top of page
Фото автораМарат Тоқашбаев

КҮРЕС ӘЛІ ЖАЛҒАСАДЫ


Әлемдік көркем шығармашылықта махаббат пен зұлымдық, соғыс пен бейбітшілік, жалғыздық пен көпшілік, әділеттілік пен жауыздық сияқты антагонистік төрт тақырып мәңгілік тақырыптар қатарында саналады. Ақын Бақыт Беделханның таяуда Ғ.Мүсірепов атындағы жастар мен балалар театрында қойылған «9 грамм» деп аталатын интеллектуалдық поэтикалық драмасында әділеттілік пен жауыздық, жалғыздық пен көпшілік қақтығысы баяндалады. Автор ізденісі тосын, поэтикалық драма жанрын таңдай отырып, тақырыпқа философиялық тереңдік беруге ұмтылады. Сондай-ақ режиссер Жұлдызбек Жұманбайдың тапқыр шешімдеріне, композиторы Қанат Ибрагимовтың музыкалық сәтті өрнектеріне риза боласың.

9 грамм – ол тапаншаның қорғасын оғының салмағы. Осы тоғыз грамм тәуелсіздік жолында жандарын шүберекке түйген Әлихан, Ахметтер бастаған қазақ зиялыларының, Алашорда қайраткерлерінің өмір қиды. Ол кешегі Заманбек пен Алтынбектердің әділеттілік жолындағы авторитарлық билікке қарсы күрес жолын үзді. Автор жалғыздық пен көпшілік тақырыбында сол қайраткерлердің «тапаншадан бас тартып», күрестің демократиялық жолын таңдағанын көрсетеді. Алайда әділеттілік үшін шырылдаған сол күрескерлерді күш иелері қолы дірілдемей оққа байлай салатын жауыздығы алдан шығады.

Алтынбек биліктің бетін бері бұрғысы, әділеттілік орнатқысы, көпшілік тобырдан халық жасағысы келеді. Бірақ тезек домалатқан қоңыздай тобыр оны кеш түсінеді. Шығарма сондықтан саяси сергек болуға шақырады.

Поэтикалық қойылымда билік пен халықтың жиынтық образдары шығарылған. Әрине, шығарманың жетілдірілетін тұстары бар. Бұл әлбетте автордың еркіндегі дүние!

Ең бастысы автордың қоғам қайшылықтарын, ардақты Алтынбек сияқты халық перзенттерінің батырлық бейнесін көрсеткен, күрестің алдағы уақытта да жалғасатындығын аңғартқан поэтикалық драмасы өз мақсатына жеткен.

Авторға – шығармашылық сәттіліктер!



93 просмотра0 комментариев

Недавние посты

Смотреть все

Comentários


bottom of page