Patriot-tulga.kz
Ұстаз бақыты - шәкіртіңмен
бірге қуана білу
Республикамыздағы
оқу-ағарту саласынан шыққан жалғыз Еңбек ері, «Алтын жұлдыз» және «Отан» ордендерінің иегері,
«Қазақ КСР халық
ағарту ісінің үздігі», Қазақстан
Республикасының
еңбек сіңірген қайраткері,
ҚР білім беру ісінің
құрметті қызметкері
Аягүл Төреқызы МИРАЗОВАМЕН сұхбат
оқырман назарына ұсынылып отыр.
– Аягүл Төреқызы, ұстаз болу бала күнгі арманыңыз ба еді?
– Мен 1948 жылдың 15 желтоқсанында Жамбыл облысы Жуалы ауданының Берікқара мекенінде дүниеге келдім. Әкем Төре, анам Зухра бес ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірген жандар. Мен баланың үлкені болғандықтан, ата-анам бетімнен қақпай, еркін өсірді. Кішкентай кезімнен сабаққа аса ықтиятты, ұқыпты болдым. Оған себеп: Сайлаухан Слямханов, Алдамжар Сыдықов, Мамытхан Айтжанов, Рахметолла Лұқпанов, Мұрат Шералиев, Қанатбай Әбдімәліков, Валентина Ильичина Колодяжная, Шымырбай ағай және тағы басқа көптеген ұлы ұстаздардан тәлім-тәрбие алуым еді. Өзімнің сынып жетекшім Алдамжар ағай бізге әрқашан үлгі болатын. Көшені аралап, қай қыздың үйінің қора-қопсысы қоқып жатса, ертеңіне ерінбей, тәрбие сағатында сөзбен сабап алатын. Қазір байыптасам, мен ол кісінің сол кездегі бізге ұрысқанын тәртіпті, ұқыпты болуға баулығандығынан деп ойлаймын. Ал біз содан кейін сабақтан келе сала үйімізді, ауланы тазалауға кірісетінбіз. Сол кезде бізге әрқашан Алдамжар ағай сыртымыздан бақылап тұратындай көрінуші еді. Міне, осылай ұстаз беделі көз алдымызда қалыптасты. Осындай жандардан білім алуым, тағылым-тәрбиелерін бойыма сіңіріп өсуім бәлкім мені де үлкен өмірде адам болып қалыптасуыма сеп болған да шығар…
Негізінен мен бала күнімнен дәрігер болуды армандағанмын. Мектепті бітіргеннен кейін, Алматы қаласына үлкен арманымды арқалап келіп, медициналық оқуға тапсырдым. Өкінішке орай, сол кезеңдерде он бір жылдық білім жүйесінің онжылдыққа түбегейлі ауысуы менің оқуға түсуіме кедергі келтірді. Қысас қылғанда, химия пәнінен сынақтан да төрт алып қалдым. Сол жылдары дәрігерлік мамандықта тек қыздарға жиырма ғана орын бөлініпті. Оның өзін кімдердің иеленетіні айтпаса да белгілі еді. Қайтпек керек? Сосын әкемнің нұсқауы бойынша Тараз Мемлекеттік педагогикалық институтының математика факультетіне оқуға түстім. Осылайша, менің сүрлеуі сан, машақаты мен мадағы қатар жүретін ұстаздық жолында қызметім басталып та кетті.
Институтта да мықты-мықты ұстаздардың алдынан өттім. Үлкен профессорлардан тәлім-тәрбие алып, оқуымды үздік бітірдім. Біздің осындай қайраткерліктің орбитасына шығуымыз институттағы оқытушылардың, ғалымдардың арқасында деп ойлаймын. Менің тұлғалық дамуыма студент кездегі ұстаздарым да ерекше әсер етті.
– Алғашқы еңбек жолыңызды қайда бастадыңыз?
– Институтты тәмәмдағаннан соң, туған мектебім Қарабастауға оралуға тура келді. Жарым Байнатов Жұмабай оқуын бітіргесін Киев қаласында аспирантураны жалғастыруға кеткендіктен, бір жыл Киевте тұрақтадық та, кейіннен енеммен бірге туған ауылыма қайта оралдым. Әкемнің араласуымен алғаш өзімнің бітірген мектепке математика пәнінің мұғалімі болып қызметке орналастым. Мектеп жылдарында оқушылармен ұстаздығым жарасым тауып, кейіннен тәрбие бойынша директордың орынбасары, кәсіп-одақ ұйымының басшысы, тағы басқа жұмыстарда басшылық жасадым. Менің сол ауыл мектебіндегі ұстаздық еткен жылдарым менің парасат-пайымыма, ұстаздық көзқарасымның қалыптасуына түбегейлі әсер етті деп ойлаймын.
– Ұстаздық еңбегіңіздің шың-далу тұсына тоқталып өтсеңіз...
– Ұстаздығымның шуақты кездері Алматыға көшіп келгенімізде Қ.Қошмамбетов атындағы мектепте көзге іліне бастады. Ол мектепте де біраз жетістіктерге қол жеткіздім. Ұжымдық жиындарда менің есімім де үздік мұғалімдер қатарынан кенде қалмай, ерекше аталатын болды. Бір қиындығы, сабақтың бәрі орысша жүргізілді. Әрине, алгебра аса қатты сөз байлығыңды қажет етпейді. Геометрияда оқушылардың алдында сөзбен сурет салуың керек. Ал менің бұрыннан орыс тіліне аңсарым аумаған. Мақсатым математиканы қазақ тілінде оқушылардың санасына құю еді. Сәйкесінше келер жылы Алматы қаласындағы №86 орыс-қазақ білім мектебі ашылды да, ебін тауып, орысша сабақ жүргізіп жүрген мектебімді тастап, осы білім ошағына ауысып келдім. Бұл жерде бойыма жаңаша қан тарағандай болды…
1991 жылы ашылған Ы. Алтынсарин атындағы №159 гимназия менің ұстаздық даңғылымды шырқау биікке көтерді. Бұл мектепті талай жылдар басқардым. Қазір де осы мектепте ұстаздық қызмет етіп келемін. Қызмет барысында басымыздан небір қиындықтар да, қуаныштар да өтті. Қазір маған сол кездердің естеліктері үнемі әсерлі күш беріп отырады.
– Ұстаздық қызметтегі концептуалдық ұстанымыңыз қандай?
– Менің жалпы алғандағы концептуалдық ұстанымым:
– Сөз үйретпейді, әрекет үйретеді: сөз арқылы ғана үйрену бүгінгі таңда мүмкін емес, білімді әрекет арқылы ғана меңгеруге болады;
– әр сабақта үйренушілер ойлау, өзінше ізденіс жасау, пікірлесу, пікірталастыру, диалог сияқты белсенді әрекеттер атқаруы керек.
Иә, ғұлама Конфуций да: «Маған айтып берсең – ұмытып қаламын, ал менің өзіме жасатсаң – үйренемін!» деп нақыл айтқан. Бұл тәмсілді әрқашан бүгінгінің ұстазы жадында ұстауы керек. Математика – гумандық пән. Ол себеп-салдарлық жүйеде дұрыс ойлауды үйретеді. Ал ойлау мәдениетін меңгерген адамның адамгершілігі де жоғары болады, жаман істерге бармайды.
Жүсіпбек Аймауытов айтқандай «сабақ беру – үйреншікті жәй шеберлік емес, ол – үнемі жаңадан жаңаны табатын өнер». Ұстаз – мектептің де, қоғамның да, ғылымның да, білімнің де, тарихтың да, ұлттың да, жақсы мінездің де жанды өкілі.
– Ұстаз бақыты неде деп ойлайсыз?
– Ұстаз бақыты – шәкіртіңмен бірге қуана білу. Біздің дәстүрімізге айналған ақжолтай ниетіміз: әйтеуір, қатысу емес, жарыстың бәрінен озып келу. Ұранымыз – «Алға! Алға… тек Алға» Әрдайым оқушылар бір жақтан жеңіске жетсе, ең алдымен жүгіріп менің кабинетіме келеді. Содан мен де олармен бірге қуанып, мәре-сәре болып, кабинетімнің ішін у-шу қыламыз. Жеңіске қалай қолдары жеткендерін жарысып айтып береді. Балалармен қуанғанға не жетсін, шіркін! Менің ұстаздық ғұмырымда ұмытылмас ең бақытты сәттер – осы естеліктер. Мен үшін басты бақыт – оқушы қуанышы, ата-ана алғысы, ұстаз еңбегінің өтелуі.
– Ұстаз қандай болуы керек? Бүгінгі ұстаз беделін қалай көтереміз?
– Ұстаз – мемлекетіміздің өркениетті даму саясатының мектептегі насихатшысы. Ол өзінің ісімен де, сөзімен де, жүріс-тұрыс мәдениетімен де, мектепке және мектептен тыс қоғамда Тәуелсіз еліміздің эталондық бейнесі болып табылады. Сондықтан да мұғалімнің оқу-әдістемелік, әлеуметтік-материалдық жағдайын жақсарту жолымен оның беделін мүмкіндігінше арттырып отыру – мемлекетіміздің білім беру саясатындағы негізгі басымдықтардың бірі болуға тиіс деп ойлаймын. Бұл орайда мемлекетіміз мектеп мұғалімдерінің рөлін көтеруде жан-жақты қолдау көрсетуге білім саясатында басымдық береді. Ұстаз беделін қоғам алдында көтеру үшін Елбасының тікелей өз Жарлығымен еліміздегі ең жоғары марапат - Қазақстанның Еңбек Ері атағы мен «Алтын жұлдыз» белгісі және «Отан» ордені ең бірінші ұстазға берілді. Мұның өзі – мектеп мұғалімінің еңбегі елімізде ардақты да жоғары құрметтелетінінің айғағы. Мұғалім беделі негізінен, ішкі субъективтік және сыртқы объективтік факторлардан түзілмек. Ішкі субъективтік факторлар дегеніміз – мұғалімнің өз басының педагогикалық қызметіне көзқарасы, оның қатынасы, мінез-құлқы, жеке мәдениеттілігі, білімділігі, іскерлігі, ұйымдастырушылық қабілеті, мейірімділік пен жанашырлық қасиеттері және шығармашылық еңбегі мен жаңашылдық ізденістері. Сыртқы объективтік факторларға, біріншіден, мектеп ішінде мұғалімнің дұрыс еңбектенуіне жасалынатын оқу-материалдық, оқу-әдістемелік, әкімшілік-ұйымдастырушылық жағдайлар мен мектепішілік психологиялық-педагогикалық ахуал, т.б. көздер жатса; екіншіден, мектептен тыс факторлар деп мұғалімнің жалақысы, мұғалімдік істі марапаттау, мұғалімдерге мемлекеттік атқару органдарының жан-жақты қолдау көрсетуі, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жүргізілетін үлгі-насихаттар, ата-аналарының көзқарасы, т.б. айтамыз. Бұл екі фактор өзара тығыз байланысты.
Сондай-ақ мұғалім еңбегінің мемлекеттік деңгейдегі «Білім беру ісінің үздігі», Ы.Алтынсарин атындағы медалі, т. с.с. марапаттар қаржылық түрде де бекітілсе деп ойлаймыз. Яғни, ол марапаттар иелеріне өз деңгей-дәрежесіне қарай айлық жалақыларына қосымша ақша беріліп отырса, нұр үстіне нұр болар еді. Мұғалім беделінің артуына ықпал ететін бір мәселені айтпай кетуге болмайды. Ол – мұғалімнің білімділігі. Бұл әсересе, жас буын ұстаздарға қатысты. Әрине, жас педагогтар арасында терең білімді, озық ойлы, шығармашыл талпынысы үлкен кадрлар аз емес. Дей тұрғанмен, педагогикалық оқу орындарынан келген жас мұғалімдердің біліктілігін, атап айтпағанда, білімінің өзі қазіргі мектеп талабын қанағаттандыра алмайтынына жанымыз ауырады.
Мұғалім беделі туралы қоғамдық-көпшілік ақпараттарды таратушы құралдардың бірі – басылымдар мен теледидар арналары. Алайда телеарналар кейінгі кезде еліміз мектептеріндегі жасампаз табыстардан гөрі, көбінесе ондағы кездейсоқ келеңсіз көріністерге ойысып бара жатқандай. Әрине, қолымыздағы бес саусағымыздың бірдей еместігі сияқты, білім саласында, ұстаздар тарапынан келеңсіз жағдайлар мүлде жоқ деп айта алмаймыз. Дей тұрғанмен, кейбір хабарларда мұғалім азғын, бұзақы, жегіш, білімсіз, ұстаз атағына лайық емес біреулер болып көрсетіледі. Мектептердің көбіне кемшілік жағын көрсету көбейіп бара жатқандай, меніңше. Әрине, телеарна бағдарламаларына біз сын айту ниетінде емеспіз. Бірақ телеарналар көпшілікке пікір таратушы болса, көпшілік те ол туралы өз пікірін, өз бағасын айтуға тиіс деп ойлаймыз. Мұны айтып отырған себебім, келешекте теледидар қызметкерлері мұғалім беделін көтеретіндей жақсы теле-хабарларға көбірек мән берсе нұс үстіне нұр болар еді. Бұл айтылғандар түптеп келгенде, мектепте берілетін білім сапасына және мұғалім беделіне тікелей қатысты. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – қандай қиындық болса да, мұғалімдер азаматтық ұжданын сақтайды. Егер азаматтық ұжданды Шәкәрім айтқандай түсінсек, әр адамда «Нысап, әділет, мейірім – үшеуін қосып айтқанда, ұждан бар». Қазіргі мектепті ұстап тұрған осы нысап, әділет, мейірім. Мұғалімдеріміздің бойындағы осы ұжданды бекіте түссек, олар еліміз межелеп отырған қандай міндеттерге болса да жас ұрпақты дайындау ісінде аянбай еңбек ететініне кәміл сенеміз.
– Өзіңіз басшылық еткен кезде қоңыраудың орнына халық композиторларының әуенін қойып, республика мектептеріне тамаша ой тастадыңыз. Бұл үрдіс бүгін де жалғасып келе ме?
– Кезінде Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, белгілі сазгер Кеңес Дүйсекеев: «Аягүл Төреқызы, күй жанрын дамытып, үлкен деңгейге көтеру үшін бәрін өзімізден бастауымыз керек. Оның қолданыс аясын ұлғайту қажет. Қолдан келсе көптеген салаларға пайдалану керек. Қоңыраудың орнына халық композиторларының әуенін қолдансақ дұрыс болар еді» деп ұсыныс тастағанда алғашқылардың бірі болып бұл ұсынысты қабыл алдым. Біздің мектептен басталған бұл жаңалық республика көлемінде де қолдау тапты. Біздің мектебімізде ұлттық тәрбиеге терең көңіл бөлінеді. Түрлі үйірмелер жұмыс жасайды. Ұстаздар мен ата-аналар бірлесе отырып бойына ұлттық мінезді қалыптастырған ұрпақ тәрбиелеуде жемісті еңбек етіп келеміз.
Сұхбаттасқан:
Сымбат АЙДАРХАН,
Дастан ҚАСТАЙ.