Күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлының туғанына – 205 жыл!
Қазақтың «күй атасы» атанып кеткен ұлы күйші Құрманғазы Сағырбайұлының шығармалары, оны ерекше дарын иесі ретінде жеке дара көрсетуге мүмкіндік береді. Ол өзінің өмірінде сан қырлы талантымен әйгіленіп, домбыраның қос ішегімен күй әуезін алуан түрлі сарынмен әрлей білді. Осының арқасында Құрманғазы бабамыздың шығармалары халықтың жүрегінен жол тапқандығы белгілі. Сондықтан болар, ұлы күйшінің бізге қалдырған асыл мұрасы ғасырлар бойы жалғасын тауып, ұрпақтан ұрпаққа аманат болып келе жатқандығы анық. Биыл, Қазақстан халқы күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлының туғанына 205 жыл толуын атап өтеді. Осы орайда, біз де қатардан қалыс қалмай халқымыздың күй өнерін ілгерілету жолында бір кісідей атсалысып келе жатқанымызды жеткізгенді жөн санадық. Өнерпаз жас жеткіншектерді халқымыздың ұлттық музыкалық аспабы домбырамен күй орындауға үйрету сыныбы Қарағанды облысындағы Приозерск қаласының нақ төрінде орналасқан «Достық» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығында 2007 жылы ашылған болатын. Алдымен, өнерпаздар қатары күй өнерін үйренуге барын салса, кейін мол тәжірибе жинақтаған жас күй орындаушылар дүйім жұрттың алдында өз өнерлерін көрсете бастады. Арада уақыт өте келе талантты күйшілердің қатары көбейіп, жас өнерпаздардың арасынан домбырашылар ансамблі құрылды. Аталған домбырашылар ансамбліне ұлы күйші Құрманғазының «Балбырауын» күйінің атын беруді ұйғардық. Күй атасы Құрманғазының шәкірті Дина Нұрпейісова өзінің бойындағы күй орындау шеберлігімен, өзінен кейінгі ұрпаққа қастерлі мұра ретінде ұлттық күй өнерінің тамаша бір дәстүрін тарту еткендігі белгілі. Халқымыздың күй өнерін орындауға алғаш рет білек сыбана кіріскен Дина апамызға Құрманғазы бабамыз: «Домбыраны қолыңа алғанда, оны тартпас бұрын ең алдымен құлақ күйін келтіріп, әбден баптап ал. Міне, осындай дайындықтан кейін ғана домбыра тартуға кіріс!» - деп, өсиет қалдырған екен. Ұлы күйшінің осы бір ұлағатты сөзін биік санап, есте сақтаған «Балбырауын» домбырашылар ансамблінің алдыңғы жылдардағы жеткен жетістіктерінен бөлек, соңғы жылдардағы асқан асуларының өзі ауыз толтырып айтарлықтай.... Мәселен, 2021 жылдың көктемінде Қарағанды облыстық Ш.Қажығалиев атындағы бірінші «Ақ желең» атты өнер байқауында бақтарын сынаған «Балбырауын» домбырашылар ансамблі жүлделі ІІ орынды жеңіп алса, жыл соңында Астана қаласында өткен балалар мен жасөспірімдер шығармашылығының Халықаралық фестиваль-сайысында тамаша өнер
көрсетіп, І дәрежелі Дипломымен марапатталады. Келесі 2022 жылдың ақпан айында Алматы қаласында өткен ІІ Республикалық «Тау тұлғалы талантқа тағзым!» өнерпаздар байқауында алдарына жан салмаған «Балбырауын» домбырашылар ансамблі Бас жүлдеге қол жеткізеді. Қазақ халқына белгілі ақын Қадыр Мырза Әли ағамыздың: «....өнер жүрген жерде еліктеу болмай тұрмайтыны анық» - деп айтқанындай, бір-біріне еліктеп, «Балбырауын» домбырашылар ансамблінің құрамында өнер көрсетіп жүрген А.Қайратұлы, Ә.Нұртаева, Б.Аманбай, А.Абайқызы, А.Болтабай, Н.Үсер, Н.Жахаева, Е.Нұғман, Н.Сәбит, Ә.Сейдулла, Е.Әлілбай, Қ.Кенжебай, А.Махмуд, Д.Нұғман, Г.Бақытжанқызы, Б.Қасқатай, Ж.Сүлейменова, А.Сайлаубек, І.Мамбетахын, С.Ерғали, Ж.Мейрихан, Ж.Ибадуллаева және А.Заур есімді талантты жас жеткіншектердің домбырамен күй орындау шеберліктеріне жоғары баға бере аламыз. Домбырамен күй орындауға үйрену сыныбының жас жеткіншектері күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлының күйлерінің ішіндегі «Балбырауын», «Адай» және «Саранжап» күйлерін көпшілік алдында асқан шеберлікпен орындап жүр. Дәл осыдан бес жыл бұрын, қазақтың ұлы күйшісі Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО-ның 2018-2019 жылдары атаулы күндер күнтізбесіне енгізілген болатын. Ал, енді осы жылы күй атасы Құрманғазының туғанына 205 толуы барша ел болып атап өтетіндігіне сенімдімін. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін ұлы күйші Құрманғазы Сағырбайұлының өмірі мен өнер жолын зерттеуші академик Ахмет Жұбановтың «Ғасырлар пернесі» еңбегіндегі күй атасына берген бағасымен түйіндегенді дұрыс көрдік: «Күй – əуен-сазбен өрілген жыр шежіре. Күйлердің өмірге жақындығы əлеуметтік мұқтаж- зəруліктен туатындығында жəне олардың өзгеше тарихи сипатын күйшілердің қозғаған тақырыбы мен қойған аттарынан да аңғаруға болады» – дейді. Міне, біз сөз еткелі отырған ғасырлар ғаламаты күй атасы Құрманғазы да осындай ұлы өнерде айрықша қол таңбасы бар, киелі қасиеттердің баршасы бір жүрекке қонған, топырақтан, қаннан дарыған тума талант, дарқан дарын иесі. Арғы бергідегі қалың күйшілер арасында Құрманғазы дара, қайталанбайтын құбылыс. Ол, домбырашыға табиғаттан сирек қонатын шығармашылық қасиеті мен ғажайып сыры көп ерекше дүлдүл орындаушылық шеберлігімен де ерекшеленеді....». Айман Нұртаева «Қарағанды облысы білім басқармасының Приозерск қаласы білім бөлімінің «Достық» балалар-жасөспірімдер
шығармашылық орталығы» КМҚК домбырашылар сыныбының жетекшісі Фотосуреттерді жинақтаған: Думан Құрманғалиев
Comentarios