top of page
Patriot Tulga

БҰЛ ҒАЛАМДА АЛЛА СӨЗІНІҢ ТЕРЕҢІНЕ ЖЕТТІК ДЕЙТІН ӘЛІ ЕШКІМ ЖОҚ


Уақап

ҚЫДЫРХАНҰЛЫ,

жазушы, публицист,

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері.

Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының үш мәрте иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.

Уахап Қыдырханұлы – тәуелсіздіктің таңы атқан 1991 жылы Қасиетті

Құран Кәрімнің түсіндірмелі-мағыналық тәржімәсін алғаш жасаған үлкен тұлға. Оның жетілдірілген жаңа нұсқасы 2002 жылы қайта басылып, халыққа тегін таратылды. Төмендегі сұхбатта жазушының Құрани-Кәрімді аударудағы ұшан-теңіз еңбегі мен ұлттық құндылықтар жайындағы толғаныстары оқырманды тәнті етеді.



– Сіз «Құран» аударған қазақсыз, аға. Біздің қазақ осы Құранды қаншалықты танып-білді деп ойлайсыз? Халқымыз Құранның мән-мағынасына қаншалықты жақындады?

– Құран – Хақ Тағаланың жер бетіне жіберген жолдамасы. Он сегіз мың ғаламның тіршілік қағидасы. Алланың сөзі. Алла сөзінің тереңіне жеттік дейтұғын бұл ғаламда әлі ешкім жоқ. Оның бүкіл тереңіне үңіліп, түгел игеру пенденің қолынан келмейді.

Ислам діні шариғат, тарихат, мағрипат, хақиқат деп төрт сатының төңірегінде өрбиді. Шариғаты – күнделікті орындайтын бес парызы. Тарихаты – ислам дінін тұтынатын халықтардың тіршілік заңы. Мағрипаты оның ғылымы. Ал хақиқат – ислам ғылымын көкірегіне түгел сіңірген, соның ең жоғарғы дәрежесіне жеткен, жүрегі Хақ Тағалаға толық ашылған адам. Мұндай адамға Фарабиді жатқызуға болатын шығар. Бәлкім Ибн Синаны да айтуға болар. Бірақ оған біздің ақылымыз жетпейді. Жалпы ондай адам бұл әлемде бар ма, жоқ па, оны мен білмеймін. Абайдың өзі:

Күні-түні ойымда бір-ақ Тәңірі,

Өзіне құмар қылған оның әмірі.

Халиққа мақұлық ақылы жете алмайды,

Оймен білген нәрсенің бәрі дәһрі, – дейді.

Халиқ – жаратушы, мақұлығы мына біз – жаратылыс. Тіпті, білдік дегеніміздің өзі дәһрі (күмәнді).

Ал Құран сөзін аудару, ол басқа.

Құран аудармасының әлемдік тәжірибеде мәтіндік – жолма-жол аударуы, ғылыми, тәпсірлік-түсіндірмелі аударуы, мазмұндап беру тәсілдері бар. Жолма-жол аударманы қарапайым қазақ түсіне бермейді. Өйткені араб тілі грамматикасы мен қазақ тілі грамматикасы екеуі екі басқа. Араб тілінде орыс тіліндегі сияқты жақ бар, шақ бар, ол да мужской, женский, средний родтарға жіктеледі. Сөйлемнің бастауышы соңында, баяндауышы алдында тұрады. Анықтауыш, толықтауыш сияқты басқа мүшелер де сондай. Оны қазақ грамматикасының жүйесіне келтірмесең, мәнін ұғу қиын.

– Аса сауапты, аса жауапты, аса күрделі осы тәуекелге қалай бардыңыз?

– Мен едәуір күрделі тағдыр кешкен жанмын. Жөргегімде жер ауып, балалықтың балын емес, зарын татып өстім. Не мектебі, не медресесі жоқ, иен бір түкпірде тұншығып күн кештік. Әкем марқұм оқымысты (М.Дулатұлынан тәрбие көрген) адам еді. Тілімді Алланың атымен шығарды. Бес жасымда аузыма әліпбиді салды. Сегіз жаста Құранды мүдірмей оқитын болдым. Әкем қайтыс болған соң Құнапия дейтін жақсы ұстаздан да тәлім алдым. Ораза ұстадым, намаз оқыдым. 13-ке келгенде сол арабша сауатпен-ақ қоғамдық қызметке қолғанат болуға жарадым. Бастауышқа соқпай-ақ гимназия тауыстым. Мұғалім болдым. Өлкелік газетте істедім. Өлкелік радиода қазақша хабарлар бөлімін ашып, оның редакторы да, дикторы да өзім болдым. 1955 жылы маусымның 23-і күні шекараны алғаш аттап өткендердің бірі болып туған жерге оралдым. Бодан қазақтың бөтен жақтан боздап келген ұлынан Құдайсыз қоғамның құлына айналдым. Содан бастап менің иманым жүрегімнің түбіне түсіп кетті.

Себепсіз салдар жоқ. 1988 жылы Халифа Алтай аудармасының қолжазбасы қолыма тиді. Қуандым, оқыдым. Мәтіндік аударма екен. Қазақ грамматикасының жүйесі сақталмапты. Тіл тұтқыр. Атау-терминдердің баламалары да біртүрлі. Жер шарының жарты шеңберін айналған қанды жорықта аузынан иманы, қолынан Құраны түспеген қарттың еңбегі еш болмасын деп жетілдіруді ойладым. «Жазушы» баспасының сол кездегі директорына айтып, жоспарға қостырдым. Жоспарды көрген жоғарғы лауазымдылар: «Сырттағы әлдебіреудің еңбегін пайдалануды» намыстанып, өзіміз аударамыз деп шешіпті. Аудармашы іздедік. Жоқ. Онан соң Жазушылар одағының аударма кеңесі (бастықтары Мұрат Әуезов, Ғаббас Қабышев) қарап, ғалым Болат Көмековті қосып берді. Біраздан соң ол да бас тартты. Содан кейін түріктердің, басқа да халықтардың тәпсірлі аудармаларын қарап шығып, өзім аударуға нар тәуекел еттім.

Сөйтіп тәпсірлік-түсіндірмелі аудармамды бір жарым жылда бітірдім. Ол 1991 жылы маусым айында екі жүз мың таралыммен басылып шықты. Қолыма тиген үш дананың біріншісін – Президентке ұсындым. Екіншісін, ауруханада жатқан қаһарман Қасым Қайсеновке тарту еттім. Үшіншісін, сол жылы күзде Президенттің Түркияға жасаған тұңғыш сапарына ере барып, «Анкара» қонақүйінің фойесінде Халифа Алтайға тапсырдым. Қуанды. Құранды маңдайына басты, көзіне тигізді, жүрегіне жапсырды. Мені бауырына алып, бетімнен сүйді. Көңілі босады. «Еңбегің Алладан қайтсын!» деп бата берді. Аударма жетілдіріліп, 2002 жылы төртінші рет Тұңғыш Президентіміздің халыққа сыйы ретінде жеті мың данамен қайта басылып, тегін таратылды.

Осы нұсқа бойынша Ресей, Қырғызстан муфтийлері, мұсылман елдері елшіліктерінің өкілдері қатысқан Халықаралық ғылыми конференция өткізілді. Құпталды, мақталды...

– Тәпсірлік-түсіндірмелі аударма дегенді толығырақ түсіндіріп бересіз бе?

– Тәпсір – түсіндіру деген сөз. Онда бір аятты алады да әуелі оның сөздік мағынасын ашады. Қайда, қашан, қандай жағдайда түсірілгенін айтады. Егер бұрын бір сүреде де айтылған болса, бұл жолғының астарында не жатқанын түсіндіреді. Күрделі аяттардың түсіндірмесі екі-үш бетке дейін созылады. Мен ондайға барған жоқпын. Әуелі мәтінді игеріп, оның кең мағынасын тәпсірден тауып, сонан соң қазақша ұғымға үйлестіріп отырдым. Құранда құрмалас, салалас, сабақтас сөйлемді аят өте көп. Оларды тоғыстыра аударудан, тіпті, аяттардың орындарын ауыстырудан қашпадым. Оқшау оқиғаларға, қайталанған дәлел-деректерге бөлек сілтеме жазбай, жақша ішінде көрсетіп отырдым. Осының бәрі аударманы тәпсірге жақындатып, ұғымдарды кең ашуға көмектесті.

– Ғибадат ғибраттарының баяғысы мен бүгінгісін айтқанда бабалар заманын сауатсыз санап, бүгінгінің беделін тым көтеріп кететін білгіштер де бар. Сіз қалай қарайсыз?

– «Тәрбиесіз білім апатқа апарады» – демеп пе еді әл-Фараби. Құранды тану, құлшылық ету – сауаттан емес, жүректің жұмысы. Құранның сөзін саудаға салып, оқыған Құрандарына ақша алып жүретін дүниедостардан «қара қойдың келдесі, ала қойдың келдесі, мен Құдайдың пендесі» деп құбылаға бас қоятын бабаларымыздың құлшылығы, Хақты іздеуі әлдеқайда таза. Біле-білсек, иман бізге солар арқылы жеткен.

«Дүниеге дос ақиретке бiрдей болмас,

Екеуi тап бiрдей боп орныға алмас.

Дүниеге ынтық, махшарға амалсыздың

Иманын түгел деуге аузым бармас», – деп Абай да аямай айыптаған.

– «Құран – Хақтың соңғы кітабы. Мұхаммед (с.ғ.с.) ақырғы пайғамбар. Олардан соң ақындар келеді» дегенді бір жерден оқығаным бар еді. Бұған не дейсіз?

– Ондай пәтуаны естіген де, көрген де жоқпын. Ал, ақынды асыра бағалауға да, кемсітуге де болмайды. Дін дұшпандары бір кезде «Құран Құдайдың сөзі емес. Мұхаммедтің ойдан шығарғаны. Ол еліктіріп әкететін ақын, қияли, есалаң» – дегені бар-тын. «Ей, пенде, Мұхаммед ақын да, есалаң да емес, Менің Елшім. Ал, ақынға мен үш қасиетті – ақылды, каламды, қаламды артық сыйладым», – деген. Ақынның мәртебесі осы.

Құранды араб тілінде оқимыз. Осы біздің кейбір ақындарымыздың, әсіресе Ұлықбек Есдәулеттей өте талантты ұлт ақынының осыған саятын бір керемет өлеңі бар еді. Құранды, намазды қай тілде оқыған дұрыс?

– «Ей, мүмін, оқуларыңа жеңіл болуы үшін Құранды араб тілінде аян еттім. «Құранды түсініп, анықтап оқыңдар. Аяттарды өз мәнерімен (мақамымен) оқыңдар», – деген нұсқаулар бар.

Ғибадат түрінде арабша оқылғаны дұрыс. Араб тіл білімінде «Тәжуид» атты аса тамаша ғылым бар. Онда 29 дыбыс кіндігіңізден тұмсығыңыздың ұшына дейін қай жерде созылып, қай жерде үзілетіні, қай тұста қысылып, қай жерде тыныстайтыны музыкалық такт сияқты көрсетілген. Онда үндік әдемі үйлесім, әуендік ырғақ, дыбыстық дәл өлшем бар. Мақамның өзі «құлақтан кіріп, бойды алып», рахат күйге бөлейді. Сезіміңізді сілкілейді, бойыңызды ұйытып, ұйықтатып тастайды.

Ал, уағызды, құлшылықты, бата-тілекті өз тіліңізде жасай беріңіз.

Құранды (намазды) Мұстафа Кемал Ататүрік те түрікше оқытып (Алла ұлұғ-дүр, Алла ұлұғ-дүр) көріп, ештеңе шығара алмаған. Өйткені басқа тілде араби ырғақ («Тәжуид») жоқ.

– Молдалардың кейбірі жұмақты тек мұсылманға ғана меншіктеп, басқаның бәрін топырлатып тозаққа айдап жататыны бар. Осында дүмшеліктің дүмпуі жатқан жоқ па?

– Осы сұрақ кексе көңілдің көлеңкесінде қалған бір оқиғаны еске салып отыр.

– Иә, аға, түсінікті болуы үшін таратып айтыңызшы...

– Сірә, 7-8 жаста шығармын. Рамазан айы. Әкем Оңдыбай дейтін үлкен молданы ауызашарға шақырды. Қыстың ұзақ түні. Тарауық оқылды. Мен салауат айттым. Сонан соң Қапсалам дейтін шәкірт-молда құтпан оқыды. Бақи мен пәни, жұмақ пен тозақты айтып-айтып келді де:

– Әһли жәннәт тек мұсылмандар. Басқаның бәрі – әһли тозақ, деп тоқтады. Әкемнің тете інісі Дауытхан ағам:

– Әдеп! – деп қол көтерді. Мұртынан мысқыл, көзінен күлкі төгіліп тұратын, аса әзілқой адам еді. – Осы қытай мұсылман ба, кәпір ме? – деп сұрады.

– Мәжуси ғой олар. Онда – кәпір, – деді.

– Орыстар ше?

– Олар да кәпір.

– Монғолдар мұсылман емес пе?

– Пұтқа табынатын нағыздың өзі солар.

– Дүниеде қайсысы көп?

– Кәпірлер көп.

– Құдай-ау, құжынаған қытай, ормандай орыс, жер жүзін шапқан «кәпірдің» бәрі тозаққа тасталса, сегіз жұмақ сыңғырлап бос тұрады екен де. Маңдайды күнге күйдіріп, табанды тасқа тілдіріп, етімізді тікенге жыртқызып, мынау шеңгелді қарында, тірі тозақта жүргенше, қаңырап жатқан жұмаққа көшіп алсақ болмас па? Сен не дейсің, Қапсалақ молда?! – деді. Имамға ұйып мүлгіп отырғандардың жүзіне күлкі үйіріліп, еріндерінен күбір шыға бастады.

– Содан.. Оңдыбай хазірет ақ таяғын көтерді.

– Сұрағаның дұрыс, Дауытхан. Тек, күлкі қылма. Кәпірдің тозаққа түсетіні рас. Бірақ, ол мұсылманнан басқаның бәрі – кәпір деген сөз емес. Кәпір – Құдайдан қорықпайтын, қылмыстан қашпайтын, өтірік айтатын, ұрлық жасайтын, ант бұзатын, ардан аттап кететін кері баққандар. Көңілден шүкірлік кетсе, кеудеге күпірлік ұялайды. Ол – кім болса да тозаққа күйеді.

«Тәңіріні іздеп бір мұңғыл,

Tac суретке шоқынса,

Өлсе де болып соған құл,

Иманын бұзбай отырса,

Атақ, пайда іздемей,

Ойында мақтан жоқ болса,

Қиянатты көздемей,

Қанағатқа тоқ болса.

Молдеке-ау, оған таңданба,

Сол кіреді бейіске.

Екіжүзді сандалма

Сен қаласың кейісте...»

– Бұл Шәкәрімнің өлеңі емес пе?

– Иә, Әкем Шәкәрімнің осы өлеңін жатқа айтып берді.

Дүниедегі діндердің жаманы жоқ. «Кісі өлтір, ұрлық жаса, ант атта, неке бұз» демейді. Айырмалары – Алланы тануда. Христиандар Құдайдың қызы (Мариям), ұлы (Иса) бар дейді. Буддистер – жаратушы Құдай, қорғаушы Құдай, бүлдіруші Құдай бар, осы үшеуі Кришнаның кеудесіне кірген деп, Кришнаны Құдай тұтады. Мұсылман Құдайды көкте де, жерде де жоқ, жүректе деп сенеді. Біреулер отты, біреулер көкті Тәңір тұтады. Құдайға сурет арқылы тіл қатады. Мұсылман намаз арқылы тікелей жақындайды.

– Бұл жайлы Құранда не дейді?

– Құранда «Ей, Мұсылман, сендерге мен қан тамырларыңнан да жақын, Мен сендердің жүректеріңдемін. Сендер маған қанша жақындасаңдар, Мен одан әрі жақындаймын» – деген аяттар бар. Шүкіршілік – жұмаққа, күпірлік – тозаққа жетелейді...

– Біз бұрын сақал сыйлайтын қазақ едік. Бүгінде сақалдың қадірі қашқан сияқты. Сақалдыны көрсек, тұра қашатындай болдық. Мұрт жоқ, сақал бар, болмаса керісінше. «Сақал текеде де бар» деп сақалдыны ашық кекетіп-мұқататын болды. Неге бұлай болды деп ойлайсыз?

– Сақал – ердің көркі. Сақал қою – сүннет. Қазақта оның – қырма сақал, қырықпа сақал, шоқша сақал, жақ сақал, иек сақал, қаба сақал, қау сақал, күйек сақал, теке сақал деген түрлері бар. Көрдіңіз бе? Қазақ бұрын соның бәрін қойып көрген. Бірақ бет-аузын түгел түкпен жауып, мұртын аузына түсіріп, сақалын беліне дейін салбыратып, Құдай жаратқан келбетін құбыжыққа айналдырмаған. Сақалға күтім, тазалық керек. Соның бәрін бағамдап, өз тұрмыс-тіршіліктеріне үйлесімді, сыпайысын ғана қалдырған. Оның сиқын бұздырмаған, саудаға салдырмаған. Керісінше:

«Бақпен асқан патшадан,

Мимен асқан қара артық.

Сақалын сатқан кәріден,

Еңбегін сатқан бала артық (Абай), – деп сақтандырып отыр­ған.

Бүгінде қысқа дамбал, ұзын көйлек киіп, қаба сақалдарын қалбаңдатып, зіркілдеп, зікір салып, зәреңді ұшыратындар көбейіп кетті. Бұл – жат ағымдардың албастылары. Сақалдың қадірін көтеріп жүргендер солар. Сөздерінде мән, кейіптерінде сән жоқ, түбіне иман емес, сайтан ұялаған ондай сақалдың керегі не?

– Сонымен сақалдың дінге қатысы жоқ қой..

– Сақалдың дінге мүлде қатысы жоқ. Қазақ үшін ол – көрік, сапа (Атасақал), құрмет! Жастарымыздың жүзіне жарасатын, қарттарымыздың қадірін көтеретін (Ақсақал) сыпайы сақал болса, қанеки.

Дін – тіршіліктің тізгіні. Дінсіздік – дымсыздық дейміз. Сіз не дейсіз?

– Иә, дін – адам өмірінің әміршісі. Дінсіз адам – діңсіз жапырақ, дымсыз топырақпен тең. Онда сыйынатын тәңір, сүйенетін сенім, ілесетін үміт, қадірлейтін құндылық жоқ, тойса семіретін, сойса – көнетін, айдаса жүретін, байласа тұратын хайуанмен тең. Біз 300 жыл бодандықта малғұндық күн кештік. Бұл да болса Жаратқанның сынағы еді.

Ақыры, сол Құдайсыз қоғамды күнәға батырып-батырып, аспаннан тас жаудырмай, жерден оба қаптатпай, оқ аттырмай, өрт алдырмай, өзін өзіне құрттырды. Құдірет деген осы.

Толстойдың, Иван Буниннің, Пушкиннің, Америка ұшқышының, т.б. осындай алыптардың исламға бет бұруы нені аңғартады? «Құранда «бал арасының қанатында шиша-шынының құрамы бар» деп жазылыпты. Құранның осы жері дұрыс емес, басқасының бәрі дұрыс» деп Американың бір ғалымы кезінде жазды. Бірақ ол терең зерттей келе, арада бір оншақты жылдан кейін араның қанатында шын мәнінде шынының құрамы бар екендігін мойындады. Бұл туралы әлемдік баспасөзде көп жазылды. Осы не құдірет, аға, мұнда қандай хикметтер бар?

– Оның бәрі Құранда айтылған. Алла жаратқан денелерде артық мүше, керексіз деталь жоқ. Тіпті, қалың түктің әр талының атқаратын қызметі бар. Араның қанатындағы айна да солай. Мейлі, ол сиырды айта ма, түйе туралы әңгімелей ме, араны, өрмекшіні, құмырсқаны мысалға келтіре ме, бәрін ғибрат үшін айтады.

Ал, теңізді сүзіп жүріп, маңдайы тұзға тиген мұхиттанушыны естен тандырған хикметтің анықтамасы Құранда: «Біз бір теңіздің суын екіге бөліп, араласпайтындай етіп перде қойдық» деп айтылған.

Құран Алланың сөзі. Оның құдіретінде шек жоқ!

– Ойыма бір сұрақ оралып отыр. «Құранның ғаламаттары», «Құранның таңғажайыптары» деген кітап бар ма екен? Жоқ болса, неге сіз осындай жинақ шығаруды қолға алмайсыз?

– Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Хадистерінің бәрі осы ғажайыптарды түсіндіреді. Одан басқа шет, жат діндердегі ғұламалардың айтқандары мен жазғандары қанша! Жинаса әлденеше томды толтырар еді. Менің оған мұрсам қалған жоқ. Бұл енді дінтанушы жастардың атқарар жұмысы. Жұмысы ғана емес – міндеті!

– 1991 жылы бірнеше топтамалардан алынған хадистерді жинақтап, оны дарынды ақын Есенғали Раушанов аударып, мен ол кітаптың жауапты редакторы боп, артынан өзім демеуші тауып, Шымкентте жиырма бес мың тиражбен шығарғаным бар еді. Ол кітапты халыққа тегін тараттық. Жастарға керек болар Хадистер туралы айтыңызшы... Хадис дегеніміз не? Құранның насихатшылары кімдер болған?

– Хадис – исламияттың Құраннан кейінгі екінші кітабы. Пайғамбардың Мұхаммед (с.ғ.с.)-ның салауатты сөздері, үлгісі, тұрмысы, салт-санасы, парасаты, пайымы. Оны тағылым етіп тану, өсиет түрінде орындау, қағида етіп қолдану, даналық етіп дарыту – мұсылмандар үшін сүннет.

Әуелі сахабалар ауызша таратқан. Омар, Осман халифаттары кезінде жиналып, хатқа түсірілген, кітап етіп шығарылған. Тек, Имам Бухаридің бір өзі 16 жылда жүз мың Хадис жинап, тоғыз мыңын кітап етіп шығарыпты.

– Қазір көп адамдардан «суыма дұға оқып іштім» немесе «ауруымнан тез жазылуым үшін Құран аяттарын оқыдым» дегенді жиі еститін болдым. Бұл сенім бе, әлде шынымен де солай ма?

– Кәлам-Шәріптің шарапатты екі аты бар.

Біріншісі – ОҚУ (Құран (Иқра) – оқу деген сөз).

«Оқы! Бір түйір қаннан адамды жаратқан Раббыңның атымен оқы.

Оқы! Оған қалам беріп, тағылым таратқан ардақты Алланың атымен оқы!»

Бұл Жәбірейіл періште арқылы Мұхаммедке жіберілген алғашқы әмір. Құранның ең бірінші аяты. Мұхаммедті елші етіп тағайындаған алғашқы Жарлығы.

Иә, Құранның Алла бұйырған әмірі – оқу. Жалықпай, жаңылмай, жалтақтамай, ықыласпен, тілек тілеп оқу.

Екінші аты – ШИФА!

«Құранды мен мүміндерге Шифа, әрі рахым етіп түсірдім. Залымдарға ол дарымайды» («Исра» – 82-аят).

Осы туралы менде ұмытылмайтын бір естелік бар.

Бірде емделейін деп орталық ауруханаға кіре бергенімде, қарсы алдымнан академик Ақжан Машани шыға келді.

– Ақжан Машаниды Политехникалық института студент кезімде көп көрдім. Әлі көз алдымда басына қазақы тақия киіп жүруші еді. Иә, сонымен...

– Сәлем бердім. Мойнымнан құшақтап, сыбырлап, жоғарыдағы аятты арабша оқып, дем салды. Оны мен де білуші едім. Қайта өзім де оқып үшкірдім.

– Құрандағы ең ұлы дұға осы, – деді.

– Дұғаның үлкен-кішісі жоқ қой! – дедім.

– Олай емес, – деді. Екеуміз жетелесіп барып, дәліздегі диванға отырдық.

– Парсының әлемге әмірі жүретін патшасы Мұхаммед Салмани қатты ауырыпты. Не бір дана дәрігерлердің дауасы қонбапты. Сонан соң Ибн Синаны алдыртыпты. Ол да ештеңе жасай алмапты. Патшаның шипасы бітіпті. Ибн Сина да әлсіреп, қалжырап жатып қалғып кетіпті.

«Тұр орныңнан. Ал дәретіңді. Оқы намазыңды. Бар да «Исраның» 82 аятын оқып, дем сал патшаға!» – деген аян келіпті Алладан.

Тұра сала аянда айтылғандарды орындап, жоғарыдағы аятты үш қайтара оқып, дем салыпты. Патша оңалып, тағына отырыпты.

– Қане, әулие, ақыңды ал, – депті патша. Дәрігер басын шайқайды.

– Қазынаға кір. Қап-қап алтын ал!

– Жоқ, – дейді дәрігер.

– Патшалықтың жартысын берейін! – десе де көнбейді.

– Енді не керек?

– Биыл 63-ке келдім. Пайғамбар жасынан асқан соң, мына күнәһар жер бетінде жүрмеймін. Қылуетке түсем.

– Онда жер астынан сарай салдырайын.

– Жоқ. Жер астындағы кітапханаңызда қызмет етуге рұқсат етіңіз!

Мұхаммед Салманидің жер астында әлем жауһарларын жинаған ұлы кітапханасы бар екен. Оған ғұламаларын екі айттың үш күнінде ғана түсіріп, одан соң жауып тастайды екен.

Ибн Сина сол күні қылует-кітапханаға түсіп, бар мұрасын 23 жылда жазып шығыпты.

Аллаға сыйын,

Аллаға сүйен!

Жарылқайтын да,

Жазалайтын да,

Жан дүниеңді тазалайтын да,

Ол сенің Иең!

Шифа – Құранның екінші аты!



«талақты» қазақ керек еткен жоқ


– Қарсы болмасаңыз, енді әңгімемізді ұлт құрамына қарай бұрсақ. Айтқаныңызды ұрпақ естіп, жазып алғанымыз бізге олжа болсын.

– Айтайын. Қазақтың ұлттық құрамында мен білетін жиырма төрт саты бар. Олар – ұлт, жұрт, ұлыс, арыс, жүз, тайпа, ру, түп ата, тек ата, жеті ата, бергі ата, әулет, баба, ата, әке, бала, немере, шөбере, шөпшек, шебелек, туажат, жамағайын, жат.

Ұлт – тегі, тілі, салты, сенімі, кәсібі, жері, ұраны бір тайпалар құрамасы.

Ұлыс – сол ұлттың өздерін өздері билейтін дербес тобы.

Арыс – ұлысты құрайтын, тегі бір атадан тарайтын топтар (Ұлы жүз – 12 арыс, Орта жүз – 7 арыс ...)

Тайпа – бір атадан тараған әулет басы.

Ру – өзін-өзі билеудің төменгі сатысы. Ру атануы үшін – туыстық жүйесі жеті атадан асуы, бірыңғай өріс-қонысы болуы, ең бастысы – елді ұстайтын ұлығы, сөз ұстайтын биі, ту ұстайтын батыры, руын асырайтын байы болуы керек. Осы шарт толғанда ғана өріс-қонысын бөліп, ен-таңбасын белгілеп, ұранын, туын бекітіп, ру дәрежесін береді. Одан әрі тармақтарға, жіктерге, тайпаларға тарауланып кете береді.

– Қазір жастар шариғат талаптарымен үйленгенімен, ажырасып кетулері көп болып жатыр. «Талақ» деген сөзді желеу етіп, оп-оңай ажырасатындар аз емес көрінеді. Мұны қалай түсінуге болады?

– Талақ – Құранда айтылады. Ерлі-зайыптылар арасында келіспейтін кермарлық, кешірмейтін (зинақорлық) күнә болса, «Талақ» үкімі қолданылады. Тек, оны ары жаны таза үш куәгер дәлелдеуі керек.

Отбасылық өмірде куәгерліктің маңызы өте зор. Тек талақ емес, неке де куәмен бекітіледі. Бала кезімде неке қиярда үш адамның Құранға қолдарын қойып:

«Куәдүрміз, куәдүрміз,

Куәлікке жүрәдірміз.

Бұл күнде халық қасында,

Махшарда халық қасында,

Ақ куәлік берәдүрміз!» – деп, куәландырғанын көргенім бар еді. Ал, талаққа куәлікті көрген де, естіген де емеспін. Өйткені «талақты» қазақ керек еткен жоқ. Ал, Алла атымен куәланған неке – берік неке.

Неке – ең қасиетті нәрсе. Қазақ оны берік сақтаған. Тіпті, жесірдің өзін жатқа жібермей, өлген күйеудің жақындарына (әмеңгеріне) қосып отырған. Оған көнбегендерді «Ерден кетсе де, елден кетпейді» деп, сол елдің жақсы адамдарымен жұптастырып отырған. Қазақ жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған.

– Қазіргі хал қалай? Қазір ешнәрсеге де көнбейтін болдық ғой. Көндіруге тырысып жатқандар да шамалы...

– Қазіргі хал Харап (М.Дулатұлы). Жетімді жебегенді қойып, ұрықты іште тұншықтырып, қоқыста шырылдап жатқан шараналарға шімірікпейтін халге жеттік. Жатырын сатып жүргендердің күнәсін «жаһандануға» жаба салатынды шығардық.

Біздің ұлттың үрдісінде бұрын болмаған, талақ айтпай-ақ «ажырасу» жаппай етек жайып бара жатыр. Жетімдер, қарттар үйі қаптап кетті. Бұл біздің парасатымыз ба, әлде парықсыздығымыз ба?

– Ең әуелі бұл – заманның зауалы. Тағы бір жағынан қоғамның, әлеуметтік гуманизмнің көрінісі. Жасыратын несі бар, қазір ұл адал жар табудан бұрын мал табуды, қыздар күйеу тапқаннан бұрын пұл тапқанды ойлайды. Ұл байдың қызына құмартады, қыз қалталы ұлға ынтызар. Танысады, табысады, жұғысады. Амалын тауып үйленеді. Махаббатсыз көңіл тез суиды. Енді ажырасады. Бір ажырастың не, он ажырастың не, еті үйренеді. Күлге «аунаған» көкек қыздар «көбелегін» көң қоқыстың арасына саңғып тастап кете береді. Безбүйрек балалар қартайған әке-шешелерінен безеді. Адамгершіліктің ырғағын бұзып алған қоғам енді қайтеді. Көрер көзге әйтеуір, жетімдер мен қарттар үйлерін ашып, өз бидайларын өздеріне қуырып беріп, дәрменсіз жандарды жарылқап жатқан түр байқатады. «Егер закон қолымда болса, адамның мінезін түзетуге болмайды дегендердің тілін кесер едім» – демеп пе еді дана Абай. Ішің қыж-қыж қайнайды-ақ!


«Балдай батып, судай сің!»


– Исламда махаббатқа көзқарас қандай?

– «Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй сол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және Алланың ісі деп әділетті» (Абай).

Махаббат, Ғашықтық, Құмарлық – үш нәрсе.

Махаббат – Алланың адамға ғана арнаған ұлы сыйы. Ол сенің адамдық сипатың. Жаның, жүрегің, сезімің, санаң, ақылың, үмітің, арманың. Ол Алланы, адамзатты, әділетті, ата-ананы, отбасын, Отанды сүюден басталып, жаратылыс­тың бәрін аялаумен жалғасады. Жар сүю де соның біреуі.

Ғашықтық – аса ләззәтті сезім. Жан құрбан құштарлық. Үнсіз ұғысып, тілсіз түсінісетін түйсік. Абайша айтсақ:

«Ғашықтық тілі – тілсіз тіл,

Көзбен көр де, ішпен біл.

Сүйісер жастар қате етпес,

Мейілің илан, мейілің күл».

Ғашықтық бар адамның басынан ашыла да, ашылғаны қосыла да бермейді. Өз басым эпостарда болмаса, өмірде ғашық болып қосылып, бақыт құшқан жандарды көрген жоқпын. Ғашықтар тағдыры қасіретпен аяқталып жатады (Қыз жібек – Төлеген, Қозы Көрпеш – Баян сұлу, Еңлік – Кебек, Қалқаман – Мамыр, Салих – Сәмен...).

Құмарлық – ашылған аран, нысапсыз нәпсі. Елпілдеген ебелек, неке бұзар найсап (өмірге, білуге деген құмарлық басқа).

Отбасының, ерлі-зайыпты тірліктің ұйытқысы – махаббат. Тек, теңіңді тап, таңдап қосыл. Сұлуға сұқтанба, байлыққа бас ұрма.

«Сүйіп алған сұлудан –

Таңдап алған текті артық».

Сезім мен ақылдың тізгінін тең ұста. Махаббат сені өзі табады. Отбасының жылуы, құндақтағы құлыншақ ешқайда жібермейді.

Қазіргі махаббаттың аты ақша, заты зымыяндық. Жоғарыда да айттым.

«Махаббатсыз дүние бос –

Хайуанға оны қосыңдар»

(Абай).

– Таяуда Түркістанда өткен бір тойда асабаның «қазақта құдалықтың қырық түрі болған» дегенін естідім. Осы рас па?

– Асабалар айтқыш қой. Бәлкім солай шығар. Менің білетінім – оннан аспайды.

– Ол да аз емес қой. таратып айтыңызшы!

– Өзім білетін бірнешеуін атайын.

Бел құда – бала бітпей жатып, белдегі балаларға құдаласу. Бұл бел құда –Қарабай мен Сарыбай екеуі аң аулап жүрген уақытта беліндегі баласына құда болып қойған.

Бесік құда – бесіктен белі шықпаған бөбектерді атастыру.

Тектік құда – тектінің қызын таңдап, тауып құдаласу.

Туыс құда – сүйек жаңарту. Нағашы жиендерге құдаласу. «Су сүзілмейді, сүйек үзілмейді» деген мақал бар қазақта.

Сүйген құда – екі жастың бір-бірін сүйіп қосылуы.

Қарсы құда – екі құданың қалыңсыз қыз айырбастауы.

Нәсіл құда – қыздарын қарашаға қимай, өз нәсілдеріне ғана беретін ақсүйек, төре, қожалар құдалығы.

Барымта құда – кеткен кегі, барымталанған малы үшін құныкердің қызын ұрлау.

Бітім құда – араздасқан екі жақтың құдаласып, татуласуы. «Судың түбін шым бекітеді, даудың түбін қыз бекітеді» дейді қазақ.

– Мәшһүр Жүсіптің жиырма томдығы ақын Ғалым Жайлыбай арқылы қолыма тиді. Сонда «Үш нәрсе тұрған орнында тұрып, тұрған орнына сыйымсыз: Бірі – өлген өлік, бірі – отбасындағы күл, бірі – бойжеткен қыз» деген екен. Қыздарымыздың барған жеріне судай сіңіп, тастай батуына не кедергі болып отыр деп ойлайсыз? Қыздарымыздың шыққан жеріне сыймайтыны белгілі, өз беттерінше «жол» салып, жеке отау болып кетті ғой.

– Күл шығарылады. Өлік көміледі. Қыз ұзатылады. Өкініш те, түк те емес. Өмір шындығы. Аксиома.

Ал, ұзататын қызға беретін батаның бірінші сыңары тілек.

«Қара тастай қатып қал,

Қара суға батып қал», – деген қарғыс. Суға лақтырған тас тұңғиықтың түбіне түсіп, батпаққа батып қалады. Ондай келін кімге керек?

Дұрысы – «Балдай батып, судай сің!»

Яғни, «барған жеріңде бал болып батып, дәм болып дары, су болып сіңіп, нәр болып суар, нәсіл болып қосыл», – деген тілек.

– Көңіліме қыздардан құрық ұстап қалатын дәрежеге жеткен жоқпыз ба, деген күдік келіп жүр. Оқуға кеткені кері қайтпай жатыр. Қытай құдалар көбейіп барады. «Қыздарды оқуға жібермейік, жатқа күйеуге бермейік, көнбесе азаматтықтан шығарайық» деген шу шығып жүр. Осы дұрыс па?

–Дұрыс емес. Қызды оқытпасаң, қорлағаның. Күйеуге бермесең – құқын таптағаның. Азаматтықтан шығарсаң – жазықсыз жазалағаның.

«Қыз – жат жұрттық». Жақын мен жатты жанастыратын, ел мен елді таныстыратын дәнекер. Алысқа кетсе, атсабылтып баратын өрісің. Өсіп кеткен өркенің. Қайда жүрсе де ұрпағың.

Өркениетті елдер шетте жүрген ұлдарды қойып, қыздан туған жиендерге дейін жіпке тізіп отырады. Бұл демографиялық саясат, эмиграциялық үрдіс.


Қанағаттан айрылсаң,

тойымсыз топастық иектейді


– Қазақта бұрын қайтыс болған адамның мәйітін екі-үш, тіпті одан да ұзақ сақтайды екен. Қазір неге қара жердің қойнына тапсыруға сонша асығады? Содан соң, «Аманат қою» деген қандай жоралғы?

– Кім болса да туысын «өлдіге» қимайды. Қазақ тіпті сондай халық. Екі-үш күн қоштасады, қайтіп келмесіне көз жеткізіп, көңілдерін суытады. Көз жұма сала көмсе, «құтыла алмай жүр екен» деген сөзге қалады. Екіншіден, қазақ көшпелі халық. Бірі ойда, бірі қырда, бірі қыстауда, бірі жайлауда жүреді. Малын айдап, базарға кетеді. Алыс жақында құдандасы, ұрпақтары болады. Қайтыс болған адам соларды тосып жатады деген ұғым болған. Тоспаса, рух риза болмайды әрі ағайындардың өкпесіне қаламыз деген. Сонда ат сабылтып, хабар жеткізуге, олардың артынып-тартынып келуіне уақыт керек болған. Өлі дене қалыпты (салқын) жағдайда екі тәулікке шыдайды. Одан әрі бұзылмайтын жағдай жасайды. Қыста сақтау тым қиын емес. Ал қазір жағдай басқа. Жоралғының бәрін бір сәтте жасай алады. Бірақ адамның қайтыс болғанына көзі жетсе, оны көп сақтаудың қажеті жоқ. Араб елдері қазір де жарты тәуліктен артық сақтамайды.

«Аманат қою» – үркін-қарқын, көші-қон тағы сондай қысыл-таяң жағдайда бір жерге «аманат» қойып, кейін ата-баба қорымдарына апарып қайта жерлейді. Баяғыда қыстың қатал бір жылында бір жас жігіт азын-аулақ малын отарда сақтап, көктемде шұбыртып қайта айдап келе жатқанын көрген байдың баласы:

– Ассалаумағалейкум, шұбырынды ақтабаным! – дейді мазақтап.

Уағалейкумассалам, әкесін сүрі қылып қақтағаным,– депті. Сөйтсе, байдың бар малы жұтап, өзі де қайтыс болған екен. Қатты аязда ешкім жиналмай, жер қаза алмай, байды киізге орап, қыстай шошалада сақтапты...

Гогольдің қабірін қайта ашқанда киімі дал-дұл жыртылып, өзі теріс қарап қалыпты дейтін сөз бар. Бұған не дейсіз?

Гогольді естіген емеспін. Бірақ бұл аңыздарда көп айтылатын, өмірде де кезігетін жәй. Медицинада «клиническая смерт» деген (шала өлім) құбылыс бар. Мұны анықтамай, медицинада көз жұма сала көмдірмейді. Ал қазақ оны екі-үш тәулікке дейін сақтап, жанның шыққанын анықтап барып жерлейді. Гоголь жарықтықты сол клиникалық өлімі жағдайын тоспай жерлеген шығар.

Құрамында марқұм Жәнібек Кәрменов және Қапаш Құлышева, Жанар Айжанова, Ерік Асқаров бар, Нұрғиса Тілендиевтің «Отырар сазы» ансамблін алып, 1990 жылы Түркияға барып, бір айға жуық сондағы қазақтардың көңілін көтеріп, мұңдасып, танысып, табысып қайттық. Анкарадан Стамбулға қайтар жолда бауырында бұлттар жататын Боло деген ұлы таудан өтіп келе жатып, бір тұста Көроғлының зираты жатқанын естідік. Естідік те сол тұсқа тоқтап, құран оқып, бата жасадық. Асқар деген домбырашы жігітке «Көроғлы» күйін тартқыздық. Айнала күмбірлеп кетті. Әп-сәтте адамдар толып кетті. Қалың тұманнан көрмеппіз. Ауыл бар екен. Жарты сағат соларға концерт көрсеттік. Түріктер, әсіресе, домбырамен ойналған «Көроғлыға» қатты таң қалды.

1991 жылы Президентіміздің алғашқы сапары Түркиядан басталды ғой. Сол сапардың құрметіне арналған Түркияның мемлекеттік концерті шымылдығын өздері емес, біздің дәулескер күйшіміз Қаршыға Ахмедияров «Көроғлы» күйімен ашты. Қара домбыраның күмбірімен тік тұрған қалың түріктің қошеметі біразға дейін басылмады. Сөйтсек, «Көроғлыны» түріктер өздеріне балайды екен. Ал ол жалғыз түрікке немесе түрікменге, әзірбайжанға ғана емес, бүкіл түркі халқына ортақ қаһарман, ортақ эпостық тұлға ғой. Бүкіл өмірін парсылармен күреспен өткізіп, көз жұмған сол Көроғлы Қызылбастар қырғынында қаза тапқан ананың құрсағынан қырық күннен кейін қабырда туыпты деген әпсана бар. Ал мұндай оқиғалар «Мың бір түн» мен «Бақтиярдың бұтақтарында» құдіреттің хикметтері түрінде сипатталады. Әсет Найманбаевтың «Шәкір-Шәкірат» қиссасында у құдықтың басында жылан шағып өлтірген Шәкіраттың денесін әлде бір кезде Меккеге бара жатқан ерлі-зайыпты қарттар Хаққа жалбарынып тірілтіп алса, «Салиха-Сәмен» қиссасында патша жасақтары өлтіріп, үңгірге тастап кеткен Сәмен батыр да төрт тәуліктен кейін қайта оянады. Жалпы жүрек тоқтаса да, адам денесінде жанды сақтай алатын потенциал (мүмкіндік) болатынын ғылым да жоққа шығармайды.

– Қазір әркім-ақ жеті шелпек пісіріп, дұға оқып, тілектерін өз тілінде айтып жатады. Сол дұрыс па? Сонан соң осы «жеті» саны қайдан шыққан?

– Жеті – қазақта киелі сан. Меніңше, ол тегіннен тегін қасиет етілмеген. Өйткені, көп нәрсенің сипаты жеті санымен саналады. Жыл айдан, айдан апта құралса, апта жеті күннен тұрады. Демек, жылдың басы жеті күн. Нұрдың түсі жетеу. Үн жеті ырғақтан тұрады. Денедегі сезім мүшесі де, имани сенім де – жетеу. Көк жеті қат, жер жеті қат. Нәсілдің асылдығы жеті буынмен (жеті ата) өлшенеді. Әулие – жетеу, қазына да жетеу. Жоқ – жетеу, жетім – жетеу, Наурыз көже жеті дәмнен жасалады. Тіпті, тұсауын кескен баланы да «жеті ықылым жерді арала, жеті жұрттың тілін біл» – деп, әуелі жеті қадам жасатады. «Жеті шелпек те» – соның біреуі.

– Бұл туралы Құран Кәрімде айтыла ма?

– Құран Кәрімде «Алла Тағала он сегіз мың ғаламды алты күнде жаратты да жетінші (жұма) күні Ғарышты меңгерді» деген аят бар. Әкем марқұм бір кезде Міржақып Дулаттан дәріс алғанын айттым, Медресені де тауысқан, ескі жаңаға бірдей жан болғанын жоғарыда айттым. Осы «жетілер» жоралғысы қайдан шықты дегенге Құрандағы жоғарғы анықтаманы айтып, мұнда әрі табиғи тағылым әрі дүниеуи дәстүр бар деуші еді. Жетілер ұғымын мен де солай түсінемін.

Ал оны қай күні пісіресіз, ол сіздің еркіңізде. Негізі жұма күні дұрыс. Кімге, неге арнайсыз, тілекті қай тілде айтасыз тағы өзіңіз біліңіз. Тек ниетіңіз түзу, тілегіңіз ақ, сеніміңіз мықты, жүрегіңіз таза болсын. «Жақсы сөз – жарым ырыс». Алла атымен жасаған ырым да қырын кетпейді.

– Адамда «өзін-өзі табу» дейтін бір күрделі құбылыс бар ғой. Біздің өзіміз де басымызды тауға да, тасқа да ұрып көрдік. «Ақын боламыз, шабыт шақырамыз» деп, шарап та іштік. Қазір бұл тағдырды сырттан іздейтіндер көбейіп кетті. Сонда оны қайдан, қалай іздеуге болады?

– Иә, бұл тым күрделі құбылыс, өмір бойы үзілмейтін үрдіс. «Еңбектеп өмірге енесің». Ата-ананың мейірімі, аға-бауыр­дың ынтымағы, айналаның аялауы, отбасының жылуы кәмелетке жеткізеді. Одан әрі кемел адамдықтың жорығы, өзіңді-өзің іздеу үрдісінен басталады. Көлденеңдеп пенделік пиғылдың, пәни дүниенің кедергілері шыға келеді. Данышпан Абай айтқандай, «Бес асылды игеру үшін, бес дұшпанмен» күресуің керек. Қанағаттан айырылсаң, тойымсыз топастық иектейді. Тәубеден жаңылсаң тағы болып кетесің. Кеудеңнен шүкіршілік көтерілсе, оның орнын күпірлік басады. Сезім мен төзімнің, жүрек пен бастың тізгінін тең ұстамасаң, тағы да адасасың. «Жүрек қасиетті-ақ. Бірақ ол – жеңілтек» дейді. Лұқпан Хакім: «Оны баспен басқару керек. Жүрекке салсаң сезімге тартады. Ақылға салсаң төзімге тартады. Сезім мен төзімнің тізгінін тең ұстасаң ғана кемелдікке жетесің!» Көрдіңіз бе, басқаны қойып, сезімнің өзіне тізгін керек екен. Демек, өзіңді өзің табам десең, ең әуелі өз бойыңдағы кінәраттармен күресуің, қағілездігіңді қалғытпай, сезіміңді сілкіндіріп отыруың керек. Өзін-өзі танымаған жан өзгені де танымайды. Онда сыйынатын Тәңір, сүйенетін сенім, ұлықтайтын ұлылық, қорғайтын құндылық та болмайды.

– Ал осы танымды сабылып сырттан іздейтіндерге не дейсіз?

Ол өзін іздеу емес, өзін-өзі жоғалту деген сөз. Қазақ оны бастан көп кешкен. Туған жерден үркіп те, қашып та, босып та көрген. Барған жерден бақыт таппаған. Керісінше, отансыздықтың отына күйген, сандалып, сағыныш кешкен, өкініп, өмірі өксіген. Қазақтың үштен бірі, әлі Атамекенге жете алмай, тоз-тоз болып, әр жақта жүр. Ұлылықты ұлтыңнан, ынтымақты ұйысқан ұлысыңнан ізде. Кеңдік керек пе? – далиып далаң жатыр. Биіктікке құмартсаң – күллі түркі кіндік кескен Алтайың, асқары аспанмен таласқан Алатауың тұр.

«Тауды бұзып, тас жарған,

Таза, мөлдір бал бұлақ.

Айна бетін аспаннан,

Аймалаған ай құлап.

Тұнығы шөл қандырып,

Тіліңді ала қашатын,

Самалынан әл кіріп,

Сарайыңды ашатын», – бал бұлақтан артық қандай тұнықтық керек. Сен өзіңді осыдан ізде. Тіліңді, дініңді, діліңді сақта. Әуелі, өзіңді танымасаң, өзгені де танымайсың.

– Қазір ел ішінде өздерін әулие санайтын сәуегейлер мен көріпкелдер, тамыршылар мен тәуіптер көбейіп бара жатыр. Солар шын мәнінде ұлтқа қайта оралған дәстүрлі данагөйлер ме, әлде далбасалар ма? Сіз соларға сенесіз бе?

Бақсы, балгер, тамыршы, емші, көріпкел, тәуіп дегендер бұрын да болған, қазір де баршылық. Адам әлеміндегі бұл да бірқилы құбылыстар. «Дауасыз дерт, жазылмас жара, шарасыз шырғалаң жоқ». Біреуге дерт жіберіп, оны біреуге емдетіп, біреуге бір нәрсені бүлдіртіп, енді біреуге жөндетіп, енді біреудің есін ауыстырып, тағы біреуге ақылымен қайта қауыштыртып қойған да Құдіреттің ісі. «Ей адамдар, сендер бірің артық, бірің кем (әр алуан сипатта) жаратылдыңдар. Осыдан ғибрат алыңдар» деген аяттар бар. Сол ғибрат үшін пенделерден ақыл-парасатын арттырып, Пайғамбарлар жіберді. Оларға да түрлі-түрлі мұғжизалар (кереметтер) дарытты. (Мұсаның асатаяғы, Жүсіптің түс жоруы, Исаның алапесті емдеуі, біреуге желді жетелетіп, енді біреулерге құстың тілін білдіріп қоюы сияқты). Болжамайтын болашақ, көрмейтін құбылыс, емдемейтін ауруы жоқ етіп, көкіректерін ілімге толтырып Қызыр әулиені, Лұхпан Хакімді әкелді. Нысандай абыз, Қойлыбайдай бақсы, Көкшедей әулие қазақта да аз болған жоқ. Бақсы-балгерліктің үнділерде «Нахидатизм», Тәңіршілдерде «Шаманизм» жүйелері, ғылымда «Телепатия», «Спритизм» ағымдары бар. Тек олардың бәрі адамзатқа бодаусыз қызмет етуге бұйырылған. Бұлдау – үлкен күнә. Өз басым қазіргі Алла атымен алақан жайып ақша сұрайтын, құжынаған құмалақшы, сарнаған сәуегейлерге, зіркілдеп зәреңді ұшыратын зікіршілерге сене бермеймін.

– Өзіңіз бақсының ойнағанын көрдіңіз бе?

– Нағыз бақсыны көрген жоқпын. Бақсы болып ойнағандарды білемін. Қазиқан деген құдамыз болды. Алты бақсының жынын шақыратын. Сарнайтын, зіркілдейтін, күбірлейтін. Қилы-қилы күйге түсетін. Қыза-қыза шаңыраққа шапшитын. Қызған темірді жалайтын. Жындарын қуып, жанталасатын. Бірде, тіпті, екі-үш күн толғатып, босана алмай жатқан балдызына базына жасап, бақсы болып келіп, «Кет бәлекет, босат қызды!» – деп ақырып, шымылдықтың етегін қамшымен ұрғанда бала «шыр етіп» жерге түсіпті. Бір ғажабы, осыдан кейін «бақсылықты» біржолата қойып кетіпті. Неге десе, «Мен бақсы емес, сайқымазақпын. Тұқымда ондай жоқ. Ойын­нан от шығып келе жатыр. Кейде өзімді ұстай алмайтын күй кешемін. Бүйтіп жүріп біреулердің обалына қалар жайым жоқ» дейді екен.

– Бұл қай жылдары...

– 1944-1945 жылы шекараның арғы жиегіндегі біраз елді Зайсан, Марқакөл аудандарына өткізіп, қытайларды бір жыл оқшаулап тастаған. Сол ағайындардың халін сұрап, көңілдерін көтеруге Қазақстан өнер қайраткерлері Ахмет Жұбанов, Күләш пен Қанабек Байсейітовтер, Манарбек Ержанов, Құрманбек Жандарбековтер барған. Қазиқанның қойып кеткен бақсылығын қолқалап отырып, солар ойнатты. Осы жаққа алып келмек болды. Бірақ үкімет рұқсат етпеді. Өтірік бақсының ойынын сонда көрдім.

– Ислам руханиятында Лұхпан айрықша айтылады. Ол Пайғамбар ма, әлде мифтік тұлға ма?

– Құран Кәрімде 25 Пайғамбар, төрт тұлға айтылады. Парасаты Пайғамбардан кем соқпайтын, сол төрттің бірі – Лұхпан Хакім. Исламият руханиятының, илаһи ілімнің ұлы насихатшысы, бүкіл тіршілігі – тағылым, бар ғұмыры ғибрат болған тұлға. Былайша, адамдықтың ең жоғарғы сатысы – Имани Кемал, инсани Кемалдық (имандық толықтық пен адами толықтыққа) бірдей жеткен ақыл иесі. Лұхпанның өз ұлына берген ақылы, қалдырған өсиеті Құранда айтылады. Сонымен бірге қарағаны қуат беретін, Алладан соңғы аса шарапатты шипагер болған. «Жаста қылған ғибадат – тасқа ойған таңбадай» дейді ғой. Менің де бала күнімде естіген бір хикметім есімнен кетпейді. Қызылдардың қысымына ерте түскен әкем дертке де ерте ұшырап, отырып қалған жан еді. Жаны сәл жадыраса бала оқытатын. Қол тоқпақтай ғана көрігінің тұмсығын шоққа тығып, ысылдатып үрлеп, темір қыздырып, бәкі-пышақ соғатын, күміс балқытып, жүзік, білезік жасайтын. Сынған шыны-шәйнектерді құрсаулайтын, жүрегі қысылғанда зәреміз ұшатын. Өзі қиналып отырып, бізді жұбататын. «Лұхман Хакімге жазылмайтын дерт жабысқан бір міскін келіпті» дейтін еді. Хакім қабылдамапты. Өмірден үміт үзген бейшара сүйретіліп келе жатып, айдаладағы бір жас отаудың табалдырығына келіп құлапты. Сиыр сауып жүрген келіншек жігітті сүйреп, төрге жатқызып, сауған сүтін күбіге құйып, екінші сауымға кетіпті. Өліп бара жатқан ауру аунап-қунап күбіге жеткенде сүт ішіп жатқан жылан жылт етіп ініне кіріп кетіпті. Жыланның тұмсығынан түскен сүт бетіндегі топырақты қасында тұрған қураймен арластырып- араластырып, сүтті сіміріп алады да, ұйықтап қалады. Құданың құдіреті, содан сергек оянып, секіріп тұрып кетеді. Жігіт Хакімге келеді. Хакім аң-таң. Жігіт бастан кешкенін баяндайды. – Сені емдеу үшін жеті жылғы қысыр сиырдың сүті, жеті жылғы қысыр жыланның уы, адам денесінің нәрі сіңген топыраққа өскен шөптің нілі керек еді, – депті Хакім. – Қысырдың сүтін де, өліктің нәрі сіңген шөпті де табармын. Жеті жылғы қысыр жыланды қайдан табамын. Сені алдарқатпағаным сол еді, – деген екен. Жігіттің жолымен айдаладағы отауға келеді. Сүт қысырдікі екенін біледі. Ендеше, анау жылан да жеті жыл жұмыртқаламаған. Енді қурайдың түбін қазса оның астынан адамның жамбас сүйегі шығыпты. – Қорықпаңдар, қарақтарым, – дейтін, осындайларды айтып. – Көрдіңдер ме, тіпті, Лұхман Хакімнің қолынан келмегенді Хақ Тағала айдаладағы жас отаудың отбасынан-ақ үйлестіргенін. Тек Алланың рахымынан күдер үзбейік!

– Шешем Айжамал немере апамыз келін болып түскенде, дастарқанда жаңғақ, кәмпит сияқты мәзір болмай қатты қысылған екен. Бір уақытта шаңырақтан бір қап жаңғақ пен бір қап кәмпит түсіпті, – деп өзі көргендей әңгіме ететін еді. Сонда бұл қалай болғаны? Жалпы жын-пері, жалмауыз кемпір, жезтырнақ, «үйдің иесі» дегендерге діни бір дәйектеме, пәтуа бар ма?

– Қожанасырдың бір күні ақша керек болып, «А, Құдай, маған дәл қазір тұп-тура 100 ділдә бер. Одан бір тиын артық берсең де, бір тиын кем берсең де алмаймын»,– деп күңіренетіні бар еді ғой. Соны естіген біреу Қожекеңді сынамақ болып, шаңырақтан 99 ділда түсірмей ме. Қожекең санайды да қалтасына салады.

О, Қожеке, әлгі бір ділда кем болса алмаймын деген антың қайда?– дейді ғой ақша иесі.

Е, Алла есеп білмейтін, сен сияқты надан деп пе едің. Ділда 99, сыртындағы қабымен 100 емес пе, – деп жүре беріпті. Сірә, той үстінде шаңырақтан түскен екі қап тәтті де сол сияқты біреулердің қитұрқысы болмаса, қазіргідей Құдайсыз қоғамда адам илана қоятын құбылыс емес сияқты.

Ал жын Құранда айтылады. Көзге көрінбейтін, ізі білінбейтін бір тылсым тұлға. Қиян кескі соғыстарда, апатты сәттерде, әділетті шаққа аяқ астынан шыға келіп, көмектесіп жүретін (Алланың әмірімен) жасақ түрінде айтылады. Мысалы, жоңғарлар жеңіп бара жатқанда аяқ астынан шыға келіп, жайратып тастайтын, «Мың баланың» жасағы сияқты. Пері, жезтырнақ, жалмауыз кемпір, үйдің «иесі» дегендер осы жынның мысалында, пенделерді пәлекеттерден сақтандыратын, қорқытып, қашық жүруді ескертетін мифтік тұлғалар. «Қорыққанға қос көрінеді». Егер өмірде әлдекім ондайды көрдім десе, ол психологиялық ауытқудың әлегі.

– Өлімнің артын күтудің бүгінде ұмытылып кеткен бір салты – «Тұлдау» жоралғысы. Оны қойып аза тұтудың мерзімін де сақтамай, жылдық асын ерте беріп, тез құтылып жатады. Жас жесірлер кейде аза мерзімін күтпей-ақ өз жолын тауып кетеді. Осы дәстүрді жаңғыртса қайтер еді?

– «Тұлдау» – қаралы үйде аза тұтудың ең басты жоралғысы болған. Ол ең әуелі адам қайтыс бола сала қара түндік жабумен немесе түндікке жалпақ қара бау тағудан басталады. Егер ол кісі батыр болса жабыққа қара найза тігеді. Жүкке (төсекке) қара жамылғы жайып, қайтыс болған адамның киімдерін іліп қояды. Әйелі қара жамылғы жамылады. Мырзаның (батырдың) бәсіресінің кекілін күзеп, құйрығын қысқартып ешкімге мінгізбей қоя береді. Көшкенде ердің ерін ерттеп, оның үстіне ең кәделі киімін жауып, жетелеп жүреді. Қырық шырақ жағулы тұрады. Егер ол кісінің туыстары көп болса, қырық күн бойы ертелі-кеш үн қосып, жоқтау айтысады. Ауқатына қарай жыл бойы қазан оттан түспейді, дастархан жиналмайды. Бата оқитындар үзілмейді. Осыған қарап қазақта «қарның ашса қаралы үйге шап» деген мақал осыдан қалған. Аза марқұмның жылдық асымен аяқталады. Ұлы тұлғалар үшін ұлан байтақ елге сауын айтылады. Ең беделді адамдардан астың алқасын сайлайды. Аста алалық болмау үшін оны басқа рудың беделді адамы басқаруы да мүмкін.

Ең әуелі келетін адамның санына қарай аса көркем, кең қоныс таңдалады. Бір аптадай ілгері ту бие сойып, ошақ майлайды. Осыдан екі жүз жыл бұрын біздің бабамыз Жұрсын байдың асы берілген Қара Ертістің оң жақ алқабы қазылған ошақтың санына қарай қазірге дейін «Қырық ошақ» аталады. Одан соң абыз-ақсақалға бата жасатып, қаралы атты бауыздатады, астың малын соя бастайды. Қаралы үйде соңғы жоқтау айтылады. Хатым оқылады. Қара түндік ауыстырылады, қара найза түсіріледі, қара жаулық шешіледі.

Ұлы астар он-он бес күнге созылады. Астың соңы тойға ұласады. Аламан бәйге жіберіледі. Алып балуандар күреседі, тіпті ақындар да айтыстырылады. Бұл аза осымен аяқталсын, қам көңіл қайта көтерілсін, сезім сергісін, той басталсын дегенді білдіреді. Сабаларын артып, сойыстарын айдап, жүйріктерін жаратып, балуанын баптап, ақындарын үкілеп келген асшылар, аттарының бәйгесіне, балуандарының ұтысына, ақындарының жеңісіне тигендерін қайта айдап қайтады. Асқа арналған, сауынға келген мал қайта үйірге қосылмайды. Жоқ жітікке таратылады. Қабанбай батырдың алтыншы ұрпағы Сүлеймен бидің асына әкелген қашқар ұйғырлары мен Бұхара өзбектерінің керуен-керуен торғын, торқаларын түгел сатып алып, асқа келгендерге таратып беріпті. Менің Қытайдан бір тұста келген досым, бір мезгілде университетте оқыған курс­тасым, парасатты педагог, жалынды ақын, жақсы жазушы Аманжан Жақып мұны егжей-тегжейлі жазған. Даңқы бұдан да асып түскен Сағынайдың, Бөжейдің т.б астарының дәрежесін енді өзіңіз ойлай беріңіз...

– Астан соң қандай шаралар жасалады?

– Жас жесірлерге ерік беріледі. Әмеңгерлік аясында таңдау жасатады. Ұрпақтарға мұра белгілейді, қамқор тағайындайды. Жесірді қаңғытпайды. Жетімнің ақысын жегізбейді.

– Қазір осы дәстүр үзіліп қалған жоқ па?

– Құдайға шүкір, бәрі бар. Қаралы үйді қазір де қайғы басып тұрады. Еркектер қара белбеу байлайды, әйелдер қара жаулық жамылады, қайтыс болған адамның суретіне қара жиек тағылады. Яғни, жоралғылар жасалып жатады. Мүмкіндігі барлар қазір де бір малын жолға арнап жіберіп жатады. Арулаусыз қалған қай аруақ, атаусыз қалған қай рух бар? Қарқаралы хандарымыз бен ұлы билерімізге, батырларымыз бен аруақты ата-бабаларымызға беріп жатқан астарымыз Сағынайдың асынан кем бе? Тіпті Абай сықылды алыптарымыздың аруағын әлемге сыйлатып, ЮНЕСКО-ға да аза тұттырып жүрміз. Осының қайсысы Сағынайдың асынан кем. Аруақтарды бұлай атағанды қойып, әкесінің жаназасына қатысқан адамды соттап жіберген Құдайсыздық кеше ғана басымыздан өтпеп пе еді? Құдайсыздықты құрықтатып, тәуелсіздікке жеткізген Жаратқанға тәубе дейік. Алла енді тәубеден жаңылдыра көрмесін.


Моланы жаңғыртса – өлім шақырады


– Анам ертерек дүние салды. Осыдан жүректе айықпайтын, жазылмайтын мұң қалды. Түркістанның іргесінде Бабайқорғанда басына күмбез орнатқанбыз. Әкем тоқсанға келіп, былтыр қайтыс болды. Елден қалмайық деп басына күмбез тұрғыздық. Сырты тозып қалған анамның күмбезін ақ кірпішпен қайта қаптатып, жаңартқым келеді. Шариғатқа сия ма осы ойым?

– «Моланы жаңғыртса – өлім шақырады» деген ұғым болған қазақта. Ол тыйым емес, ырым. Моланы жаңғыртқанды қойып, сүйекті көшіріп те жатады. Ол енді өз еркіңіздегі шаруа. Ал моланың басына қара жерді қайыстырып күмбез орнату – шариғаттың бұйрығы емес, адамдардың бәсекесі. Құранның құптайтыны өлген адамға көметін жер мен кебін сатып алу ғана. Көмуге қатысу – мұсылманның парызы. Керек десеңіз, өлім шыққан үйде ас жасатып, тамақ ішіп отырмайды.

Күмбез тұрғызу – марқұмның өзіне бұйырмаған ризығын далаға тастау деп есептеледі. Өйткенше сол қаражатқа мешіт тұрғыз, көпір сал, жол жөнде. Жетімдер үйіне бер. Аруаққа сол – сауап.

Әр жыл сайын Меккеге миллиондаған адам ғибадатқа барады. Мыңдап-мыңдап қайтыс болып жатады. Соның бәріне күмбез тұрғыза берсе, бүкіл Сахараға сыймас еді ғой. Сондықтан мәйітті ақ-арулап жерлейді де, басындағы қалақтай ғана қара тасқа аты-жөнін жазып қояды. Мәлім уақыттан соң оны да сыпырып тастап, басқаларды жерлей береді. Марқұмның аты-жөні кітапқа тіркеледі.

Ертеде бір байдың күмбезінің маңына жерленген әкесінің басына келіп бір жарлы жігіт аят оқып отырыпты.

– Әкесінің басына күмбезді қойып, зират тұрғыза алмаған сені де балам бар деп кетті-ау, анау шал, – депті күмбездің табалдырығында тұрған бай баласы мазақтап:

– Оқасы жоқ. Сенің әкең мынау алтын-күмістің астынан шығам дегенше, менің әкем рухтанып, ұжмағында отырады, – депті жарлы жігіт.

– Қайтыс болған адам туралы төңірекке хабар жібереді, сауын айтады, нәзірге шақырады, ошағын майлайды. Соның бәріне жақын жұраттар құр қол келмейді. Осы өлімді сылтау етіп, жылу жинау емес пе және бұлар қалай ата­лады?

«Қаза ортақ, той ортақ» дейді қазақ. «Кісілігіңді торқалы тойда, топырақты өлімде көрсет» дейді. Бұл екеуінен ешкім қашып құтыла алмайды. Сондықтан құр қол келмейді. Біреу қойын өңгеріп, енді біреулері тай-тұяқтарын жетелей келеді. Мұның аты «бата оқыр», «ақтық» деп аталады. Жылу емес, жанашырлық, парыз емес, қарыз деп біледі.

Қара Ертістің Қазақстанмен қиылысқан тұсы. Шеңгелдіқарын түбегі. «Қашқындар мен босқындардан» құралған 1-15 үйлік жарлылар жатағы. Мұндағы ең ақарлы-шақарлы – біздің үй. Үйелменді-сүйелменді алты баламыз. Әкеміз ауру. Жан сақтап жүрген жалғыз ағамызды шекараға таяу тұста алтын қазып жатқан жерінен орыстар ұстап әкеткен. Бір бұзаулы сиыр, үш лақты ешкіміз бар. Бірақ аш болмаймыз. Ауыл азаматтары тапқандарын тамаққа салады да, ешкім тарықтырмайды. Өзі дімкес әкем үлкен ұлының қасіретінен күрт құлап, 1941 жылдың 21-маусымында (бұл жақта соғыс басталардан бір күн бұрын) көз жұмды. Бүкіл ауылдағы екі ат Шәміл атамның жіңішке жирені мен Бұқат жездемнің дүбір аяқ шабдарын мініп, хабар айтуға кетті. Жазда ат ізі түспейтін түбекке «Ой, бауырымдаған» ағайын толып кетті. Әлгі орыстар ұрлап кеткен Мақсұт ағамның қайын атасы Сәдуақас құда киізі қоңыр­қайлау, жаңа үй әкеліп тікті. Аулада 10-15 қой көгенделіп, желіге 4-5 тай-тайынша байланды. Маған тетелес Гүлжиһан деген әпкемді баласына айттырған Еңсепбай құда сойысқа 15 қой, сауынға бір сиыр әкеліп, бөлек қамап кетті. Ділі қатты, дінге берік, ешкімге иілмейтін, ешкімге мүсіркетпейтін сол Еңсекеңнің:

– Неге асықтың, Қыдырхан! Гүлжиһан мен Ғаділбектің тойына кімді шақырамын, отауының төріне кімді шығарамын. Мен де жетім құда болып қалдым-ау, – деп жұртты түгел жылатқаны әлі есімде.

– Өлім қайда барасың?

– Сынға барамын.

Байдың малын шашамын,

Кедейдің артын ашамын, – дейтін қазаның ауырлығын «Торқалы той, топырақты өлімде» жұрт болып жұмыла көтеріп кетеді екен. Сәдуақас құда түндігін көтеріп тігіп кеткен қоңырқай үйдің белдеуінен үзілмеген көңіл айтушылар да, Еңсебай құданың ақтығы мен басқа да жекжат жұрттардың «бата оқырлары» жетіп жатты.


ЖОРЫҚШЫНЫҢ ТАМАҒЫ


– Жазушы Жекен Жұмаханов ағамыз жөнінде деректі фильм түсіріп жүргенімде, сол кісі екеуіңіздің бір ұлттық тағам жөніндегі әңгімелеріңізді құлағым шалып қалғаны бар еді. Соны еске сала аласыз ба?

– 1972 жылы Қарт Алтайдың қоңыр күзіне көзді суарып алып, Марқакөлден Зайсанға бет алғанмын. Қалжыр мен Қара Ертістің құйғанындағы «Боран» паромының үстінде Жекен ағамен жолықтым. Екі аяқ, бір қолын қан майданда қалдырып, екі ағаш аяқтың үстінде жүріп-ақ, ит арқасы қияндағы «Боран» орта мектебін Бүкілодақтық үлгілі оқу орнына айналдырған, қазақтың Маресьеві атанған майдандас досы Құмаш Нұрғалиевке келіпті. Тізгінші – совхоз парткомы Баян Малғабылов деген жас жігіт. Жолда Ақаралда әрі соғыс ардагері, әрі озат малшы, менің аталас туысым Мәсалім ағаның күзеулігі бар. Алпардың тұсы ойқы-шойқы. Жолдан шықсаң түйе қараған, қалың тораңғыға еніп кетесің. Күн батып кеткен. Сонадайдан жылтыраған бір жарық көрінеді. Соны көздеп жүріп жеттік әйтеуір. Қанаттары кең, уықтары қысқа, жатағандау қоңырқай үй. Есік алдындағы құрт жаятын өренің бір қазығына бұраған шыбықпен шырмап байлаған ұзын бақанның басына үлкен фонар іліп қойыпты. Ауланың арғы жағында алаулаған от. Бір аяғын сылтып басатын, етжеңді, жұрт Сар-Мәсалім деп атайтын ағамыз шықты. Қарғып түсіп, қарымды құшаққа көмілдім. Жәкеңдер жай ғана сәлемдесті.

– Бәйбіше, қарасаңшы кім келді?

Жеңеше аңтарылып бір қарады да, дауыстай ұмтылды.

– Қой, бәйбіше түн ортасында жылама. – Оны тыңдаған жеңешем жоқ.

– «Қайтейін түннің ортасын,

Жылауға да қорқасын.

Пәниден өткен марқұмдар

Жамылсын топырақ торқасын! – деп өксіп алып, сабыр­ға келді. Өйткені біздің үйде әулетіміздің екі үлкені қайтыс болған.

– Мәс-аға, мына кісі өзіңіз сияқты майдангер, белгілі жазушы Жекен Жұмаханов ағамыз. Ал мына жігіт...

– Ай, азамат, сен осы Медеубаев емессің бе?– деді Жекең тесіле қарап.

– Болсақ болармыз. Мәсекең де қадала қарады.

– Мәссаған!

– Міне, саған ендеше! – Екі құшақ айқасып, бірін-бірі сілкіп-сілкіп барып, сабаларына түсті.

Есіктен керіскедей кері тұсақтың басы көрінді.

– Ойбай, қойыңыз. Түн ортасы ауып кетті. Бүгін мұнсыз да қойдың қанын ішіп келдік.

– Әй, Жеке, Украинаның орманында отырған жоқсыз. Бұл Жылқайдардың Алпары. Шаршасаңыз бата беріңіз де, жата беріңіз. Тек мұны мейман болып жейсіздер ме, аңшы бола­сыздар ма, әлде жорықшы болып жейсіздер ме, соны айтыңыз­дар.

– Кім болып дедің? – Жекең сәл кідірді. – Қонақ болып күнде жейміз. Аңшының асы да таңсық емес. Қысылтаяңда қарынға түсіп те қорек ете береді. Енді бізді жорықшы деп біліңіз. Аллаһу акбар!– деді.

Иә, шайға да қарамай, сусындап қана жатуға ыңғайландық.

Әрі жорық асын дайындауды көргім, әрі ағаның қасында біраз болғым келді. Жиегін екі қатар таспен көмкерген, ұзыншалау жер ошақта сытыр-сытыр етіп, алау жанып тұр. Жаңа ғана бауыздалған жануар тұяғын соңғы рет серпіді. Бас пен сирақтарды қуыс кеудеге қол жүгіртіп, қан жынын төкті. Тұзды сумен екі рет жуып, үгітілген бұрыш пен пияз ба, әлде дәрі-дәрмек пен бірдеңелерді сеуіп, істікке шыбықпен түйреп тастады.

– Әкел, ананы, – деді қосшы балаға. Анадайдан дырылдата сүйретіп әкелген үлкен легендегі қоймалжың ақ балшықты қойдың терісінің сыртынан баттастырып, біркелкі етіп жақты (ақ балшықпен орап тастады). Ошақты дайындай бастады. Қоламтаның тағанына қызыл шоқты бір қабат жайды да, қойды оның үстіне орналастырып, үстіне тағы да шоқты көмір төгіп, ыстық қоламтамен қалыңдап жауып тастады.

– Ал балалар дем алыңдар...

Үй солқ ете қалды. Оянып кеттім. Белдеудегі бұзау үстіне түскен енесін сорпылдатып еміп жатыр. Далаға шықтым. Отарды қосшы баланың алдына салып берген Мәс ағам, жамбастай басып көмбеге келе жатыр.

– Ал енді сенің көмегің керек, – деді. Көмбенің күл-қоқыс­тарын аса сақтықпен ашып, құлаштай-құлаштай екі таяқты бас-аяғына сұқты.

– Ауп! Әлгі таяқтармен биік көтеріп алдық та жерге тастай салдық. Сыртындағы қалың қара қабыршақ жарылып, жан жаққа ұшып, тұтас дене аппақ болып шыға келді. Бұрқыраған ақ бурыл қолқаны қапты...

Дастарқан. Сырты кленкамен оралған шаптаны екі жақтап көтеріп әкеліп, ортаға қойды. «Бисмилла!» – деп орауды ашты. Саны-сан, бұты-бұт күйінде мүшеленген, тұтас ет. Үстінде үш-төрт істік жатыр. Жазушы бата да жасамай, ұмсына берді. Парторг аң-таң.

Мәс ағам істіктің біреуімен жамбасты шаншып алып, Жекеңнің алдына қойды.

– Ендігі шаруаны істік пен тіс тындырады. Қане, қарағым, енді өзің қам жаса, – деп парторгке иек қақты.

– От шарпыған орман. Өкшелеген жау. Қырық күн қуғын. – Жазушы сөздің бетін тосын ашты. – Тоқта, Мәсеке. 1943 жылдың 12-қыркүйегі. Құдай-ау, дәл бүгінгі күн ғой қоршауды бұзған бесеу. Майдан газеті. «Мықтының бірі – Мәсалім Медеубев»... Сол мықты – сіз. Жазған – біз! Дәл осындай бұйра талдың астындағы блиндаж. Тек тұтас қой емес, бұқтырған еттің бір қалбырын сойып отырып сөйлескенбіз. Есіңде ме?

Мәс аға сұмдық соғысты қозғағысы келмеді. Соны аңғарған жазушы басқа сұрақ қоя бастады.

– Ал сіздің бұл «кулинаркаңыз» қалай, қандай сәттерде жасалады?

– Қалай жасалатынын бауырым көрді. Сол айтар.

– Онда қандай сәттерде?

– Мысалы, Жеке сіз сардарсыз. Жауды үдере қуып келе жатырсыз. Немесе қашып, әйтпесе адасып, елсіз-күнсізге шығып кеттіңіз. Сарбазыңыз аш. Баяғы Украина орманындағыдай, бір бұланды, яки бұғыны атып алдыңыз. Қазан-ошақ жоқ. Етін үлестіріп бере алмайсыз. Шикі жесеңіз – шиқан шығады. Енді қайтесіз?

– Түсіндім, түсіндім. – Жазушы көзін жұмсақ жұмып, сәл кідірді. – «Бұзбай құлан пісірмей, мұз үстіне от жақпай, ерлердің ісі бітер ме?» Махамбет батырдың құланын пісіре алмай жүр едім, оны сіз көрсеттіңіз. Ауыз әдебиетінен бірдеңелер іздеп жүретін бүгінгі білгірлердің жиыны жетпеген бұл ғажапты сізге кім үйретті екен?!

– О, ол ұзақ әңгіме...


Сиырды қазақ көп ұстамаған


– Жарайды, аға. Ұзақ әңгімеге бізде уақыт жұмсамайық. Менің түсінгенім Жекең мен Мәсекең бұрын кездескен адамдар болды ғой.

– Иә, Жекең ағай майдандық газетте жүргенде «Қоршауды бұзған батырлар» деген мақала жазыпты. Сол кейіпкер бүгінгі шопан Мәсалім болып шықты. Ғажап кездесу емес пе?

– Әрине, ғажап кездесу ғой. Ал енді ежелгі қазақ құрғақ сүт те жасады дегенге қалай сендіресіз?

– Иә, оған мен де сенбегем. Бірақ сендірген.

– Кім сендірді?

– Мүсілім Ермеков.

– Әлімхан Ермековке қатысы жоқ па?

– Иә, сол Әлімхан Ермековтың туған інісі. Зоотехникалық мал дәрігерлік ғылымының докторы. Академик Алматы «зоовет» институтының ректоры болған. Төрт түліктің тегі, тұқымы, өнімі, таралымы туралы терең білетін. Жылқы шаруашылығы және оның өнімдері жөніндегі ғылым докторы Даниял Керімбаев деген профессор (баяғыда Республика Жоғарғы кеңесінің төрағасы қызметін атқарған) болды.

– Сиырды қазақ тым көп ұстамаған, – дейтін академик. – Жаугершілікте, мысалы, Алтайдан көтерілген қазақ Оралға барып бір-ақ тоқтайды. Сиыр ондайға шыдамайды. Үш-төрт көште іштері қолқылдап (тышқақтап) жүре алмай қалады. Ал қой малы күндіз-түні жайыла жүріп, жылқы мен түйенің барған жеріне жетеді. Сиыр отырықшының малы. Ол бізге орыспен бірге келді, – дейтін.

Менде Түріктің Комуран Грун деген тарихшысының «Түрік және түркі елдері» деген кітабы бар. Адамзаттың алғашқы дәуірінен бастап осы заманға дейінгі кезеңін қамтиды. Ол үшін жер бетінде екі аяғымен тік тұрған алғашқы адам – түрік. Адамзат цивилизациясын олардың малды қолға үйретуінен бастайды. Адамға алғаш үйір болған жануар – ит екен. Адамдарды түрлі апаттардан қорғай жүріп (судан сүйреп шығарып, жыртқыштардан қорғап, ұсақ аңдарды ұстап беріп, әлсірегендердің алдына жемтіктер әкеліп тастап) адамдарға өздері жақындапты. «Қойды адамға ит қайырып әкелді», дейді. Нағыз өркениет жылқыны үйретуден басталыпты. Жылқы адамдардың аяғын ұзартты. Көші-қон, қашу-қуу, қорғану, кәсіп-нәсіп көбейді. Оларды бағу үшін қора салу, жем-шөп дайындау қамы, бара-бара қауымдасып әрекет жасауға, отырықшылыққа жеткізді дейді... Адамның алғашқы мекені солтүстік полис екен. Сібірді суық басқан соң ұлы көштер арқылы жер жүзіне шығады.

Осы кітапта мал өнімдері туралы да этнографиялық деректер көп.

«Көшерін жел, қонарын сай біледі» дейтіндей, ұшып-қонып өмір кешкен халықпыз. Қыстауымыз Сырдың бойында болса, жайлауымыз Сарыарқаның сары жонында жатады. Салқар көш кешесің. Ойдан орыс «Ураласа» Оралдан үркіп, төр Алтайға тартып отырасың. Жоннан Жоңғар, қырдан Қытай қиқулайды. Жайылып жатуға, айран ұйытып, құрт қайнатып, қымыз ашытып отыруға мұршаң болмайды. Бар несібең малдың желінінде жүреді. Саумасаң «желін сау» болып мал өледі. Өзіңе азық керек. Ақты балаға сауу обал. Енді қайтеді? Дамылдаған жерде әуелі малдың желінін босатады. Жабыла сауады. Тай қазандарға толтырады да, сарқылдата қайнатады. Сүттің ішіне тіліп-тіліп қойдың шикі қарынын салады. Су-су болып ұшып кетеді де, қазан түбінде қарынға ұйыған (жабысқан) нәр қалады. Керек болса онан әрі қыздырып, ақ ұнтаққа айналдырып ал. Асықсаң, қарынға жабысқан сүт нәрін тосап түрінде торсығыңа салып ал да, кете бер. Ол енді ашымайды, бұзылмайды. Көш үстінде жылаған баланың аузына салып сорғызасың ба, шөлдеген қартқа суға езіп, сусын етесің бе, еркің. Әрі жан сақтайсың, әрі мал сақтайсың.


бие сүтінен жасалатын

ауыл элексирі – КӨПІРШІК


– Жаңа сөз арасында «Көпіршік» дегеніңізді естіп қалдым. Ол не нәрсе?

– Ол бие сүтінен жасалатын бір таңсық тағам. Анығырағы тағам емес, дәрі-дәрумен. Ауыл элексирі шелектің түбіне мәлім мөлшерде шығармақ (ащы) қымыз құяды да, соның үстіне биені сауады. Жылы сүт бірден көбіктеніп, көпіріп шыға келеді. Көбік басылғанда сарысудың бетінде қалыңдығы ек-үш еліден, ақ ірімшік сияқтанған, көбіктің тығыз қаттамы тұрады. Бұл сүтке жарымайтын жас балаларға, қауқары қайтқан қарттарға таптырмайтын тағам, тез қуаттандыратын қуаткер. Мұның дәмін бала кезімізде өзіміз де татқанбыз.

– «Кебін киген келмейді. Кебенек киген келеді» – дейді қазақ. Осы мақалдың мәнін түсіндіріп бере аласыз ба?

– Ең әуелі «кебенек» деген не? Ол аса таза, аса жұмсақ жүннен өте тығыз басылған, жұқа киізден тігілген, жеңсіз, желбегей жамылғы, кавказдықтардың буркасы тәрізді киім. Суық өткізбейді, жел жібермейді. Малшылар қыста отарға, жауынгерлер жорыққа киеді. Кебін киген молаға кетеді. Келмесіне көзің жетеді, түңілесің. Кебенек киген далаға кетеді. Батырлар «алты малтаны ас етіп, өзінен туған жас бала сақалы шығып, жат болғанша жорықта жүреді. Тұтқынға түсуі немесе қуылып, басқа жаққа шығып кетуі мүмкін. Күндердің күнінде қайта оралып жатады. Кебенек ездің емес, ердің киімі. «Ерді кебенек ішінде танисың. «Кебенек кимей көресіңді көрмейсің». Демек ол үзілмейтін үміттің, сарқылмайтын сағыныштың символы.

– Оқыған адамдарды баяғыда Түркістан жақта бала кезімізде Ишан, Ахун деп жатушы еді. Осы сөздердің түп-төркінін білесіз бе?

– Ишан, Ахун, Қожа, Уаң-гуң, Лама дегендерің әр ұлт, әр сенімдегі адамдардың діни атақтары, әкімшілік мансаптары. Ишан, мысалы, парсыша Аятолладан кейінгі дінбасы, үлкен ұстаз. Ахун да солай. Қожа ең әуелі өздерін Сәнт (Пайғамбар шыққан тайпадан тарайтын асыл нәсіл) санайды. Түріктер бірде ұстаз, бірде қожайын деп атайды. Лама будданың бір тармағын тұтынатын тибет-монғолдардың ең жоғарғы рухани көсемі. Уаң Гуң мәнжүрше билік дәрежесі (княздар).

– Батыс облыстарда өздерін «Ишанның ұрпағымыз» деп бөлектеніп жүретіндер кезігеді. Ишанның ұлын Мақсұм деп мадақтайды. Бұл қалай?

– Батыс өңірдегі молда-қожалардың салт-дәстүрлерін көп біле бермеймін. Төре мен қожа қашан да өздерін қара бұқарадан бөлек санайтын ақсүйек жік қой. Тіпті төреге қызмет атқарған қарапайым қазақтың өзі «төленгітпіз» деп, дәрежеленіп жүрген. Олар да сондай мүриттер шығар. Ал Мақсұм – ханзада, бекзада, мырза деген сияқты сын есімдер.

– Ахундардың әйелдерін «елті» дейді. Мұнда қандай дәреже бар?

– Ондайды естіген емеспін. Біз жақта абыздың, ғұлама діндарлардың әйелін «абызтай» дейді. Елтіңіз де сол сияқты құрметті ат шығар. Қожаңыздың өзі қырық құрақтан құралмай ма?! Әрқайсысының өз лақап атаулары бар шығар.


Абай тағылымының

арғы бетке таралуы


– Уахап аға, Сіздің де балалығыңыз бен жастығыңыздың біраз жылы жат жұртта қалып, туған жерге алғашқылардың бірі болып қайта оралғаныңызды білеміз. Сіздермен бірге Қызыл империя құбыжық етіп жіберген құндылықтар да оралды. Абай, Шәкерім, Мағжан, Міржақып кітаптарын ала келдіңіздер. Сонда олар шекарадан қашан және қалай өткізілген, қалай сақталған? Ол жақтағы елдің (Абақ-керейдің) сол тұстағы әлеуметтік хал-ахуалы қалай еді?

– Ежелгі керейдің егжей-текжейі сұхбатқа сыймайды. Абақтың арғы-бергісі де ұзақ. Дегенмен, тақырып табиғатына орай аңғарта кеткен артық болмас.

– Құба-құп, аға!

– «Керей қайда барасың,

Сарысуды жебелеп.

Сен қашсаң да мен қойман,

Арғымағым көбелеп.

Ақсопымды өлтірдің

Ақ сойылмен төбелеп.


Мен Арғын деген арыспын,

Азуы алты қарыспын.

Сен бұзау терісі шөншіксің,

Мен өгіз терісі талыспын.

Абылай алдында бітіссең,

Құдандалы таныспын.

Егер оған көнбесең,

Атасын білмес алыспын», – дейтін еді ғой Бұқар жырау. Бұл «Ақтабан-шұбырынды» аяқталып, елдің Сырдан қайта көтерілген тұсы еді. Әрі, ата жұртқа асыққан, әрі ақын айтқан айыбы бар Абақ сол көшкеннен қара нарды Өр Алтайдың бөктеріне әкеліп бір-ақ шөгөрген ғой.

– Содан кейін...

– Содан, не орыстың заңын, не жоңғардың жарғысын, не қытайдың қағидасын ұстанбай, өздерінің «Бір Төре, Төрт Биін» сайлап, өз Жарғыларын жасап алып, өздерін-өздері басқарып, басқалармен терезесін теңеп алған. Тек, ХІХ ғасырдың соңындағы Орыс-Қытай шекара бөлісі оларды тұтас қазақтан бөліп тастаған. Батыс мәдениетінен алыстаған, тұтас ұлттан оңашаланып қалған томаға-тұйық осы ахуал оларды оқу-білімнен, өнерден мешеулеп қалуға әкеліп соққан.

«Керей деген азғана ел,

Алтай деген аймақпыз.

Жалап кетер әркім кеп,

Сүт бетінде қаймақпыз.

Жетелеуші табылса,

Бұйда ірікпес тайлақпыз.

Тартысуға жарамас,

Ертоқымсыз жайдақпыз.

Сонша надан болсақ та

Надандыққа тоймаппыз, – деп өкіне жазды сол керейдің ұлы биінің баласы Зия дейтін ақынның өзі.

Арқалы ақын Әсет Найманбаев былайша жырлайды:

«Алтайды Абақ керей жатқан жайлап,

Сапырып сары қымыз, бие байлап.

Тасы – алтын, тауы – күміс, кеудесі – гүл,

Ел екен жер сарасын алған таңдап.


Таулары жасыл желек, орман екен.

Аң мен құс арасына толған екен.

Сулары сүйек сорпа секілденіп,

Жұтсаң күш қосатындай бойға бөтен.


Жаз көркі жанға тыныс болғанымен,

Қысы елге қырсық қонақ болған екен.

Елінде талай егей туғанымен,

Надандық елге масыл қорған екен».

Белгілі ғалым Ұлықпан Сыдықтың шақыруы бойынша Мақаншыда екінші рет болдым. Сол кезде Мақаншыдағы Әсет Найманбайұлының музейін асықпай көргенім бар. Керемет әсер қалдырды.

Абақтың ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарына дейінгі жағдайы осындай еді. Бірақ бұл елінде ие, тұрмысында жүйе жоқ, тіршілігі біржола тұйықталып қалды деген сөз емес. Ел ұстаған көсемі де, сөз ұстаған шешені де (билері), ту ұстаған батыры да, елді асырайтын байлары да бар еді. Бір кезде Орыс жиһангезі Потанинмен пәтуаласқан Жұртбайдың ұлы, күллі керейдің «единицасы» Мәми би тірі еді.

«Бірі еді қойған бидің Құдай сайлап.

Жүретін риза ғып жұртын жайлап.

Керейдің қысылғанда тиянағы,

Ақылдың бастауы еді жатқан қайнап.

Зор фанар адасқанның шамшысы еді,

Шабанның шарапатты қамшысы еді.

Аузы – төс, тілі – балға, тісі – қысқаш,

Наданның мінін қиған қайшысы еді.

Керейдің малын бақпай өзін баққан,

Әрі би, әрі иесі, жалшысы еді.

Сусынын шөлдегеннің қандыратын

Рахматлік жабырының тамшысы еді».

Мәми би көз жұмғанда Әсеттің Абаққа арнаған осы ұзақ көңіл айтуын бұл елдің азаматтары әліге дейін айтады.

1912 жылға дейін Ресейден жеті кітап шығарған ақын Ақыт Үлімжіұлы мешіт салып, медресе ашып, бала оқыта бастаған еді. Ресейден қашқан ақ генерал Бэкштің он мыңдық армиясын Монғолияға қуып тастаған Зуха батыр ат үстінде болатын. Уақыт тамырын тап басып, замана зұлматтарымен жағаласа Шарыпқан, Баймолда сынды жас тұлғалар шығып келе жатқан-тын.

Аймақтың оқу-білімге күрт бұрылғаны 30-40 жылдар арасы. Бұл Шарыпқан дәуірі деп аталады. Ол хан тұқымы Көгедайдың бесінші ұрпағы. Бірер жыл Зайсанда да оқыған. Ел ісіне ерте араласқан. Өлкеде қазақ-манғұл мектебін аштыр­ған. Алтайдағы дүнгендер дүрбелеңін басқан соң аймаққа генерал-губернатор болып тағайындалған. Бұл – кеңес жерінен ығысқан қазақ зиялыларының бірталайы осы аймаққа шоғыр­ланып, ағарту ісін жандандырудың алғышарты жасалған тұс еді. 1934 жылы әйтеуір қара танитын алпыс адамды жинап, мұғалімдер дайындайтын курс ашады. Оны басқару, оқытуға Сейтқазы Нұртаев, Зият Шәкерімұлы, Әбдікерім деген болыстың Петербор, Мәскеуде оқыған Қамбар, Шабдан деген ұлдары, Кәрім Дүйсебаев, Ғинаят Сақабаұлы, Мұсылманбек Төгісовтар қатысады. Небәрі үш-төрт жылда аймақта алпыс шақты мектеп бой көтереді. 1937-1938 жылдары осы тұлғалардың бәрі тұтқындалып, Шарыпхан тірідей көміліп, өлтіріледі...

– «Қазақ қайда да қазақ» дейміз. Бірақ, бар қазақтың тарихын тұтастырып, тағдырын тоғыстыра алған жоқпыз. Сіздің сыздықтатып айтқан аз сөзіңізден көп жайт аңғарылғандай. Енді айтар әңгімеңіздің түп қазығына қайтып оралсақ.

– Айта берсек, Абай мен Абақ ежелден құдандалы, нағашылы жиенді әулеттер.

Құнанбайдың әкесі Өскенбай керей Жәнібек батырдың қарындасынан туған жиен. Абақтың Өтеулі деген батырының баласына ұзатқан Өскенбайдың қызынан тараған жиендері қазір де бар. Сонсоң, керейдің қажылары Меккеге жолхатты аға сұлтан Құнанбайдың кепілдігі бойынша Семейден алатын болған. ХІХ ғасырдың орта тұсында патша офицерін өлтірген бір қазақты іздеп арғы бетке Құнанбай барғанда керей ұлықтары оны «өлді» деп куәландырып, қорғап қалған. «Жердің шеті, желдің өті, жаудың беті беліңді бекем буғызған екен, Абағым. Түптің түбінде қазақтың шығыстағы қорғаны сен боларсың!» деп, риза болып қайтыпты. Сонда бұл ежелгі ағайындық емей, немене?!

– Иә, қызық, керек дерек екен!

– Ал енді, Абай тағылымының арғы бетке таралуын мен Хакімнің алғашқы жинағы жарық көрген 1909 жылдан бастаймын. Керейдің Мәмиі сол жылы Абай ауылында бала оқытып жүрген Сейтқазы Нұртаев дейтін азаматты уссули жадид жүйесімен (әрі дін, әрі пән оқытатын) «Абақия» мектебіне шақырып алады. Әуелі Троицкіде «Расулия» медресесін, одан Омбы мұғалімдер семинариясын бітірген, қызылжарлық сол жігіт 1905 жылғы «Қарқаралы петициясына» қатынасқаны үшін соңына түскен қуғыннан жасырынып, Абай ауылдарында жүріпті. Осы «Абақияның» шаңырағын жиырма бес жыл көтеріп, талай білімді, ақылды азаматтарды атқа қондырады. Абай солардың көкірегінде кетеді. Сол ұстаз 1934 жылы аймақта ашылған «Мәдени-ағарту» ұйымын басқарады. Осы тұста Зият Шәкерімұлын жолықтырады. Одан осы ұйымның өлкелік басқармасына бастық болып ауысқанда Зиятты да ала кетіп, оны өз қызы Мүнираға үйлендіреді. Екі жылдан кейін аталы-балалы екеуі де тұтқындалады.

«Ақындар бізден бұрын өткен талай,

Әсіресе Құнанбай баласы Абай.

Дәл сондай өткір сөзді болмасам да,

Мен де аз сөз жазып қойдым құрап жамай...»

– Бұл Ақыт Үлімжіұлының өлеңі ғой...

Иә, Ақыттың өлеңі ғой. Абай тағылымын таратудың таңғажайып тәсілін тапқан тағы бір тұлға – ғұлама діндар, кемел ақын осы Ақыт Үлімжіұлы. Жаны жаннатта болғыр жарықтық «Дәлайлул Ғақлия» (Парасат пайымдары) деген тақырыпта ақынның елу екі өлеңін алып, олардың философиялық астарын ашып, тұспалдарын түсіндіріп, мазмұндап, араб, парсы сөздерін тәржімелеп, тәпсірлеп, өлеңмен қайта жазып таратты. Құдайға ғана құлшылық жасап, иманды ғана уағыздайтын абыз Абай өлеңдерін Құрандай тәпсірлесе ақынға бұдан артық қандай құрмет болмақ! Бүкіл өмірін өз халқын ағартуға арнаған, Абақтың рухани ұстазына айналған сол абыз да қара қытайдың қапасында көз жұмды.

Ал, Абайдың алдын көрген, ақылын естіген, өзіне арнаған өлеңін тыңдаған, өмірден «Абайдай арт жағына сөз қалдырып, дариға-ай, жақсы екен ғой өлу деген» деп, күңіреніп өткен ақын Әсетті Абай тағылымының таратушысы, насихатшысы емес деп кім айтады?!

«Өлеңді он жасынан бастаған» Арғынбек Апашбайұлы деген ақын болды. Зайсанның тумасы. Әкеден жас қалған жетімек нағашыларын сағалап, арғы бетке ерте (1912 ж) асып, бүкіл Жоңғар даласын жырмен жуған даңғыл дарын. Сол ақынның Өр Алтайдың екі бетіне төгіп кеткен, тіпті Алтайдан ауған елмен бірге жер жүзіне шашылып кеткен өлеңдерін өмір бойы мен де жинап, сараптап (марқұмның рухы риза болсын!) 2014 жылы «Жыр - Ғұмыр» деген жинағын шығардым. «Қалқаман – Мамыр», «Еңлік – Кебектер» менен бұрын келіпті. Абай өлеңінің алғашқы жинағы мен Міржақыптың «Оян, қазағы» менімен бірге келді» депті, жарықтық. Сол Арекеңнің «Қазақтың Сырдан Арқаға көшуі» дейтін өлең-романындағы тобықты тарауында Абайға айырықша жыр арналады.

«Өскенбай, қажы Құнанбай, мырза Абай,

Абайдың жаннан асқан білімін-ай.

Затың қазақ болған соң амал бар ма,

Арманда зарлап өттің бұлбұлым-ай!

Ғаламға үлгі жайып, сөз тараттың,

Атыңыз бақи қалды дүлдүлім-ай.

Низамя болмаған соң атаң қазақ,

Табылмас енді сенің бір күнің-ай.

Құдайдан әмір болып қайтып келсең,

Жапырлап айтар еді ел мұңын-ай.

Далиған даладағы бұл қазаққа

Алла енді берер ме Сендей ұлды-ай!»

Бұл шерменде ақынның көкірегінен 1924 жылы төгілген шері еді. Құдайшылығын өзің айтшы, сол жылдары, Абайды тап осылай жоқтаған қазақтың қай ақынын білесің?!

Абайдың алғашқы өлеңдер жинағы, Міржақыптың «Оян, қазағы», «Бақытсыз Жамалы», Сұлтанмахмұттың «Қамар сұлуы», Сәбит Мұқановтың «Адасқандар», Ахмет Байтұрсынұлының «Қырық мысалы»... менің әкемде болды. Ылғи босқындардан құралған бұл ауылдың адамдарының бәрі діндар, бәрі ділмар, бәрі мұндар еді. Тапқандарын тамаққа айналдырып алатын да, қыста әр түні бір үйге жиналып, сырласатын, мұңдасатын, діни жоралғылар жасайтын, қиссалар айтатын, кітаптар оқитын. Өздерін-өздері жылататын, өздерін-өздері жұбататын. Кейін бұл ауылдан да бірталай танымал адамдар, мұғалімдер, әншілер шықты. Ұлылардың ұлағаттары біреудің қолында, енді біреулердің аузында солар арқылы да тарап кетіп жатты. Мысалы, менің өзім Абай өлеңінің жартысына жуығын, «Еңлік-Кебек», «Қалқаман-Мамыр», «Ер Тәуке» дастандарын жатқа білемін, қазір де жаңылмай айта беремін. Дәуірдің дауылы жер аударғанда менің жөргегіме оралып барған сол кітаптар да менімен бірге туған жерге қайта оралды.

– Бұл көкейдегіні қозғаған сұхбат болды-ау, аға. Осы орайдағы әңгімелер көбінде Зият есіміне байланысты өрбитін. Бүгін Абай тағылымының таралуына ғана емес, Абайтанудың игерілмей жатқан бір тыңына түрен түсті ме деймін!

– Зият қоғамдық жұмысқа бес-ақ жыл араласты. Соның өзінде аймақтың оқу-білім, мәдениет, рухани саласында зор сілкініс жасады. Томаға-тұйық түбектің түндігін түрісті, үлгі таратты, ілгері жетелесті, мол мұра қалдырды. Зият зерттелмеген зерде, танылмаған тұлға. Ол әкесі Шәкерімнің бар мұрасын құтқарып, шарапатын шашты. Абайдың Абақ керей­ді көтергенін, Абақтың Абай мұраларын сақтап қалғанын көрді. Ендеше тиянақсөзді Зияттың өзіне берейік:

«Мен кеттім жан сауғалап өз бетіммен,

Туысым түрмеленді бір шетінен.

Жат жерде сүйретіп құр сүлдерімді,

Қайғыға батып жүрген мен шерлімін.

Ойлайсың, егілесің, күңіренесің,

Қолыңнан келері жоқ, бос жүресің.

Атаның аруағын сыйлаушы көп,

Көңілді соған ған көтересің.

Ырыздық болды маған ата даңқы,

Құрметтеу жақсыларды елдің салты.

Абай мен Шәкәрімді көрмесе де,

Оларды құрметтейді керей халқы.

Керейдің мекені екен Алтай, Сауыр,

Бұл жақта ел көрмедім одан тәуір.

Айқасқан елі үшін де, өзі үшін де,

Шайқастың тарихы бар әжептәуір.

Ойшылдар оқымысты мұнда да бар,

Шарыпхан, Мәнкей, Мұқаш, Баймолдалар.

Күш қосып қозғалысқа өлкедегі,

Алтайды азат еткен ер осылар...


СӘЛЕМ – СӨЗДІҢ АНАСЫ


– «Сәлемде сауда жоқ. Кімге болса да бұлданбай, бұрын амандас», дейді екен бұрынғылар. Кішінің үлкенге, аттының жаяуға, әлдінің жарлыға, саудың сырқатқа бұрын сәлем беруі бұлжымас қағидаға айналыпты. Бүгін біз осыны сақтап жүрміз бе?

– «Сөз анасы – сәлем. Жол анасы – қадам». Сәлемнің сәулесі түскен сөз жаныңды жадыратады, жүрегіңді жылытады, сезіміңді сергітеді. Қадамнан басталатын ақ жол алысқа жетелейді, арманға, ырысқа кенелтеді.

– «Ассалау мағалайкум!» – Мен сізге Алладан амандық тілеймін!

– «Уағалайкум ассалам» – Алла Сізді де аман сақтасын!

Қандай салтанатты сөз, қандай тамаша тілек!

Құран Кәрімде «Егер саған біреу бұрын сәлем берсе, сен одан да жақсы жауап қат. Болмаса, оның сәлемін өзіне қайта айт» деген аят бар. «Сауаптың ең үлкені – мұқтаждарды тамақтандыру және адамдарға алдымен сәлем беру» дейді Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбар. Демек, сәлем Алланың ұйғарымы, пайғамбардың пәтуасы. Сәлемнің бұл нұсқасы бізге исламмен бірге келген имани үрдіс, ғұрпи ғибадат.

– Сәлемнің осы имани үлгісін ұмытпастай етіп, ұрпақтарға қалай дарытуға болады?

– «Ең әуелі балаға жақсы ат қой. Сәбиінде құлағына «Сәлем» сіңір. Жөргегін жазарда, бесіктен бетін ашарда сәбиге сәлем бер. Онан соң тілін Алланың атымен шығар! Одан арғы бақытты баланың өзі табады». Бұл да пайғамбардан қалған хадис.

– Бұрынғылардың «ат аспаннан» дейтіні осыдан екен де?

– Бір мысал:

«Найманда Қаракерей, Сыбан, Мұрын,

Жеті ата Жолымбетке құйған нұрын.

Шерубай, би Боранбай, Тана мырза,

Қай қазақ сөз сөйлеген одан бұрын» –

дейтін еді ғой, ақын Сара Біржанмен айтысқанда.

Біздің сол Жолымбет атамыз 137 жыл ғұмыр кешіпті. Кенже ұлын 117 жасында көріпті. Сол ұлға Әлиқан дейтін бір ақылман:

«Қосмұрат болсын бала аты,

Қатайсын, жетсін қанаты.

«Ат аспаннан» дейтұғын

Бұрынғының санаты.


Алланың берген баласы.

Пенденің жоқ шарасы.

Жүз жаста көп жан алжиды

Жүруге келмей шамасы.


Асқанда жүзден ұл берген,

Құдіретке қарашы!

Балаға СӘЛЕМ берейік,

Алладан болсын панасы.

Қосмұрат қалың ел болсын,

Налыма енді нағашы!» –

деп ат қойыпты. Жарықтық ғұмырында 300 отаудың шаңырағын көтеріп, Қосмұратын үйлендіріп, ордасын өтізіп барып көз жұмыпты. Қосмұрат – қазір қалың ел.

– Қазақта «Адамды адам жарылқаса, ас береді. Алла жарылқаса жас береді» дейтін де мақал бар. Атамызды Алла жарылқаған-ақ екен. Оның үстіне «Аспаннан» келген аттың өзін әуелі сәбиге сәлем беріп алып қойғаны қандай ғибрат! Ал енді, аман-сәлемнің қазіргі қолданысында көнеден келе жатқан үлгілер бар ма?

– Тағы да Түркия сапары еске түседі. Марқұм Халифа Алтай ақсақалға еріп, қадірлі қара шаңырақтарға сәлем беріп жүргенбіз. Зеитін Бурныдағы бес қабат үйге көтерілдік. Ортадағы бір қабатты алып жатқан кең бөлменің төрінде ақ сақалы селдірлеу, ашаң жүзді, ақ желеңді қарт отыр. Тегі зайсандық, арғы бетке ерте кеткен. Қазір жасы 103-те. Ел басқарған әкім де, көш бастаған көсем де, сайыпқыран сардар да болған. Аты жөні Жақияұлы Хамза Инан. Екі ғасырдың тірі куәгері. Көруге құмартып жүретінмін. Алдына барып бүгіліп сәлем бердім. Иегімнен демей орнынан тұрды да, қос алақанын алақаныма қойып, құлашын керіп, оңға, солға екі қимыл жасап, жүрекке жүректі екі рет жұғыстырды да, қос алақанды қайта қосып, жеңіл ғана сілкіп қоя берді. Менен кейін Жәнібек Кәрменов қауышты. Амандасудың осы салты оған қатты ұнапты. «Ыстық алақаннан тамырыма бір ыстық тамшы тамып кеткендей, жұғысқан жүректен жылу жайылып, риясыз ықыластан ата мейірім төгіліп кеткендей сезінеді екенсің. Біз ғой, құшырланып қол қысып, салпылдасып сүйісіп, құшақтасып, сілкілесеміз де жатамыз. Ал мынау етке ет, бетке бет, демге дем тимейтін, әрі сыпайы, әрі сәнді, әрі гигиеналық таза, қандай тамаша үлгі» деп, өзінің сырбаз, сырлы мәнерімен сипаттап жүрді.

– Біз біле бермейтін тағы қандай жөн жосықтар бар?

– Сәлемдесудің «Армысыз, ата!», «Бар бол, балам!» дейтін үлгісі болған. Әдемі-ақ. Қолданса құба-құп. Бірақ, эпостарда болмаса, тұрмыста жоқ.

– Сәлем тағы қандай жағдайда беріледі?

– Үйге кіргенде, мешітті көргенде, киелі орындарға барғанда сәлем бергеннің артықтығы жоқ. Бұрынғылар атқан таңды да, жаңа туған айды да сәлеммен қарсы алған.

– Ал енді, сәлемге салғырт қарайтын, амандассаң иегін изеп, екі саусағын сілке салатын, бата сұрасаң, бадалып отырып қалатын ағаларға не деуге болады?

– Үш ғасырлық отарлық, жетпіс жылдық құдайсыздықтан иманымыз үркіп, діннен дүбәра болып қалған халық едік қой. Аллаға шүкір, тәуелсіздік тәубемізге тез келтірді. Мен, мысалы, «басымды кесіп алсаң да құдай жоқ» дегендердің талайының мешітте мінажатта отырғанын көрдім. Сен айтып отырғандар құдайсыздықтың қырсығы шалған, күпірліктен шыға алмай жүрген азын-аулақ «шалдар» шығар. Оларды енді дүрелеп діндар ете алмайсың. Оның есесіне жас ұрпақ жаппай иманға үйіріліп келе жатыр. Анау «шатақ шалдарға» солардың шапағаты тисін!

– «Сәлем – сөздің анасы!» Сәлемге салғырттық – анасын сыйламау десек, қатал үкім болар. Оны енді әркімнің өз санасына берсін.

– Сәлемге салғырт қарауға болмайды. Тіпті, мал екеш мал да кісінесіп (маңырасып, мөңіресіп) көрісіп, иіскесіп ұғысып, қасынысып табысып жатады. Ал, сәлем сенің адами әдебің, бойыңдағы бағаң, тіліңнің ұшында тұратын тілек. Амандасудың қай түрі болса да жаман емес. Қазақ үшін оның имани үлгісінен басқа балама жоқ.

– Әңгімеңізге рахмет!


Қасымхан Бегманов,

ақын,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері





552 просмотра0 комментариев

Недавние посты

Смотреть все

Comments


bottom of page