top of page

Тәуелсіздік – ең қымбат байлық


Тәуелсіздік тағылымы жайында айтқанда бар даусымызбен мақтанып, шаттанып айтатын бір белгі – өз елордамыз бар. Ұлы хан-дарымыз ту тіккен Ұлытау, Көкшетау, Түркістан аймағы мен кеңес билігі Қазақстанның астанасы еткен Орынбор, Қызылорда, Алматы қалалары тарих қойнауына өтіп, ғасырлар тоғысында өз Тәуелсіздігін жариялаған мемлекеттердің ішінде біз тұңғыш рет ғажайып Астана қаласын асқақтаттық.


Бұл Тәуелсіздігімізді әлемге танытудағы басты көрсеткішіміз, жетістігіміз болды. Жұрт тығырықтан шығудың жолын іздеп жүргенде, біз қырандай самғап, Азия барысына айналуды алдымызға мақсат етіп қойып, әсем қала тұрғыздық. Астана өр рухтың, асқақ сезімнің, ұлттық мақтаныштың басты көрсеткіші.




Тәуелсіздіктің аренасына өз желкенін көтеріп шыққан еліміздің халықаралық қатынастағы жеңісі мен жетістігі де бостандығымызды айқындайтын биік өлшем. Бұл күндері бізді әлем таниды, жүзден астам елдермен елшілік қатынас орнатқан салиқалы, салмақты елдер санатындамыз.


Тәуелсіздік, азаттық, бостандық – ең қымбат байлығымыз.


Қазақ халқының кәрі тарих алдында жүзі таза, пейілі ақ, ниеті түзу болды. Халқымыздың дәл осы пейіліне ғасырлар бойы күткен, іздеген тәуелсіздік, бостандық ақ періштедей өзі келіп қолымызға қонды. Енді осы пейілімізге келген Тәуелсіздіктің туын биік ұстау – перзенттік парызымыз, бабалар алдындағы мәңгілік қарызымыз болмақ.


Тәуелсіздіктің 30 жылында еліміз көптеген жетістіктерге қол жеткізді.


1991 жылы Қазақстан егеменді ел атанды. Тәуелсіздігімізді алғаш болып Түркия мойындады. Одан соң АҚШ, Қытай, Ұлыбритания құттықтап, дербестігімізге қолдау білдірді. Оның артынан Моңғолия, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея және Иран Ислам мемлекеті мойындады.

Дәл осы жылы Президент Жар-лығымен Семей ядролық полигоны жабылды. Осы жылдың 2 қазанында тұңғыш рет қазақ ғарышкері, Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіров ғарышқа сапар шекті.

1992 жылы Мемлекеттің басты атрибуттары – рәміздерімізді бекітіп, дүниежүзіндегі ұлттық мемлекеттер-ді мойындайтын алып ұйымның төріне көк байрағымызды тігіп, БҰҰ-ның толыққанды мүшесі атандық.

Сондай-ақ Қазақстан ЕҚЫҰ сияқты іргелі ұйымның құрамына енді.

1993 жылы Тәуелсіз Қазақстан тұңғыш Конституциясын жариялады. Дәл осы жылы ұлттық валютамыз қолданысқа енгізіліп, Қазақ елі қаржылық тәуелсіздікке қол жеткізді.

Оралмандар үшін алғашқы жылдық квота тағайындалып, атамекеннен жырақтағы 10 мың отбасы көшіп келді. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы туралы» заң қабылданды. Дәл осы жылы «Алма-Ата» атауы «Алматы» болып өзгерді. Оңтүстік астанада БҰҰ-ның Қазақстандағы өкілдігі пайда болды.

«Болашақ» халықаралық стипендиясы тағайындалды.

1994 жылы тұңғыш Ата Заңның негізінде 1994 жылы наурыз айында алғаш рет заң шығарушы орган – Жоғарғы Кеңеске сайлау өткізілді.

Тәуелсіз Қазақстанда тұңғыш рет Парламент сайлауы өтіп, елде көппартиялық жүйенің дамуына жол ашты. Қазақстан мен Қытай арасындағы мемлекеттік шекара сызығы нақтыланды.

1995 жылы қолданыстағы Конституция қабылданды. Осы құжат арқылы саяси жүйенің классикалық үлгісіне өтіп, биліктің үш тармағы тиісті механизмдері арқылы жұмыс істеуге мүмкіндік алды.

Осы жылдың 15 қыркүйегінде ҚР астанасын Ақмола қаласына ауыстыру жөнінде Президент Жарлығы шықты.


1996 жылы 16 желтоқсанда сол кездегі астанамыз Алматыда Тәуелсіздік монументі ашылды. Бұл символ халықты біріктіруге бағытталған идеология аясында атқарылған шаралардың бірі еді.

1996 жылы 3 сәуірде қазақ ұлтының өкілдері жеке құжаттарына тарихи-халықтық дәстүрге сәйкес өз әкесінің аты-жөнін ата-бабасының атымен жаздыруға мүмкіндік алды. Қазақ елі тұңғыш рет Олимпиада ойындарына қатысты. Атлантада өткен XXVI жазғы Олимпиадалық ойындарда қазақстандық спортшылар үш алтын, төрт күміс, төрт қола медальға ие болып, 197 мемлекеттің арасынан 24-орын алды. 26 сәуірде Шанхайда Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Қытай және Тәжікстан басшылары «Шанхай бестігін» құрып, шекара аумағында әскери сала бойынша сенімді нығайту жөнінде келісім жасады.

1997 жылы 20 қарашада Президенттің Жарлығымен бұрынғы Ақмола қаласы Қазақстанның астанасы болып жарияланды. 10 қаңтарда Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан арасында мәңгілік достық туралы үшжақты келісімге қол қойылды. 24 қаңтарда «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» Заң қабылданып, қазақ тілі тұңғыш рет мемлекеттік басқару тілі болып бекітілді.

1998 жылы Ата Заңымызға толықтырулар мен өзгертулер енгізіліп, «Қазақстан – 2030» стратегиялық жоспары ресми түрде қолданысқа енгізілді.

Осы жылдың 15 қаңтарында Қазақстан мен Еуропалық одақ елдері арасында серіктестік және ын-тымақтастық жөніндегі келісімге қол қойылды.

6 шілдеде Қазақстан мен Ресей арасында мәңгілік достық және ХХІ ғасырға арналған одақтастық жөніндегі декларацияға қол қойылды.

17 шілдеде Қазақстан мен Қырғызстан арасында мемлекеттік шекараны делимитациялау жөніндегі меморандум бекіді.

1999 жылы 10 қаңтарда Президент сайлауында қазақстандықтардың 79,78% дауысына ие болған Н. Назарбаев Мемлекет басшысы ретінде қайта сайланды. 25 ақпан мен 4 наурыз аралығында Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш халық санағы өтіп, елде 14 953 100 адамның тұратыны және халықтың 10 жыл бұрынғы көрсеткішке қарағанда 7,7 пайызға азайғаны байқалды.

2000 жылы 16 наурызда Қазақстанның сыртқы саясатының жаңа тұжырымдамасы бекітілді.

10 қазанда Астанада Еуразиялық экономикалық қауымдастық құрылды.

15 қыркүйек пен 1 қазан аралығында Сиднейде өткен XXVII жазғы олимпиадалық ойындарда Қазақстан құрамасы үш алтын, төрт күміс медаль алып, 199 елдің ішінен 22-орынға көтерілді.

2001 жылы Қазақстан өз Тәуел-сіздігінің 10 жылдық мерейтойын атап өтті.

27 наурызда Каспий құбыр кон-сорциумын толтыру басталып, «қара алтын» экспортының көлемі ұлғайды.

Осы жылы Қазақстанда төрт әскери округ құрылды. Бұл жылы көрші мемлекеттермен шекараны айқындау аяқталып, елімізде пост-кеңестік мемлекеттер арасында тұңғыш рет капиталға рақымшылық жарияланды.

2002 жылы 13 мамырда Н. Назарбаев пен В.Путин Қазақстан мен Ресей арасындағы маңызды тарихи құжат – Каспий теңізінің сол-түстік бөлігінде шекараны ажырату жөніндегі келісімнің хаттамасына қол қойды.

2003 жылы діндер арасындағы диалогті қалыптастыру үшін Қазақстан әлемде бірінші болып әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының съезін өткізді. 23 ақпанда Мәскеуде Ресей, Беларусь, Қазақстан және Украина Президенттері бірыңғай экономикалық кеңістік құру жөніндегі мәлімдемеге қол қойды.

Осы жылы Қазақстан Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымына мүше болды.

2004 жылы Елбасының тапсырмасымен «Мәдени мұра» бағдарламасы қабылданды. Үш жылға жоспарланған үлкен жоба қазақ мәдениетінің өткені мен бүгінін сабақтастырды.

16-19 мамырда Қазақстан мен Қытай арасында Атасу-Алашанькоу мұнай құбырын салу туралы келісімге қол қойылды.

10 қарашада «ҚР «Электронды үкіметті» қалыптастырудың мем-лекеттік бағдарламасы» туралы Президент Жарлығы шықты.

13-29 тамыз аралығында Афиныда өткен XXVIIІ Жазғы Олимпиадалық ойындарда Қазақстан құрамасы бір алтын, төрт күміс, үш қола медаль алып, 201 елдің арасынан 40-орынды иеленді.

2005 жылы Қазақстан халқы президент сайлауын өткізді. Н. Назарбаев 91,15% дауыспен жеңіске жетіп, билігін жалғастырды.

5 шілдеде Шанхай ынтымақтастық ұйымының Астана саммитінде АҚШ-ты Орталық Азиядағы әскери базаларды шығарудың мерзімін нақтылауға шақыру туралы декларация қабылданды.

2006 жылы халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бар күш-жігерін салып жүрген Қазақ елі осы жылы әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының екінші съезін шақырды.

11 қаңтарда ҚР Президенті Н. Назарбаевты ұлықтау рәсімі өтіп, онда еліміздің жаңа Әнұраны жария болды.

3 шілдеде елімізде мүлікті заңдастыру науқаны басталды.

2007 жылы конституцияға өзге-рістер мен толықтырулар енгізу арқылы мемлекет президенттік бас-қарудан президенттік-парламенттік басқару жүйесіне өтті. Осыдан кейін Парламент өзін-өзі таратып, жаздың соңғы айында заң шығарушы органдағы мандаттар үшін саяси партиялар пропорционалды сайлау жүйесі арқылы бақ сынады. Осы жылы ЕҚЫҰ-ның Сыртқы істер министрлері кеңесі 2010 жылы аталған ұйымға Қазақстанның төрағалық ететінін жария етті.

2008 жылы 2 сәуірде Алматыда Н.Назарбаевтың қатысуымен Бейжің олимпиадасы алауының эстафетасы ашылды. 8-24 тамыз аралығында Бейжіңде өткен XXIX Жазғы Олимпиадалық ойындарда Қазақстан құрамасы екі алтын, төрт күміс, жеті қола медаль алып, 204 мемлекеттің ішінен 29-орынды иеленді.

2009 жылы Астана төрінде әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының үшінші съезі өтті.

12 қаңтарда Астанада ҚР тұңғыш Президентінің алғашқы интеллектуалдық мектебі ашылды. 24-25 ақпанда халық санағы жүргізіліп, оның бір жылдан кейін жарияланған қорытындысы бойынша ел халқының саны 16 миллионнан асты.

12 желтоқсанда ҚР Президенті Н.Назарбаев пен ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтао «Түрікменстан – Қазақстан – Өзбекстан – Қытай» газ құбырының қазақстандық бөлігін іске қосты.

2010 жыл тарих беттерінде Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығымен есте қалатыны сөзсіз. Халықаралық қауымдастық тарапынан Ванкуверден Владивостокқа дейінгі территорияда орналасқан 56 елдің басын қосатын ұйымның жұмысына жоғары баға берілді. Ұйымның 11 жыл бойы өткізілмеген саммиті ел-ордада ұйымдастырылды.

Елімізде халықаралық дәрежедегі тұңғыш білім ордасы – Назарбаев университеті ашылды.

2011 жылы 30 қаңтар мен 6 ақпан аралығында Қазақстанда тұңғыш рет Қысқы Азия ойындары өтті. Спорт бәсекесінде еліміздің спортшылары 32 алтын, 21 күміс, 17 қола медальді иеленіп, құрлықтағы 26 елдің арасынан алғашқы орын алды. Ақ Азиада қазақ қоғамына айрықша рухани серпіліс сыйлады.

1 желтоқсанда Алматы метрополитені іске қосылды.

9 желтоқсанда Мойнақ су электр стансасы пайдалануға берілді.

2012 жылғы Елбасы Жолдауы тек экономиканың ғана емес, сонымен қатар, әлеуметтік саланың да өркендеуіне бағытталды. Халықты жұмыспен қамту, қолжетімді баспана, өңірлерді дамыту, мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын көтеру, басқарушылардың біліктілігі, сот және құқық қорғау жүйесі, адам капиталы, зейнет жүйесі, индустриалды жобалар, ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше ден қойылды.

2013 жылы Қазақстан тарихында тұңғыш рет жергілікті билік органдары басшыларының сайлауы өтті.

2014 жылдың тамызында Үкіметте қайта құру жұмыстары өтті: 17 министрлік пен 9 агенттіктің орнына елде 12 министрлік және шамамен 30 комитет құрылды. Қаржы полициясының қызметі Мемлекеттік қызмет және жемқорлыққа қарсы күрес істері жөніндегі агенттікке берілді. Бұдан өзге энергетика, мәдениет және спорт, инвестициялар және даму, ұлттық экономика министрліктері құрылды.

2015 жылы 27 шілдеде Қазақстан Республикасы Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшесі атанды. Екінші қыркүйекте Қазақстан тарихындағы үшінші ғарышкер – Айдын Айымбетов ғарышқа самғап, халықаралық экипаждың құрамында Халықаралық ғарыш стансасына аттанды. Сондай-ақ ел тарихындағы Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы бү-кіл республика және ТМД елдері арасында аталып өтті.

2016 жылы 16 желтоқсанында Қазақстанның өз алдына егеменді ел болып жарияланғанына 25 жыл толды. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған декларация жазылды. Сондай-ақ, осы кезде ел астанасына Мемлекет басшысының есімін беру туралы ұсыныстар айтылды.

2017 жылы Қазақстанда EXPO-2017 көрмесі ұйымдастырылды. Оны тамашалауға әлемнің түкпір-түкпірінен 3 миллион адам келді. Ал көрмені өткізуге 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым қатысты. 26 қазанда Мемлекет басшысының қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру туралы жарлығы қабылданды.

2018 жылы 1 қаңтардан бастап Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етті.

Төрағалықтың негізгі мақсаты Орталық Азия мен Ауғанстан бойынша құжат қабылдау болды. Кеңестің тұрақты емес мүшелері бұл қызметке кезекпен кіріседі. Сондай-ақ Астананың 20 жылдық мерейтойы тойланды. 12 тамызда Ақтауда 5-ші Каспий саммиті өтіп, оған теңіз жағалауындағы Қазақстан, Әзербайжан, Иран, Ресей және Түрікменстан елдерінің президенттері қатысты. Дәл осы алқалы жиын барысында 25 жылдан бері күрмеуі күрделі проблемаға айналып келген Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі айқындалған болатын.

2019 жылы Қазақстан үшін тосын оқиғаларға толы болды. 19 наурызда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өкілеттігін тоқтатты. 9 маусымда кезектен тыс сайлау өтіп, 70 пайыздан астам дауыс жинаған Қасым-Жомарт Тоқаев ел Президенті болып сайланды. 2 қыркүйекте Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» деген тақырыппен халыққа Жолдау жасады.

2020 жылы елімізде әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы, Алтын Орданың 750-жылдығы сынды мерейтойлар жалпыхалықтық деңгейде аталып өтті. Алайда COVID-19 пандемиясының таралуына байланысты көптеген жоспарларға өзгерістер енгізілді. Абай мерей-тойының ең жарқын көрінісі мәдени-ағарту бағытындағы «Абай» телеарнасы ашылды. Бұл жыл еліміздің денсаулық сақтау саласы үшін үлкен сынақ болды. Дәрігерлер коронавирус инфекциясына қарсы күрес жолында жаңа тәжірибе жинады және сабақ алды. Елімізде COVID-19 қарсы күрес үшін 15 жаңа модульдік жұқпалы аурулар ауруханасы ашылды. Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылды. Дәрігерлердің орташа жалақысы 30%, орта медицина қызметкерінің жалақысы 20% өсті.

2021 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылды «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы» деп жариялады. Сондай-ақ, Президент 30 жылдыққа байланысты шаралар халыққа рухани серпіліс әкелуі қажет екенін айтты. Руханият саласындағы жұмыс бірнеше бағыттан тұрады. Солардың бірі – ұлт тарихында өшпес із қалдырған көрнекті тұлғалардың еңбегін насихаттау. «Мерейлі жылға бірнеше атаулы дата тұспа-тұс келіп отыр. Жыр алыбы Жамбылдың – 175, Алаш арысы Әлихан Бөкейхановтың – 155, күш атасы Қажымұқанның – 150 жылдығы, тағы басқа бірнеше тарихи тұлғаның мерейтойы. Біз бұл мерекелерді өте мағыналы өткізуіміз керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұл жыл тарихи және межелі жыл болмақ.



Қорыта келгенде, 30 жыл деген тарих үшін аса көп уақыт емес. Осы жылдар ішінде еліміз басынан үш дағдарысты өткерген екен. Аталған қиын-қыстау кезеңдер еліміздің шыдамдылығы мен төзімділігін қайрап, бүгіндері біздің Еуразиялық экономикикалық кеңістікті құру секілді бірқатар басым батыл қадамдармен алға жетелеуде.

Гүлжан ЕРУБАЕВА

№24 лицейдің директоры,

Алматы облыстық мәслихатының депутаты,

Іле ауданы, Өтеген батыр кенті.

145 просмотров0 комментариев

Недавние посты

Смотреть все

Comentários


bottom of page