Patriot-tulga.kz
Ұлағатты ұстаз
Ұлағатты ұстаз
Ұстаз – ұлы тұлға. Ал оның еңбегі – баға жетпес асыл қазына. Ұстаз еңбегінің арқасында ғалым да, дарын да, қарапайым еңбеккер де, батыр да, бәрі-бәрі өз биіктеріне ұмтылады. Ұстаз салған сара жолмен жүріп, ол нұсқаған сүрлеумен ілгері басады. Осындай жол сілтеуші ұлағатты ұстаздардың бірі, бірі емес бірегейі Мизамбаева Қайша Жаржанқызы. Өзінің 50 жылдан астам ұстаздық жолында ол жүздеген шәкірт тәрбиелеп, талай жастың дарынын ашты.
Ұстаздың өмір жолына тоқталып өтер болсақ, Қайша Жаржанқызы Қарағанды қаласында 1947 жылдың 28 наурызында дүниеге келген. Әкесі Жаржан Таңжарықұлы ертеректе шахтада жұмыс істесе, кейіннен Қарқаралы ауданына көшіп келгесін, ұсталық жұмыспен айналысқан. Анасы Күлшім Қожакелдіқызы медициналық курсты бітіріп, ауруханада еңбек етті. Кәкімбек, Әкімбек деген екі ұл, Қайша, Айша деген екі қызды дүниеге келтіріп, тәрбиелеп өсірді. Отбасында өнегелі тәрбие көрген, баланың тұңғышы Қайша Жаржанқызы педагогтық мамандықты таңдап, артындағы інілері мен сіңлісіне үлгі-өнеге болды.
1965 жылы Қарқаралыдағы №2 орта мектепті бітіріп, бір жыл Ульянов ауданының Пролетарский елді мекеніндегі Киров атындағы орта мектепте аға пионер вожатыйы болып істеді. 1966 жылы Қарағандыдағы педагогикалық институттың филология факультетіне түсіп, 1970 жылы қазақ мектептері үшін орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын алып шықты.
Өз ісіне жетік жас маман бірден көзге түсті. 1971-1975 жылдарда «Восток» совхозындағы №9 орта мектепте директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болды. Одан кейін Қарқаралы совхозының №4 мектебінде 14 жыл қатарынан сыныптан тыс тәрбие ісінің ұйымдастырушысы қызметін атқарды. Осы мектепте 1991 жылдан 1994 жылға дейін директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болып жас ұстаздарға жол көрсетті. Әрі 5-6-сыныптарға қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берді.
Ұстаз ізденбесе оның білім-білігі тоқырайды. Сондықтан Қайша Жаржанқызы 1983 жылы Карағанды мемлекеттік университетінің жанындағы халық ағарту саласындағы басшы қызметкерлердің біліктілігін жетілдіру факультетінің толық курсынан өтіп, «Балаларды поэзияға икемдеу» тақырыбы бойынша курстық жұмысын қорғап шықты. Нәтижесінде ізденгіш әрі білікті маманның жұмысы ФПК методикалық кабинетіне пайдалануға ұсынылды.
1987 жылы Қарағанды облыстық ҮІ мұғалімдер слетінің делегаты болып, жиында өзіне қажетті тың идеяларды ойына түйіп қайтты. Оларды нақты тәжірибемен ұштастырып байытты. 1989 жылы Қарақаралы ауданының білім бөлімі Қайша Жаржанқызының тәжірибесін ауданда тәрбие ісіне пайдалануға нұсқау берді.
Қайша Жаржанқызы өзінің педагогтық қызметінде аянбай тер төкті. Өмір бойы бір салада қызмет етіп, өз кәсібіне адалдық танытты. Шәкірттерге білім мен тәрбие беріп қана қоймай, түрлі қоғамдық шараларға белсене араласты. Педагогтардың облыстық көркемсөз байқауына қатысып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
1997 жылы құрметті демалысқа шықса да қызметтен қол үзген жоқ. 1998-2001 жылдарда Саран қаласындағы №1 орта мектепте орыс сыныптары үшін қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болды. Сонымен қатар қалалық білім беру бөлімінің қазақ тілі бойынша әдіскері қызметін атқарды.
2002-2009 жылдарда Қарағанды қаласындағы №79 орта мектепте, одан соң 2009-2020 жылдарда қалалық №86 орта мектепте аудармашы қызметін атқарды.
Ұстаз кеңестік кезеңде білім алып, қалыптасса да заман талабынан қалыс қалмай, 2007 жылы СИН бағдарламасы аясында «Компьютерлік сауаттылық» бойынша 0112929 сертификатына ие болды.
Қайша Жаржанқызының еңбегі елеусіз қалған жоқ. Өзінің жарты ғасырлық ұстаздық қызметінде талай марапаттарға қол жеткізді. 1985 жылы ҚазССР Оқу-ағарту министрлігінің Құрмет грамотасымен, 1986 жылы «Еңбек ардагері» медалімен, 1989 жылы «СССР оқу-ағарту үздігі» төсбелгісімен, 1997 жылы Қарқаралы аудандық білім бөлімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. 2019 жылы оқу-ағарту саласына сіңірген еңбегі үшін «Қарағанды облысының үздік педагогтары» жинағына енді. Алған талай қоғамдық марапаттары да жетерлік.
Ұстаз – шығармашылық тұлға. Білім дәнін себумен қатар шәкірттерін шығармашылыққа тәрбиелеуде де ұстаздың атқарған шаруасы аз емес. Қайша Жаржанқызы түрлі басылымдарға шәкірттерінің материалдарын жариялап, өзі де талай тақырыптарға қалам тербеді. Республикалық, облыстық, аудандық басылымдарда ондаған мақаласы жарық көрді. «Доброта, любовь, поиск» мақаласында Ульяновск ауылындағы №4 мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің ұстазы Мизамбаева Сәуле Асхатбекқызының шәкірттеріне махаббатпен, талаппен әрі мейіріммен қарап, білім нәрін егетінін тамаша суреттеген. Сондай-ақ «Оқушыларға жан-жақты тәрбие берейік» мақаласында жастарды жан-жақты тәрбиелеу арқылы өмірлік мақсаттарына қол жеткізуге жол нұсқайды. Ұрпақ тәрбиесіне байланысты ұстаз талай қалам тербеп, өз тәжірибесімен көпшілікпен бөлісті. Білік-білігімен өз саласының майталманы атанған маманға әріптестері қай кезде де құрмет көрсетті.
Қайша Жаржанқызы туралы әріптестері «Души прекрасные порывы», «Жақсы істер ұйытқысы», «Тәрбие ісінің шебері» деген тақырыптарда ондаған мақала жариялады. «Тәрбие ісінің шебері» деген тақырыптағы материалда автор: «Ол қашанда игі жұмыстан күш-жігерін аямайды, оны ұйымдастыруға қажымайды, қайта рахат сезімге бөленеді, еңбегінің нәтижесін көрген сайын қанаттана түседі», – дейді.
Ең қызығы, ұстаз қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіровпен бірге оқығаны. Ол жөнінде Қайша Жаржанқызы: «Тоқтар Оңғарбайұлы мектепте өте жақсы оқыды. Әжесінің ерке немересі болатын. Бірақ ақылды ерке болды. Ұстаздар да жақсы көруші еді. Бала күнінде ғарышкер болам дейтін. Арманына мақсаткерлігінің әрі еңбегі мен білімінің арқасында қол жеткізді. Мен сыныптасымды мақтан тұтамын», – дейді Қайша Жаржанқызы.
Ұстаз әр адамның жанына білім дәнін сеуіп, әр шәкіртін аялап, өмір атты шексіз ғаламға топшысын қатайтып ұшырады. Адам баласының жүрегінде қадір тұтып, құрметтейтін екі ұғым болса, соның бірі – ұстаз. Қайша Жаржанқызы осындай ұғым иесі.
Жүсіп ЖҰБАТ, «Тұлға»