16 желтоқсан - Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні қарсаңында Қарағанды облысы, Приозерск қаласының тұрғындарының бірі Унтаковтар отбасында қуанышты күн болды. Отбасындағы төрт баладан екеуі әскери өмірді қалаған екен. Оның біреуі Асылбек бүгінгі күнде еліміздің Қарулы Күштерінде өз қызметін абыроймен атқарса, жанұяның кенжесі Әділхан "Астана" өңірлік қолбасшылығының 06708 әскери бөлімінде келісімшарт бойынша адал қызмет атқарып келеді. Өмірлік қосылған жарының ертеректе мезгілсіз қайтыс болуынан балаларымен отбасында бірге қалған Натый есімді әке басқа түскен қиыншылыққа қарамастан, балаларына өнегелі тәрбие бере білді. Енді бүгінде өз қолында қалған Әділханы әскери қызметтегі жоғары нәтижелі көрсеткіштерімен отбасын қуантып отыр. Бүгінгі мерекелік салтанатты іс-шарада ефрейтор Әділхан Унтаковқа кезекті "кіші сержант" әскери атағы берілді. Сонымен қатар, үлгілі әскери қызметі үшін ефрейтор Ә.Н. Унтаковқа Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсвлықовтың атынан келіп түскен Алғыс хатты 06708 әскери бөлімі командирінің міндетін уақытша атқарушы Н.Н. Жунисалиев жеке құрам алдында салтанатты түрде табыс етті. Қуаныш қуанышқа жалғасып, іле-шала Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагері Тілек Алшымбекұлы Кенжебеков бастаған топ Унтаковтар отбасында болып, ардақты әке Натый Унтаковқа шексіз алғыстарын білдіріп, отбасындағы өнегелі бала тәрбиесі үшін "Астана" өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы полковник Ержан Вакасович Ибраевтың Алғыс хатын мен ыстық ықыласын жеткізді.
"Әке көрген оқ жонар...." - демекші, кіші сержант атанған Әділ Натыйұлы Унтаковтың әлі талай биіктерді бағындыратынына сенімдіміз!
Приозерск гарнизонының баспасөз хатшысы
лейтенант Думан Құрманғалиев
Comments