«Patriot Tulga» журналы Бас редакторының орынбасары,
этнограф Раушан Каршалова асық ойыны туралы әңгімелейді
– Құрметті Раушан Құлжабайқызы, Қазақ халқының дәстүріндегі асық ойынының орны қандай деп ойлайсыз?
– Асық ойыны – қазақ халқының ежелден қалыптасқан өзіндік мұрасы. Оның кемінде 6-7 мыңжылдық тарихы бар. Отаршылдыққа тап болған соңғы бірнеше ғасырда асық ойыны халық жадынан біржолата өшірілмек болды. Алайда тәуелсіздігімізді қайтарып алған соң, ұлттық мәдениетіміз бен ұлттық спорт түрлерінің бірі ретінде асық ойынына көңіл бөліне бастады. Осы мақсатта биылғы жылдың наурызында елімізде «Көшпенділердің асық спорты халықаралық федерациясы» ресми түрде құрылды.
Федерацияның президенті болып Парламент Мәжілісінің депутаты, «Respublica» партиясы фракциясының мүшесі Олжас Құспеков сайланған болатын. Жаңадан құрылған федерацияға Қазақстаннан басқа, Түркия, Румыния, Моңғолия, Қырғызстан, Мажарстан, Өзбекстан, Қытай, Испания және Саха республикасы (Ресей) мүшелікке өтініш берген. Бұл дегеніміз – алдағы уақытта да ұйымға мүше елдер саны артады деген сөз.
Федерация алдына Дүниежүзілік Этноспорт қауымдастығына ену, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық жұмыстарын жүргізу және осы ойын аясында тұңғыш рет әлем чемпионатын өткізу секілді мақсаттар қойып отыр. Осындай игі қадамдар алға жетелеп, ұлттық спортымыз енді әлемге танылады деген үміттеміз.
–Асық ойыны бүгінгі күнге қалай жетті және өзектілігін сақтай алды ма?
– Асық ойынын бүгінгі күнге жеткізген қазақ халқының
өзі. Әрі ауыл баласының ішінде асық ойнамаған бала жоқтың қасы. Мал шаруашылығымен айналысып, көшпенді тіршілікпен жүрген қазақ отбасыларында асық өміршеңдігін жойған жоқ. Бүгінгі күнде асық ауыл баласымен ілесіп қала тіршілігіне де енді. Бұған ұлтжанды азаматтардың насихаты мен нақты көмегі әсер етуде. Жоғарыда айтып өткенімдей, бүгінде асық ойыны халықаралық мәртебеге ие болып отыр. Оның өзектілігі өте қуатты. Ұрпақ саулығына қызмет ететін ұлттық ойын жаңаша сипат алып, кеңінен насихатталу үстінде. Түрлі авторлық бағдарламалар да пайда болып көпшілікке жол тартқан. Асық ойыны тіптен балабақшадан басталып жатыр. Ал ересектердің заманға ыңғайластырылған асық ойындары жұртшылықтың қызығушылығын арттыруда. Асық ойынының халықаралық деңгейдегі жарыстарға енгізілуі ерекше қуантады. Ұлттық ойынымыздың болашағынан үмітіміз зор!
–Асық ойынының пайдасы қандай?
– Асық ойынын халқымыздың көшпелі мәдени өмірінен туындаған төл өнеріміз деуге болады. Асық ойынының қазақ дәстүріндегі орны ерекше, тәрбиелік мәні зор. Негізінен асық ойынына қой мен ешкінің, арқардың, ұсақ малдың асығы пайдаланылған. Бұл ойын баласын ептілікке, мергендікке, шапшаңдыққа, сергектікке баулиды. Сәбидің жігерін қайрап, жеңіске деген талпынысын арттырады. Баланың шымырлығын арттырып, есте сақтау қабілетіне де жақсы әсер етеді. Асық ойнағанда тек екі қол емес, мидың ойлау функциясына серпін береді. Дене мүшелері түгел қозғалысқа түседі, бас, көз, мойын, иық, аяқ, қол, барлық бұлшық еттер қимылдайды. Ойын үнемі қимыл-қозғалысты қажет ететіндіктен, денені қыздырып, бойдағы қан айналымын жақсартады. Жүгіру, секіру, көздеу, дәлдеп тигізу, отырып-тұру, жүрелей отыру, тізені жартылай бүгу, жиырылу, ширығу ойыншыны шынықтырып, буын ауруларының алдын алуға септеседі.
Баланы топпен ынтымақтасуға бейімдейді. Сондай-ақ топтан озып шығу қабілетіне де икемдейді. Әділдікке баулиды. Өзгелердей шебер ойнап, ұтам, жеңем деп алға талпындырады. Асық ойыны баланың жастайынан жүйке жүйесін шыңдап, оларды дәлдікке, ұстамдылық пен сабырлылыққа тәрбиелейді. Бүгінгідей жастардың теледидар мен гаджетке байланған кезеңінде жас ұрпақ еш қимыл-қозғалыссыз әлсіздікке бой алдырып, денсаулығына залал келтіруде. Ал асық ойыны бүгінгі ұрпақты сауықтырудың бірден-бір төте жолы деуге негіз бар. Сондықтан ұлттың сапасын көтеретін ұлттық ойындарымызға кеңінен жол берілуі қажет.
– Асық ойынының ежелден келе жатқан ұлттық құндылығымыз екенін немен дәлелдеуге болады?
–Оған дәлел көп. Әсіресе ауыз әдебиеті мен фольклорлық шығармаларда баршылық. Қарасаңыз, мақал-мәтел, қанатты сөздер, тақпақ, жұмбақ, жаңылтпаштарда, ауыз әдебиеті нұсқаларында асыққа қатысты тұстар көптеп кездеседі. Мәселен, «Алтын сақа», «Тазша бала» ертегілерінде асық туралы айтылады. Қазақтың тұрмыс-салты сөз етілген көптеген әдеби көркем шығармаларда асық туралы сөз қозғалады. Қазақтың мәдени құндылығы оның тұрмысының ажырамас бөлігі. Сол себепті де асық ойынының тарихы сонау мыңдаған жылдарға кетсе де, өміршеңдігін жоймақ емес.
Асық ойыны туралы көптеген ақын, жазушыларымыздың көркем-әдеби шығармаларында, өлеңдерінде айтылады. Айталық, Әбділдә Тәжібаев:
«Достармен асық көп аттым,
Асыр сап айдын тақырда.
Жас талдан иіп жақ тарттым,
Ұқсап бір бейне батырға», – дейді «Кең жайлау» деген өлеңінде. Қазақтың көптеген классик қаламгерлері балалық шағын асықпен байланыстырып, жүздеген өлеңдер жазғанын оқырман қауым жасқы біледі. Сондай-ақ асық тақырыбы ертегілерде де көп келтіріледі.
–Асық ойынының қазақтар үшін мәдени және тарихи маңызы неде?
– Асық ойынының қалыптасу кезеңі біздің заманымызға дейінгі ІХ-VII ғасырларға жатады. Сол ерте кезеңде өмір сүрген ру-тайпалар өндірістік құрал жасауға тас, ағаш, сүйек және басқа да табиғи заттарды пайдаланды. Ал асық ұлттық ойын құралдары ретінде одан да әлдеқайда ертеректе пайдаланылған.
Қазақтың ерте заманнан келе жатқан ұлттық спорттық ойындарының бір түрі ретінде мойындалғанымен, асықты қазақтардан басқа қырғыздар, қарақалпақтар, ноғайлар, ирандықтар, алтайлықтар және басқа да халықтар ойнайды екен.
Асық ойынының қазақтар үшін мәдени маңызы – ұлттық спорт өнерін дамыту арқылы салауатты ұрпақ тәрбиелеуге жетелейді. Ұлттық ойынымыз арқылы баланың бойында ұлттық мінез қалыптасады, жастарды жігерлі болуға бастайды, отаншылдыққа бейімдейді. Ал тарихи маңызына келер болсақ, шамамен 5-7 мың жылдық тарихы бар асық ойынының ондаған түрі болғандығына көз жеткіземіз. Ұланғайыр қазақ жерін қорғаған бабаларымыз осы асық ойыны арқылы шымыр да мерген болды. Бүгінгі күнде біз бабаларымыздың денсаулыққа зиянсыз табиғи өнімдерден жасалған заттармен ойнағандығына тәнті боламыз. Қазақтың лирик ақыны Мағжан Жұмабаев өзінің «Асық иіру» өлеңінде:
Алшы түссең – болғаның,
Тәйке түсең – тәуекел.
Бүге түссең – құрығаның,
Шіге түссең – ұрғаның.
***
Ал, асықты байқалық,
Не дер екен біздің бал?
Алшы түссе, алақай!..
«Түс», – дегенде «түс, құрғыр!»
Қырыққа келген «балақай»,
Тәйке түсті-ау! Тәуекел! – деп асықты тек кекілді жеткіншек қана ойнамағандығын жырмен баян етеді. Асық ойыны – ұлтымыздың мәдени және тарихи өмірінде ойып тұрып өз орнын алатын ұлттық рухани құндылығымыз. Оны жаңғырту, кейінгі ұрпаққа жеткізу – бүгінгі буынның еншісінде.
– Асық ойыны қазақ мәдениетіндегі балалардың тәрбиесі мен дамуына қалай әсер етеді?
– Еліміз ертеде көшпенді өмір салтын ұстанғандықтан, оның әдет-ғұрпы төрт түлік малға мейлінше байланысты болып келеді. Асық ойыны да соның дәлелі. Асыққа байланысты қаншама атау, ұғым-түсінік, қанатты сөздер бар. Қазақтың мақал-мәтел, аталы сөздері де асыққа байланысты құрылып, күнделікті өмірде жиі пайдаланылады. Мәселен, «Асығың алшысынан түссін» деген сөз о баста ойынға қатысты айтылған болса, бірте-бірте ізгі тілекке айналды. «Ісің оңынан жүрсін» деген мағынада айтылатын болды. Осы сияқты:
Қой асығы демеңіз,
Қолға жақса сақа қой,
Жасы кіші демеңіз,
Ақылы асса аға қой.
***
Оңқай – асықтай,
Күміс – қасықтай.
***
Асығын ата алмаған,
Сақасынан көреді.
Сөзін сөйлей алмаған,
Атасынан көреді.
***
«Асықтай шымыр,
Оқтаудай мінсіз.
***
Алшылы шік, тауғалы бүк.
***
Алшы түсіп ақырып,
Сақа болып жапырып.
***
Аяғын алшысынан басу.
***
Бүк түссе де менікі,
Шік түссе де менікі.
Омпа ойын бұзар,
Жынды жиын бұзар.
***
Сақадай сай деген секілді тіркестер де халқымыздың асыққа оң баға бергендігінің белгісі. Асық ұғымы біздің әдебиетімізде, мәдениетімізде, тарихымызда өзіндік орнын ойып тұрып алды деуге болады.
Ұлтттық тәрбие жайлы қалам тербеген халық батыры Бауыржан Момышұлы «Асық – үлкен халықтық тəрбие құралы» дегеніндей, асық ойыны – ұлттық ойындардың ішінде өзіндік мән-маңызы бар рухани мұрамыз. Ойын арқылы ұрпақтың бойында жауапкершілік, ұлттық құндылықтарына деген құрмет сезімі қалыптасады. Ұлттық ойындарды жандандыру арқылы біз ұлттық мәдениетімізді жаңғырта отырып, отаншыл ұрпақ тәрбиелеуге жол ашамыз. Осы асық ойыны арқылы ерлеріміздің батыр, шымыр, сергек болып қалыптасқандығын байқаймыз. Ойын сәбидің жүйелі ойлау, танымдық әрі қарым-қатынас қабілетін қалыптастырады. Өз бетімен тез шешім қабылдауға, жадын жақсартуға септігін тигізеді. Асық ойынының осындай игі әсерінің арқасында тарихта қаншама батыр, дана бабаларымыздың болғанын мақтан етеміз.
– Қазақ халқының тарихындағы асық ойынының бүгінгі жағдайдына қандай пікір айтар едіңіз?
– Елімізде ұлттық рухани құндылықтарды дәріптеу, насихаттау, өмірге енгізу бүгінгі таңда өте белсенді жүргізілу үстінде. Соның қатарында асық ойынын насихаттау да бар. 2011 жылы ойынның ережесі ресми түрде бекітіліп, 2015 жылдан бастап рсепубликалық біріншіліктер өткізілді. 2017 жылы қазақтың ұлттық асық ойыны ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес құндылықтары қатарына енгізілді. Бұл асық ойынының көкжиегін кеңейте түседі деген сөз.
Comments