top of page

ӨНЕРГЕ АДАЛДЫҚ – ӨМІРГЕ ҚҰШТАРЛЫҚ

Абдығафур Исақұлы Кенжебаев – Қазақ өнерінің қайраткері, есімі оңтүстік өңірге танымал композитор. Шығармалары негізінен балабақша тәрбиеленушілері мен мектеп оқушыларына арналған. Абдығафур іс жүзінде әмбебап, сегіз қырлы, бір сырлы жігіт. Ән де шығарады, мәтінін де өзі жазады. Қаламгерлікпен де айналысатыны бар. Оның бүкіл шығармашылығы туған елінің мәртебесін аспандатуға, туған жерінің сұулығын жырлауға, отаншылдық пен патриотизмге арналған.

Абдығафурмен бұдан 15 жылдай бұрын танысқанбыз. Өзі қырандай келбетті, көркіне ақылы тура, әр кез жинақы жүретін, мінезі де бірбеткей, алған бетінен қайтпайтын, сөзіне берік, адалдыққа құштар, қарапайымдылығы басым жігіт көрінген. Өмірге деген, айналасына деген өзіндік көзқарасы бар. Өзіндік ұстанымдары – мінезінің қазығы. Жиһанкезушілікті ұнататын. Ағылшын тілін жетік білуінің арқасында өзі болған 20 шақты елде еш қиындық көрген емес. Ағайын-туыс арасында өте беделді.

Оның өмірбаяны өз қатарластарының өмірбаяндарына ұқсас. 18 жасында кеңес армиясы қатарына шақырылды. Әскери борышын 1977-1979 жылдары Германияда өтеді. Жастықтың жалыны ғой, әскерде жүргенде де өзінің музыкалық қарым-қабілетінің арқасында жауынгер достарының арасында беделді болды. Әскерден оралған соң Ташкенттегі Жаһан тілдері педагогикалық институтына түсіп, 1984 жылы ағылшын тілі пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша диплом алып шықты. Әрі музыкадан да дәріс алған, өкініштісі, бітіретін соңғы курсында ұстазы Ресейге көшіп кетіп, диплом ала алмай қалған. Бірақ толық музыкалық сауаты бар.

Еңбек жолын балабақшада музыкалық жетекші болып бастаған. Кейін клуб меңгерушісі болды. Ұзақ жылдар аудандағы Аманкелді Иманов, Әлкей Марғұлан, Тұрар Рысқұлов атындағы мектептерде ағылшын тілі пәнінен сабақ берді, әлеуметтанушы, оқу ісінің меңгерушісі болды. Оған қосымша шәкірттерге ән-күй, бейнелеу пәндерінен де дәріс бере беретін. Кейін М.Әуезов атындағы университеттің Жібек жолындағы филиалында аға оқытушылық қызметке шақырылды. Ол жердегі қызметі абыроймен жалғасып жоғары оқу орнының жауапты хатшысына дейін өсті. Сарыағаш аудандық кәсіподақ кеңесінде маман болып та істеді. 2014 жылдан таза шығармашылық қызметте. Чехтың ұлы педагогы Ян Амос Коменский: «Жаңа ештеңе үйренбеген, біліміңе білім қоса алмаған әр күніңді сәтсіз күн деп есепте» дейді ғой. Абдығафур сондықтан да Жаратқан иеміз дарытқан өнерін үнемі ұштаумен келеді.

Балабақшада істеп жүрген кезі Қазақстан тәуелсіздігінің елең-алаңы болатын. Кішкентай бүлдіршіндерге кешегі кеңестік мұрадан қалған ән-күйлер жарамай қалды. Азат елдің тың әуендері, жаңа ырғақ, жаңа тақырыптар ауадай қажет еді. Әсіресе патриоттық әндер жағы өте тапшы болатын. Абдығафур осы олқылықтардың орнын толтыруға ұмтылды. Ең алғашқы әні «Бақытты балалық» сол шақта туды. Тырнақалды талпыныстары балабақша ұжымына, ата-аналарға ұнады.

Жайбарақат отырғанда кенет көкейіне әлдебір әуен ұялайды, бір кезде қараса өзінің ыңылдап отырғанын байқайды. Дереу пианиноға отырып, қайталап, нотаға түсіріп алуға тырысады. Ары қарай қырнап-сырнауға, өңдеуге жалғасады. Мәтін табу да оңай шаруа емес. Буын саны, ой бәрі жымдасып жатуы керек. Өзі де қара жаяу емес, ақындығы бар ғой. Осы ақындық қабілеті сазгерлікпен астасып Абдығафурды шығармашылық жаңа биіктерге көтерді.

Оның үстіне ағылшын тілінің маманы болғандықтан әлемдік музыка өнерінің жетістіктерінен де хабардар. Шәкірттеріне үнемі жан-жақты болуды, қай істе де кәсіби шеберлік жоғары бағаланатынын ескертіп жүреді. Құлақтарына құйып, сіңіріп отырады. Осы арада Абдығафурдың ағылшын тілін оқытудағы қазақ тілінің алатын орны туралы «Ағылшын тілін оқытудың тиімді жолы» атты өз бағдарламасымен жұмыс істейтіндігін айта кеткен жөн.

Осындай ізденістерінің арқасында кеңестік кезеңде екі рет бүкілодақтық жастар фестивалінде лауреат атанса, тәуелсіздік жылдарында Әсет Бейсеуов атындағы сазгерлер сайысында жүлдегер болды. Бірінші дәрежелі дипломмен марапатталды. Қазір ол «Сарыағаш ауданының құрметті азаматы», «Кәсіподаққа еңбегі сіңген қызметкер». Әлденеше рет аудандық, облыстық мақтау қағаздармен марапатталды. Облыстық байқаудың Гран-при жүлдесінің жеңімпазы атанғаны да есте.

Абдығафурдың туған ағасы Сұлтан Кенжебаев інісі туралы былай деп сыр шертеді:

–Ғафур кішкентайынан музыкаға әуес болып өсті. Әкеміз Екінші жаһан соғысына қатысқан, мінезі қатал кісі еді. Соғыстан 1945 жылы майор шенінде оралған бойда колхоз басқармасына төраға болып сайланған. Халық шаруашылығын қалпына келтіру жылдары да өзінше бір майдан болатын. Әкеміз Исақ жанын сала қызмет етті. Қолы қалт еткенде домбыра шертуді ұнататын. Үш-төрт жастағы Ғафур әкеміз домбыра тартқанда үнемі жанында отыратын. Әкей ауыр сырқатқа ұшырап 1963 жылы дүние салды.

Анамыз Әйімгүл 14 құрсақ көтерген екен, 1937 жылға дейін соның 9-ы шетінеп кетіпті. Солардан кейінгі оныншы бала 1938 жылы туған Исраил ағамыз агроном болып, ел-жұртқа көп еңбек сіңіріп жетпіс төрт жасында дүние салды. Одан кейінгі 1946 жылы туған Роза деген әпкеміз бар. 1950 жылы туған Құдірет ағатайым авитор болды, қазір зейнеткерлікте, Астанада тұрады. Одан кейін мен – Сұлтан, 1954 жылы дүниеге келіппін. Маған әскери өмір бұйырыпты. Қазір жер басып жүрген ағайындылардың ішінде 1959 жылы туған Ғафур ең кішісі. Анамыздың 47 жасында дүниге келіпті.

Өзі жастайынан музыкаға әуес болды. Ішіміздегі үлкеніміз Құдірет ағам ұшқыш болған, ол бір сапарынан маған гитара әкеп берген-ді. Сол гитараға менен гөрі Ғафур жақын болды. Кішкентай кезінде жүзім түбінде отырып, гитара үйренетіні көз алдымда. Оның үлкен азамат болғанына қуанамын. Өнер әлеміне өз қолтаңбасын қалдырып жүргеніне мақтанамыз. Қазір біздің әулеттің қара шаңырағына ие. Келіншегі Зарифа екеуі Раушан, Роман, Руслан, Наурыза деген төрт перзент өсірді. Олардан 14 немере мен жиен сүйіп отыр.

Ағасы отбасы туралы, інісі туралы осылай деп ризашылықпен ой өрбітеді. Абдығафур Кенжебаевтың «Әжем айтқан ертегі», «Бақытты балалық», «Туған жер» атты әндер жинағы мен оған қосымша жазылған CD, DVD, аудиотаспалар көпшілік көңілінен шықты. Еліміздің түкпір-түкпіріне тарап кетті. Бірнеше әндеріне бейне-баян түсіріліп, олар «Сәт», «Қазақстан», «Хабар» телеарналарынан көрсетілді. Қазақ радиоларының толқындарынан беріліп жүр. Шайырлық шығармашылығынан туындаған жырлары «Сарыағаш», «Нұрлы жол», «Болашақ» және облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газеттерінде жиі жарық көреді.

Тап бүгінгі күндері сазгердің 100-ден астам әні тыңдарманға жол тартқан. Олар халықтың игілігіне айналып үлгерді. Сондай-ақ Абдығафурдың қаламгерлік шабытынан туындаған «Құлағымның кесірі», «Шолпан», «Оралған кеме», «Студент қыз», «Наразы есек», «Жеті күн», «Ашық сабақ», «Философия фабрикасы» сияқты прозалық шығармалары, «Сүйген жүрек», «Сезім селі», «Кінәлауға асықпа» деген жыр жинақтары автордың қарым-қабілетін көрсетеді.

Таяуда Түркістан облысы Сарыағаш аудандық Мәдениет үйінде Абдығафурдың «Біз біргеміз!» атты шығармашылық кеші өтті. Бұл кеш композитордың өз тыңдармандары алдындағы өзіндік есебіне айналды. Жұртшылық өз жерлестерінің сазгерлік талантына айырықша тәнті болды.




273 просмотра0 комментариев

Недавние посты

Смотреть все

Comments


bottom of page