Ай мен жұлдыз болмаса, қараңғы түнде адамдар адасар еді. Өнер дүлдүлдері болмаса, мына күйбең тіршілікте адамдардың көңілін кір басар еді.
Шерхан Мұртаза
Қазақ даласы өнерде кенде емес. Мәдениет пен өнер - халықтың рухани болмысының айнасы деуге болады. Ақтөбе өңірі еліміздегі мәдениеті, өнері және әдебиеті дамыған руханият ордасына айналды. Өңіріміздің рухани-мәдени өмірінің дамуына үлес қосып, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп жүрген мәдениет саласының қызметкерлері аз емес. Сағи Жиенбаев атындағы Ақтөбе облыстық жасөспірімдер кітапханасында айтыскер ақын, қазіргі кездегі хит әндердің авторы Оразбек Қиынбаев пен танымал жас әнші, сазгер Нұркен Жалғасбаймен «Өнер. Талант. Бақ» кездесу сұхбаты өтті. Шараға Ақтөбе гуманитарлық колледжінің «Саз бөлімінің» студенттері және кітапхана оқырмандары қатысты. Кездесудің мақсаты: талантты жастардың шығармашылығын таныту, жас буынға үлгі ету. Ел арасындағы таланттарды танытып, олардың шығармашылық ізденісін ұлғайту.
Нұркен Жалғасбай - «Сынақ», «Бақ», «Мақтанба», «Өтінем жүрегіммен ойнама», «Сағындым» тағы басқа әндерді орындайды. Сонымен қатар халыққа танымал әншілерге ән жазған. 1998 жылы Ақтөбе облысы Шалқар ауданында дүниеге келген. Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледжін бітірген. Ал Оразбек Қиынбаев - қазіргі хит әндердің, солардың ішінде Нұрболат Абдуллиннің «Вальс», «Түнгі лирика», «Келтірмеші күлкімді», «Жүрегім», «Қар астындағы қызыл гүл», Әбдіжаппар Әлқожа «Байдың қызы», «Gece-Gece» (Кешірім жоқ), OCHOOOU «Бомба», «Сенбейсің», Айгерім Мамырова «Ақ жүрек», Қайрат Нұртастың «Бағдаршам» әндерінің сөзін жазып жүрген өңіріміздегі талантты жас ақын. Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтында қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын оқып, тәмамдаған. Қазіргі қазақ сахнасында шырқалып жүрген көптеген әндердің авторы Оразбек Қиынбаев пен Нұркен Жалғасбай бірлесіп шығарған туындылары туралы сөз етті. Жарыққа шықпай жатып-ақ көптеген қаралым жинаған «Бақ» өлеңі әншінің жұлдызын жаққанын айтты. Оразбек айтыс сахнасында неге көрінбей кеткені туралы да айтып өтті.
Ақындықтың арын бит жеп,
Әншіге еріп азып кеттік
Күнкөрістің қамын күйттеп,
Жазбайтынды жазып кеттік,-деп жазған өлең жолдарының мағынасын көп әндерге жазылып жатқан сөздерге көңілі тоймайтынын айтып жеткізді. Нұркен өнерге қызығушылығы мектеп жасынан басталып, саз мектебінде білім алған. Сонымен бірге аспаптарда еркін ойнап, ән айтуға үлкен сахнаға шақыртулар алып, алдағы жоспарлары туралы ашық айтты.
Қонақтармен арнайы ойындар ойнатылып, қонақ кәде ретінде Оразбек әдемі поэзия оқып, Нұркен жанды дауыста ән шырқады. Көпшілік көрермен сұранысы бойынша ақын мен әншінің «Бақ» хит әні орындалды.
Лаура Ерікқызы.
Сағи Жиенбаев атындағы
Ақтөбе облыстық жасөспірімдер
кітапханасының қызметкері.
Commentaires