«Жас сарбаз» әскери-патриоттық әндер фестивалінде «Фольклорлық орындаушылар» номинациясы бойынша жеңімпаздар анықталды.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, ұйымдастырылған осы ауқымды іс-шараға Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің 06708 әскери бөлімі әскери қызметшілерінің отбасы мүшелерінің өнерпаз ұлдары мен қыздарынан жасақталған «Шабыт» домбырашылар ансамблі белсене атсалысқан болатын. Нәтижесінде, талантты балғын өнерпаздар жүлделі бірінші орынды жеңіп алды.
Приозерск қаласының «Достық» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығының домбырашылар сыныбында дәріс алып жүрген әскери қызметшілердің өнерлі ұлдары мен қыздары халқымыздың ұлттық өнерін үйренуден бір сәтке де қол үзген емес. Таудай талаптары бар талантты өнерпаздарға қосымша білім берудегі домбырашылардың жетекшісі Айман Нұртаева шәкірттерінің жеңісіне қуанышты екенін жеткізді.
Көпшілік елге танымал күйші А. Еңсеповтың «Әке толғауы» күйін орындаған өнерпаздардың бейнематериалы ресми Youtube арнасында көрермендерден дауыс жинау ұсынылды. Қорытындысында өнер сүйер көпшілік қауымнан ең көп дауыс жинаған «Шабыт» домбырашылар ансамблі «Жас сарбаз» әскери-патриоттық әндер фестивалінің «Фольклорлық орындаушылар» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.
Биылғы «Жас сарбаз» әскери-патриоттық әндер фестивалі егеменді еліміздегі өсіп келе жатқан келешек жастарды әскери-патриоттыққа тәрбиелеу, өскелең ұрпақтың бойына жоғары моральдық-адамгершілік қасиеттерді дарыту мақсатында ұйымдастырылып өткізілді.
Kommentarer