Аллаға шексіз шүкіршілік, міне, биылғы Рамазан айына да аман-есен жетіп, ораза ұстап, Алла ризашылығы үшін ниет етіп жатырмыз. Құрани Кәрімнің бақара сүресінің 183-аятында: «Әй, мүминдер! Сендерге бұрынғыларға парыз қылғандай Ораза парыз қылынды. Әрине, сақсынарсыңдар» дейді ғой. Жылдан-жылға ауыз бекітушілер қатарының көбейе түскені қуантады. Ағайын-туыс, дос-жаран бір-бірін ауызашарға (ифтарға) шақыру арқылы ізгі ниет, шын пейілін алға тартады.
Бірақ биылғы ораза мына COVID-19 індетінің өршуімен тұспа-тұс келіп отыр. Әрі мутацияланған штамдар тек үлкендерге ғана емес жастарға да, балаларға да қауіпті. Балалар арасында коронавирус 3,5 есеге өскен. Зейнеткерлер арасында ауру 17 пайызға көбейген. Ауырғандар саны тәулік сайын 1,7 пайызға артуда. Әсіресе 60 жастан асқандар үшін өте қауіпті. Өлім-жітім 1,4 есе өскен. Қайтыс болғандардың 57 пайызы астана, Алматы қаласы мен Алматы облысының үлесіне тиіп отыр. «Жедел жәрдемде» істейтін таныстарымыздың айтуынша Алматы қаласындағы ауруханалар толып кеткен.
Осындай жағдайда ифтарға адам шақыру өте қауіпті болып отыр. Көп адам жиып ауызашар беруге ресми түрде тыйым салынды. Сондықтан шақырушыға рахмет айтып, ифтарға барудан бас тартайық. Тіпті “қалайда ауыз аштырам” дегендер болса, үйде жасалған тағамдарды таксиден беріп жібергеннен артығы жоқ.
Бірқатар адамдар өткен жылы тапсырыс беріп асхана, кафе, мейрамханада әзірленген тағамдарды “яндекс”, “индрайв” таксилері арқылы қалаған адамдарына жіберіп жатты. Биыл да сол тәжірибені қолдануға болады. Айталық, Алматыдағы Noodles мейрамханасында бір адамға арналған ифтар сомасы 4990 теңге. Оған сорпа, ыстық тағам, салат және құрма, өрік-мейіз, бауырсақ, мини-пирожное, су, шай, морс кіреді. «Тюбетейка» мейрамханасында 4000-6000 теңге, «Өзюрт» пен Navat мейрамханаларында 4500-5000 теңге шамасында.
Әрине, дастархан басында ағайын-туыстың, таныс-тұныстың бас қосып, арқа-жарқа отырғанына не жетсін! Бірақ мына індет кезінде өмірден қымбат не бар? Әлденеше достарымыз, таныстарымыз сол атың өшкір диагнозбен ауруханада жатыр. Сондықтан сыйластық жөні осы екен деп өзімізді де, өзгені де қатерге байлап бермелік. Бәрімізге ифтардың таксилік нұсқасын пайдаланған дұрыс болар.
Comments