top of page

Әбіш Кекілбаев: Күләш – ғылым әлемінде өз “жұлдызы” бар ғалымдардың іргелісі

Әбіш Кекілбаев: Күләш – ғылым  әлемінде өз “жұлдызы” бар ғалымдардың іргелісі

“Адам бойындағы асылдың бәрі – ұстаздан. Тек жоғары білімді, дарынды, ақылды әрі ұлтжанды мұғалім ғана инабатты, лайықты ұр­пақты тәрбиелей алады” деген Абай.

Орыстың педагогы К. Д. Ушинский: «Мұғалім – ерен тұлға, ол күннің құдіретті сәулесі іспетті», – деген. Сондай мамандардың бірі емес, бірегейі Мағжан Жұмабаевша айтқанда алты алаштың ең қадірлі орнына жайғасқан ғалым Күләш Айтмолдақызы.

Ол ата-анасының ұс­таздық жолын жалғап, қызметін Талдықорған өңіріндегі өзі оқыған Ақсу орта мектебінен бастаған. Аудандық мектепте ұстаз бола жүріп, ауданда және облыста алғаш ашылған радиоторапта тұңғыш әйел дауысты диктор болған.

Телехабарларға қатысып, салтдәстүрге байланысты тұщымды ойпікірлерін ортаға салады. Өзінің білімділігімен, даусының әдемі дикциясымен көзге түскен Күләш Айтмолдақызын Қазақ теледидарындағы дикторлар тобының жетекшісі Әнуарбек Байжанбаев дикторлыққа қызметке шақырады. Бұл қызмет ол кезде көптеген адам­ның арманы болатын. Бірақ өз ісіне адал Күләш Айтмолдақызы ұстаздығын еш мамандыққа ал­мас­тыра алмайтындығын айтып, ол ұсыныстан бас тартады.

Кеңестік кезеңнің дүркіреп тұрған кезінде Мәскеуден келген ғалымдар ауыл балаларына арнап ашылған Алматыдағы №2 мектепинтернатта ұстаздың берген сабақтарына, баяндамаларына, қазақи қонақжайлылығына қызығып, таңдай қаққан. Содан Күләш Айтмолдақызының зерттеу жұмыстарының нәтижесіне риза болған мәс­кеулік ғалымдар сол кездегі республиканың Оқуағарту министрі Қ.Балахметовке алғыстарын білдіріп, жас ғалымға көмек қолын созып, оның мүмкіндігіне дұрыс жол ашуды нұсқайды. Мәскеулік комиссияның оң пікірінен кейін Күләш Айтмолдақызының 30 сабақ үлгісі Мәскеу, Тула, Ереван, Тбилиси қалаларында, Герман Демократиялық Республикасында аппробациядан өтіп, сабақ кестесіне енгізілді. Бұл сабақтар Қазақстанда жеке оқулық болып басылып шығып, мектеп-интернаттарға дәріс ретінде енгізіліпті.

Ұстаздық қызметін ғылыммен байланыстырған ғалым талай оқулық жазып, шәкірттердің білім көк­жиегін кеңейте түсті. Өзінің 62 жылға тарта ұстаздық ғұмырында отыздан аса оқу­лық, ғылыми кітаптар жазып, талай шәкірт тәрбиеледі.

Қоғамда өзінің айшықты орнын алған Күләш Айтмолдақызының білім саласына сіңірген еңбегі өлшеусіз. Өзі білім алған Абай атындағы педагогикалық ұлттық университетіне 1992 жылы аштық жариялап, психологияны қазақ бөлімдерінде оқытудың методикасын жасап, лекцияларын ана тілінде оқытуды енгізеді. Ұстаздың мақсаты – қазақ даналары Аймауытов, Жұмабаев, Алтынсарин, тағы басқа­ларының еңбектерін, әдіс-тәсілдерін оқу тәрбие кестесіне кіргізу еді.

Дәстүрімізден қол үзіп, ұмыт бола бас­таған тұста «Өмір мектебі» деген атпен клуб ашып, салт-дәстүрді насихаттап, қолөнерге бет бұрып, клубқа жетекшілік еткен де ғалымның өзі болатын.

Сабағында білім мен тәлім-тәрбиені ұштастырып, әр сөзін салмақтап дәлелді сөйлейтін, тағылым ұсынып, білім, өнеге тарататын Күләш Айтмолдақызы – адам тағдырын шешуші шынайы тәлімгер, нағыз ұстаз. Білімді маман өз мойнындағы жауапкершілікті жіті сезініп, өмір бойы осы жолда аянбай тер төгіп келеді.

Қызметке алғаш келген кезінен бастап осы күнге дейін республиканың талай өңіріне атбасын бұрып, жас мамандармен тәжірибесін бөлісіп, білгенін үйретуден жалыққан емес. Меккеге 28 рет барып қажылық парызын орындау – ұстаздың жастарға дін саласын оңтайлы әрі терең түсіндіре білуіне жол ашты. Қажы ғалым адамгершілік құндылықтарын имандылық қағидаттарына сәйкестендіре отырып “Иман-инабат” атты кең көлемді жаңа оқулық жазды. Соның арқасында жастарға имандылық сабағын беріп, иман нұрының шуағын шашты.

Алғашқы қажылығынан кейін-ақ Күләш Айтмолдақызы қайырымдылықпен де айналыса бастады. Талдықорған қаласындағы балалар үйіне жыл сайын қамқорлық жасап, сыйлықтарын апарып, көмек қолын созды. Сонымен қатар Ақсу ауданындағы Қ.Сәтбаев, Мамания мектептерінің ұстаздарын оқу құралдармен қамтамасыз етті. Олар өздерінің кітапханасында К. Айтмолдақызына арналған бөлім ашып, оған ғалымның көптеген кітаптарын, көмекші құралдарын қойды.

Талдықорған қалалық кітапха­наларына кітаптарын ұсынып, ұстаздардың пайдалануына жағдай жасады. Талай жыл «Балаларды қорғау күнінде», «Рамазан айында», «Білім күнінде» балалар үйіне барып, қажетті заттармен қамтып отырды. Жас буын­мен жиі кездесіп, оң бағыт сілтеуде еш аянбайтын Күләш Айтмолдақызы – ұстаз деген ұлы ұғымның иесі.

Күләш Айтмолдақызының 2009 жылы жарық көрген үш томдық «Ұлттық психология» оқу құралы оқырман іздеп жүріп оқитын құнды кітапқа айналды. Ғалымның бұл кітабы жайлы пікір жазған ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Франц Кафка атындағы халықаралық Алтын медаль және Платина, Тарлан сыйлықтарының лауреаты, сыншы Ш.Сариев былай дейді: «Күләш Оразбекованың «Ұлттық психология» атты зерттеу еңбегі – ғалым ретінде алса да, танымдық ретінде бағаласақ та, қазақ ұлтына қосылған ұлттық қазына, рухани байлық. Біздің жас жеткіншектерді тәрбиелейтін тәрбиеші педагогтар осы кітапты темірқазық етіп алса, ешқашан тура жолдан адаспайды. Ұрпақтарымыз бұл кітаптан тәлім алса – қазақ халқының келешегі бар, болашағы үстем деген сөз. Менің ақын ретінде де, ғалым ретінде де пайымдауымша, педагог-ғалым Күләш Оразбекова қыруар еңбек еткен, жан-жақты талдау жасаған, ұлттық психология ғылымына орасан зор рухани қазына-байлық сыйлаған ғұлама ғалым, дәуіріміздің бірегей тұлғасы деп танимын. Ұлттық қазынаға қосылған ұлағатты еңбек...»

Сонау кеңестік заманда оқу-ағарту саласында қызметін бастап тәуелсіздік туы желбіреген тұста ұлттық психология мен педагогикаға бет бұрған Күләш Айтмолдақызының еңбегі мемлекет тарапынан да, халықаралық ұйымдар тарапынан да ескерусіз қалған жоқ. Ғалым – педагогика және психология ғылымдарының докторы, профессоры, Нью-Йорк академиясының толық мүшесі және құрметті философия докторы, халықаралық психология ғылымдары академиясының толық мүшесі және академигі.

Адам құқығын қорғау бойынша Халықаралық Комитетінің “CiPOHc құрметті полковнигі” атағын алған, бұл атақ осы ұйымның арнайы киімін киіп жүруге рұқсат берді.

Ресей­дің Екатерина ІІ орденімен марапатталған. Бұл орденді әлемнің белгілі әйел тұлғалары В. Терешкова, И.Тэтчер, В.Матвиенко, С.Моргуновадан кейін алған қазақтың қызы Күләш Оразбекова болды.

Ғалым Францияның комплементарлық медицинасының профессоры, сондайақ бірнеше халықаралық ғылыми ұйымдардың мүшесі. «Құрмет» орденінің, Халықаралық «Ататүрк» орденінің иегері.

ҚР «Еңбек ардагері», «Ерен еңбегі үшін медальдарымен, «Планета мира – WorldofPeace» алтын медалімен, халықаралық «Гиппократ», «Бейбітшілік көгершіні», отандық «Ұлт қайраткері», «Білім беру ісінің үздігі» сияқты т.б. ондаған медальдармен марапатталған. Алматы облысының құрметті азаматы.

Еңбегі өз елінен асып, талай жерге танылды. Ғалым жайлы халқымыздың ерен тұлғаларының талайы қалам тербеді. Заманымыздың текті де, тегеурінді ақыны Мұхтар Шаханов ғалым жайлы былайша ой өрбітеді: «Ұмытпасам, 1987 жылы ҚазПИ-де Күләш Айтмолдақызы ұйымдастырған кездесуде алғаш рет таныстым. Ұлтымыздың кейбір көкейкесті мәселелері жайлы толғана сөйлегені сүйсіндірді. Шәкірттері өзін ерекше қадір тұтады екен. Күлекеңнің ұстаз ғана емес, адам психологиясы иірімдеріне еркін бойлай алатын ғалым екенін кейін еңбектері арқылы білдім», – дей келіп, «бүгінгі таңда қазақ әйелінің рухани тұлғасы ұлтымыздың сан ғасырлар салт-санасын, дәстүр-талғамын, әдепибасын бойға жинай білгендігімен ғана емес, соны қолдай, қорғай білгендігімен де өлшенбек», – деп түйіндейді. Шынында да, ұлтымыздың рухани тұлғалары салт-сананы, дәстүрді қорғай білгенімен де өлшенері анық. Сондай тұлға – Күләш Айтмолдақызы Оразбекова. Осы тұста Мұхаңның қазақтың ғалым қызына арнаған жыр жолдарын келтіре кетсек:


КҮЛӘШ АЙТМОЛДАҚЫЗЫ ОРАЗБЕКТЕГІНЕ!

Осы мен Күлекеңе қайран қалам,
Көргенде Күлекеңді жайраң қағам.
«Қыз өссе – елдің көркі» деген сөзді
Күләшқа лайықтап мен де жазам...
Неткен ғажап табиғат берген сұлулық!
Сұлулыққа жанаспайды зұлымдық.

Қыз бала келсе отбастарына қазақтың,
Күләш қою керек деймін ырым ғып.
Білім қуған қазақтың қаракөзі,
Көптің бірі емессіз, дарабозы.
Үлес қосқан адамсыз игілікке,
Бір арнадан шығатын ісі – сөзі.

Күресті қиындықпен, қажымады,
Шаршаса да бір уақыт налымады.
Көбімізге бүгінде жетпей жатқан,
Ізгілік бойыңыздан табылады.
Тал бойына бәрі де жарасады,
Еріксіз жан біткенді қаратады.
Сәулесі нұр шашатын қара көздер,
Шуағын айналаға таратады.
20.08.1990 ж.

Сөз соңына қарай көрнекті зиялы қауым өкілдерінің Күләш Айтмолдақызы туралы айтқан пікір­лерін келтіре кеткенді жөн көрдік.

“Қадірменді ұстаз, өзі де көргенді ана мен әженің қастерлі атын арқалап жүрген Күләш Оразбекованың әр отбасының тәрбиелік құралы іспетті өміршең қағидалары мен ғибратты ғақлияларды алтын арқауы ететін, дәрістері мен әдістері де қамтылған кітап жазып-шығарып отырған нысаналы мұраты бар еңбегі дәріптей алғыстауға әбден лайық. Кітап баламыздың тәй-тәй басқан тәтті кезеңінен бастап, мектеп табалдырығына таяп келе жатқан жасындағы дайындық дағдыларын өзек етсе, осы жастағы ақыл-ой өресіне сай келетін түрлі-түсті суреттермен қызықты көркемделген”.
Жазушы Мұзафар Әлімбаев

“Күләштің арманы әйелдер сияқты емес, болашаққа ұмтылған. Лекция оқуға жолдамамен әр облыстарға жіберем, бармаймын демейді, бармаған жері, баспаған тауы аз шығар. Барған жерін риза етіп, оқыған лекциялары ұнады, тағы да жіберсеңіз деген өтініштер, мақтау хаттар көп келеді. Әсіресе қазақ психологиясын насихаттағаны құптарлық. Сол арманы орындалатынына мен сенемін” .

Белгілі қоғам қайраткері
Ораз Жандосов

“Күләш Оразбекова өзінің жүргізген хабарларында ғасырлар бойы қазақ қандай ел болды, шаруашылығы, мәдениеті қалай дамып келді, жастарының ерте ержетуіне қандай амалтәсілдер қолданып еді, әдемілік, көркемдік деген ұғымдары қаншалықты болды т.б. осы сияқты қазақтың өзіне-өзін айқын таныта алатын мәселелерді ба­тыл көрсетеді”.
Қазақ радиосының редакторы
Әнуарбек Байжанбаев

“Бұл «Ұлттық психология» кітабы ұрпақ игілігіне жарап, осы уақытқа дейін жіберген олқылықтардың орнын толтыру үшін ізгі ниетпен дайындалған құнды еңбек. Оразбекова Күләштың ұлттық психологияға байланысты ізденістері талдап тұрып оң бағасын беруге лайық.

Бірінші ғылыми нәтиже. Тұңғыш рет жеке тұлға ұлттық тәрбиесінің ғылыми-теориялық негізі жасалған. Ұлттық тәрбиенің педагогикалық ғылыми жетістіктеріне сипаттама беріп, жеке тұлға ұлттық тәрбиесінің зерттеу бағыттары мен бүгінгі ахуалын қарастырған.

Екінші ғылыми нәтиже. Қазақ ағар­тушылары мен ойшыл-даналарының мұрасындағы жеке тұлға ұлттық тәрбиесі туралы этно­педагогикалы этно-психологиялық ой-пікірлер алғаш тұжырымдалған, жеке тұлға ұлттық тәрбиесіне қойылатын талаптар мен теориялық тұжырымдар жүйеленген.

Үшінші ғылыми нәтиже.
Қазақ этно­педагогикасы мен этно­психологиясының жеке тұлғаны қалыптастырудағы өзара байланыстылығының зерттеу объектілері, ұқсастықтары мен ерекшеліктерін дәлелдейтін құрылымдық-логикалық үлгі жасалған.

Төртінші ғылыми нәтиже.
Жеке тұлға ұлттық тәрбиесінің ғылыми мәнін ашып ата-бабамыздың нағыз иманды, тәрбиелі, білімді болуға бағытталған қағидалар мен өсиеттердің мазмұны мен тәрбиелік мүмкіндіктері берілген.

Бесінші ғылыми нәтиже.
Жеке тұлға ұлттық тәрбие нормалары мен шарттары ұсынылған. Ұлттық тәрбие негізін­дегі ақыл-парасаттылық қасиеттердің өлшемдері берілген.

Алтыншы ғылы­ми нәтиже. Жұмыс жүйесінде ғылыми әдіснамалық және теориялық қағидалар мен зерттеу пәніне сәйкес әдістерді қолданумен, ұсыныстар мен тұжырымдамалар дайындап, іс-тәжірибе жинақтау арқылы анықталды.

Жетінші ғылыми нәтиже. Қазақ ғұламалары, ағартушылары мен қоғам қайраткерлерінің еңбектеріндегі жеке ұлттық тұлғаның тәрбиесі туралы айтылған түйіндер мен тұжырымдар тұңғыш рет жүйеге келтірілген. Сегізінші ғылыми нәтиже мектеп пен жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар, әдіснамалық көмекші құралдар жазылған, олар оқу-тәрбие процесіне енгізіліп, жұртшылық тарапынан қолдау тапқан”.
Жазушы Ақселеу Сейдімбек

“Мекемтас мырза “Әділет жүректен шығады”, – дейді. Ал Күләш жүрек тәрбиесін ұсынып, Абайдың 30 түрлі жүрек үлгісін, Дулаттың 41 түрлі жүрек үлгісін береді. Мекемтас мырза “парасатты адам, кемел, толық жетілген, алғатартушы адам “дейді. Оразбекова үшінші кітабында адамтануда Абайдың Сара жолдарын көрсетеді. “Абай – психолог”, – деп бірінші боп қорытынды жасап, адамдардың түр­түріне парасатты адам т.б. психологиялық анықтама береді.

Ең ғажабы, Абайдың қырық құбылып жүретін адамдардың мінезін, іс-әрекетін көрсетуі асқан шеберлік және ол ешбір зерттеулерде кездеспейтін нәрсе. Бұл өркениетті елдердің ойшылдарын бүгін таң қалдыруда.

Жалпы Абайдың психологиялық көз­қарасы зерттелген ғылыми еңбектерде ұлы атамыз қазақ азаматын қай тұрғыда көргісі келді екен деген мәселе назардан тыс қалып келеді. Сондықтан осыған Оразбекова назар аударады

Яғни, «Абайдың аңсағаны қандай азамат?». Менің ойымша, ұлы ақынның ең алдымен көксегені, көрсем дегені – ойлы азамат. Ойында көзі, бойында қайраты бар азамат. Абайдың аңсағаны толық жетілген адам дейді автор.

Абайдың еңбегіндегі адам мәселесін зерттеу барысында әлеуметтік психологияға айналды. Мысалы: Абайдың шығармаларында өзінің қара басына жақсылық жасаудан, мал жинаудан қолы тимеген сараң адам сөз болады. Ол бүгінгі күннің мафиясы мен жемқорын жазды деп түсінуге болады.

500 беттен тұратын үш томды қарап Қазақстан журналистер одағының хатшысы Оразбекованы «Осы батырлығыңыз үшін журналистер одағына мүше етіп аламын» дегені дұрыс екен деп ойладым.

Маған көп күш жұмсаудың қажеті болмады. Әбіш маған звондап: “Күләш қызымыз келді көмек сұрап, менің қолымда Сәтбаевтің тастарынан басқа ештеңе жоқ. Сенің күшің – газетің бар. Қызға көмектес”, – деді.

Жиналған мағлұматтар шындық дәлел болды. Төрт рет докторлықты қорғатпай, төрт рет жазу әркімнің қолынан келе бермейді. Байқұс қыз диссертацияны жазған. Біресе тақырыбын өзгертіп, біресе жетекшілерін өзгертіп, ақыры ақша талап еткен. Соңында талапқа сай емес деп. Оппоненттері жоғары баға берсе де, жемқор мен сыбайлас топ пікірлерін өзгертіп жазғызады. Ауруға шалдығып, жүй­ке ауруына шалдыққандар, тіпті мұндай қорлыққа шыдай алмай өліп кеткендерді де көз көрді.

“Айт дегенді айтсаң, арың төгіледі, айтпа дегенді айтсаң, басың кетеді, деген заман еді” деген Әбіш Кекілбаев еске түседі.

Осының бәріне ректордың көзін жеткізіп, “шара қолданып, әділеттілікті орнатпасаңыз осыларды түгел газетке басам” дегеннің өзінде ары тартып, бері тартып, ақыры жан керек. Әйтеуір қолдап, Күләш қорғау Советінде “жоғары деңгейде қорғалған бірінші жұмыс” деп баға алды. Бірақ қуанып, мақтаныш күйі білінбеді. Келіп: “аға, сізді шаршаттым-ау”, – деп қайта-қайта кешірім сұрап, көзіне жас алып, рақметін айтты.

Мен де жеңілдеп, иығымнан бір үл­кен жүк түскендей: “Әбіштің өтінішін тез орындадым-ау”, – деп күлдірдім. “Мені қайраған «күшің бар деп», сол ағаң, рақметіңді соған айт. Енді осы жолың­нан таймай, біраз демалып, ұлдарыңды қуант”, – деп шығарып салдым.
Жазушы Шерхан Мұртаза

«К.А. Оразбекованың «Ұлттық психологиясы» өмірге құштар талай жанның жүрегінде бақытқа жетектейтін шырақ болып жанатыны рас. Ғалым болу еріккеннің ісі емес. Ғалым болып туылған-ау Күләш Оразбекова. Өйткені жазған шығармасынан ғалымның ғалым­дық ауырт­пашы­лығы мен азабына көне білгендігінен болашақ тәрбиесіне бар өмірін арнағаны көрінуде. «Әр ғалымның арманы еңбегі шыраққа ұқсауды қалайды» емес пе?! К.А. Оразбекованың сол арманы орындалған сияқты!

К.А. Оразбекова қазақ ғылымында: «әркім өзін балап данышпанға бір-бір құдай болып жүргендерден емес екенін «Ұлттар психологиясын» оқығанда аңғардық. Нағыз ғалым екеніне көз жеткіздік. Ғылым әлемінде өз «жұлдызы» бар ғалымдардың іргелісі» екен!

Ғалым-педагог Күләш Оразбекованың еңбегі – орасан үлкен ізденістің жемісі. «Тәрбие психологиясы да, психикалық құбылыстардың жіктелуі де, отбасы психологиясы, бәрі де ғалымның ұлағатты еңбегінен, жан-жақты ізденісінен туғандығын дәлелдейді. Тағы да қайталап айтуға тура келеді: ғалымның еңбегі – ұлттық қазынаға қосылған ұлағатты еңбек...»
Жазушы Әбіш Кекілбаев


Раушан КАРШАЛОВА,
“Тұлға”

bottom of page