Өз еліңнің рәміздерінің ұлықталғанын көру қашан да бір бақыт. Бүгінгі таңда мұндай қуаныштар көбіне спорт жарыстарына қатысты болады. Баяу жылжып өз еліңнің жалауы биіктесе, мемлекеттік әнұраның орындалып жатса қалай масаттанбассың. Залда отырған қазақ жанкүйерлер орындарынан тік тұрып, оң қолдарын жүрек тұсына қойып әнұранды бірге орындап жатқаны қандай тебіреністі. Осы бір сәт үшін барыңды беруге дайынсың. Осы бір сәт үшін спортшылар жылдар бойы тер төгеді, жаттығады, әлемдік додаларға мұқият дайындалады. Жеңімпаз болу – мерейіңді өсіреді, абыройыңа абырой қосады, қалың көпшіліктің құрметіне бөлендіреді, мемлекеттік марапаттарға іліктіреді. Танылмалдық артады.
Өткен мамыр айының ортасында Ташкентте аяқталған бокстан әлем чемпионатының қорытындысында қазақ боксшылары финалда 48 келіге дейінгі салмақта Санжар Тәшкенбай, 54 келіге дейінгі салмақта Махмұд Сабырхан, 71 келіге дейінгі салмақта Асланбек Шымбергенов және 80 келіге дейінгі салмақта Нұрбек Оралбай Қазақстан жалауын биіктетті. Осы жеңімпаздардың құрметіне төрт рет Қазақстан Әнұраны орындалды.
Осы бәсекелердің қалай өткенін еске алайық. Ташкент рингінде финалда 48 келіге дейінгі салмақта Санжар Тәшкенбай гүржі боксшысы Сахил Аллахвердовимен қолғап түйістірді. Қазақ боксшысы қарсыласын бет қаратпады. Жаңбырша жауған соққылары Санжарға әлем чемпионатының алтын медалін таққызды. Марапаттау кезінде Санжар толқыныс үстінде асқан ризашылық сезіммен әнұранымызды бірге шырқап тұрды. Махмұд Сабырхан болса финалда біріншілікті өткізуші өзбек елінің боксшысы Ойбек Жураевпен кездескен. Өте тартысты өткен кездесу негізінен Сабырханның басымдылығымен өтті. Қазақ боксшысы үш раундта да күшіне күш қосылғандай тоқтаусыз соққы жұмсады. Қарсыласын бірнеше рет нокдаунға түсірді. Сондықтан да болар, мұны төрешілер де мойындап, әділ шешім жасады. Сабырхан жеңіс тұғырында биіктеген көк байрағымызға қарап тұрып, әнұранымызды бірге шырқады. Бұл өте бір тебіреністі сәт еді.
Жалпы өзбекстандық боксшылар әлемдік рейтингте жоғарғы орындарда саналады. Біздің Асланбек Шымбергеновке финалда өзбекстандық мықты боксшылардың бірі Саиджамшид Джафаров тап келді. Бұл жекпе-жек те өте тартысты өтті. Қазақ боксшысы кездесуде қарсыласының мұрнын сындырып қойыпты. Төрешілердің бәрінің бірауыздан шешімі бойынша Асланбек жеңіске жетті. Сөйтіп бұл спортшымызға да алтын медаль бұйырды. Ол өмірінде Әлем чемпионы атағына тұңғыш рет ие болды. Әнұранымыз орындалып жатқанда оның қолы жүрегінде, ойы Қазақстанның тілеуінде аспандап бара жатты. Осылайша, Асланбек Шымбергенов мансабында тұңғыш рет әлем чемпионы атанды.
Нұрбек Оралбай финалда Қытай атынан біріншілікке қатысқан ұлты қазақ буырымыз Тоқтарбек Таңатқанмен кездесті. Жекпе-жек Нұрбектің пайдасына шешілді. Жарыс залында Қазақстан жалауының биіктегені көрермендердің орасан қолдауын туғызды. Жанкүйерлер өз елінің Әнұранын Нұрбекпен бірге айтып шықты. «Бұл менің өмірімдегі ұмытылмас шақ, – деді соңында Нұрбек Оралбай, –менің құрметіме Қазақстанның жалауы аспандаса, Қазақстанымыздың құрметіне әнұранымыз орындалды. Нағыз бақытта шақ мен үшін! Еліміздің мәртебесін аспандату үшін мен алдағы уақытта да қолымнан келгенше ұмтылатын боламын!».
Сөйтіп бұл байрақты бәсекеде Қазақстан төрт алтын, бір күміс медальға ие болды. Күмісті ұтқан боксшымыз – Дулат Бекбауов. Сөйтіп Қазақстан құрама командасы ресми емес есеп бойынша екінші орынға шықты. Бұл еліміздің айтулы табысы. Мұндай жетістікке бокстан еліміздің құрама командасы оған көрнекті маман Мырзағали Айтжанов жетекшілік еткен қысқа мерзімде жетіп отыр. Осындайда айта кеткен жөн болар, мұндай орасан жетістікке Алматыда 2013 жылы өткен әлем чемпионатында да жеткенбіз. Онда да құраманың бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов болатын. Сол біріншілікте біздің боксшылар 4 алтын, 2 күміс және 2 қола медаль жеңіп алған. Міне, сондай 4 алтын алған жеңіс Ташкент рингінде тағы да қайталанды.
Тап осы күндерде АҚШ-тың Стоктон қаласында WBO бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы канадалық Стивен Батлерді екінші раундта нокаутқа жіберіп, өзінің чемпиондық атағын қорғап қалды. Қазақтың кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы жеңіс тұғырында Қазақстан жалауын биікке көтергеніне балаша қуанып тұрды. Ол бұған дейін 13 рет рингке шығып, бәрінде жеңіске жетті. Атап өтерлігі оның сегізінде кездесуді нокаутпен аяқтаған.
Канадалық боксшы Стивен Батлер кәсіби бокста тәжірибесі мол боксшы болатын. Ол рингке 36 рет шығып соның 32-сінде жеңіске жеткен. 3 рет тең түсіп, бір рет жеңілген. 26 рет қарсыласын нокаутқа жіберген. Осындай арыстанды жер қаптырған қазақ боксшысына қалай риза болмассың.
Ол биыл 30 жаста. Құдай қаласа қазақ боксшысының жеңісті жолы алда тағы да жалғасатын болады.
Осы бокс тақырыбында тағы бір қызық дерек айта кетейін. Таяуда Ташкенттегі әлем чемпионаты кезінде қолында барабаны бар Әбу Жолдасов деген ақтаулық жанкүйер жұртшылық назарын өзіне барынша аударған. Күллі әлем оның трибунадағы жанкүйерлердің әрекетін үйлестіріп, барабан дүрсілімен басқарғанына куә болды. Жақында Әуесқой бокс федерация президенті Кеңес Рақышев осы қазақ боксының үлкен жанашырымен жүздесіп, 3 мың АҚШ доллары көлемінде қаржылай сыйлық сертификатын тапсырды.
«Маған Қазақстан жалауының биіктеп, Әнұранымыз орындалып жатқанынан асқан қуаныш жоқ! Мен Отанымды шексіз жақсы көремін! Қазақстандық спортшылардың жеңісіне моральдық тұрғыдан болса да өз үлесімді қосқым келеді. Біздің боксшыларымыз жарап тұр! Олар алдағы уақытта да бізді талай қуантатынына еш күмәнім жоқ!», –дейді Әбу Жолдасов.
コメント