Екінші жаһан соғысы және Қазақстан
- Марат Тоқашбаев
- 6 дней назад
- 3 мин. чтения
Екінші жаһан соғысына жалпы халқы 1,7 млрд. адамды құрайтын
61 мемлекет қатысты. Әскер қатарына 110 млн. адам шақырылды. Бұл соғысқа 1914-1918 жылдардағы бірінші жаһан соғысына қарағанда 40 млн. адам артық қатысты. Екінші жаһан соғысында 65 миллион адам қаза тапты. Бірінші жаһан соғысына қарағанда құрбандықтар 5 есе көп болды.
Ефрейтор Адольф Гитлердің есірік амбициясы бүкіл әлемді соғыс өртіне орады. Бір ұлттың басқа ұлттардан артықшылығына негізделген нацистік идеология тек қайғы-қасірет әкелетіндігін бәрі ұқты.
Соғысқа қатысқан елдердің ішінде басты салмақ Кеңес Одағына түсті.
Кеңес-герман майданының шебі 3 мыңнан 6 мың шақырымға дейінгі қашықтыққа созылып жатты. Солтүстік Африка мен Италиядағы майдан шептері – 300-350 шақырым болса, Батыстағы майдан шебі – 800 шақырымға созылды. Кеңес-герман майданында ұрыстарға дұшпанның 190-нан 270-ке дейінгі дивизиясы, Солтүстік Африкада 9-дан 206-ға дейін, Италияда 7-ден 26-ға дейін дивизиясы шайқасты. Кеңес әскерлері фашистік Германия мен оның одақтастарының 600-ден астам дивизиясын талқандады, тұтқынға алды. АҚШ пен Ұлыбритания неміс-фашистерінің 176 дивизиясын жойды. Техника мен құрал-жабдықтар жағынан одақтастардың да көмегі аз болмағанын айта кеткен жөн.
1939 жылғы халық санағы бойынша Қазақстан халқының саны 6,2 млн. адам болды. Майдандағы шайқасушы армияға 1 миллион 200 мың адам шақырылды. Cталиндік тоталитарлық режим патшалық Ресейдің 1916 жылғы тәжірибесін қолдана отырып, Қазақстан мен Орталық Азияның жергілікті тұрғындарынан еңбек армиясы мен арнайы құрылыс бөлімдеріне адам алды. Майдан шебінен көшіріліп әкелінген 1,5 миллион тұрғындар мен репрессияланған халықтарды қосып алғанның өзінде республикада моблизацияланудың пайыздық мөлшері аса жоғары болды. Майдан мен қорғаныс өнеркәсібіне республиканың әр бір төртінші тұрғыны жіберілді. Екі майданда ұрыс қимылдарын жүргізіп жатқан фашистік Германияда моблизациялық көрсеткіш 12 пайыз болса, шалғайдағы қазақ жерінде моблизациялық көрсеткіш 24 пайызды құрады. Соның салдары болар 1943 жылы тіпті әскерге адам жіберу кәдімгідей проблемаға айналды. Арнайы жер аударылғандарды қосып алғанда Қазақстаннан 700 мыңнан астам адам еңбек армиясында жеңісті жақындатуға атсалысты. Ауылдағы күллі тіршілік әйелдердің иығына көшті.
Қазақстандықтардың басым бөлігі армияға ұрыстағы марштық толықтыру ретінде барды, шамамен үштен бірі Қазақстанда жасақталған құрамалар мен бөлімдерге тіркелді. Оған 12 атқыштар және төрт кавалериялық дивизия, жеті атқыштар бригадасы, 50-ге тарта дербес полк пен әскердің түрлі саласындағы батальондар жататын. Бұлардың ішнде үш
кавалериялық дивизия мен екі атқыштар бригадасы қазақ ұлттық құрамалары ретінде жасақталды.
Мобилизациялық жоспарға қосымша негізінен еріктілерден құралған бұл бөлімдердің тең жартысына жуығы коммунистер мен комсомолдардан тұратын. Олардың киім-кешегі мен азық- түлігі, жүк керуендері мен құрал-жабдықтары республикалық бюджет пен халықтың ерікті жарналары есебінен қамтамасыз етілді.
Республика соғыс кезінде офицер кадрлары мен армия мен флот үшін резервтер дайындау ісіне лайықты үлес қосты. 1941-1945 жылдары әскери оқу орындарына 42 мыңнан астам жастар жіберілді. Республика аумағындағы 27 әскери оқу орнында толық емес мәліметтер бойынша 16 мың офицер тәрбиеленіп шығарылды.
Соғыстың алғашқы жылдарында ақ республика экономикасы әскери бағытқа көшірілді. Бейбіт мақсаттағы шығындар барынша қысқартылды. Көптеген кәсіпорындар қорғанысқа қажетті өнімдер шығара бастады. Ондай кәсіпорындардың пайдасына жұмыс күші, станоктық құрал-жабдықтар алғашқы кезекте беріліп жатты.
Майдан шебінен адамдарды, өндірістік қуаттарды, мәдени құндылықтарды амалсыз көшірумен ілесе көптеген қиындықтар да ере келді. 1941-1942 жылдарда Кеңес Одағының батыс өңірлерінен эвакуацияланған 532,5 мың адам қазақ жерінен баспана мен жұмыс тауып, қоғамнан өз орындарын алды.
Қалаларда баспана мәселесі аса өткір болып тұрғандықтан Қазақстанға репатриацияланған 970 мыңға жуық поляктар мен немістер, чешендер мен ингуштар қазақ ауылдарына қоныстандырылды. Бөлшек сауда нүктелеріне азық түлік пен күнделікті қажетті тауарлар көлемі 7-15 есе кеміп кетті. Базардағы баға 10-15 есе жоғары болды.
Сондықтан нан мен маңызды азық-түлік түрлеріне кәртішкелік тәртіп енгізілді. Қосалқы шаруашылықтар, ұжымдық және жеке бау-бақшалықтар дамытылды, сөйтіп мемлекет пен еңбек ұжымдарының күш-жігері арқасында азық-түлік проблемасы шешілді.
Соғыстың алғашқы жылында Қазақстанға 220 зауыт фабрика, шеберханалар мен артельдер, өндіріс комбинаттары көшіріліп әкелініп, іске қосылды. Кейде эвакуацияланған кәсіпорынмен бірге оның бұрынғы инженер-техник ұжымынан бұрынғылардың оннан біріндейі ғана келген жағдайлар болды. Осындай қиындықтарға қарамастан өндіріс қалпына келтіріліп, тек бұрынғыдай ежелгі өнімдерді ғана емес, қару-жарақ пен оқ-дәрілердің жаңа үлгілерін шығару да игерілді.
Кеңес Одағы екінші жаһан соғысында 14 млн. солдаты мен офицерін қосып алғанда бейбіт тұрғындармен бірге 28 миллион адамынан айырылыпты. Шеккен материалдық залалдары соғысқа дейінгі бағамен есептегенде 2,5 триллион рубль болған.
Жеңіс Кеңес Одағына оңайшылықпен келген жоқ. Оның бірнеше себептері бар. Ең алдымен кеңестік идеология бүкіл халықты «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін!» деген ортақ мақсатқа топтастыра алды. Қиын-қыстау жағдайда кеңес экономикасы майдан сұраныстарына орай тез ыңғайланды, орасан күш жігермен фашистік блоктың өндірістік қуатын басып озды. Бұл соғыс КСРО үшін қорғанысты әрі әділетті соғыс еді. Сондықтан ол кеңестік патриотизмнің өрістеуіне ықпал етті. Жеңіс орасан құрбандықтар мен алапат еңбектің арқасында мүмкін болды. Көрсеткен ерліктері үшін 11,5 мыңнан астам адам Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Олардың ішінде 500-ден астамы қазақстандық болса, 100-ден астамы қазақ халқының ұл-қыздары.
Фашизммен күреске Қазақстан да осындай лайықты үлесін қосты.
Комментарии