Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының (РБӘИИ) бастығы полковник Қайрат Дәуітовтың жалпы басшылығымен құрамында курсанттар бар зениттік-зымырандық кешендердің жауынгерлік есептоптары шартты қарсыластың әуе шабуылы құралдарының соққыларын тойтару бойынша практикалық міндеттерді пысықтады.
Тәжірибелі нұсқаушылардың жетекшілігімен оқуды бітіруші курсанттар зениттік-зымырандық кешендерді жорық жағдайына ауыстыру бойынша нормативтерді орындап, оқу-жаттығу өткізілетін ауданға аралас тәсілмен марш жасады. Онда олар әуе қорғанысының жауапкершілік аймағында әуе кеңістігін күзету бойынша жауынгерлік кезекшілікке түсті. Маневрлер барысында әскери қызметшілер жаудың барлау-диверсиялық топтарының легіне және әуе шабуылына қарсы қорғаныс бөлімшелері орналасқан жерге сәтті тойтарыс берді.
Оқу-жаттығудың жоспарына сәйкес аса маңызды объектілерді бүркемелеу аймағындағы әуе жағдайы шартты қарсыластың барлық биіктік пен жылдамдық диапазонындағы әрекеттерін имитациялайтын авиацияның, ұшқышсыз басқарылатын құрылғыларының іс-қимылын жаппай рейд жасау арқылы қиындатты. Қарама-қарсы тарап авиациясының соққыларын тойтару үшін Әуе қорғанысы күштерінің жедел-тактикалық қолбасшылығы С-300ПС және С-125М зениттік зымыран кешендерін қолдану туралы шешім қабылдады.
Әуе шабуылына қарсы қорғаныс бөлімшелерінің болашақ командирлері әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерінің жауынгерлік есептоптарының бөлігі ретінде қарсыластың ұшақтары мен қанатты баллистикалық зымырандарын имитациялайтын 100-ге жуық әуе нысандарын тауып, анықтап, шартты түрде жойды.
Жаттығудың соңғы кезеңі «қарсыластың» шабуылының әуе құралдары бойынша шартты электронды ұшыруларды орындау, сондай-ақ атыс позицияларын ауыстыра отырып, одан әрі атысқа қарсы маневрлер жасау болды.
Оқу-жаттығуға барлығы 350-дің аса әскери қызметші, 175 курсант қатысты. Қарсыластың әуе, радио және радиоэлектрондық барлауын жүргізу құралдарына қарсы іс-қимыл жөніндегі әскери оқу орнының әзірлемелерімен қоса, 100 қару-жарақ пен әскери техника жұмылдырылды.
Comments