САЙЫПҚЫРАН САТИРИК
- Patriot Tulga
- 1 час назад
- 4 мин. чтения

Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының басында Қазақ теледидарынан сұқбат беріп тұрған Қазақстанның халық әртісі, әнші Рәбиға Есімжанова апамыз: «Өлең айтып жүріп қалай жетпіске жеткенімді де байқамай қалыппын», – деп еді. Сол айтпақшы айналасын күмпілдетіп, дүңкілдетіп жүретін сатирик, әрі ақын, әрі бесаспап қаламгер Толымбек Әлімбекұлы ініміз де жетпістің желкенін керген жігіттердің қатарына қосылып қалыпты. Соған байланысты осы кітапты құрастыру мен шығарудың жүгі бізге бұйырған екен, «ұрыста тұрыс жоқ» дегендей ойланып-толғанып жатпай шаруасына біз де бірден кірісіп кеттік.
Менің ұғымымда сатирик дегеніміз – бүгінгі күннің қиғаштықтары мен кемшіліктерін тиек етіп, өткір тілімен түйрейтін қаламгер. Біреулер юмор көзден жас аққанша күлу десе, ал сатира еңкілдеп тұрып күлу дейді екен. Білетініміз қоғамды түзететін – ащы күлкі. Толымбек өзі «Сатира – біздің әдебиеттегі оппозициялық жанр» дейді ғой, сонысы рас. Қоғамдағы келеңсіздіктерді тап басып, құлағынан сүйретіп алдыңа алып келгенде – қарадан тұрып күйінесің, ақиқатына амалсыз қол соғасың. Назарбаев билігі кезіндегі Қазақстан жөнінде айтқандары мырс-мырс күлкі туғызады:
Елдерді озып кеткен –
Алға сүйрегіміз келеді.
Ауылым тозып кеткен
Әлемді билегіміз келеді.
Өзіміз қырық румыз –
Аразды татуластырғымыз келеді.
Бөлініп ырың-жырыңбыз –
Бөтенді жақындастырғымыз келеді.
50-ге қуып жетіп
Көздерін бақырайтқымыз келеді.
Тізелерін дірілдетіп
Отырғызып қойып
Ағыл-тегіл ақыл айтқымыз келеді.
Не деген ақиқат шындық, не деген саяси дәлдік! Қарап тұрып карикатура сурет салғың келіп кетеді. «Тышқан ініне кіре алмай жүріп құйрығына қалжуыр байлаптының» кері. Осы шумақтардың кезінде қалай жарияланып кеткеніне таң қаласың. Мемлекеттің мәнсіз әрекеттері ашындырады, ашуыңды келтіреді. Әрі сатириктің хас шеберлігіне бас иесің.
Орыс ақыны Виктор Жемчужников: «Пафос мас қылады, юмор күлдіреді, сатира есіңді жинатады» дейді ғой. Әлгіндей сатира мемлекеттегі қиғаштықтардың қисынсыздығын көлденең тартады. Тіпті жай қарапайым шаруа адамының өзіне саясаттан соқырға таяқ ұстатқандай дәріс береді. Ал қарапайым тұрмыстағы адамдардың адамгершілік болмысы, шәлкем-шалыс мінездері, ағаттықтары мен ерекшеліктерін айнытпай қалай береді десеңізші.
Біз өзі Толымбекті білеміз дейміз, бірақ жете білмейді екенбіз. Оның сергектігі, байқампаздығы, кісілік келбетіне қоса жазу шеберлігі, сөз ойнатуы, түрлі эпизодтарды ұтымды пайдаланатыны көзге ұрып тұрады. Толымбек шығармаларын оқыған сайын ол жаңа қырынан ашыла береді.
Ақын қоғамдағы құбылыстарға мергеннің қолындағы винтовканың дүрбісінен қараған тәрізді дөп басып қарап, ағаттықтарды айнытпай ажыратады.
Қол жетпейтін көктегі жұлдызды,
Ел бүгінде аяғымен таптап жүр.
Оңға қарасаң да – жұлдыз,
Солға қарасаң да – жұлдыз.
Ойға барсаң да – жұлдыз.
Тойға барсаң да – жұлдыз.
Жатсаң да – жұлдыз,
Тұрсаң да – жұлдыз.
Көзіңді ашсаң да, жұмсаң да – жұлдыз,
Қысқасы, жұлдыз, жұлдыз, жұлдыз!
Жұлдыздан аяқ сүрінеді,
Сонда біз қайда жүрміз?
Бүгінгі таңда бір-екі ән айтып өзін жұлдыз санайтын әншілер қаншама? Толымбек осы құбылысты өлтіре сынап отыр.
Сатирик өзі сүйген жанрдың жандануына айтарлықтай ықпал етті. Теориялық тұрғыдан өзіндік ойларын алға тартты. Айталық, ол Оспанхан Әубәкіров туралы мақаласында: «Сатира –ауыр жанр. Өткір тіл керек. Ойың ұтымды да ұшқыр болуы шарт, сол ұшқыр ойдың қанатына қуат беретін үшкір сөздің қатар жүруі және керек. Осы тұрғыдан келгенде Оспанханның тілі оқтаулы тұрған мылтық секілді – қытықпен атып, талдырып тастайды, ойы токтағы тұрған үтік секілді қыздырып, күйдіріп, өртеп, жандырып тастайды» деп жазады. Міне, сатираға берілген қандай әділ баға.
Біздің қазекең қалжыңсыз өмір сүре алмайды. Үнемі біреуге күліп жүруге бейім. Толымбек те бала кезінен күлкіге үйір болды. Әкесі Әлімбек ауылға сыйлы азаматтардың бірі еді. Шаңырақта екі шешеден сегіз бала болатын. Үлкен шешеден Алақан, Жамалбек, Бексұлу, өз шешесі Жансаядан Бекқыз, Қалдыбек, Бердібек, Нұрипа, Толымбек тарайды. Толымбек ең кенжесі. Туған жері – Жамбыл облысы Жуалы ауданындағы Амансай ауылы. Қызыл қаңлының ішіндегі Төртсарысы.
Университете бірге оқыған курстасы Гүлнәр екеуі көңілдері жарасып 1978 жылы шаңырақ көтерді. Гүлнар Өзбекстанның Жоғары Шыршық ауданындағы Қорсай ауылынан. Толымбек: «екеуміз де сайдан шыққанбыз» деп әзілдейтіні содан. Шанышқылының қызы. Екеуі сайдан көтерілсе де бірін бірі толықтырып, биік төбенің басына бірге шыққаны жарасып тұр.
Толымбек диплом алған бойда Жамбыл облысындағы өзі бұрын бірнеше рет практикадан өткен Жамбыл аудандық «Шұғыла – Радуга» газетіне жолдама алды. Өндірістік тақырыпты игерді, орыс тіліндегі ақпараттарды аударып, қазақша әзірлеуге дағдыланды. Нағыз кәсіби журналист болып қалыптасты.
Бірнеше жылдан соң облыстық «Еңбек туы» газетіне ауысты. Ол жерден басшылардың ұйғарымымен Красногор аудандық «Коммунизм жолы» газетіне редактор етіп жіберілді. Ауданды сол тұста билеп отырған орыс шовинистерінің арсыздықтарымен арпалысты. Сөйтіп жүргенде азулы журналисті республикалық «Ара» журналы қызметке шақырғаны. Сөйтіп өзі армандаған Алматысына қайтып оралды. Басшылары болған Қалдарбек Найманбаев, Қалтай Мұхаметжанов, Қалаубек Тұрсынқұлов сияқты өңкей Қалағаңдармен тіл табысып шығармашылық биігіне ұмтылды. Ол кезде «Ара» журналының атынан ат үркетін. Толымбектң жазған-сызғанының қаны тамбай журналда жарияланып, сайыпқыран сатирик атанды.
Шерағаң, Шерхан Мұртаза басқарған тұста Қазақ теледидарына келді. «Орда» шығармашылық бірлестігінің бас редакторы болды. Ұлттық арнада «Әзілкештер ауылын», «Хабардағы» «Әзілің жарасса...» сияқты танымал хабарларды жүргізді. Көрерменнің сүйікті сатиригіне айналды. Бірнеше кітаптары жарық көрген соң мүшелікке қабылданып, Жазушылар одағында қызмет етті.
М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында әдеби бөлімнің меңгерушісі болды. Сол бір жылдарда сатиралық «Тамаша», «Бауыржан-шоу» театрларына арнап жазған дүниелері де баршылық болатын. Соның әсерімен «Қазақконцертте» түрлі сатиралық, юморлық шығармаларымен саханаға да шықты. Көрерменмен тікелей қауышуды үйренді. Көгілдір экраннан көріне қалған сәтте көрермен «Күлімкөз» шықты, қазір қатырады» деп ішкен асын жерге қоятын. Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрадалық-цирк коллежінде әлденеше жыл дәріс те берді.
Толымбек қай жерде қандай қызмет атқарса да туған жермен, ағайн-туыспен байланыстарын үзген емес. Гүлнар екеуі ынтымағы жарасқан өнегелі отбасын құрды. Толымбек келіншегінің адал көңілі мен ықыласын жоғары бағалайды: «Мен үйдегі көңіл күйді жұмысқа, жұмыстағы көңіл-күйді үйге апармаймын» деп отырады әр кез. Екеуі Қаламқас, Сандуғаш, Ақбөпе деген үш қыз, Тұрсын, Нұржалғас деген екі ұлды өмірге әкеліп азамат қатарына қосты. Ең кенже Нуриктен басқасы үйлі-баранды болып кетті.
Толымбектің әзіл әңгімелері мен өлеңдері ілкіде ұжымдық жинақтарға шықса, кейін «Ләм-мим», «Аһ-үһ», «Ым-жым», «Тойда жолығайық», «Қалай болса солай», сияқты кітаптары жеке жинақтар түрінде жарық көрді. Оның аударған Ф.Буляковтың «Отыз ұлың болғанша», М.Задорновтың «Күеуіңізді сатыңызшы», Г.Белецкийдің «Желіккен жастар» комедиялары М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік акдемиялық драма театрында сахналанды. Тіпті әлі күнге репертуардан түспей келеді. Ұмытпасам «Хабар» телеарнасынан берілген «Сүйінші!», «Бозбала шақтың соңғы жазы» сияқты көркем фильмдердің де сценарийлерін жазды.
Осы жинақты құрастыру барысында біз Толымбек Әлімбекұлы шығармашылығының бар қырын қамтуға тырыстық. Оның әдеби-сатиралық дүниелерімен қоса ұстаз ағалары, замандас құрбы-құрдастары туралы жазбаларының да көркемдік деңгейі жоғары екендігін байқадық. Фильмге, телефильмге, театр сахнасына арнап жазған кейбір сценарийлері де осы жинаққа қосылды. Ол қазір мерейтойы қарсаңында сан шаруасымен абыр-сабыр болып жатқан тұста бұған дейінгі кітаптарының ыңғаймен бұл жинақтың атын әдейілеп «Абыр-сабыр» қойдық. Қуанышты абыр-сабыр әр шаңырақта көбейе берсін!
Марат ТОҚАШБАЕВ,
жазушы,публицист, Қазақстан
Педагогикалық Ғылым Академиясының
академигі, профессор.
Комментарии