Ұлттық құндылықтар туралы әңгіме қозғалғанда отбасы тәрбиесі алдыңғы орынға шығады. «Еркек ерді тәрбиелейді, әйел елді тәрбиелейді», – демекші, аналар – ұлт тәрбиешісі. Шыр етіп дүние есігін ашқан сәттен бастап сәби бейсаналы түрде анасының тәрбиесін қабылдайды. Өз ана тілінде айтылған «бесік жырын» тыңдап, жаны тынышталады, анасының махаббатын сезініп, тәтті ұйқыға шомады.
Бала ана тілін бесік жырымен бойына сіңіретіні рас. Осы тұста мен өз басымнан өткен бір жайтты айтқым келеді. Бір күні үйге келген таныс келіншек қызымызды тербетіп, орысша әндетіп еді, көзі бақырайып, ұйықтамай қойды. Мен ол кісіге: «біздің баламызға тек қазақша ән айту» керек дегенде таңғалып, қазақша ән салғанда тәтті ұйқыға кетті. Осы жағдайдан кейін баланың ана тілін меңгеруіне байланысты зерттеу барысында, сәби ана тілін ананың құрсағында жатқанда-ақ қабылдайтынына көз жеткіздім. Бұл туралы мамандарда да талай-талай құнды пікірлер айтқан.
Сәби тілді, ана тілін дейік, үш кезеңмен қабылдайды екен. Біріншісі – ананың құрсағында әуезді ән түрінде, екіншісі – ата-ананың өбектеген қысқа сөздерін естіп, соны қайталауға тырысуы арқылы, ал, үшіншісі – сөзді анық түсініп, соған жауап қатуға тырысуы. Демек, бала ананың құрсағында жатқанда-ақ ана тілін қабылдайтындығын естен шығармаған абзал. Сәбидің 1,5 жасында тілдік қабілеті қалыптасады. Сол үшін осы кезеңде ата-ана өздерін қадағалап, балаға тек ана тілінде сөйлеп, тілінің қазақша шығуына ықпал етуі өте маңызды.
Рухани тәрбиенің бастауы – ана тілімізде. Өз тілінде сөйлемеген, оны құрметтемеген адамнан өз ұлтының, мемлекетінің жанашыры шықпайды. Отаншылдық, мемлекетшілдік қасиеттер ұрпақ бойына ана сүтімен, отбасындағы рухани-ұлттық құндылықтарды насихаттау арқылы дариды.
Қазақ шаңырағында бала тәрбиесі ұлттық құндылықтар мен еңбек тәрбиесі арқылы жүзеге асқан. Балаларға аңыз-ертегілер, жыр-дастандар айтудың да маңызы орасан. Ұланғайыр қазақ жерін аман сақтап қалуда бабалар ерлігімен қатар осындай батыр ұрпақ тәрбиелеген аналар тәрбиесінің ықпалы зор болғаны анық.
Қазақта «Үйдің жақсы болмағы – ағашынан, жігіттің жақсы болмағы – нағашыдан» деген аталы сөз бар. Бұл жерде, баланың жақсы болуы генетикалық тұрғыдан анасына, нағашыларына байланысты екендігі айтылып тұр. Сонымен қоса ұлағатты тәрбиенің де айрықша маңызын атап өткен жөн болар.
Бала күнімізде әкеміз үнемі түзде жүреді, ал анамыз үйдің түрлі шаруасын жасай жүріп «Мұңлық-Зарлық», «Алпамыс» хикаяларын, «Ертөстік», «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» сияқты көптеген ертегілерді айтып беретін. Соларды айтқанда ертегі кейіпкерлерінің басынан кешкендері тебірентіп, көзіміздің жасын сүрте жүріп, қолымызбен шаруамызды қатар істей беретінбіз. Қазақтың ауызекі әдеби туындылары ұрпақтан-ұрпаққа аналар арқылы тарады деуге негіз бар. Абай әжесі Зереден, Шоқан әжесі Айғанымнан ұлағат алып, біртіндеп ел азаматына айналуында аналардың ықпалы өте зор болды. Мұның дәлелін біз Абайдың 13 жасынан ел басқару ісіне араласуынан, Қабанбайдың 16 жасында, Райымбектің 17 жасында батырлығымен ел аузына ілігуінен көреміз. Қазыбек би мен Абылай ханның 12-15 жасында-ақ даналығымен жұртшылық арасында танылғанынан байқаймыз. Міне, осындай ұлттық тәрбиенің арқасында қарапайым перзенттеріміз қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын ұлы тұлғаларымызға айналды.
Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» романында: «Ертегісіз өскен бала – рухани мүгедек адам. Біздің қазіргі балаларға әжелері, не шешелері ертегі айтып бермейді. Содан қорқам. Менің қазіргі келіндерім немерелеріме бесік жырын айта білмейді. Бесікте жатқанда құлағына анасының әлди әні сіңбеген баланың көкірегі кейін керең боп қалмаса деп қорқамын», – дегеніндей, бала сөз ұға бастаған сәтте олардың жас ерекшелігіне сәйкес ертегілер айтып, қиялын ұштап, дамуына игі ықпал етіп отыру керек.
Осы тұста гректің ұлы ойшылы Сократтың мына бір сөзін де қаперге алған дұрыс деп ойлаймын: «Мықты мемлекет құрғың келсе, жастарға дұрыс үлгі-өнеге бол. Соғыс, өлім-жітім мен әділетсіздік туралы аңыздарды айтпа. Себебі гректің сол аңыздарында құдайлардың бір-бірімен соғысы баяндалады. Құдайлар бір-бірімен соғысып, айтысып-тартысып жатқандығын естігенде, кішкентай сәбилер «біз де солай жасасақ болады екен ғой» деген ой оның түпсанасында қалады» деген пікір айтады. Сол себепті балаларға айтылатын әңгіме де оның жас ерекшелігіне сәйкес болғанын қаперде ұстаған жөн. Әрі сәбиге негізінен ізгілікті әңгіме айтылғаны дұрыс.
Баланы кішкентайынан ұлттық құндылықтарды білуге үйрету арқылы қазақ халқының мәдени тұлғаларын қалыптастырамыз. Кез келген ұрпақ өзін қазақ мәдениетінің жалғастырушысы, елдің, жердің иесі екенін сезінетіндей етіп тәрбиелеу бірінші кезекте отбасынан бастау алады, бұл ретте негізгі жауапкершілік аналарға жүктеледі. Бір қолымен әлемді, екінші қолымен бесікті тербеткен қазақ аналарының мойнында бүгінде осындай үлкен міндет тұр. Ел тағдырын өз тағдырынан жоғары қоя білетін, алаш арыстары секілді ұлтжанды ұрпаққа қазіргі сәтте қоғам өте зәру. Әділетті Қазақстан құру үшін елімізге сауатты да салмақты, кеуделерін намыс кернеген, ұлттық рухпен жігерленген азаматтар қажет. Ал бұл жауапкершілікті ата-аналар да жіті сезініп, елінің болашағын бір сәт те естен шығармауы керек!
Раушан КАРШАЛОВА,
Ақпарат саласының үздігі
Comments