top of page

Ұстаз деген –
ұлы тұлға, ұлы есім!

Ұстаз  деген – 
ұлы   тұлға,   ұлы   есім!

Басына байлық емес,
Құрсағына сәби сұраған.
Өзегіне өрт түссе де,
Сыр бермей шыдаған.
Әйел – молшылық көзі
Жоқтан барды құраған.
Көзі көреген
Қолы береген», – демекші осындай аналарымыздың бірі Адамсопы қызы Ақжібек Әкеше келіні.

Бүгінде ел анасына айналған Ақжібек анамыз абыройлы әпке, үлгілі келін, асыл жар, аяулы ана бола білді.

Ақжібек Адамсопы қызы 1949 жылы 3 тамызда Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының Ащысай ауылында дүниеге келген. «Еңбек ер атандырады», – демекші әкесі Адамсопы жастайынан еңбекке ерте араласып, туған жерінде қажырлы еңбек етіп, ұрпағына үлгі-өнеге бола білген жан. Бейбіт жатқан еліне тұтқиылдан шабуыл жасап, баланы жетім, ананы жесір еткен қанды соғыс басталғанда елінің басына түскен ауыртпалықты теңдей көтерген азамат Отан соғысына аттанды. Қанқұйлы соғыста жараланып, аман-есен кеудесі жарқырап, сыңғырлаған медальдарымен еліне оралып, бейбіт еңбекке араласып кетті. Сол соғыстың зардабынан әкесі өмірден ерте өтті. Артында төрт ұлы, төрт қызы қалды. Қос анасы Күлжәмилә мен Бүбіқан балаларына әкелерінің жоқ­тығын білдірмей, біреуі үйде балаларын тәрбиелесе, екіншісі күн-түн демей совхоздың жұмысын істеді. Әкесі өмірден өткенде Ақжібек небәрі оныншы сыныпта оқитын еді. Аналары балаларын ізеттілікке, кішіпейіл бо­луға, бауырларына мейірімді, бауырмал болуға, ынтымақты, кешірімді болуға, төзімділікке, шыдамдылыққа, сабырлы болуға баулыды. Осындай қиын-қыстау өтпелі кезеңде Ақжібекке қамқор болып, қа­наттарының астына алып, әкесін жоқтатпай, әке орнына әкедей болған жездесі Ақан мен әкпесі Жібек, бауыры Нұртасты қалай ұмытсын. Сол кез­де оқуына баса көңіл бөліп, қайғыға мойымай мемлекеттік емтиханға тыңғылықты дайындалуына көп жағдай жасаған осы аяулы жандар еді. Үлкендердің осы тәрбиесін көріп, сөздерін көкейіне құйып өскен Ақжібек анамыз білімге деген құштарлығының, еңбекқорлығының ар­қа­сында бірінші сыныптан бастап оныншы сыныпқа дейін тек «5»-ке оқыған табандылығының арқасында ұстаздарының үмітін ақтап, Қаратұрықтағы Калинин орта мектебін алтын медальмен аяқтады.

Арман арқалаған жас қыз өзі қалаған мұғалімдік мамандығына жету мақсатында Қыздар Мемлекеттік Педагогикалық Институтының жаратылыстану-география факультетінің химия-биология бөліміне құжаттарын тапсырды. Бұл – 10-11-сыныптар мек­тепті қатар бітірген 1965-1966 оқу жылы еді. Конкурс жоғары, бір орын­ға сегіз абитуриент үміткер болған кез еді. Бірақ Ақжібек алған терең білімін дәлелдеп, негізгі химия пәнінен «5» алып, медалист ретінде конкурстан тыс оқуға қабылданды. Институт қабырғасында үздік оқумен қатар қоғамдық жұмыстарға белсене араласты, алыс ауылдардан келген тобындағы қыздарға староста ретінде қамқор болып, емтиханға дайындалуларына көп көмегін тигізді. Ол кезде оқулықтар, қосымша әдебиеттердің көбі орыс тілінде жарық көретін еді. Сабақтан бос кезін көбінесе кітапханалардың оқу залында өткізуші еді. Бұл да оның кітапқа, оқу-білімге деген құштарлығынан болса керек. Осындай табанды еңбегінің арқасында оза шауып, институтты қызыл дипломмен аяқтады. Алғашқы еңбек жолын Қаратұрық мектеп интернатында бастаған Ақжібек қырық жыл үзбей осы салада еңбек етті, қаншама шәкіртінің алғысына бөленді, жас мамандарға жетекшілік етті.

Қыз баланың мұраты өмірлік серігін тауып, жар сүйіп, ана болу бақытын иелену емес пе?І 1973 жылы анамыз Жамбыл облысы бұрынғы Луговой ауданы Калинин ауылының (қазіргі Көкдөнен) тумасы Әбділдамен отау құрып, ауылдағы ең абыройлы, өскенөнген Әкеше әулетінің келіні атан­ды. Өмір бойы басқарушылық қызметте болып, абыроймен зейнетке шыққаннан кейін бар саналы ғұмырын имандылық жолына арнаған аудан имамының келіні болу оңай шаруа емес екені белгілі. Бірак Ақжібек анамыз өз әке-шешесінен алған үлгісі мен тәрбиесінің арқасында таусылмайтын үй шаруасымен қоса, толассыз келіп жататын қонақтарын да күте білді. Соған қарамастан ұстаздық жұмысын да ақсатпай алға қойды. Сабағына кірген әріптестері оның оқушылармен тіл табысуына, терең біліміне, әдіс­кер­лік шеберлігіне тәнті болып, көп нәрсені үйреніп шығушы еді. Жас мұғалім бола тұра, ауылдың небір бұзық балаларын сыпайы ғана әдемі сөзбен, жылы жүзбен тілін тауып, орнына қоя білді. Әкешедей атадан, Айшакүл мен Үрімжандай енелерінен көп нәрсені үйренді, көңіліне тоқыды, соның арқасында ауылдың үлгілі келіні атанды. Міне, Ақжібек Адамсопы қызы осындай ата-апаларының батасымен өсіп-өніп, көгеріп көктеп отырған аяулы жан.

Жан жары Әбділдә – бұрынғы Фрунзе қазіргі Бішкек қаласындағы Қырғыз Мемлекеттік Университетін бітірген жоғары білімді азамат, бухгалтер-экономист мамандығының иегері. Жас жанұя күйеуінің жолдамасы бойынша Луговой ауданының (қазіргі Тұрар Рысқұлов) Луговой жылқы зауытына қызметке ауысты. Әбділдә совхозда алдымен бухгалтер, содан кейін өмірінің соңына дейін экономист болып қызмет атқарды. Ал Ақжібек анамыз совхоздағы Ақтоған орта мектебіне орыс, қазақ сыныптарына химия, биология пәндерінен сабақ беретін болып жұмысқа орналасты. 30 жыл бойы тапжылмай бір мектепте шәкірттерін білім нәрімен сусындатты. Шыдамды, сабырлы адам бастаған ісінің жақсы нәтижесін көреді, білімге құштар адам іздегенін табады, демекші осы жылдар ішінде толассыз ізденістің арқасында ҚазССР-ның Құрмет грамотасымен, аудан әкімінің Құрмет грамотасымен, облыстық Кәсіподақ ұйымының Мақтау кағазымен, түрлі деңгейдегі грамоталармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Түрлі байқауларға қатысып «Жыл мұғалімі», «Жаңалық жаршысы» атағына ие болған Ақжібек Адамсопы қызы «Оқу ісінің үздігі» төсбелгісін алып, аға мұғалім деген атақты да иеленді.

Химия пәнінен республикалық ғылыми жоба жарысында шәкірт­тері алғашқы жүлделі орындармен марапатталды. Химия, биология пәндері бойынша Ақжібек апайынан терең білім алған шәкірттері қазіргі кезде еліміздің түкпір-түк­ірінде бірі дәрігер, бірі химия-биология пәндерінің мұғалімі болып жемісті еңбек етуде, еңбегінің жемісін көру деген осы шығар!

Қанша жұмысбасты болса да Ақжібек анамыз артынан ерген тума туыс бауырларына қолұшын созуды бір сәт те естен шығарған емес. Артынан ерген Шара, Ботагөз, Талап, Дәулет, Болат сынды іні-сіңлілеріне ақыл-кеңесін беріп, көмек қолын созып отырады.

«Бауырдан басқа кім енді,
Бәрінен артық сенімді
Жұбатып, кейде жылатып,
Бетке айтар артық-кеміңді», – дейді сөз арасында ардагер ұстаз.

«Құдіреті күшті Алла әйелді қор­ғағысы келсе ұл сыйлайды, мақтағысы келсе қыз сыйлайды», – дегендей Абуталиптей ұл, Амина, Мадинадай қыз өсіріп, оншақты немере сүйіп, Ерғали мен Ақылдай күйеу балалары мен Мадинадай келініне үлгі болып, тәлім-тәрбие беріп отырған ана. Балалары жоғары білімді, өмірден ойып өз жолдарын тапқан, әрқайсысы өз саласының білгір маманы болып қалыптасқан саналы азаматтар. Білім нәрін беріп су-сындатқан шәкірттері ұстазын ұмытпай Қазақстанның түкпір-түкпірінен мейрамдарда құттықтаулар жіберіп, ризалықпен хабарласып тұрады.

«Бала күннің түзеп берген бесігін,
Ашып берген болашақтың есігін.
Ұстаз деген – ұлы тұлға, ұлы есім
Мақтан етіп айтатұғын есімін» деп ақын жырлағандай Ақжібек Адамсопы қызы өзінің өнегелі өмірінде ай­на­ласындағыларға шуағын шашып, ізгіліктің дәнін себе білген аяулы ана, білгір ұстаз, мейірімді де қайырымды жан. Сөз соңында ана­мыз Ақжібек Адамсопықызына бала-шағаңыздың қызығына тоймай, ағайын-туыс, бауырларыңыздың ортасында ұзақ әрі бақытты ғұмыр кешіңіз демекпіз.

Ботагөз ҚЫРБАСОВА,
Алматы облысы.

bottom of page