top of page
Фото автораЖанерке МАРАТ

Оқушы қала тарихын таныстыратын қосымша ойлап тапты


Алматының №15 гимназия оқушысы Тимур Қырбасов қала тарихымен таныстыратын қосымша ойлап тапты. Бағдарламаның көмегімен қала аумағында орналасқан кез келген мекемені, көшені қиналмай табуға әрі ол туралы толық мағлұмат алуға болады. Бұл туралы оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қосымшаны Google Play және App Store арқылы жүктеу мүмкіндігі қарастырылуда. Өзіңізге қажетті объектіге жақындағанда, ол қажетті ақпаратты оның тарихынан бастап алдыңызға жайып салады.

"Жоба "Менің қаламның, елімнің тарихын зерттеуде ICT-технологияларды қолдану" деп аталады. Бұл бұған дейін өзім дайындаған екі шағын қосымшаның біріктірілген нұсқасы. Жоба арқылы оқушыларға ел тарихын күнделікті өмірде зерттеуге көмектескім келді. Осы жобаның арқасында қала тарихын заманауи жолмен білу әрі насихаттау. Бағдарламаның көмегімен қоғамдық көліктерде аялдаманы жариялаған сәтте қала тарихын қысқаша хабар беру де қарастырылған. Сондай-ақ өзім ойлап тапқан «AIALDAMA» қосымшасында сол аялдаманың тарихы да жолаушыларға жария етіледі. Осы қосымшалар арқылы жас ұрпақтың ел, жер тарихына деген қызығушылығын арттыу, отаншылдық сезімін қалыптастыру", – дейді Тимур Қырбасов.

Айта кетейік, Тимур өз жобасының авторлық құқығын қорғаған. Талапты жас бұған дейін де үш өнертапқыштық жаңалық ашқан. Соңғы үш жылда Тимур халықаралық және республикалық байқауларда жеңімпаз атанған. Ол 2022 жылдың 1 маусымында өткен "Алматы БалаFest" фестивалінде мемлекет басшысының гиді болды.

Оқушы бүгінде қоғамдық жұмыстармен белсене араласады. Тимурдың ұйымдастыруымен құрылған «ENACTUS» мектеп командасы оқушылар кәсіпкерлігінің ІІ республикалық чемпионатында финалға жолдама алды. Мектеп базасында жоғары сынып оқушыларының таңдаған мамандығын кәсіпорындарда сынап көруі үшін практикалы-теориялық орталық ашты. Ол үнемі түрлі жарыстарға қатысып, жүлдегер атанып келеді. 9-сыныпта оқып жүріп «ICT Solutions Kazakhstan» бауқауында өз жобасын жүзеге асыру үшін 1 млн теңгенің грантын ұтып алды. Ал өткен жылы «Жыл оқушысы» атағын жеңіп алды. Таудай талабы бар Тимурға алдағы күндерде тек сәттілік тілейміз!



11 просмотров0 комментариев

Недавние посты

Смотреть все

Comments


bottom of page