Patriot-tulga.kz
Асқарбектің асулары
1982 жылы жазда жастарға арналған ғылыми-көпшілік «Білім және еңбек» журналында қызмет етіп жүрген кезім. Өңінен шуақ шашқан, жылы жүзді, ақсары кескінді бір жігіт кіріп келді. Бөлмелес бірге істейтін әріптес інім Әшірбек Амангелдиев таныстырып жатыр: «Бұл жас ғалым, Германияда неміс тілінде докторлық қорғаған Асқарбек Құсайынов!». Ары қарай Асекеңнің журналға әкелген материалдарын әзірлеп жариялауға ұсынып жүрдік. Біздің таныстығымыз солай басталған. Біртіндеп біздің таныстығымыз жолдастыққа, жолдастығымыз достыққа ұласты. Жазғандары ширақ, бос сөзден аулақ, істің байыбына барып толғайды. Әрі өзі жақсы білетін тақырыптарға ғана барады. Дүние танымы кең, әріден сілтейді. Талай-талай жауапты қызметтер атқарды. Мінезі қарапайым, менмендіктен аулақ. Үлкенмен де, кішімен де тіл табыса алады. Ғалым десең ғалым. Патриот десең патриот. Қазақтың бір асыл азаматы болса сондай болар. Жылдар жылжып сол Асекең де міне, биыл жетпістің желкенін керген сәтке кеп қалыпты.
Асқарбек Қабыкенұлы Құсайынов 1951 жылы 30 мамыр күні Шығыс Қазақстан облысы Семей өңіріндегі Қайнар ауылында дүниеге келген. 1968 жылы орта мектепті үздік бітірген соң Қазақ политехникалық институтының Энергетика факультетіне түседі.
1973 жылы институттың «Төменгі температурадағы плазманы зерттеу» зертханасында жұмыс істей бастайды. Жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде 3 авторлық куәлік алып және бірнеше ғылыми мақалалар жариялайды. 1975 жылы Алматы энергетикалық институтының аспирантурасына түсіп, 1976-1979 жылдары Германияның Ильменау қаласындағы Жоғары техникалық мектепте оқуын жалғастырады. 1979 жылы диссертацияны неміс тілінде табысты қорғағаннан кейін, оған «доктор-инженер» ғылыми атағы беріледі.
1996 жылы «Герман Федеративтік Республикасы мен Қазақстан Республикасында білім берудің дамуы» (салыстырмалы-педагогикалық сипаттама) тақырыбында докторлық диссертация қорғады. Бұл диссертация салыстырмалы педагогика ғылымы саласында Қазақстанда қорғалған алғашқы ғылыми жұмыс екендігін айта кеткен орынды. 1998 жылы оған профессор атағы берілді.
А.Құсайынов 1979-1991 жылдары Алматы Энергетика институтыында аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарды.
Қазақстан тәуелсіздік алған тұста жауапты қызметтерге шақырылды. 1991-1997 жылдары Білім және ғылым министрлігінде Болашақ даму және білім берудің жаңа технологиялары, Білім беруді дамыту стратегиясы басқармаларының бастығы, Инспекциялау департаментінің директоры, Жоғары білім және ғылым бас басқармасы бастығының орынбасары болып қызмет атқарады. Осы жылдары министрліктің коллегия мүшесі болды. Егемен елдің үкіметтік деңгейде бекітілген білім саласындағы проблемаларын шешуге арналған бағдарламаларын жасауға атсалысты.
1997-2003 жылдары «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы бас редакторының бірінші орынбасары, республикалық «Рауан» («Мектеп») баспасының директоры, Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясының президенті қызметтерін атқарды. Уақытпен санаспай мұнда да көп еңбек сіңірді. Алдағы 10-15 жылдың проблемаларын алдын ала көре біліп, соған лайық әрекеттер істеуге ұмтылғанымен оған әзір емес шенеуніктік орта тосқауыл бола берді. Талай мінберде Асекең айтқан өткір пікірлер білім бишігештеріне атқан оқтай қадалып жататын. Орнықты ой, озық ұсыныстарды қабыл алып, жүзеге асырудың орнына жақтырмаушылық, «осы да білгішсіне береді екен» деген тәрізді көреалмаушылық пиғылдар белең алып жататын. Тобықтан қаққан тоғышарлық қазақтың әлі ажырап болмаған қасиеттерінен ғой. Алайда одан да алыстайтын кезге жетерміз.
2004 жылы көктемде Асекеңмен бірге білім сапасын көтеру тақырыбындағы әкелген мақаласын талқылап отырғанбыз. Ол кезде халықаралық «Қазақстан-ZAMAN» газетін басқаратынмын. Білім мен тәрбие егіз ғой. Тәрбиесіз білім жауыздыққа бастайды. Елімізде білім саласына белгілі бір деңгейде назар аударылғанымен, ал педагогика саласы мүлде ескерусіз қалып барады. Осы педагогика саласын неге дамытпасқа? Көп ұзамай А. Құсайыновтың бастамасымен «Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясы» (ПҒА) құрылды. Оншақты адам құрылтайшысы болдық. Асқарбек талантты азамат қой, сол кезде ол әлдебір компания ашып, бизнеспен айналысса жеке басы үшін пайдалы талай шаруа тындырар еді. Бірақ ұрпақ тәрбиесіне алаңдаушылық Асекеңді ортақ іске пайдалы дүниелермен шұғылдануға итермеледі. Бүгінде оның ғылыми жетекшілігімен Академия ғалымдары педагогика ғылымы саласында іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізіп келеді. Салыстырмалы педагогика сияқты зерттеулердің соны салалары пайда болды.
Академияның «Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының Хабаршысы» атты журналы да бар. Асекең әрі сол басылымның бас редакторы міндетін де атқарып жүр.
Қазақстан жоғары мектебі ҒА академигі, әл-Фараби атындағы қазақ мемлекеттік Ұлттық университетінің профессоры Немеребай Нұрахметовтің Асқарбектің біліктілігі туралы былай дегені ойға оралады: «Тәуелсіз мемлекетіміздің білім беру ісін тарихи-ұлттық негізде, осы замандық өркениет талаптарына, қоғамдық дамуымыздың жаңа саяси-экономикалық, идеологиялық негіздеріне сай реформалаудың ғылыми-практикалық бағдарын белгілеуге еліміздің ұлттық менталитетін, білім-тәрбие беру ісінің кешегісі мен бүгінгі жай-күйін жетік білетін, сонымен қатар өркениетті елдердегі осы саланың тарихы, қазіргі жағдайымен жақсы таныс білікті маманның елеулі рөл атқарары даусыз. Сондай мамандардың бірі А.Құсайынов десек артық айтқандық болмайды».
Асекең 2005 жылы Қазақ Мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің Жалпы педагогика кафедрасының меңгерушісі болып тағайындалды. Докторлық диссертациялар қорғалатын кеңестің төрағасы болды. 2005 жылы Қазақстанның «Жоғары оқу орындарының үздік оқытушысы» грантын иеленді. А.Құсайыновтың жетекшілігімен докторлық, кандидаттық және магистрлік диссертациялар қорғалды, қорғалып та жатыр.
Профессор А.Құсайынов Қазақстандағы салыстырмалы педагогика ғылымының негізін салушы ғалым. Ол «Салыстырмалы педагогика» оқулығының, «Салыстырмалы педагогика әдіснамасы мен әдістемесі» атты монографияның, «Салыстырмалы педагогика» курсының типтік оқу бағдарламасының авторы. Оның жетекшілігімен Қазақстан ПҒА жанынан Қазақстан Салыстырмалы педагогика кеңесі құрылды (ҚСПҚ). АҚШ, Гавайя, Гонолулу қаласында өткен Бүкіл дүниежүзілік салыстырмалы білім беру қоғамдарының (БДСББҚ) кеңесінде ҚСПК осы кеңеске толық мүше болып қабылданды.
Профессор А.Құсайынов АҚШ, Испания, Германия, Ресей, Болгария, Гонконг, Жапон, Австралия, Қырғызстан елдерінде өткен ғылыми конференцияларда, Сараево (Босния және Герцоговина) және Ыстамбұл (Түркия) қалаларында болған БДСББҚ XIII, ХІV конгрестерінде баяндамалар жасады.
Асқарбек Қабыкенұлы Құсайынов бүгінде Жаратылыстану ғылымдары Қазақ Ұлттық Академиясы, Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясы, Қазақ Ұлттық білім беру академиясы, Әлеуметтік ғылымдар академияларының толық мүшесі, Бүкіл дүниежүзілік салыстырмалы білім беру қоғамдары (БДСББҚ) кеңесінің атқарушы комитетінің мүшесі. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне – 10 жыл» медальдарымен, «Ғылымды дамытудағы еңбегі үшін», «Мәдениет қайраткері» құрмет белгілерімен марапатталған. ҚР Білім беру ісінің үздігі және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Қазақстан ғалымдарының ішінде алғаш рет педагогикалық ғылымдар саласындағы ерен еңбегі үшін берілетін К.Д. Ушинскийдің медалімен (Ресей Федерациясы) марапатталған.
Профессор А.Құсайынов туралы сөз еткенде оның қазақ тілі терминологиясы саласында ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек еткендігін айтпай кету мүмкін емес. Ол – бұл салада өндіре еңбек етіп келе жатқан ғалым. Алғашында энергетика саласы бойынша түсіндірме және терминологиялық сөздіктер жазды. 1998 жылы «Рауан» баспасында еңбек етіп жүргенде Салалық ғылыми терминологиялық сөздіктер жасау жөніндегі ғылыми-баспа бағдарламасының ғылыми жетекшісі болып бекітілді. Сөздіктерді жасауға 500-ге жуық ғалымдар мен мамандар қатысты. Осы еңбектің нәтижесінде экономика мен техника, ғылым мен мәдениеттің жүзге жуық саласын қамтыған 31 томдық сөздіктер сериясы дайындалып, баспадан шықты. Осы еңбегі үшін оған 2001 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берілді.
ҚР Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің тапсырысы негізінде профессорлар М.Р. Түсіпбек пен А.Қ. Құсайынов «Орысша-қазақша-ағылшынша политехникалық сөздік» жасап шығарды. Екі томдық, көлемі 182,8 б.т. Политехникалық сөздікте 80 мыңнан аса терминдер мен сөз тіркестері берілген. Қазақстанда бұған дейін жарық көрген бірде-бір терминологиялық сөздікте осынша көлемде техникалық терминдер мен сөз тіркестері қамтылмаған болатын.
А.Құсайынов баспада еңбек еткен кезінде оқулықтар жасау мәселесімен шұғылдана бастады. Оқулыққа қойылатын дидактикалық талаптар – елімізде зерттелмеген, өз алдына жеке ғылым болуы керек. Ол «Оқулықтанудың өзекті мәселелері» атты монографиялық еңбек жазады. Бұл еңбек, осы саладағы еліміздегі алғашқы ғылыми еңбек болды. Оның ғылыми жетекшілігімен педагогика ғылымында – «Оқулық сапасы мониторингінің ғылыми негіздері» атты жаңа ғылыми бағыт құрылды.
Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының президенті, академик Мұрат Жұрынов: «Қандай болмасын егемен ел ең алдымен өзінің жаңа буын оқулықтарын шығару мақсатын қояды. Себебі, оқулық тек білім көзі ғана емес, сонымен бірге тәрбие құралы. Яғни өте күшті идеологиялық құралдардың бірі болып есептеледі. Жалпы оқулық білім беру стандарттары мен оқу бағдарламалары негізінде жазылатын болса, оның сапасын анықтау – жеке бір ғылыми бағыт болып табылады. А.Құсайынов осы бағытта да сүбелі еңбек еткен, елімізде «Оқулық сапасы мониторингі» бағытын қалыптастырған ғалым», – дейді.
Расында да А.Құсайынов ізденгіш ғалым, мерзімдік басылымдарда тәрбие мен білім беру мәселелерінің түйінді проблемаларына арнап тынбай мақалалар жазып жүреді. Әрі бұл еңбектерінде ең өзекті тақырыптарға қалам сілтейді. «Автордың соңғы жылдары қазақ және орыс тілдерінде республикалық беделді басылымдарда жарияланып, осы жинақтың қомақты бөлімін құрайтын білім беру реформасына арналған «Білім беру реформасын қалай жүргізу керек», «Білім беру бағдарламасы – ел ертеңі», «Программа образования – программа нашего будущего», «Уроки немецкого опыта», «Каким должно быть образование в Казахстане в ХХІ веке», «Какая нам нужна реформа образования», т.б. деген проблемалық мақалалар мен жоғарыда аталған монографияларының түпқазық идеяларының өзектесіп жатуы ғалым еңбектерінің тұжырымдамалық тұтастығы мен ой-пікір дәйектігін көрсетеді. Оның аталмыш мақалалары мен зерттеулерінде ұсынылған өміршең идеялардың іске асуына өзінің тікелей басшылық жасауы және қатысуымен әзірленген, қабылданған мемлекеттік құжаттарда көрініс тапқан. Реформаны педагогтардың көмегінсіз ойдағыдай жүзеге асыру мүмкін емес, ол үшін олардың әлеуметтік мәртебесін көтеру керек деген тұжырымның дұрыстығы даусыз, сонымен қатар мәртебе мәселесінің материалдық және мәдени деңгейлердің бірлігі ретінде қарастырылуы да әбден дұрыс» – бұл пікірді ағынан ақтарыла айтып отырған тағы да профессор Немеребай Нұрахметов.
2001 жылы Астана қаласының «Елорда» баспасында «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне – 10 жыл» айдарымен «Заман талабы» деген атпен оның алғашқы мақалалар жинағы жарық көрді. 2006 жылы «ROND&A» баспасынан «Білім және реформа», «Реформа и образование» деген атпен екінші мақалалар жинағы, 2010 жылы осы баспадан «Білім – болашақ негізі», «Образование – основа будущего» деген атпен үшінші мақалалар жинағы жарық көрді. А.Құсайынов 2004 жылы Нью-Йоркте, АҚШ «Nova Science Publishers, Inc» баспасынан шыққан «Глобализация, Модернизация и Образование в Мусульманских странах» атты монографиялық еңбектің авторларының бірі.
Қарап отырсақ, профессор А. Құсайынов 20 монография, 11 оқулық және оқу құралдарының, 5 кітап, 8 Мемлекеттік стандарттың, 11 түсіндірме және терминологиялық сөздіктің, 150-дан аса ғылыми мақаланың, сонымен қатар мерзімдік басылымдарда жарық көрген 140-тан аса мақаланың авторы екен. Оның ішінде жеке өзі 5 монография, 3 оқулық, 3 кітап, 80 ғылыми мақала және мерзімді басылымдарда 120-дан аса мақала жазыпты. Мұның бәрі бір ғалым үшін аз дүние емес. Алайда оның ғалымдық қуаты мұнан да зор жетістіктерге бастайтыны сөзсіз. Біз оған сенеміз. Асқарбек асар асулар азаймасын дегіміз келеді.
Марат ТОҚАШБАЕВ,
Қазақстан Педагогикалық Ғылым Академиясының академигі