы болады екен ғой. Мен де үнемі інілік ізетімді аяп қалған емеспін.

 

    –Үштік одақтың бір тұғыры ақындар ғой. Ақындардан кімдермен жақын болдыңыз?  

 

    –Өз басым ақындарды ерекше құрмет тұтамын. Талай ақындармен байланыста болдық. Әсіресе Мұқағали, Тұманбай, Қадыр көкейімнен кетпейді. Бірде Нұрғиса ағам түн ішінде үйіне шақырды. Қадыр Мырзалиев екеуі «Өз елім» әнінің сөздерін талқылау үстінде екен. Орындатуға мені ұйғарыпты. Пікіріңді айт дегенде патриоттық ән  әуезі айтуға  ыңғайлы болу керектігін көлденең тартып мен де өз ойымды жеткізіп жатырмын. Таң ағарып атуға таяғанда Қадырға: «Сіздей мықты ақынға қайта-қайта түзету жасатқызғаныма қысылып отырмын» дедім өзім ыңғайсызданып. Сонда Қадыр ағамның: «Нұрғаш (мені ағаларым үнемі осылай атайтын), осы әнім қазаққа қызмет ететін ән болып шықса Нұрекең екеуіңнің алдында  оны мың рет түзетуге де бармын!» –дегені есімде.  

    Алпыс бес жылдық әншілік ғұмырымда 127 композитормен, соншама әндерге сөз жазған ақындармен ынтымақтастықта болыппын. Солардың әрқайсысының өмірі бір ғибрат.

 

–Жастарды Сіздің кәсіби әншілікке қалай келгеніңіз қызықтырады? Қойшылықтан әнші болғаныңыз рас па?

 

     –Әр адамның өмірі әр қилы қалыптасады ғой. 1955 жылы Қазақстан КП Орталық Комитетінің екінші тыңды игеруге байланысты қазақ жастарын мал шаруашылығына шақырған қаулысы шықты. Сол қаулыға сәйкес мен де мектеп бітірген соң туған ауылымда қалып шопан болдым. Мал ішінде өскен  баламыз ғой, үздіктердің қатарынан көріндім. Арасында ауыл сахнасында ән салып, аудандық, облыстық байқауларға қатысқаным рас. Алматыға келіп, республикалық байқауда бірінші орын алып, жүлдегер ретінде одақтық байқауға Мәскеуге баратын болғанымда жюри мүшелері келген соң Алматыда қалып, музыкалық білім алуыма кеңес берді.   Сөйтіп 1956 жылы 19 жасымда екі жылдық жұмыс өтіліммен консерватория табалдырығын аттап, жеті жылдан кейін кәсіби әнші атаныппын. 

     Өмірдің әр бес, он жылында түрлі өзгерістер болып жатады ғой. Димаш Ахметұлы Қонаев басқарған жылдарда кеңестік идеология қазақ өнерін дамытуға оңтайлы болды. Қазақ өнерін насихаттай жүріп күллі әлемді  араладық. Кеңес өкіметінің шарықтауын да, құлдырауында көзімізбен көрдік. Құдайға шүкір, еліміздің тәуелсіздігіне де қол жеткіздік.

 

   –Бұрынғы шығармашылық талғам мен қазіргі талғам арасында айырмашылық қандай?

 

 –Ол кезде пысақайлар эфирге шығарылмайтын. Мемлекеттік радио-телевизиялық комитет жанында Көркемдік кеңес жұмыс істейтін. Соның сүзгісінен өтіп көркемдік  деңгейі мақұлданғанда ғана, хаттама түзіліп, сарапшылар түгел қол қойып рәсімдейтін. Шығармалар сонан соң ғана халыққа ұсынылатын. Нәтижесінде ең лайықты дүниелерге ғана жол ашылатын. Ал қазір ондай көркемдік кеңес жоқ. Содан эфирге лақтырылып жатқан қоқыс көп.

    Рас, қазір музыка өнері бұрынғыға қарағанда көп ілгері кетті. Бүгінде аудан, облыс орталықтарында музыка мектептері бар. Нота білетін, музыкалық сауатты жастар көбейді. Алайда бірыңғай ұлттық идеологияның жоқтығынан музыка өнері бақылаусыз қалды. Әркім өзінің білгенінше сахнаға шығады. Жастар бағдарламаларын қарасаңыз көркемдік деңгейі төмен шығармалардан аяқ алып жүргісіз. Түкке тұрмайтын әндер эфирге ұсынылып жатады. Оны қызғанып отырған жоқпын. Бірақ миллиондардың көңілінен шығатындай дүние болу керек қой. Бәйгеде жүйріктің жүйрігі озады емес пе. Сондықтан эфирге бәсекелестік болғаны дұрыс па деймін. Талғамсыздықтың салдары қазақ өнеріне тиіп жатыр.

 

    –Қазақтың ән өнерінің келешегін қалай елестетесіз?

 

    – Біздің ән өнеріміздің болашағы зор. Ол әлі дамиды. Алайда ол жеке дара күйде емес басқа  салалармен қанаттаса дамығаны абзал. Сондықтан ол әріден қозғалып тереңнен тартылып, биікке ұмтылғанын көргіміз келеді. 

Ескісін жаңартып, ұлттың ұлттық дүниесін ұлықтайтын шақ қой.

    Опера театрын қолымен жасаған кешегі Құрманбек Жандарбеков, Қанабек Байсейітов, Күләш  Байсейітова, Манарбек Ержанов, Ғарифолла Құрманғалиев, Үрия Тұрдықұлова есімдері ұмыт қалмауға тиіс. Олардан кейінгі Бекен Жылысбаев, Байғали Досымжанов өнерімізге айтулы үлес қосты. Жүсіпбек  Елебеков, Роза  Жаманова, Ермек  Серкебаев қандай тұлғалар еді?!      Бүгінгі таңда шетелдік даңғазаға мұқтаждықтың қажеті шамалы. 1925 жылы Әміре Париж тыңдармандарын қалай тәнті етті?! Сол саф тазалықты бұзып алмауымыз керек.  Қазақ өнерінде сақталған басты ерекшеліктерді жалғастыру ұтымды.

 

 Әншілік өнеріміз  қай бағытта дамығаны жөн деп ойлайсыз?   

 

–Ізгілік, игіліктің бәрі тәрбиеден басталады ғой. Бесіктен, ананың әлдиінен басталған тәрбие суалмайды. Мемлекет тәрбиенің ұлттық негізде дамуына көмектесуі қажет. Ары қарай мектептің іліп әкетуі де маңызды. Үйдің, ата-ананың және мектептің ықпалдасуы  – шығыстық, ұлттық тәрбиенің маңызды буындары. Және осының бәрі ана тілінің негізінде жалғасқаны орынды. Рас, кейбір әттеген-айлар баршылық. Алайда қазақ өнерінің алға жылжуына мүмкіндік мол. Ұлттық тарихымызды, салт-дәстүрімізді тани бастадық. Кеше кім едік, бүгін кім болдық? Тарих дарбазасы ашылды. Бәрі ұлтты өнеріміздің игілігіне жараса болғаны. Біздікі ұлттық өнеріміз әлемдік деңгейге жетсе деген ой ғой.

 

   –Нұреке, жұрттың көбі сізді шылқыған бай деп есептейді. Сол шындыққа үйлесе ме? 

 

  –Иә, (күліп алып) сөйтіп ойлайтындар көп. Құдайға шүкір, атақ-абыройымыз баршылық. Бірақ – парадокс! Мен коттеджі, саяжайы, тіпті джипі де жоқ Халық әртісімін.

      Баяғы Кеңес Одағы тарап, жекешелендіру жүріп жатқан шақта ауылға барып әкем Нүсіпжанның еңбегі сіңген колхоздан бірнеше гектар үлес алдым. Өзім табиғатты өте ұнатамын. Соған балаша қуанып, түрлі жеміс ағаштарының көшеттерін әкеп отырғыздым. Алма, алмұрт, өрік дейсіз бе бәрі бар.  Жалпы біздің Доланалының жері керемет. Өкініштісі бау-бақша еккеніме отыз жылға жуықтаса да, талай әкім ауысты, су мәселесі шешілмей-ақ қойғаны. Сусыз бақ жайқалып кете алмады. Жеміс ағаштарының шөжіп, кенезесі кепкен күйіне жаным ашиды, барған сайын көзіме жас толады.  

    Ауылдағы үйіміз ертеде жапырайған тоқал там болатын. Консерваторияға түскеннен кейін Алматыдан шатырлы үйлерді көріп, әке-шешеме сондай бір үй салып беруді армандағам. Бала кезімде сурет салуға құмар едім, бәлкім әнші болмаса суретші болар ма едім кім білсін. Тіпті  талай суретім мектепті безендіруге де пайдаланылды. Сол суретшілік архитекторлыққа ұласты ма, бірінші курсты бітірген жылы жобасын өзім сызып, кірпішін өзім құйып, күллі жұмысын тынымсыз атқарып, әке-шешеме екі бөлмелі шатырлы үй салып бердім. Ойыншықтай сол үй әлі тұр. Өзіме соншама ыстық. Барғанда тұрақтайтын жерім – сол.

    Алты жастағы кезім болу керек, әкем «атадан мал қалғанша тал қалсын» деген, балам, мына жерге, үйдің жанына алма көшетін бірге отырғызайық» деп бір түп алма көшетін отырғызғанбыз. Сол көшет кейін әйдік алма ағашына айналды. Жетпіс бес жыл болды – тұр. Алмасының дәмі бөлек. Жемісін әлі күнге жеп жүрміз!

    Кеңестік кезеңнен шыққан соң ба басқа бизнеске икемім келмеді. Ата-анам адам бол, адал бол дейтін. Сол тәрбиеден болар менде дүние қуу деген ұғым мүлде болған емес.  Сахнада таза өнеріммен қызмет еттім. Сол таза қалпымда келе жатырмын. Менің байлығым – халқым, менің байлығым – өнерім.

 

    –Оқырманды отбасыңыздағы жаңалықтар қызықтырады...

 

    –Иә, Жадыра Сейдеш деген тележурналист қызбен бас құрадым. Онымен «Жүрекжарды» телебағдарламасының  түсіру алаңында танысқанмын. Егер мен қарапайым жұмыскер не малшы болсам елдің менде шаруасы болмас еді. Жұрттың көз алдында жүрген өнер адамы болған соң бәрі шұқшиып «лупамен» қарағасы келеді. Жүрек ауыртатын неше түрлі болжамдарды, сан-саққа жүгірткен пікірлерді, «айыптауларды» естіп те, оқып та жүрміз. Бірақ әркімнің өмірі өзіне.   

     Мен қазір егде жастағы адаммын. Жеңгең барынша  көмегін жасап жүр. Жадыра Сейдеш – белгілі тележурналист, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының, «Серпер» сыйлығының, Бірінші Президент қоры сыйлығының лауреаты. Радио-телевизия саласында 20 жыл, оның ішінде КТК телеарнасында «Жүрекжарды» бағдарламасын 10 жыл жүргізген. Оның бағдарламасы ең көп рейтинг жинаған бағдарламалардың бірінен болды.  Талғат Бигелдинов, Роза Бағланова, Гүлфайрус Исмаилова, Шерхан Мұртаза, Әзілхан Нұршайықов, Тоқтар Әубәкіров, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Әбілфайыз Ыдырысов, Әбіш Кекілбаев, Фариза Оңғарсынова сияқты көрнекті тұлғалардың жан сырын, ішкі әлемін көрерменге ұсынды. Сол жылдарда ұзын-ырғасы 200-дей хабар дайындап, эфирге шығарған екен. Солардың қатарында мен де «Жүрекжарды» хабарының кейіпкері болғанмын.  Сондай танымал бағдарламаның жүргізушісі  Жадыраның КТК-да аяқ астынан қысқарып қалғанын  кейін естідім. Кадрларды бағаламаушылық сияқты көрінеді бұл маған. Бүгінде сондай өтімді хабарларды эфирден қайталап неге көрсетпейтініне таң қаламын. Ресейдегі тәрізді бұл дәстүрді қайта тірілту керек.   

 

     –Жадыраны таңдауыңға не себеп болды?

 

       –Бұл өзі ұзақтау әңгіме. Бірақ сұраған соң айтайын. Мен өзі мінезім жұмсақ, оң келгенді оң, сол келгенді сол, екі  жағын шайнап жүретін адам емеспін. Дауды жек көремін. Әке-шешемнің жалғыз ұлымын. Менен үлкен Рысалды деген әпкем болатын. Бір-бірімізге жанұшырып жүретін сол екеуміз ғана едік. Бұған дейін, білесің, екі рет үйлендім. Біріншісі – Сәуле жеңгең, одан Бибігүл, Алма, Дариға деген үш қызым, екінші жұбайым –Айгүлден Нұргүл, Нұрзада деген екі қызым бар. Алғашқы келіншегім ата-анамның ұлттық негіздегі тәрбиесінің мән-маңызын түсіне алмады. Сосын да ол кісілермен етене араласып кетпеді. Ер азамат емеспін бе?! Оған қалай шыдайын?  Ақыры ажырастым да әке-шешемді алып бөлек кеттім. Үш бөлмелі пәтерді бала-шағама қалдырдым. 

    1989 жылы Өскеменге гастрольдік сапар кезінде Айгүлмен танысып көп ұзамай екеуміз үйлендік.

Бірақ Айгүл ауыл туралы әңгімені естігісі келмейтін. Ондағы ағайынмен араласқысы келмейтінін ашық айтатын. Сол себепті ел-жұртпен араласуымыз сирексіді. Жалғыз әпкемнің қаладағы өз үйіне сымай ауылға қайтып кетуіне себепкер болған Айгүл екендігін өкінішке қарай ол кісі қайтыс болған соң ғана ауылдастардан естідім. Ішім суи бастады. Жүрекке қатқан мұз сол күйі жібімеді. Жұбайымның пендешілік пиғылы арамызға жік салды. Отбасылық кикілжің көбейді.

    Дәм-тұзымыз жараса қоймағаннан кейін екі қызыма, Айгүлге  кезінде Имекең мерейтойыма байланысты сыйға тартқан «Мега» орталығы жақтағы үш бөлмелі кең де жайлы пәтерімді басы бүтін беріп, өзім әпкемнің үйіне кеттім. Бірақ барлық тапқан табысымды, тіпті айлығымды екі қызымның игілі мен оқуына арнап Айгүлге  беріп отырдым. Өз еркіммен басқалай да қаржылық көмегімді жан-жақты жасап тұрдым. Әлі де жасап келемін.

 

        –Ер адамға қашанда күтім керек. Жалғыздықтың қамытын киген жылдардың Сіз үшін оңайға түспегені анық.

 

    –Шыдамай қайтейін?! Бірақ егде адамға шынымен күтімсіздік қиын екен. Жан-жағыма көз саламын. Елу-алпыстағы әйелдердің өзіне күтім керек. Әбден аузым күйгендіктен адал бір адам жолықса деп тіледім. 2009 жылы Жүсіпбек Елебеков атындағы өнер ордасына мені іздеп келіп «Жүрекжарды» бағдарламасына менен салиқалы сұқбат алған Жадыра есіме түсті. Жадыра сабырлылығымен, білімділігімен, жан тазалығымен есімде қалыпты. Сол себепті аракідік хабарласып, амандыө-саулығын сұрап та қоятынмын. Ойлана, толғана келе Жадыраны мейрамханаға, түскі асқа шақырдым. Жағдайын сұрадым.  Сөйтсем ол да талай қиыншылықты бастан кешіріпті. Әке қазасын да, бауырлары Қайыржан мен ғалымжанның да қазасын бастан өткеріпті. Тұрмысқа әлі шықпапты.  Жұмыстан себепсіз қысқарып қалғандығы да жанына батады екен.  Анасынан басқа ешкімі жоқ. Өзі Ақмола жақтың қызы. Жетім қозыдай боп таудай қиындықтарды жалғыз көтеріп жүріпті.   

      Қолымнан келгенше жәрдемдескім келеді. Мінезі ашық, артында арамдығы жоқ, қулық-сұмдықтан қашық жан екенін аңғардым. Бірақ өте салқын. Бойында үрей, менен сескене береді, қатқыл. «Тәуекел деп тас жұтып»  бірде тұрып жатқан жерімді көрсеттім. Талай жылдар әйел қолы тимеген, ремонт көрмеген пәтер менің дәулетімнің айқын хабаршысы еді. Жадыра жаны ашып содан соң қолғабыс жасап жүрді. Риза болғаным Жадыра бейнеттен қашпайды екен. Пәтерді де, жұмыс кабинетімді да жарқыратып жуып кетіп жүрді. Кейде концерттеріме жүргізуші етіп шақыратынмын.

 

   –Содан...

 

 –Сөйтіп жүргенде аяқ астынан жүрек талмасымен совминнің ауруханасынан бір-ақ шыққаным. Бұрын да үш рет инфаркт алғанмын. Операция алдында дәрігерлер «жағдайыңызды кімге айтайық?» деп сұрады. Қысыл-таяң шақта көп ойланбастан Жадыраның телефонын бердім. Құстай ұшып жарты сағатта таксимен жетіп келді. Мені арба-төсекпен операция үстеліне алып бара жатқан. Жадыраны көріп қам-көңілім орнына түсті. Өйткені оның ер азаматқа сүйеніш бола алатынына көзім жете бастаған. Жанары жасқа толған Жадыраға: «Кетпеші, күтші?!» дедім. Жүрекке үш сағат жасалған күрделі операциядан кейін әлі наркоз тарамаған күйде жансақтау бөліміне әкетіп бара жатқанда Жадыраның  «Аға, жаныңыздамын!» дегенін еміс-еміс білемін.

 

–Ой, аға, құдай сақтаған, әбден қиындық кешіпсіз ғой...

 

     –Екі күннен кейін түн ішінде есімді жисам, Жадыра санитаркаға: «Сіз демала беріңіз, мен осында боламын, горшогын өзім төгемін!» деп жатыр екен. Өмірі қолын сипап көрмеген Жадырам тура солай дейді. Бойыма бір қуат біткендей болды. Өмірге қайтып оралуыма бірінші Алла, одан кейін осы Жадыра  себеп болды. Міне, біздің махаббатымыздың тарихы сөйтіп басталған.

 

Одан кейін...

   –Ауруханадан шыққан адамға ерекше күтім керек.  Жадыраға «жанымда бол» дедім. Ол бір сәтте күрт есейіп кеткен жан секілді ойланды, ойланды да ұсынысымды адамгершілік пейілмен қабыл алды. Ары қарай қарым-қатынасымызды ресми рәсімдедік. Қай қыз ақ көйлек киюді армандамайды, қуансын деп қарсылығына қарамай Жадыраға ақ көйлек кигіздім. Ауылдан  жақын туыс бес-алты ақсалды алдыртып есіктің алдындағы бір «забегаловкіде» бастарын қосып баталарын алдық. Біздің үйленген күніміз, Жадыраның анасы айтпақшы, ақиқатында қос мұңлықтың қосылған күні болды.

    Ал істің мән-жайын білмеген жұрт қатыгез болады екен. Соңында аталарға алғыс білдірген Жадыраның тікелей маған арнаған жылы лебізі әлеуметтік желіге тарап кететінін, «комменттердің» қарша борайтынын қайдан білейік. Жұрт сан саққа жүгіртті. Кімнің аузына қақпақ боларсың?!  Тіпті үш-төрт ай телефонымызды мүлде өшіріп тастауға тура келді.   

   Қазір құдайға шүкір, өміріміз бір қалыпқа түсіп келеді. Менің барым да, байлығым да кезінде үкімет басшылары сыйға тартқан екі пәтерім еді. Мен дүние қуып байлық жинамаған адаммын! Бірақ еңбегімді бағалаған ел ағалары сыйға тартқан басымдағы сол екі пәтерді бұрынғы екі отбасыма қылдай бөліп бергенді жөн көрдік. Ешқандай реніш болмасын дедік. Қазір құжаттар рәсімделуде. Жазмыштың жазғанынан аса алмайсың. Басымыз аман, бауырымыз бүтін болса өз мәселеміз де шешілер.

    Әңгіме жас айырмашылығында емес екен. Пендешілік мүддеден гөрі бірін бірі шын құрметтеген, шын сыйласқан жұбайлардың өмірі мазмұнды болатынына көзім жетті. Алла тағалам тек денсаулық  берсін! Әйтеуір ертеңгі күнімізге деген сенім бар.

 

   –Иә, Нұраға, Жадыра жеңгемізбен ертеңгі күндеріңіз ертегідегідей болсын! Сіздер шын мәнінде бір бірлеріңізді тапқан  лайықты жұп екенсіздер. Баянды болсын! Ал алдағы күндерге жоба-жоспарлар қандай?

 

    –Алдымен мына карантин бітсін! Құдай қаласа биыл менің шығармашылығымның 65 жылдығына орай Астана мен Алматыда арнайы есеп концерт бермек ойымыз бар. Соған дайындықты бастап жатырмыз. Келіссөздер жүргізілуде. Тұздылау тағдырымызға қызыққандар болса сол сахнадан тағы да айтармын. Операциядан кейінгі оңалту кезеңін жақсы өткізгеннің арқасында көңіл-күй жақсы. Халқымды жаңа әндеріммен қуантсам деймін. Өйткені мен әр кез халқыммен біргемін!

Сұқбаттасқан

Марат ТОҚАШБАЕВ  

(Материал «Авторлық құқық және сабақтас

құқықтар туралы» Заңмен қорғалған.

Автордың рұқсатыныз көшіріп басуға,

үзіп-жұлқып пайдалануға тыйым салынған.)

 

     

 

4 просмотра0 комментариев

Недавние посты

Смотреть все

Comments


bottom of page