top of page

Ұрпаққа жақсы ат қою — парыз

Обновлено: 27 июн. 2023 г.



«Адамның бір қызығы бала деген» деп қазақтың ұлы ақыны хакім Абай тегін айтпаған. Бауыр еттен жаратылғандай болған баланың қай ата-анаға болмасын оттай ыстық екені айтпаса да түсінікті жайт. Бала - базар, бала - қуаныш, бала - өшпес от, бала - ұрпақ жалғастығы. Сөз осылайша жалғаса береді. Бала туралы айтылар сөз тіптен көп. Және ол сан салалы, тарау-тарау болып жалғасып келелі ой, баянды болашаққа ұштасады. Оның бәріне шолу жасап, шұбырынды із тастағымыз келмейді. Біз бұл мақалада тек бір ғана нәрсе, балаға ат қою төңірегінде ой қозғаймыз.

Балаға ат қою бір қарағанда жеңіл, оп-оңай секілді көрінгенімен, білген жанға аса қиын, тым сергек қарауды қажет ететін, жауапкершілігі мол шаруа екенін бүгінгі қоғам, уақыттың өзі дәлелдеп отыр.

Халқымызда балаға ат қоюдың бағзы заманнан келе жатқан, белгілі бір қалыпқа түскен ғылыми жүйесі бар. Кейбір этнограф, тарихшы ғалымдардың сөзіне сенсек, сол баланың атына қарап, оның қай ғасырда тірлік кешкенін де барлап білуге болатын көрінеді. Өйткені балаға қойылған аттан сол өзі ғұмыр кешкен заманның тыныс-тірлігі, мақсат-мүддесі айқын сипат беріп тұрары сөзсіз. Ол - бір. Екіншіден, сол адамның атына қарап-ақ, оның қай ұлттың, қала берді қай діннің адамы екенін де болжау қиын емес. Қойылған аттың өзі сол адамның тегін, нәсілін толығымен айғақтап тұрады. Бұл жер бетіндегі күллі адамзат баласына тән құбылыс. Балаға ат қою әр елде әрқилы сипатта орындалған.

Көне қытай елінде қашан балаға ес кіріп, ақыл тоқтатқанша ресми түрде ат қойылмаған. Гүлім, еркем, ақылшым т.б. атаулармен атаған. Не болмаса көгершінім, қыраным, батырым тәрізді тілге жеңіл сөздерді пайдаланған. Бала ес тоқтатқаннан кейін ата-ана оған бірнеше атауларды ұсынып, таңдауды баланың өзіне қалдырған. Бала ұнаған есімді өзі таңдаған.

Қазақ елі балаға ат қоюды кешеуілдетпеген. Өз кезінде, Ислам шарттарына сай орындап отырған. Перзентті болған отбасы яғни әке мен шеше әу баста шыр етіп, әл-әзірде ғана фәниге келген сәбиге ат қою мәселесі туралы ойланған. Қай ата-ана балам жаман болсын дейді. Тіпті сол бала өмірге келмей жатып, ол турасында небір терең ойға батып, тәтті қиялға шомады. «Шіркін, осы дүние есігін ашқалы тұрған бала егер ұл болып туса, пәлендей батыр, не палуан, яки бәз-біреулердей бордай егіліп, судай төгілген шешен, азуын айға білеген батыр болса екен, ал, егерде қыз боп жатса, пәленшедей айтар сөзге бай, айыр тілді ақын, болмаса саусағынан өнер тамған шебер, өнерпаз болса екен деп қиялдайды. Және өз ауыл-аймағындағы осындай игі жақсылардың есімін ұрпағына береді. Қазақта балаға есім берерде молдаға азан шақыртып, дұға оқытып, оң құлағына үш рет, сол құлағына үш рет есімін дауыстап айтады.

Балаға атты ауылдың аузы дуалы ақсақалы, иә болмаса белгілі молдасы қояды. Ат қою сол тойға жиылған дүйім жұрттың алдында орындалады. Балаға ат қою тек әке мен шешенің ғана емес, күллі ауыл-аймақтың жүрекжарды қуа-нышына айналады.

Өскелең уақыт, өзгерген заман адамның күнбе-күнгі тірлігіне, ой-санасына әсер етпей қоймайды. Сол себепті бұл күндері сонау есте жоқ ескі заман, кене дүниелік жағымсыздау есімдер бұл күндері жоғалып, тіптен келмеске кеткен. Итбай, Күшікбай, Ақмаңқа т.б. естісең ұяттан бетің ду ете түсетін есімдер бұл шақта ілуде бір болмаса, ұшыраса қоймайды. Оның есесіне "атың кім?" десе, пәлен деп айтатын және мақтанышпен айтатын мәдениетті де сыпайы есімдер сан жағынан да, сапа жағынан да молыға түсуде. Бұл күндері ел ішінен Нұрсұлтан, Олжас, Мұхтар, Тоқтар, Әлия, Мәншүк, Роза т.б. деген адам аттарын жиі кездестіруге болады. Бұл тек адам аттарының ғана емес, заманның, қоғамның жаңаруының белгісі екені даусыз.

Ұрпаққа есім берерде оны алдын ала зерттеп-біліп алған жөн. Адам баласының Алла Тағаланың алдындағы бір парызы - ұрпағына жақсы есім беру. Осыны әрдайым есте сақтаған жөн.

Бала ертеңгі күні өз атына намыстанып жүргеннен гөрі, өз атын мақтан тұтып жүргені абзал. Бұл жауапкершілік жүгі әке-шешеге жүктелетіндігін естеріңізден шығармаңыздар.



234 просмотра0 комментариев

Недавние посты

Смотреть все

Comments


bottom of page