Patriot-tulga.kz
Дөнен би
Жетісудың малға-жанға жайлы, өзенді,көлді баурайын көкорай шалғын жапқан, тау-тасы мен даласы талапты жанның тірлігіне құт беретін Жаркент өңірі тарихи оқиғалардың кейіпкерлеріне өте бай болып келеді. Б.з.д.III ғасыр мен б.з. IV ғасырына дейін 700 жылдай өмір сүрген Орта Азиядағы ертедегі алғашқы этникалық бірлестік күшті әскері мемлекеттік құрылымы болған. Үйсіндер шығысында ғұндармен, батысында Қаңлы тайпаларымен қанаттас отырды. Жетісу жерін мекендеген үйсіндердің тікелей ұрпағы Суан бабамыздан тараған ел қорғаған батырлар жер дауымен ел дауы үшін топқа түскен, сұңғыла шешендер, қызыл тілдің қимылын халқы үшін жұмсаған билер, ру ақсақалдары көптеп шыққан.
Әділ деп атым шыққан Дөнен едім
Нақылдың көрдің бе әсте көнергенін.
Арғы атам Майқы биден қалғаннан соң,
Талай сөздің түбіне тереңдедім,– деп артына сөз қалдырған Суан ішіндегі Елшібек руынан тарайтын Дөнен Бітегенұлы XIX ғасырдың соңғы ширегі мен XX ғасырдың басында өмір сүріп, билікке араласып өткен айтулы тұлға.
Ел арасындағы татулықты ту еткен, араздасқанды бітістіріп ренжігендердің арасын реттеп бірлікті, ағайындықты сақтауға ар мен намысты абыройлы ұстаудағы Дөнен бидің еңбегін қадірлеуге болады.
Дөнен Бітегенұлы суырыпсалма ақындығымен, атбегілігімен әрі адалдығымен көзге түскеннен соң ел билігіне ерте араласқан. Шамамен XIX ғасырдың 50-жылдарының екінші жартысында дүниеге келіп, XX ғасырдың басында дүрбелең жылдары 1916 дүниеден өткен. Қазіргі Пенжім ауылында тұратын 94 жастан асқан Нұрғали ақсақалмен, Алтыүй ауылындағы ұрпақтарының бірі Сейітжанмен әңгіме барысында және өзге де ағайындарымен сөйлескенде осыны нақтылықты бәрі мақұлдайды. Кейбір үлкендерден естігендері Дөнен би қайтыс болғаннан соң, бір-екі жылдан кейін ас берген кезде, ақ пен қызылдың соғысы басталып кетті дегенге әкеледі. Бұл 1918 жыл Жаркент қаласында да ақтар бас көтеріп бүлік барысында қызыл жауынгерлермен олардың жақтастарын қанға бөктіргендері көзі ашық жандарға, оқығандарға аян.
Дөнен би жан-жақты болған. Осы жөнінде ел арасындағы мына өлең жолдары тегін айтылмаса керек.
Суанда жан озбаған Дөнен биден,
Қарсы айтар табылмаған дүйім
елден
Суырылып сөйлесе, тауып айтып.
Дауды шешіп тастаған бір өлеңмен.
Дөнен бидің алқалы жиынға қатысқаны туралы мынадай сөз ел аузында әлі күнге дейін айтылып келеді. Қазақ пен қырғыз арасындағы таласты жерге байланысты шақырылған жиынға оңтүстіктің бар билері жиналса керек. Сол жиын өтетін төңіректің Қарға деген биі қоналқаға ертерек келіп шақырылған қонақтарға арнайы тігілген киіз үйлерді аралап жүріп көрнекілеу жерге тігілген жасау-жабдығы келісті, әлі ешкім түспеген үйді нұсқап, «Мынау кімге арнап тігілген үй?» – деп сұрағанда, қонақтарды қарсы алып, жайғастырып жүрген ауыл ағасы «Суанның Дөнен биі түсетін үйі» ,– депті. Дөнен би ұзақ жол жүріп, кеш бата келсе де ауыл иелері қасындағы атқосшыларымен жылы шырайлы қарсы алып, орналастырып, алдыларына кешкі асын тартыпты. Қарға да келіп көрісіп, амандық- саулық сұрасқаннан кейін, оған көрсетілген құрметтің өзінен артықтығын біліп, тиісерге қара таппай отырып, сөзбен тұқыртпақ болып Дөненге қарап «Дөнен, сені осымен екі-үш сиязда көрдім, сол кездерде дөнен едің, бесті ат шығар кезің бар ма?» – депті. Қарғаның не дерін шамалап отырған Дөнен би де үйде толып отырған жұртқа қарап былай депті:
Мырза Ноғайдан шығады,
Шошқа тоғайдан шығады,
Біздің елдің қарғасы боқ жейді.
Мына Қарға не дейді?! – дегенде атарға оғы, сөйлерге сөзі таусылып, оңбай тосылған Қарға би орнынан үн-түнсіз тұра салып, етегін қағып жіберіп, жеңілгендігін білдіріп, үйден шыға жөнеліпті. Бұрыннан келе жатқан салт бойынша шекпеннің етегін не шалғайын бір қағу «әттеген-ай» деп жеңілгендігін мойындау болып табылады. Дөненнің сөзіндегі тағы бір үлкен көңіл аударатын нәрсе бидің тарихи дүниелерді де жетік білетіндігі. Қазақ билеушілерін хан, сұлтан деп атаса Ноғайлы хандығында билеушілерді мырза деп атаған.
Айтар ойын дөп басып, табан астынан тауып әрі өрнекті өлең шумақтарымен жауап қайтару Дөненге жасынан дарыған қасиет.
Бір ауыз сөзбен ел бітімін келтіріп жүрген Дөнен секілді билер халқымыздың арасында біртуар тұлғалары көптеп саналған. Өткеніңді ұмытпай, өшкеніңді жандырып олардың істерін айтып, есімдерін жаңғырта жүру бүгінгі ұрпақтың асыл парызының бірі емес пе. Аудан орталығы Жаркент қаласының бір көшесіне Дөнен би Бітегенұлының есімі берілді. Қазақ бірлігінің қамын жеген бабаларымызды құрметпен еске алып, қадірлеуіміздің айқын айғағы.
Молот СОЛТАНАЕВ,
ақын,
ҚР білім беру ісінің үздігі,
Қазақстан журналистер одағының мүшесі.
Алмалы ауылы
Алматы облысы.