Халық батыры, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының: «Ерлік – елдің қасиеті, жүректілік – жігіттіктің қасиеті» деп бекер айтпаса керек. Дәл солай ер азамат болып, жүректілік танытқан «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлеріне қарасты 06708 әскери бөлімінің мерзімдік қызметтегі әскери қызметшілері Отан алдындағы борыштарын абыроймен атқарып, үйлеріне оралады.
Өткен жылдың күзінде Түркістан облысынан әскер қатарына шақырылған жігіттердің қатары осы әскери ортада әскери өмірдің қыр-сырын меңгеріп, өздеріне берілген жауынгерлік тапсырманы адал орындап шықты.
Жеке құрам алдында бөлім командирі подполковник Есжан Батырбеков сөз сөйледі.
– Биылғы жылы егемендікке қол жеткізгендігіміздің 30 жылдығы орай әскери қызметтің әлеуетін арттыру жолында адал қызмет ету – осында сап түзеген бәріміздің қасиетті борышымыз, – деді ол.
Белгіленген тәртіпке сай, салтанатты іс-шарада запасқа шығатын мерзімдік қызметтегі әскери қызметшілер көп жылдық тарихы бар әскери бөлімінің Жауынгерлік туымен қоштасты.
Іс-шара барысында, әскери қызметте белсенділік танытқан мерзімдік қызметтегі әскери қызметшілерге 06708 әскери бөлімінің басшылығы атынан мақтау қағаздары мен алғыс хаттар табыс етілді. Жоғары деңгейде ұйымдастырылып өткізілген салтанатты жиын соңында запасқа шығатын әскери қызметшілер естелік суретке түсті.
Comments