Ұлт рухының шамшырағы
- Patriot Tulga
- 18 окт.
- 2 мин. чтения

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті – қазақ ғылымы мен білімінің алтын қазығы, ұлттық рух пен интеллектуалды дамудың символы. 1934 жылы құрылған бұл жоғары оқу орны бүгінде әлемдік деңгейдегі зерттеу университеті мәртебесіне ие болып, Қазақстанның білім кеңістігінде көшбасшылық орнын бекемдеді. Университеттің басты миссиясы – тек маман дайындау емес, ұлттың рухани-мәдени дамуына, ұлттық сана мен заманауи ойлау жүйесінің қалыптасуына үлес қосу. Бұл тұрғыда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – академиялық дәстүр мен инновациялық даму синтезінің үлгісі.
ҚазҰУ стратегиялық дамуының басты өзегі – «Парасат университеті» тұжырымдамасы. Бұл идеяның философиялық түпнегізі әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындары» еңбегіндегі ізгілік, білім және рухани кемелдік қағидаттарымен астасады. Цифрлық дәуірде университет тек білім ордасы ғана емес, мәдениет пен парасат орталығына айналуы тиіс. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ осы бағытта ұлттық кодты сақтай отырып, халықаралық ғылыми ортаға ашықтық танытуда. Университет базасында іске қосылған Smart Campus, Digital University, Green Campus жобалары – жаңа буын студенттерінің экологиялық және этикалық жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
Бүгінгі таңда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – Қазақстандағы ең ірі ғылыми-инновациялық орталықтардың бірі. Мұнда 400-ден астам ғылыми жоба жүзеге асырылуда, олардың ішінде жасанды интеллект, экологиялық қауіпсіздік, биотехнология және мәдениеттану бағыттары ерекше орын алады.
2025 жылы университет QS World University Rankings жүйесінде айтарлықтай ілгерілеп, 200 үздік университет қатарына енуге жақындады. Бұл – қазақстандық ғылымның әлемдік деңгейдегі беделін көрсететін маңызды жетістік. ҚазҰУ ғалымдары халықаралық зерттеу жобаларына белсенді қатысып, Орталық Азияның интеллектуалдық хабына айналуда.
Әл-Фараби атындағы университет тек ғылым мен білім саласында емес, рухани кеңістікте де жетекші орын алады. Мұнда ұлттық мәдениет пен дәстүр сабақтастығына ерекше назар аударылады. «Жаңа гуманитарлық білім», «Ұлттық код және мәдени мұра», «Рухани жаңғыру» бағдарламалары университеттің мәдени стратегиясымен үйлесіп, студенттердің отансүйгіштік санасын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Университеттің мәдени миссиясы – ұлттық болмысты заманауи өркениет кеңістігіне енгізу. Бұл бағытта университет өнер және медиа жобаларды, этнофестивальдер мен мәдени форумдарды ұйымдастырып келеді.
Бүгінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – ұлттық бренд. Ол Қазақстанның интеллектуалдық және рухани тәуелсіздігінің символы. Университет қабырғасынан түлеп ұшқан түлектер ел дамуының барлық саласында жетекші орындарда еңбек етіп жүр. Бұл білім ордасы – тек өткеннің даңқы емес, болашақтың айқын жолы. Оның даму стратегиясы – ұлттық ғылым мен мәдениеттің үйлесімді синтезін қалыптастырып, әлемдік білім кеңістігіне қазақстандық үлгі ұсыну. Аталған оқу орны ұлт мақтанышы ғана емес, ұлттың интеллектуалды болашағы. Ол еліміздің рухани жаңғыруының, мәдени өрлеуінің және ғылыми дербестігінің тірегіне айналды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – ұлттық сана мен заманауи өркениеттің түйісу нүктесі, мәңгілік білім мен парасат ордасы екендігі анық.
филология ғылымдарының кандидаты,
қауымдастырылған профессор
Балтымова Мира Рашидқызы;
философия ғылымдарының докторы,
профессор, ҚР Пед. Ғылым. Академиясының академигі
Маслимова Алия Рмғазықызы;
Тулақбаева Қызғалдақ Жақсылыққызы

Комментарии