top of page

 Шешен сөздің шебері - Әйтеке би

       

Кіші жүздің ғана емес, алты Алаштың айбынды биі болған Әйтеке би бар саналы ғұмырын ел бірлігі мен болашағына арнаған ұлы тұлға. «Ғалымның аты өлсе де хаты өлмейді» демекші, сан ғасыр бұрын айтып кеткен нақыл сөздері азаттықтың ақ таңы атқан жаңа Қазақстан үшін өте өзекті. Қазақ халқының бірлігін нығайтуға үлкен үлес қосқан мемлекет қайраткері, би бабамыз Әйтеке - қазақ үшін қой үстіне бозторғай жұмыртқалап, ел іргесі жаудан тыныш болатын күнді аңсап, келер ұрпағына көп көлемде өсиеттер қалдырған, болашақты болжаған кемеңгер тұлға.

     Жақұттай жарқылдап, ақ алмастай қиып түсер тура сөздің иесі, қазақ елінің тарихында  таза  болмысымен,  турашылдығымен,  даналығымен алтын әріптермен аты жазылған би бабамыздың туылғанына биыл 380 жыл толып отыр. Елім деп еңіреп өткен Әйтеке бидің рухына тағзым жасап кеткен теңдессіз ерлігі мен еңбегіне сай алғыс ретінде Ақтөбе облысы аумағында ұлықтау мерекелері өтіп жатыр. Біз де Сағи Жиенбаев атындағы ОЖК осы үрдіске өз үлесімізді қосу үшін және өз оқырмандарымызға от ауызды, орақ тілді би бабамыз туралы кеңірек мағлұмат беріп, дәріптеу мақсатында «Шешен сөздің шебері - Әйтеке би» атты әдеби конференция ұйымдастырдық.

       Шараның басты мақсаты: ата-бабамыздан қалған асыл мұралардың бірі-шешендік өнер хақында жас оқырмандарымызға тереңірек мағлұмат беріп, от ауызды, орақ тілді би бабамыз Әйтеке бидің өнегелі өмірі мен асыл сөздері жайында пікір алмасып, ой толғау. Аға буын өкілдерінен ақыл-кеңес алып, тарих теңізінің тұңғиығына сапар шегіп, жасөспірімдерді шешендік сөздер арқылы зерделі, білікті, ой-қиялы ұшқыр, тапқыр болуға тәрбиелеу.

     Екі сағатқа созылған конференция барысында Әйтеке бабамыздың шешендігі туралы біраз мағлұмат айтылды. Ол кісінің сөз бастаған шешен ғана емес, жоңғарларға қарсы қару кезенген қол бастаған көсем болғаны да кеш қонақтары үшін тың жаңалық болды. Осындай сирек айтылатын  мәліметтермен бөліскен тарихшы, ардагер ұстаз Ахметова Шайзада апай қазақ философиясындағы Әйтеке бидің рөлі хақында да тарқатып айтып берді.

      Қазақ - ата текке, жеті атаға аса қатты мән беретін қаны таза, текті халық. Әйтеке бидің ата тегі би-шешендер мен батырлар болған. Барлығы ат ауыздығымен су ішіп, ер етігімен су кешкен заманда өмір сүріп, халқын ішкі-сыртқы жаулардан қорғап, азаттық үшін аянбай тер төгіп, еліне пайдасы тиген арыстар. Елім деп еңіреп өткен асыл сүйекті азаматтардың есімін, еңбегін көк байрағымызды көкке көтеріп, егемендігімізді еншілеген уақытта келер ұрпаққа қастерлей жеткізу басты борышымыз екені анық. Осы салада ел тарихына өз үлесін қосып, тарихи-мәдени мұраларымызды сақтап, зерттеп жүрген маман Гүлнар Төкешова ескерткіштер мен қорымдар туралы тереңірек сөз қозғап, өздерінде бар ақпараттармен бөлісті. Қадірлі қонақтарымыздың бірі - архив құжаттарын пайдалану және жариялау мекемесінің бөлім басшысы Ажигалиева Жанаргүл, мұрағатта бар Әйтеке би туралы жазбалармен бөлісіп, ол кісінің есімінің көше, аудан атауларына бекітілгені жөнінде құжаттарды зерделей келе тарих беттерінен сыр ақтарды. «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық оқыту орталығының кітапхана меңгерушісі Нұргүл Нұрдәулетқызы да шара барысында сөз алып, балалардың санасына сәуле құйып, білім көкжиектерін кеңейтетіндей ақпараттар жолдады. «Ер Едіге» жыр мектебінің жетекшісі, жыршы Әділбек Мұхидуллаұлы өз шәкірті Темірхан Жетесовпен бірге домбыраның әсем үнін кітапхана төрінде күмбірлетіп, жырдан шашу шашып, тағлымы мол термемен конференцияға серпін берді. Тапқырлығы мен ұшқыр ойлылығының жемісі ретінде қазақ әдебиетіне мұра болып бізге жеткен Әйтеке бидің шешендік сөздерінен біздің кітапхана қызметкерлері абономент бөлімінің меңгерушісі Лаура Ерікқызы және кітапханашы Ақниет Көшербайқызы үзінді келтіріп, көңілге ой саларлық әсерлі әңгіме өрбіді.

     Қазақ халқының шоқтығы биік билерінің бірі Әйтеке Бәйбекұлының есімі ел есінде мәңгі сақталады. Қазақ халқының бірлігі мен тәуелсіздігі би бабамыздың бізге қалдырған аманаты. Әйтеке бидің мақсаты – қазақты үш жүзге бөлмей, басын біріктіріп, алып мемлекетке айналдыру еді. Біздің де ұлы мақсатымыз - баянды бейбітшілік, жеріміздің тұтастығы, халқымыздың татулығы.  Егер біздің үш даңқты билеріміз Төленің, Қазыбектің, Әйтекенің өз заманындағы ең асқақ мұраты барлық қазақтардың бірлігі болған болса, сол мұрат біздің заманымызда да ең басты мүдде болып қала береді. Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болғаны бәріміздің ортақ мақсатымыз.

 

Жанат Нұрымқызы.

С.Жиенбаев атындағы

облыстық жасөспірімдер

кітапханасының қызметкер.

Ақтөбе облысы.

 

69 просмотров0 комментариев

Недавние посты

Смотреть все

Comentários


bottom of page