Жеріміздегі мыңдаған атаулардың шығу, пайда болу, дамып өсуі бір ғана дәуірге тән емес, талай ғасыр, тарлан дәуірлердің куәсі, біздің заманға жеткен бай қазына, асыл мұрасы. Қазіргі қазақ жерінде санқилы тарихи оқиғалардың болып өткені, бұл қасиетті де, құдіретті жерімізді қазақ деген халықтың мекендеп, мемлекет құрып, ғұмыр кешкендігі тарихтан мәлім. Алматы облысының Іле ауданы аумағында Байсерке деп аталатын ауыл бар. Бұл елді мекен кеңестік кезеңде Дмитриевка деп аталынды. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін, 2000 жылы ауылға Байсерке атауы қайтарылып берілді. Алайда кейінгі жас буын арасында «Байсерке деген кім?» деген сұрақ туындаса, үлкендер арасында «Бұл қай Байсерке?» деген сұрақ жиі мазалайды. Жалпы Жетісу жерінде елге белгілі екі Байсерке болыпты. Бірі Жетісу күй мектебінің негізін салушылардың бірі, домбырашы, сазгер Байсерке Құлышұлы болса, екіншісі батыр Байсерке Сәменұлы. Екеуінің арасында жүз жылдан астам уақыт жатыр. Бәрін білгіш Уикипедияда Байсерке ауылы күйші Байсеркеге телінеді. Осы шындыққа сая ма? Талдап көрелік. Байсерке Құлышұлы 1841 жылы Жамбыл облысының Шу өңірінде дүниеге келген. Сол жақта дүние салған. Ол – белгілі күйші, домбырашы, Жетісу күй мектебінің негізін салушылардың қатарынан саналады. Байсеркенің әкесі Құлыш он саусағынан өнері төгілген ісмер, халық музыкасының парқын білетін сергек жан болған. Байсерке домбыраны бала кезінен меңгеріп, Жетісу алабы мен көрші қырғыз елінің күйлерін 16-17 жасында-ақ игерген, алқалы басқосуларда дәулескер күйшілермен күй тартысына түсіп, алыс-жақынға таныла бастаған. Байсеркенің домбырашы-күйшіліктің алуан сырына қанықтырған ұстаздары Есім, үржарлық Сарша дейтін домбырашылар екен. Байсерке күйлері өмір шындығына негізделген. Оның «Келіншек», баласы дүние салғанда егіліп отырып тартқан «Солқылдақ», қазақ даласындағы жұтқа (1890) арналған «Төрт қарға», Ресей отаршылдығының кеудемсоқ өктемдігіне наразылығын білдірген «Ұран күй» сияқты туындылары өзі ғұмыр кешкен ортасы мен заманының шежіре сырындай. Бұдан басқа жұрт арасында «Ат ойын», «Жетпіс бұтақ», «Жекпе-жек», «Қоңыр», «Тұлқатын» сияқты күйлері де кең тараған.
Байсеркенің Жетісу өңіріне кеңінен мәлім болған “Қалипа-Қалыш” күйіне Далабек батырдың басынан өткен оқиға арқау болған деседі.
Күйлері ән әуендес саздылығымен, нақышты ырғағымен ерекшеленеді. Байсеркенің және оның Бердібек Мықтыбайұлы, Қожабек Жапбасов, Сатқанбай Өлмесұлы сияқты дарынды шәкірттерінің бойындағы асыл өнерін Қатшыбай Таубаев, Темірбек Ахметов, Нұрғиса Тілендиев сияқты біртуар күйші-домбырашылар кейінгі ұрпаққа жеткізген.
Байсеркенің өмірі мен шығармашылығын алғаш А. Жұбанов пен Б.Г. Ерзакович зерттепті. Әдебиет және өнер институтының дыбыс жазба қорында Байсеркенің 10 күйі сақтаулы деп естиміз.
Сонымен Байсерке Құлышұлы – қазақтың күй өнерін жетік меңгерген, өнері арқылы ұлтының ұлы мақсаттарын паш еткен ұлы талант иесі екенін байқадық. Қазақтың әр тұлғасы қандай құрметке болса да лайық. Тек тарихтан ауытқымай, жас ұрпаққа ұлтымыздың өткен жолын әділ жеткізе білгеніміз жөн.
Ал екінші Байсеркенің аты-жөні – Байсерке Сәменұлы. Оны тегінде екінші емес бірінші Байсерке дегеніміз дұрыс. Ол қазіргі Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Жайсаң деген жерде 1724 жылы туған. Ұлы жүздің Дулат руынан тарайды. Ол туралы «Жетісу» энциклопедиясында: «Жастайынан әкесі Сәмен батырдың соңына еріп, Жетісу жерін ойрат-қалмақтар шабуылынан қорғаумен өткен. Оның сарбаздары негізінен Іле өзені мен Алатау арасындағы кеңістікті шолып, Жоңғар қақпасынан кіретін жау жолын торуылдаған. Ел аузында сақталған деректерде Байсерке батыр бірнеше рет қалмақ нояндарымен жекпе-жекке шығып, жеңіске жеткені айтылады. Батырдың ескі қонысында қазір «Байсерке ауылы» тұр. Осы жерде Байсерке темір жол бекеті де орналасқан» («Жетісу» энциклопедиясы, 178-б) делінген. Бүкіл өмірін ат үстінде ел мен жерді қорғауға арнаған батыр 78 жасында шамамен 1806 жылы қайтыс болған. Байсеркенің батырлығы мен қаһармандығы туралы ауызекі әңгімелерде көптеп айтылатын. Оған қатысты деректер қаламгер Үміткен Бүркітбаеваның «Жетісуым – жеті құтым, ырысым» атты кітабында да кездеседі. Автор онда Байсеркенің әкесі Сәмен жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық соғысында қол бастап, батырлығымен ерекше көзге түскен ерен тұлға екендігін баяндайды. Аңырақай шайқасында жас Сәмен батыр бірнеше рет тайсалмай жекпе-жекке шығып, ерлігімен дұшпанның мысын басады. Көрсеткен ерліктері үшін Төле биден тікелей бата алып, есімі бүкіл Ботбай руының жауынгерлік ұранына айналады.
Әке тағылымын алып өскен Сәмен батырдың балалары Қапсалаң мен Текебай әкесімен жоңғарларға қарсы талай жорықтарға қатысып, ерлік көрсеткен. Кіші ұлы Байсерке де ағаларынан қалыспай соғыс өнерін үйреніп жүреді. Жаудан қайтпайтын жаужүрек болып өседі. Бірде Сәмен батыр балаларын, інілерін ілестіріп, қалмақтармен соғысуға аттанғанда Байсеркені ел ішіндегі ұсақ-түйек шаруаларды бітіруге қалдырып кетеді. Әке тапсырмасын орындап, енді жорықтағыларға қосылу үшін үш жолдасымен жолға шығады.
Келе жатса жылап отырған бір кемпірге кезігеді. Аттарынан түсіп, қарт анаға сусын беріп, ес жидыртып сұраса: «Ауылдың ер азаматтары соғысқа кеткен, оншақты қырғыз келіп, ауылымызды шауып, шал-кемпірлерді, қыз-келіншектерді матап байлап, малдарын айдап кеткелі жатыр»,– дейді. Байсерке кемпірді атқа мінгізіп алып, ауыл шетіне жеткенде түсіріп, «бой тасалай тұрыңыз» деп ескертіп, өздері жасырына жақындап келеді де «Сәмен!», «Сәмен!» деп әкесінің атын ұрандап, барымташы қырғыздарға шабуылды бастап жібереді.
Үміткен Бүркітбаеваның «Жетісуым – жеті құтым, ырысым» деген кітабында осы сәт былайша суреттеледі: «Қапелімде сасып қалған қырғыздар соғыса алмай қаша бастайды. Байсерке осындай қолайлы жағдайды пайдаланып, екеуін қатар түйрейді. Шатырдан шыға қашқан біреуін желкеден шоқпармен ұрып сұлатады. Жолдастары да қалыспай екеуін өлтіреді. Байсерке жолдастарымен ауыл тұрғындарының аяқ-қолдарын шешіп босатады. Ауыл жұртының ризашылығына бөленген Байсерке осылайша ел ішінде «батыр» атана бастайды. Бұдан кейін де Байсерке әке, ағаларымен бірге қалмақ, қырғыздармен болған талай шайқастарға қатысады. Кейін, ел іші тыныштала бастағанымен, қалмақтардың шабуылының алдын алу үшін Текебайды Кербұлаққа қалдырып, кіші ұлы жас Байсеркені сарбаздарымен Іле өзенінің сол жағалауы мен Алатау аралығындағы қазіргі Байсерке ауылының маңына орналастырады. Кейін, сол Байсерке қоныстанған жер – Байсерке ауылы деп аталып кетеді. Әйтсе де, одан кейінгі жылдары Байсерке ел тыныштығы кезінде, өз әкесі тұрған Сәмен ауылында тұрса керек», – дейді автор.
Үміткен Сүйінішқызы Байсерке Сәменұлы туралы өте құнды деректерді келтіре отырып, Іле өңіріндегі Байсерке ауылының атауы осы батырдың атымен аталғандығын растайтын деректер келтіреді. Мұрағат құжаттарына сүйенсек, Верный уезінің №10 ауыл тұрғындарының отбасы мен мал-жандарының тізімін алған құжатта Байсерке Сәменұлының Берік, Жауғаш, Байсандық, Қожағұл, Молдағұл деген балалары көрсетілген. Бұлардың да ұрпақтары Жетісу өңірін мекен еткен.
Деректерді салыстырып байқағанымызда, интернеттік желілердегі «Іле өңіріндегі Байсерке ауылы Байсерке Құлышұлының атымен аталады» деген тұжырымның қате екендігіне көз жете түсті. Өзім де осы өңірде шопанның отбасында туып-өскендіктен Байсерке ауылының аты Байсерке Сәменұлының атымен байланысты екендігі туралы қарттардың әңгімелерін талай құлағым шалғаны бар. Сондықтан «Жетісу» энциклопедиясында, қаламгер Үміткен Бүркітбаеваның «Жетісуым – жеті құтым, ырысым» кітабын да келтірілген деректердің шындыққа әлдеқайда үйлесімді екендігін атап өткім келеді.
Жер-су аттары – халықтың тарихи мұрасы. Олар ана тіліміз бен ұлттық тарихымыздың сыр-сипатын, халқымыздың этномәдени құбылыстарын тереңдей зерделеп зерттеу үшін де аса қажетті, өте қымбат та құнды дерек. Міне, Байсерке атауы соның жарқын дәлелі.
Comentários