top of page

Қараш би

Қараш би

Жетісу жерінде ел-жұртқа белгілі Қа­раш есімді төрт адам болған. Оның алғашқысы Қараш Жарылқапұлы. Ол 1715 жылы туып, 1813 жылы 98 жасында дүние салыпты. Жоңғар басқыншыларына қарсы күрескен батыр. Ұлы Жүз Шапырашты руы­ның Есқожа тармағынан. Қараштың ба­тырлығымен қоса қазақ-қырғыз арасына тату көршілік қарым-қатынас орнатып, ел бір­лігін сақтаудағы әділеттілігімен де аты шыққан. Ұрпақтары осыдан бірнеше жыл бұрын Жамбыл ауданы Ақтерек ауылынан оңтүстікке қарай 4 шақырым жерде, бейітінің басына ескерткіш орнатты. Ұзынағаш се­лосында көше аты да берілген.

Тағы бір Қараш Алакөл маңын ме­кен­деген наймандардың ұрпағы екен. Өзі әйгілі палуан көрінеді. 1893 жылы туып, 1932 жылы қайтыс болыпты. Бірақ кейінге жет­кен деректері өте аз. Енді бір Қараш Іле бойындағы жалайырдан шыққан, болыс екен. Ол 1871 жылы туыпты.

Ал біз әңгіме еткелі отырған Қараш би шамамен 1826 жылы туып, 1889 жылы 63 жасында қайтыс болған Қаңлы Қараш би. Ол Қаңлы тайпасының Танта атасынан та­рай­ды. Қараш Теңізбайұлы Жетісу жерінде қа­зіргі Еңбекшіқазақ ауданындағы Түргеннің сайы мен Бақай тауының аралығын, Шелек өзенінің орта ағысы бойын билеген би, шешен адам болыпты. Бұл аралықта қазір Түрген, Қаракемер, Маловодное, Жаңатұрмыс, Киік­бай, Тескенсу, Ащысай, Қаратұрық, Қорам, Ақтоған, Шелек, Қаражота сияқты елді ме­кендер бар.

1853 жылы көктемде Алматы тұрағы Ресей патшалығының қолына көшкеннен соң бұл өңірде отаршылдық саясат белең ала бастайды. Жетісу өлкесін, оның ішінде Алатаудың теріскейін ежелден мекендеген қаң­лы тайпасының Еңке, Танта, Ерезен, Қас­пан аталарынан тарайтын ұрпақтар үлкен қысымға тап болады. Ауылдары бірнеше рет казак-орыстардың шабуылына ұшырайды.

Патшалық билік тәртібімен бекітілген жері болмағандықтан жайылым жағынан қиын­дықтарға кезігеді. Өзі отырған ата-бабасының жеріне өзі ие бола алмай бара жат­қаны Қараштың да жанына батыпты

Алатау бөктерін мекендеген басқа ру-тайпалар оязға (уездной правитель) барып өздеріне жер бекіттіріп алып жатқан соң тә­уекел деп Қараш би де барған көрінеді. Мына Алматы бұрын қаңлының орталығы болған деп дәлелдеп, жер сұрапты. Ондағы айтқаны – мұсылманшылық кеңінен тарай бастаған бабтардың заманында мұнда Әлім-Ата (Алым Ата) деген әулие бабамыз өмір сүрген, Алым-Атаның ұрпақтары тұрған жер кейін Ал­ма­ты болып кеткен дейді. Дәлелі қисынды болған соң ояз қаңлыларға бұрынғы тұрған жерлерінің бір бөлегін: Түрген сайы мен Бақай жотасының арасын, Шелек өзенінің ортаңғы ағысын бекітіп беріпті.

Тегінде Жетісу қаңлыларының бір бөлегі Іленің түстігін мекендесе, енді бір бөлігі Іленің теріскейін яғни оң жағалауын: Арқарлы, Сарыөзек, Қаспан, Жәркент маңдарын ме­кендеген. Жетісу қаңлыларының ішінен Ше­лек, Сарпық (Сарбұқа) сияқты батырлар шық­қан. Жалайырдан шыққан көрнекті ақын Мәу­лімбай Саяқбайұлы бір жырында:

Ел қылып Ақбұйымның басын құрап,
Әділ боп өткен екен Құлжабай да.
Қаңлыны бір заманда билеп еді
Өлмесе Мәшеке мен Жамбай қайда? – дейді ғой. Мәшеке мен Жамбай да кезінде Жетісу қаңлыларын билеген әрі батыр, әрі би бетке ұстар жандар болған. Қараш қа­зақтың ынтымағын ерекше бағалаған. Ай­наласындағы басқа ру-тайпалармен қыз алы­сып, қыз берісіп, ағайындық, жегжаттық байланыста болған. Айналадағылар да той өткізсе «қазақтың көне шаңырағы – қаңлы» деп төрден орын сайлайтын көрінеді. Қараш би өр жақта Албанмен, батысында Шапыраштымен көрші отырғанын мақтан етеді екен. Жұрт арасында Қараш айтыпты деген мынадай сөз бар:

«Албаным сыйлар “ағам” деп,
Шапыраштым сыйлар “жағам” деп.
Қос қанатым тұрғанда
Жұрт ішінде бағам көп».
Ресей бодандығына өткен соң патша өкіметінің баяғы 1822 жылғы «Сібір қазақтары туралы Жарғысына» сәйкес Жетісу жерінде де болыстық билік (волостной правитель) енгізіледі. Әр ру өзінше дербес болыстық құрып жатты. Қараш та Іле Алатауының те­ріскейін мекендеген қаңлылардың басын қосып жеке болыстық жасауға ұмтылады. Бо­лыс болу үшін онда кемінде мың түтін бо­луға тиіс еді. Қарамағындағы жұрттың са­ны бо­лыстыққа жетіңкіремей тұрғанда Қа­зы­ғұрттың баурайындағы тайпаластарға адам жіберіп аз ғана уақыт ішінде екі жүздей түтін қаңлы көшіріп келген. Сөйтіп жергілікті қаң­лылар жеке болыс болыпты.

Қараш бидің әділдігі құлағына жеткен генерал-губернатор Колпаковский Қараш би­ді шақыртып бірнеше рет кездесіпті. Үлкен жиын­дарға қатыстырыпты.

Қараштың батырлығы мен билігіне қа­тысты бір әңгімені Шелек ауылы ақсақалдар алқасының төрағасы, ұзақ жылдар ағарту саласында қызмет еткен, мектеп директоры, аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі болған Рақымғали Ыбрайымов ақсақал айтады: “Бал­қаш бойын мекендейтін Арғында Ұзақ дейтін батыр болыпты. Сол әлдебір егес­пен Іленің оң жағындағы Жалайырдың Бай­шегіріндегі бір қарт бидің тігерге тұяғын қал­дырмай бар малын барымталап айдап кетіпті. Артынан іздеп барған жоқшыларды қайта-қайта сабап қуып жібереді екен. Содан Іленің бойында Қаралакөпір деген жерде отырған Байшегір биі кісі салып Қарашқа сәлем айтыпты. Сәлемінде: «Атқа қонып дау даулайтын жайым жоқ, бірақ мыңға тарта кәдімгідей үлкен қол жинап қойдым. Босқа қан төгіспесін. Сен ара ағайын болып Ұзаққа барып есемді алып бер!» депті.

Қараш қарт бидің сәлемін қабыл алып, жолға шығуға бел байлайды. Бірақ нөкерлікке төрт-ақ адам алыпты. Төртінші адамы Ерезен Мастақтың он төрт жасар баласы Қажан екен. Бала болғанмен етжеңді, сүйекті болса керек. Оның әкесі Мастақ та, ағасы Ақжол да Балқаш бойынан жолбарыс алып жүрген кісілер екен. Қажан ағайынды екі жігіттің кі­шісі көрінеді. Ұзақ батырдың ауылына жеткенде Қараш би атқосшы болып жүрген Қа­жанға: «Балам, сен үйге кірме. Ертоқым мен аттарымызға қара. Бұлар бізді сыпырып алып жаяу қалдырып жүрмесін. Мен өзім шақырмайынша келме!» — деп ескертіп, сыртта қалдырыпты.

Ұзақ батыр ол кезде аты шығып қалған Қараш биді жақсы қарсы алыпты. Жалайыр Байшегірге қатысы жоқтығын, ара аға­йын­дықпен келгенін сезсе керек. Қонақ етіп, алдына астаумен ет тартыпты. Ар жаққа ел қонып, мол етті «сен же, мен же» десіп отырғанда Ұзақ батыр: «ей, мынау қонақтардың сыртта қалып қалған адамдары жоқ па?» десе қызметшілері «бір бала бар екен, кел десек келмейді» депті. Қараш би арнайы белгі беріп, баланы шақыртады.

Балаң жігіт амандасып, үйге кі­ріп келгенде Ұзақ батыр орнынан атып тұрып, жинаулы жүктің артына тығылыпты. Қажан бала «отырыңыз, отырыңыз!» деген қолпаштаумен ас­таудағы етке тойып, бір аяқ сорпаны сіміріп, үн-түнсіз орнынан тұрып кетеді. Сөйтсе Ұзақ батырдың киесі қасқыр екен. Жолбарыс киелі бала кіріп келгенде қасқыр киелі Ұзақ батыр өрешенің ішіне кіріп кеткені сол көрінеді.

Таңертең жолға шығарда тағы да дас­тарқан жайылады. Сол кездің салтында дастарқан мәзіріндегі құрметті дәмнің бірі – тары-жент. Қараш би үлкен ағаш қасықпен тары алып жейді. Жейді де әлгі қасықты Ұзақ батырдың алдына шалқасынан тастайды. Ұзақ та сол қасықпен тарыдан екі асап, қа­сық­ты төңкеріп, қайтарып Қараштың алдына қойыпты. Сонымен таңғы ас ішіліп болып, екі жақ бір-біріне амандық-саулық тілесіп Қараш би еліне қайтады.

Сонда жолда бірге келе жатқан серіктері «Өй, осыны да би деп әкелдік пе? Бітірген түгі жоқ!» деп күңкілдесіпті. Қараш би жолай Қаралакөпірде отырған Байшегірдің қарт биіне жолығып: «Малыңның көзі барының көзі келеді, көзі жоғының құны төленіп келеді. Қыл құйрығың жоғалмайды» – депті. Байшегірдің қарт биі сынайын дегені болар: «Ендеше мал келгенше жат» деп малдың қай­туын күткізіп жатқызып қояды.

Шынында да көп ұзамай Ұзақ батыр ма­лын түгел айдатып әкеліп береді. Оған Бай­шегірдің қарт биі қатты риза болып «Қа­р­аштай биі бар қаңлыға да күн туар» депті. Сөйтсе Қараш би Ұзақ батырмен бар дауды бір қасықпен ғана шешкен екен. Мәнісі Қараш бабамыз тарыны бір асап қасықты Ұзақ батырдың алдына қойғаны «Сен осы маңдағы рулардың шырқын бұзып осылай барымталап жей бересің бе, жоқ әлде доғарасың ба?!» дегені екен. Алдыңғы кеште жолбарыс кие­лі Қажан баланы соңынан кіргізуі Ұзақ батырдың сесін қайтару көрінеді. Әрі сөйтіп үлкен қолдың соғысуға дайын тұрғанын да аңғартқан. «Асқанға – тосқан» болатынын сезген Ұзақ батыр алдына қойған қасықпен екі рет асап, оны төңкеріп қайтарғаны: «мына тіршілікте көршілерге істеген қиянатым жетер, мен енді осымен доғарып, алғанымды қайтарайын. Сонымен іс тамам болсын!» дегені екен. Сөйтіп Қараш би үлкен дауды бір қасықпен-ақ шешіпті. Осы мысалдың өзі-ақ Қараш бидің тапқыр, саясаткер, әділ төреші жан болғандығын әйгілейді.

Қараш баба 1889 жылы жылы қайтыс болады, оның бейіті қазіргі Еңбекшіқазақ ауда­нындағы Тескенсу ауылынан шыға берісте, Алматы Құлжа тас жолының сол қапталында, 92-шақырымында, бұрынғы «Ащысай» кең­шарының сиыр базы орнының шетінде. Бейіті кезінде қызыл кірпішпен өрілген екен. Кеңес тұсында әскерлер жаттығу кезінде бейітті нысана етіп атқылап қиратып тастаған. Мүжіліп шағын төмпешікке айналып бара жатқан соң Қараш бабаның ұрпақтары жи­налып лайықты күмбез тұрғызуға кіріскен. Оған мұрындық болып жүрген Қараштың шөпшегі Бекбосын Мырзағалиұлы мен Бүркітбай Әбдіхалықұлы деген азамат. Ке­шеннің жобасын жасаған Бақытжан Қы­лышбаев пен Ермек Нүсіпходжаев деген дос­тары. Кесене биіктігі іргетасымен қосып есеп­тегенде 13 метр.

Марат ТОҚАШБАЕВ,
жазушы.
Алматы облысы.

bottom of page