Patriot-tulga.kz
Бапан би
Бапан Тұраналыұлы Ақмола облысының Ерейментау ауданы жерінде қоныстанған Бөгенбай батырдың Тұраналы атты баласынан туған. Өмір сүрген дәуірі – ХҮІІІ ғасырдың екінші жартысы мен ХІХ ғасырдың бірінші жартысы. Бапан – Бөгенбай батырдың тұңғыш немересі. Заманында елінің бас биі болған. Оның тамаша шешендік сөздері билік, кәсіп сөз ретінде, дала тәртібінің бұлжымас қағидасындай, бидің көзі тірісінде де, одан кейін де маңызды болған. Бидің ақылының тереңдігі, мейлінше әділдігі, салмақты сөз иесі болғандығы жайлы Байсерке абыз:
Шығарайын кесектеп,
Ішімдегі қапамды.
Салмақтадым тұсымда,
Әр топтағы адамды.
Оқшау жаралған адам ғой,
Ішіме қарай тартайын,
Қанжығалы Бапанды– деп, Бапан бидің сөзін, қызметін әрқашан халық мүддесімен байланысты келетіндігін арнайы атап көрсетеді. Әйтеуір содан ба, Омбы мен Қазақстанның солтүстік өңірінде «Мынау Бапандай екен!» деген мақтау сөз әлі күнге дейін естіліп, тиісті жерінде айтылып та жүр.
Шежіре бойынша Бапанның ұлы бабасы Әлдекүн, Әлдекүннен – Ақша батыр, Ақшадан – Бөгенбай, Бөгенбайдан – Тұраналы, Тұраналыдан Бапан би туады. Алайда Бапан есімі аталарының байлығы, батырлығы арқылы емес, ел аузында кең тараған билік сөздеріне байланысты әйгілі болды. Омбы өңірі мен Павлодар, Ақмола облыстарында оның билік-шешендік сөздері көп сақталған. Билік сөздерінің тақырыбы белгілі-белгісіз тарихи оқиғалармен астарласқан.
Біздің қолымызда Бапанның: «Жағалай ел қонбаса», «Тұрлыбек Көшеновке айтқаны», «Кісі болар кісіні, кескінінен танимын», «Баласы өлген Рақымға айтқан көңілі» деген шешендік толғау, арнау, дау сөздері бар.
Бапан бидің тарихта орны бар белгілі адамдарға, байларға, сұлтандарға арнап айтқан сөздері көп. Олардың ұнамды-ұнамсыз қылықтарын сөз еткен. Сондықтан кейбір сөздері мысқылға, кекесінге толы болып та ұшырасады. «Тура биде туған жоқ» дегендей емкішге бетің бар, жүзің бар демей, біреудің байлығынан да, беделінен де тартынбай сөйлейтін болған.
Бес дуанды басқарған статс кеңесшісі Тұрлыбек Көшеновтің баласы Нөгербек, қасында Омбыдан келген геолог офицері бар, бірде Бапан бидің ауылына келеді. Бапанның ауылы Ерейменнің ең көрікті көлі – Қоржынкөлдің жағасы екен. Ерейменді бір кезде ноғайлылар, қалмақтар қоныстанған тұста Қоржынкөлді қоршаған таулардың сайларынан алтын қазған белгілер қалса керек. Мұны білетін Нөгербек Ерейменге геолог офицерді арнайы ертіп әкеліпті. Нөгербек би ауылына келген шаруасын айтқанда, оған Бапан:
Маған би атын халқым берген еді,
Саған шынжырды жандарал берген еді.
Өз жерінде су шыққандай,
Өзге жерден шешек шыққандай,
Шұңғырлауға мынауыңды неге әкелдің? – дейді. Әрине, бұл оның офицерді, оның жеріңді қазамын, алтын іздеймін дегенін ұнатпауы еді. Әңгімені асқындырмай құтылмақты ойлайды. Сонымен офицерге Дарқан ұста соққан ата Бөгенбайдың қылышын, Нөгербекке қамшысын сыйлыққа беріп құтылыпты. Кейін көп жылдар өткен соң осы Шытырымбет, Масалы, Ақсулардан алтын қазылған екен деген сөз бар. Сонымен бірге, би мәзірін басынған Тұрлыбек Көшеновтің өзіне Бапан:
Саған бір уыс топырақты ұлық берген,
Маған бір уыс топырақты халық берген.
Саған берген топырақ көзіңе түсер,
Маған берген топырақ көріме түсер
Сен шеніңе мәзсің,
Мен еліме мәзбін.
Сенің қоқайыңнан қорықпан,
Халқым барда мен тарықпан,–
деген екен. Осының өзінен бидің елдің ер намысын жоқтаушысы, басын қосушысы екендігін көреміз. Қазақ жұртының бірлігін көздеп, келімсектерді жақтаушы адамдарды әшкерелеуші деп түсінеміз. «Сен шеніңе мәзсің», «Саған бір уыс топырақты ұлық берген» деген сөздерде нақты шындық жатыр.
Бапанның сұрақ-жауап ретінде берілген «Кімді қалай танисыз?», «Ел дегенің немене?» толғау сөздерінде айтайын деген ойының астарында айқын әлеуметтік сыр көрінеді. Кісі болатын кісіні кескінінен, кісі болмайтынын мүшесінен, жомарт болатын кісіні қабағынан, сараңды табағынан, тұйық жігітті жүрісінен, сұйық әйелді күлісінен танимын; ақын жігітті кейпінен жазбай тану үшін сөз шебері ғана болу аз, ел қамын жеген ақылды, білімді адам болу шарт деген тоқтам жасайды.
«Ел дегенің немене?» толғауында өмір заңдылықтарын әсерлі жеткізу үшін өзіндік тың бейнелеу әдісін орынды пайдаланған. Сөздің ретін, кілтін тауып суреттейді. «Суы тұзды болмаса, мал-жаның сусындамаса, кіші үлкенді тыңдамаса ел дегенің немене?», «Елі үшін құрбан болып, абырой-бедел қонбаса, ер қадірі болмайды»,- деп түйіндеу арқылы биліктің, шешендіктің мағынасы мен күші асқақтап тұр.
Бапан өз тұсында Арқа жерінде өткен тарихи оқиғалардың бірталайына араласқан десе-ді. Мысалы, Баянауылдың дуанбасы Шоң би өз еліне салынған мол «қара шығын» салығына Ерейментау елін ортақ етпек мақсатында көп әлекке түскен. Ондай жағдайда екі дуаннан Ақмола мен Баянауылдан екі еселене салық түсетінін сезген Ерейменнің билері Бапан мен Жанболат Шоң ұсынысынан бас тартады. Павлодардан қазақ-орыс отрядын жіберткен Шоң ақыры қарсылық көрсеткендер қанжығалының он бір адамының оққа ұшуына себепкер болады.
Бапан би сөздерінің табиғаты, өзіндік ерекшелігі, тәлім-тәрбиелік қасиеттері жас ұрпаққа қонымды әсер етеді. Әңгіме – осы үлгі-өнегені жас ұрпақтың өз кәдесіне жарата білуінде.
Меңдігүл ШЫНДАЛИЕВА,
Филология ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры.
Астана қаласы