top of page

ӘКЕЛЕР ДАҢҚЫ – ЕЛГЕ МҰРА, ҰРПАҚҚА ҰРАН

Оразбекова Күләш Айтмолдақызы,

Абай атындағы Қазақ ұлттық

педагогикалық университетінің

профессоры, психология

ғылымдарының докторы







«Ұлы Отан соғысы – біздің халқымыздың, барша ұлт өкілдерінің, біздің әкелеріміз бен аталарымыздың биік рухын, ерлігі мен қазақылығын бүкіл әлемге танытқан соғыс.

Ұлы Отан соғысының ардагерлері – тарих алдында ұлы еңбек сіңірген адамдар. Ардагерлері – олар кіршіксіз, мақсаткер адамдар. Ал, біздер – сол фашизм мен сұмдық шаруашылық күйреуін жеңіп шыққан қайсарлар ұрпағымыз. Ұлы Жеңістің тарихи жолына бүгінгі күн тарапынан көз тастасаңыз, ерліктің жарқын бейнесі мен Отанға берілгендіктің, халыққа деген махаббатың аса үздік үлгісін көреміз.

Ұлы Отан соғысының тәжірибесі, табысы әскерлердің ақылақтық- адамгершілік күшіне тікелей байланысты екеніне, түптеп келгенде бәрін де жанды адамдар – сарбаздар мен офицерлер – шешетініне, олар бірінші кезекте ұрыстың ауыр сынына ұшырайтынына сонымен бірге олар әрі жеңіске жеткізуші де болып табылатынына біздің көзімізді айқын жеткізе түсті.

Техника қаншама жетілгенімен, дамығанымен, бәрібір күрестің құралы ретінде қалады. Оны адам жасайды, әрі басқаратын да адам. Жан дүниесі, акыл-ойы, пайым-парасаты бар адамды қандай техника болмасын ешқашан және еш жерде де ауыстыра алмайды.

Адамның жан дүниесі - ұрыста ең қатерлі, көзге көрінбейтін қару. Жан дүниесіне заң бойынша бірінші орын тиесілі, оған күш қуаты жағынан теңесер күрес құралы жоқ және болмайды да. Отан қорғаушылардың қасиетті бейнелері мен істері ежелгі заманнан бері қабір үстіне салған қорғандар мен ескерткіштердің тақталарында, аңыздар мен шежірелерде, тарихшылардың, жазушылар мен сазгерлердің еңбектерінде сақталған.

Ұлы Отан соғысы Кеңес Одағының барлық халықтарының, оның ішінде қазақ халқының азаматтық күш-қуатына қиямет сын болды. Ол қазақ халқының тарихында бетбұрыс, бұрылыс кезең болып, миллиондаған қазақстандықтардың жүрегінде өшпес із қалдырды. Адамзат болашағы жолындағы бұл тарихи шайқасқа, ауқымы жағынан бүкіл әлемді дүрсілкіндірген, мақсат-нысанасы тұрғысынан кез келген ұлт шеңберінен анағұрлым асып түскен мұндайлық жойқын соғысқа қазақ ұлты жауынгер ретінде де, халық ретінде де өз тарихында тұңғыш рет қатынасты.

Соғыс және еңбек ардагерлері сияқты халыққа адал қызмет атқарған, Отан үшін жанын құрбан еткен ерлердің есімдері еш уақытта ұмытылмақ емес. Бүгінгі ұрпақ осындай әкелер дәстүрін жалғастыруды, Отанды сүюді, оны жаудан көздің қарашығындай қорғай білуді аға буыннан үйренуге тиіс. Халық ерлігі қай қоғамда, қай идеология кезінде болмасын өшпейді де өлмейді, ол адамзат баласының жадында ғасырлар бойы сақталып, ұрпақтан ұрпаққа жетіп, өзінің жалғасын таба береді.

Соғыстың тарихи тәжірибесі жаңа ұлттық идеялар үшін, патриоттық тәрбиені нығайту үшін қажет, онсыз болашақ иелерін тарбиелей алмаймыз. Ал, оларсыз мықты мемлекет пен күшті армия мүмкін болмайды.

Бауржан Момышұлы былайша толғайды: «Менің түсінігім, білімім, тәжірибем, қатем ана дүниеге бір тиынға керек кемес. Көңілге түйгендерімді жалғы өз атымнан емес, шама-шарқымша, түсінуімше, біздің қауымның атынан ұрпағымызға айтып кетуім керек.

Өйткені әскери тақырып дегеніміз – соғыс тақырыбы, ұрыс тақырыбы, ұлтты әскери тәрбиелеу, ұлттың әскери мәдениеті, өткен кезеңдегі әскери өнерді және соғыс тәжірибесін, жігіттеріміздің бойында жақсы жауынгерлік қасиетке тәрбиелейтін халықтардың игілікті асыл дәстүрлерін, ұлттық және этнографиялық ерекшеліктерді және халықтардың ынтымақтастығы мен бауырмалдық ұлы сезімі мен игілікті солдат кәсібі көрініс табатын әскери психологиядағы ұлттық мәселелерді жинақтау – қалдырылған материалдар әcкери-ағартушылық сипатындағы (бұл сөздің қолында винтовкасы бар сұр шинельді солдатқа насихат айту мағынасындағы емес, кең мағынада ұғым, яғни әскери тәрбие дегеніміз бұл – жөргектен найзаласқан шабуылға дейінгі тәрбиелеу проблемасы күрделі шаруа) шығарма жазу үшін небәрі құрылыс материалдарының бірі ретінде ғана пайдаланылуы мүмкін, бұл шығармада ұлттық рух (ұлттың ішіндегі жеке адамның асыл қасиеті ретінде) пен ұлтшылдық (жеке адамның ақауы ретінде) «қабылдау» мен «қайта жасау» ұғымын қатаң шектеп әрі ажырата отырып, ұлттық әскери мінез-құлық өзінің барлық игілікті қырлары мен өткен, қазіргі кездегі және болашақты көре алу ерекшеліктерімен арқау етіліп көрсетілуге тиіс, міне сонда ғана халқымыздың ғасырлар бойы жинақтаған жақсы да асыл қасиеттері, дәстүрлері мен даналығы өзіміздің халқымыздың ғана емес, барша адамзаттың игілігіне айналмақ.


18 просмотров0 комментариев

Недавние посты

Смотреть все

Comments


bottom of page