top of page
Patriot Tulga

ЖАУГЕРЛІК – ПСИХОЛОГИЯ


Оразбекова Күләш Айтмолдақызы,

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, психология ғылымдарының докторы










Ұлттық жаугерлік психология батырлық, ерлік тәрбиесінің қайнар көзі. Ер Едігеден бастау алып, «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманындағы Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Ханкелді, Ер Жәнібек, Баян, Қабанбай сынды батырлардың ерлік істері ұлттық жаугерліктің негізін қалады.

Қазақтар Қаратаудан аса көшкен,

Ақтабан шұбырынды болды дескен.

Тұсында Абылайдың қалмақты айдап,

Қорлықтан кек алғаны қалмайды естен. (Ш. Құдайбердіұлы)

«Күлтегін» жырындағы мынадай өлең жолдары да ерлік пен батырлықтың мысалы: Тізеліні бүктірдік,

Бастыны еңкейттік..

Еліміз қайта ел болды,

Халқымыз қайта халық болды.

Міне, осы ерлік пен ездік, соғыс пен бейбітшілік, құлдық пен тәуелсіздік жайында тебірене толғайтын ғажайып жырда терең психологиялық тұжырым бар.

Халық батыры Б.Момышұлы: «Бұрындары жасалған ерліктерді сыйламай – қадірлемей тұрып, жаңа ерлікке шақыру бекершілік деп атап көрсеткендей жас ұрпақты ата – баба дәстүрі бойынша, ерлік және жауынгерлік рухта тәрбиелей отырып, олардың бойына намыс, парыз, ұлттық сана және жауынгерлік сезімін қалыптастыруға болады. Қазақтың жауынгерлік психологиясының ерекшеліктері: туға жерге, елге, жесіріне оны жаудан қасықтай қаны қалғанша жанқиярлықпен қорғап келген батыр бабаларының рухына, ана тіліне, ұлттық рәмізіне деген құрмет.

Батырлар жыры бірінші кезекте елін қорғаған дала батырының тұлғасын сомдаған. Қаһарманды мейлінше тұлғаландыру, оның жауынгерлік қасиеттерін барынша әсірелеу барлық ерлік жырларына тән. Мұнда әдетте әскери жорықтар, даңқты ерліктер, жат жерлік сұлулардың қатысуымен болатын шым-шытырық оқиғалар, басқыншыларға карсы күрес және нағыз елін сүйген ер бейнесі жырланады. Батырлар халықтың күш-қуатының, этностың жақсы жақтары мен асыл қасиеттерінің жиынтық бейнесі болды. Батырлар әдетте табиғатынан ерекше қабілетті, ақылды, қайырымды бола тұрып, дана қолбасшы, айлалы әскер басы болды. Қысқасы, олар «ердің ері», «батырдың батыры». Батырлар жырының танымдық мәні өте зор. Өйткені, ол нақты дүниені бейнелейді, олардың жырлауында өмірде болған және тарих шындығында өмір сүрген тарихи тұлғалар қатысады. Онда қиялдан алынған жасанды бейнелер жоқ. Жауынгерлік ерліктерді әсерлеудің, асыра мадақтаудың түбінде шындық жатыр.

Қабанбай және Бөгенбайдың, Наурызбай және Сыпатайдың, Малайсары мен Тайлақтың, Жәнібек пен Өтегеннің, Саурық пен Әбілқайырдың, Құлашбек пен Естербектің, Баян мен Тәукенің, Бұхарбай мен Ағыбайдың және басқа көптеген батырлардың қазақ халқының есінде сөнбес ерліктің үлгісі ретінде қалып, ерлік бейнелері батырлық эпостарда көрініс тапты. «Қаһармандық жырлар, сұлу ертегілер туғызуға негіз болған. Олар мына тақырыптарды қамтыған: а) Бейбітшілікті; ә) Ел қорғаны ерлерді ардақтау; б) Жұртқа ақылшы болатын қарияларды қадірлеу (Қорқыт, Жиренше шешен, Асан Қайғы); в) Алып ер туатын Ананы құрмет тұту; г) «Алпыс басты ақ орданың аяулысы» — жас әйелді біреуге олжа түсірмеу; д) Келешекте Ана болатын қыз баланы тәрбиелеу; е) Ер баланы баулып садақ тартқызу, жапан түзге жалғыз жіберіп, аң аулатып, ерлік сынаудан өткізу (мергендер типі); ж) Жүйрік жылқыны тануды бағалау. Қазақ атамыз балаларының денесі шымыр, қимылы ширақ әрі епті болуы үшін түрлі-түрлі дене шынықтыру әдістерін қалыптастырған. Күн ұзаққа қозы соңында ойнап жүрген жасөспірімдерді үлкендер жинап, әр түрлі ойындарын ойнататын. Бұл ойындар мақсаты мен міндетіне қарай екі бағытта жүргізіледі:

1. Әр баланың денесін шынықтыру үшін мынадай жаттығу пайдаланылған: маңдай сүзістіру, құлаштастыру, мойын сынату, төс соғыстыру, иық қағыстыру, қол күшін сынасу, сан сабыстыру, аяқ күшін сынасу, еңбектетіп жарыстыру, күрестіру, жаяу жарыстыру, ауыр көтеру т.б.

2. Жасөспірімдердің ет-жүрек жауынгер болып өсуі үшін төмендегідей жаттығулар жасалды:

Тартыспақ — арқан, садақ, көкпар тарту т.б.

Атыспақ — мылтық ату, тас ату, найза ату т.б.

Шанышпақ — қанжар шаншу, сүңгі шаншу т.б.

Салыспақ — сойыл соғысу, шоқпар салысу т.б.

Тастамақ — арқан тастау, шалма түсіру, бұғақ түсіру т.б.

Алыспақ белдесу, күресу, жұдырықтасу, буындыру т.б. Бұларды бүгінгі кезеңдегі олимпиадамен тең қоюға әбден болады. Райымбектің өзі он бес жастан асқанша садақ тарту, қылыш шабу, атпен ойнау әдістерін, суда жеке және атпен жүзуді, тағы басқа жауынгерге лайық даярлықтан өтеді.

Болашақ жауынгер және батырларға қажет мұндай даярлық қазақ қоғамында бүрыннан дәстүрге айналған құбылыс. Мәселен, Есімханның ұлы, Тәуке ханның әкесі атақты Жәңгір хан бозбала шағында анасы арнайы өзіне және төңірегіндегі достары үшін тіктірген сауытты киіп, қаруларын асынып ылғи да жаттығу жағдайында есейеді. Ал одан ертеректе мұндай дәстүр мамлюктерде болғандығы жөнінде француз ғалымы М. Монтеннен мынадай жолдарды оқимыз: «Мамлюктер өздерінің әлемдегі ең жақсы әскери арғымақтарын мақтаныш тұтқан, ал арғымақтарының табиғаты ерекше болып, үйретуге тез көніп, иелерінің берген дауысы немесе көрсеткен ишараты арқылы-ақ жауды ажырата білген. Сондай-ақ өз иесінің бұйрығымен майдан даласында шашылып жатқан найза және басқа қару-жарақты тісімен жеткізіп беретін болған.

Райымбек батыр жай қара күштің иесі ғана емес, айлалы, ақылды, ел басшысы болып қалыптасады. Оның жорыққа шыққандағы негізгі ұстанымы: аз шығынмен жеңіске жету. Батырдың тапқырлығын, биік парасатын жаулары да мойындайтын болған. Бір ғана мысал. Жауға қарсы жорыққа аттанған Райымбек батыр ең алдымен ойраттар қару-жарақ даярлайтын «Темірлік», «Көмірші» аталатын орталықтарды алуды жоспарлайды. Райымбек батыр бастаған жорықтарының нәтижелерін айтсақ:

Райымбек - жоңғар басқыншыларына қарсы шайқастарда атамекенін жаудан азат еткен батыр әрі әулие, қолбасшы. Райымбек - анталаған жауға ұрандап шауып, талайын жер жастандырған көзсіз ерлік иесі. Аяқ астынан шыға келеді екен» дегенді бірінен-бірі естіген қалмақтар «Райымбек!» деген ұран естілгеннен ақ зәрелері ұша бастайтын болған. Тіпті олар «Райымбек!» деп айқайлаған адам өлмей қалады екен дегенге сеніп, қазақтар лап қойғанда, өздері де «Райымбек!» деп ұрандап жүргендердің қайсысы қазақ, қайсысы қалмақ екенін ажырата да алмайтын зәрезеп халге жетеді.

Ал, көшпелі өмір салтын ұстанған қазақ халқының арғы, бергі тарихына көз салсақ, бір күнде, бір мезгілде ата ұранымен жиналып, топтастырылатын сарбаздарға, негізінен, сыртқы жаудан қорғанатын, қорғану мақсатына жұмсалатын әрі соғыс біткен күні бірден тарап кететін ерекшелік тән.

Бұл көшпелі, жартылай көшпелі қоғамдық құрылыс табиғатының тұрақты армия ұстауға жағдайы келе бермейді. Оның себебі тұрақты армияны ұстау үшін тұрақты үй-жай, киіммен, қару-жарақпен қамтамасыз етіп, арнайы даярлықтан өткен әскери қолбасшылар болмауы.

Ал ертедегі көшпелі немесе жартылай отырықшы өмір кешкен түркі халықтары мен сол көшпелі өмір қалпын кеңес үкіметінің ұжымдастыру саясатына дейін таза сақтап, көшпелі қазақ халқының жау келгенде қарсы тұрар қалың әскери жасақты рулық, не тайпалық ұран шақыру арқылы ондаған түмен сарбаздарды бір күнде жинастыратын ерекшелікті көреміз.

Ал, өз елі мен жерін, Отанын қорғау жолында әділетті соғыс жағындағы сарбаздардың көзсіз батырлығы мен қайталанбас ерлігін басқыншы жаулардың өзі де ауыр болса да талай рет мойындаған болатын. Отаны үшін саналы түрде жан беріп, жан алу жолында көзсіз ерлік көрсетушілер ішкі моральдық жағынан биік тұратыны да шындық. Бұл айтқанымызды, мысалы, Қазақстандағы Кенесары көрсеткен қарсылық немесе 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістегі қайсарлық, арғы тарихқа көз салсақ, өзімізге танымалы Ақтабан шұбырынды заманындағы қазақ қолы мен батырларының ерлігі, жекпе-жек соғыстағы ажалға тайсалмай барып, халқының намысы үшін алысқан көзсіз ерліктері де айғақтайды.

Тағы бір аңызда Үкаша атаны жау жеңе алмаған. Ол тек таң намазын оқыған кезде қорғансыз болады екен. Оны білген кәпірлер Үкаша ата таң намазын оқып отырған кезде келіп басын қылышпен шауыпты. Жансыз басты періштелер домалатып қырдың етегіне жеткізіпті. Сол жер қақ айырылып құдық болып Үкаша ата басы оған түсіп жерасты өзен арқылы Мұхаммед пайғамбарға жетіпті. Сахабаның қаны тамған жердің бетіне саздан ұзындығы 21 м белгі соғылған. Зияратқа барғандарға әулиенің шырақшылары Үкаша атаның басы домалап түскен құдықты, атаның түйесінің ізі қалған тасты көрсетеді.

Алаш жұртының ақырғы дана ханы Кенесарының басы мен алаш жұртының «от ауыз, орақ тілді» дана ақыны Махамбеттің басы бір жылы бір кезде, күз айының аңыраған суық күндерінде бірі қияндағы қазақ жерімен қойындаса қатар жатқан қырғыз ауылдарының қолтығында, бірі алыс Қараойдың төсінде алауыздық қылышының ақ жүзінде кетті. Қос арыстың бассыз денелері жер құшып, бірте-бірте топыраққа айналғанымен, олардың кейінге үлгі болар, аманат етіп қалдырған ісі мен сөзі ұлтына, ұрпағына өлшеусіз алтын қазына.

Ұлтының рухын, намысын қорғаған қазақ перзенттерінің даналығы сонда, олар би болсын, батыр болсын, сұлтан болсын, хан болсын көркем ой, өткір кестелі сөзімен шындықты жырлай білу қасиеті. Мұны тәуелсіз еліміздің бүгінгі, болашақ, келер ұрпақтары бағалай білуі, ұмытпай әлемге танытуы арманымыз. Мысалы, Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Рахымжан Қошқарбаевтың намыс сезімі қандай жоғары деңгейде болғаны белгілі. Оған дәлел: кезінде көмекей әулие атанған халық бұлбұлы данамыз Бұхар Қалқаманұлы Абылайханның бас ақылшысы, арабша сауатты, ең тапкыр биі ретінде ел өміріндегі ірі мәселелерді шешуде пәрменді көмектескен. Қазақтың үш жүзінің басы қосылып, бір орталыққа бағынған күшті мемлекет болуын аңсаған. Абылайды осы арманды жүзеге асырушы деп есептеп, оны ісімен де, жырымен де барынша қолдаған. Бұхар жырау бірде Абылай ханнан: -Уа, хан ием, қазақта сенен артық ұл туған ба? — деп сұрапты. Абылай хан сонда: -Қалмаққа қарсы шабуылға шыққанда әр сарбазыма бір-бірден ат мінгізген Дербісал бай ше? Қазақтың қас жауы қалмақты қойдай қырған Малайсары батырды қайда қоясың? Қалмақтың тұтқынынан мыңдаған қазақты босатқан Қаз дауысты Қазыбек биді ұмытуға бола ма? — депті.

Мұндай аталы сөздерді іздеп жүріп қағазға түсіріп белгілі тұлға Шоқан ғұламаның «XVIII ғасыр батырлары туралы тарихи аңыз» еңбегі бабаларымыздың ерлігін, даналығын зор сүйіспеншілікпен баяндаған. Бұл біздің жастарымызға үлгі боларлық қасиет. Қазақ халқы – қаһарман халық, арғы тегі Күлтегіннен бастап, ең соңғы Бауыржан батырға дейінгі халықтың қаһармандық жеңістері ұрпақтың ұлттық намысын айтып, отансүйгіштік қасиеттерін қалыптастырды.


24 просмотра0 комментариев

Недавние посты

Смотреть все

Comments


bottom of page