Үстіміздегі жылғы шілденің 3-і мен 10-ы аралығында меймандос Моңғолия жерінде осы өлкені мекендейтін қазақтардың кіші Құрылтайы өтті. Кездесулер ел астанасының өзінде-ақ басталды да негізгі жиын – кіші Құрылтай Баян-Өлгийде ұласты. «Отандастар» қоры үкіметтік емес акционерлік қоғамының төрағасы Абзал Сапарбекұлы бастаған делегация құрамында ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Ғабит Бейбітұлы Қойшыбаев, Қазақстан Республикасының Сенат депутаты Ғалиасқар Сарыбаев, Мәжіліс депутаттары Үнзила Шапақ, Нұргүл Тау, Жарқынбек Амантай, Болат Керімбек, дипломатия ардагері Сайлау Батыршаұлы, жазушы-публицист, Қазақстан Педагогикалық Ғылым Академиясының академигі, профессор Марат Тоқашбаев, жазушы Ауыт Мұқибек, ақын Кәдірбек Құныпияұлы, Түркиядағы Мимар Синан университетінің профессоры Әбдіуахап Қара, Қазақстанның Моңғолиядағы бұрынғы елшісі Қалыбек Қобландин болды. Кіші Құрылтай Қазақстан мен қандастар арасындағы елеулі-іс-шара ғана емес, екі елдің арасындағы мәдени-достық байланыстарды нығайтудың нақты мысалына айналды.
НҰР ЖАУҒАН КҮН
Күн дүйсенбі. «Hunnu Аir» авиакомпаниясының «Бомбардиер-145» ұшағы Алматыны артқа тас-тап 3,5 сағатта Моңғолия елінің астанасы Ұлан-Батыр қаласының «Шыңғыс хан» әуежайына келіп қонды. Алматыдағы ыстыққа үйреніп қалған біздер интернеттен Ұлан-Батырда жазда тем-пература 40 градусқа дейін барады дегенді оқып жеңіл киініп алғанбыз ғой. Ұшақтан сыртқа шықсақ, кәдімгідей салқындық сезіледі. 11 градус қана жылы болып тұр. Әуежайдан қалаға дейін 54 шақырым деген. Бірақ біз екі сағатқа жуық жүрдік. Алматының кептелісі кептеліс пе, Ұлан-Батырдың кептелісі оншақты шақырымға созылып кетеді екен. Сондықтан баратын жерге екі-үш сағат ерте шығу бұл жақта қалыпты жағдай көрінеді. Бұлттар түнеріп, жаңбыр баяу сілбіреп тұр. Бұл жақта жаңбыр жылына үш-төрт күн ғана жауады екен. Біз сол асықпай сілтейтін жаңбырға тап келіппіз. «Нұр жауып тұр» дестік.
Моңғолия теңізбен шектеспейтін тек құрлықтағы мемлекет. Жер көлемі жағынан әлемде 17 орында. Халқы – 3,5 млн. Оның тең жартысына жуығы Ұлан-Батырда тұрады. Баспана жетіс-пейтіндіктен шығар, қалада киіз үйлер көп. Моңғолдарда «Жер – тамырымен, аспан – жұлдыздарымен, мұхит – суымен, адам – ақылымен, күн – шуағымен бай» деген мақал бар екен. Бұрын танымайтын серіктестер осы жолда танысып-білісіп жолымызды қысқартып жатырмыз. Көшедегі транпорт негізінен жапон мен корейдікі. Орыстың бірде бір машинесі көзімізге түспеді. Қызық болғанда бұл жақта ешкім орысша сөйлемейтін көрінеді. Қала ор-талығындағы «Springs» қонақүйіне жеттік.
АЛҒАШҚЫ КЕЗДЕСУ
Алғашқы кездесу ертесіне Ұлан-Батырдың түбіндегі Налайх аймағында басталды. Аймақ басшысы Ч.Раднаабазар делегация мүшелерін жылы қабақпен қарсы алды. Бұл аймақта бес мыңнан астам қазақ қандастарымыз тұрды екен. Кездесуде «Отандастар» қорының басшысы қазақстандық делегация мүшелерін таныстырып өтті. Делегация құрамындағы Үнзила Шапақ деген келіншек әрі өзі Мәжіліс депутаты дәл осы мекеннің тумасы екен. Таныстары, туыстары, сыныптастары мәз болып жатыр. Мәз болмай ше, ширек ғасыр бұрын арман қуып кеткен бойжеткен енді міне, кіндік қаны тамған жерге конституциялық заңнаманың маманы, әрі депутат болып оралып тұр. Сынып жетекшісінің тебіренісін айтсаңызшы?!
Кездесу барысында Абзал Сапарбекұлы Моңғолия үкіметінің моңғол жерін мекендеп отырған қазақ халқына жасап отырған қомқорлығына ризашылық білдірді. Осыдан бір жарым жыл бұрын Моңғолияның Сыртқы қатынастар министрі Батмунх Батцэцэгті қабылдаған кезінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Моңғолия – біздің сенімді әрі стратегиялық серіктесіміз. Мемлекеттерімізді ортақ тарихымыз біріктіреді. Моңғол халқына, Моңғол мемлекетіне деген құрметіміз ерекше. Осы ынтымақтастығымызды одан әрі арттырып, іс жүзінде нығайта беруіміз қажет деп санаймын» деген болатын. Одан әрі: «Осы сәтті пайдалана отырып, этникалық қазақтарға көрсетіліп отырған құрмет пен қамқорлығы үшін Сіздің елдің басшылығына және моңғол халқына ризашылығымды білдіремін. Моңғолия қазақтарының тілін, мәдениеті мен дәстүрін сақтау мәселелері бойынша тығыз ынтымақтастығымыз жалғаса береді деп үміттенемін. Бұл – Сіздің мемлекетіңіз жүргізіп отырған ұлттық саясаттың нәтижесі» деп Моңғол мемлекетінің жүргізіп отырған саясатына жоғары баға берген. Абзал Сапарбекұлы да осы арнада жатық та, жарасымды лебізін арнап жатты. Бұрын Түркияда елші болған, үлкен дипломатиялық мектептен өткен азамат қамшы салдыра ма?
Қазақстанның Моңғолиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Ғабит Қойшыбаев аймақ басшылығы мен жергілікті қандастарымызға жылы лебізін білдіріп, кіші Құрылтай жұмысына сәттілік тіледі. Мемлекет басшысы атынан бірнеше азаматтарға марапаттар тапсырды.
Налайхта тұратын қандастарымызбен кездесуден кейін сапар Шыңғыс хан ескерткішіне қарай жалғасты. Айырықша үлкен етіп жасалған Шыңғыс ханның ат үстіндегі мүсіні әлемдегі ең ірі ескерткіштердің бірі болып табылады. Биіктігі 40 метр. Аттың құйрығы жағындағы лифтімен жоғары көтерілесің. Одан жоғары баспалдақтармен өрлейсің. Аттың екі құлағының ортасындағы алаңшадан бүкіл айнала алақандағыдай көрінеді. Мұражай экспонаттары да бірегей. Бүкіл Шыңғыс хан әулетінің шежірелік кестесі көз тартады. Бұл ескерткіш қана емес Ұлан-Батырдағы Шыңғыс хан мұражайы да жұртшылықты өзіне магниттей тартып тұратын мәдени орда.
ЕЛУГЕ ЖУЫҚ ЕҢБЕК ЕРІ ШЫҚҚАН
Бұдан кейінгі маңызды кездесу ертесіне «Қазақстан мен Моңғолия қарым-қатынастарының даму болашағы» деген тақырыпта Моңғолия ұлттық университетінде өтті. Дөңгелек үстел басындағы сұқбатта Абзал Сапарбекұлы, Үнзила Шапақ, Сайлау Батыршаұлы, Әбдіуахап Қара және осы жолдардың авторы екі елдің өзара экономикалық, мәдени-достық байланыстарын дамыту туралы ойларын ортаға салды. Моңғолия-Қазақстан парламентаралық достық тобының тең төрағасы Қ.Беделхан, Моңғолияның Қазақстандағы тұңғыш елшісі Б.Бамбажав, Моңғолияның бұрынғы Премьер-министрі Ш.Гунгадорж пікір білдірді. Моңғолияның экс-президенті Пунсалмаагийн Очирбат мырзаның қатысуы да жиынға өзіндік салмақ берді.
Монғолия еліндегі қазақтардан 150-ге жуық ғылым докторы шығыпты. Екі қазақ азаматы премьер-министрдің орынбасарына дейін көтерілген. Налайх шахтер қалашығы болғандықтан мұнда кенші мамандығын игерген қазақтар көп екен. 50-ге жуық қандасымыз «Еңбек Ері» деген құрметті атаққа ие болған. Бес қазағымыз Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атаныпты. Қазір екі Халық жазушысы, бес Халық әртісі атағын алған өнер майталманы Монғолия қазақтарының мақтанышы. Осы кездесу соңында Моңғолияның халық жазушысы Сұлтан Тәукейұлының жаңа кітабының тұсаукесері өткізілді.
«ПОЛИТБЮРОДАҒЫ» ТҮСТІК
Тағы бір есте қаларлық оқиға – қазақстандық қонақтарды сол күні Моңғолияның Мемлекеттік Ұлы Хуралының Төрағасы Гомбожавын Занданшатар мырзаның қабылдауы болды. Ғимараттың «Политбюро» деп аталатын залында екі жақты байланыстарды дамытудың бірқатар өзекті мәселелері талқыланылды. Бұл кезде біздің делегацияға Осака арқылы жеткен ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, Қосағаш арқылы жеткен Қазақстан Парламент Сенатының депутаты Ғалиасқар Сарыбаев, Мәжіліс депутаттары Жарқынбек Амантай мен Болат Керімбек келіп қосылған.
Төраға Транс-Алтай диалог платформасын құру туралы ұсыныс айтты. Бұл диалог платформасы аясында тарих, архелогия, әдебиет пен ғылым саласында ынтымақтасты арттыруға болатынына тоқталды. Төраға сөзін сабақтап делегация құрамындағы қазақ жазушыларын Моңғолияда дәстүрлі түрде өтетін әдебиетшілер форумына шақырды. Осы орайда Абзал Сапарбекұлы өте жақсы ой айтты: «Біз қазақ және монғол халықтары Ұлы Даланың көне өркениетінің мұрагерлеріміз. Біздің мақтан тұтар тарих, тіл, әдет-ғұрып пен дәстүр сияқты ортақ құндылықтарымыз баршылық. Сондықтан да қазақ пен монғол халықтары бір біріне өте жақын», –деді бауырластықтың жібін ширатып.
Кездесуде екі елдің парламент депутаттары өз ойларын ортаға салды, парламентаралық байланыс бауырлас елдердің ынтымақтастығын нығайтуда қызмет ететініне назар аударылды. Бүгінгі таңда әлемде парламенттік дипломатияның рөлі өсе түскендігі атап өтілді.
Пікір алмасулар біртіндеп түстік асқа ұласты. «Политбюро» залында кезінде Моңғолия басшылығы түстенеді екен. Осы жерден дәм тату енді бізге нәсіп болыпты. Қызық болғанда мұндай ресми қонақасыларда шай берілмейді екен. Шайқұмар біздің қазаққа бұл ауырлау тиді.
БАЯН-ӨЛГЕЙДЕГІ МЕЙМАНДОСТЫҚ
«Алтайдың келіп саласына мен, керуен де керуен сөз артып, Баян-өлгейдің ауасыменен қолқамды тұрмын тазартып», –
деп Ұлықбек ақын жырлағандай, ертесіне делегациямыз толық құрамда Баян-Өлгий аймағына атбасын тіреді. Ауасы да бөлек, табиғаты да бөлек, адамдарының ықыласы мол, қылтанағы кемдеу жер екен. Әуежайда бізді күтіп алған ресми тұлғалар арасында бір жігіттің жүзі жылыұшырай берді. Ербақыт Нүсіп! Сонау өткен ғасырдың сексенінші жылдарының басында Алматыда КазГУ-де оқып жүрген кездерінде қазіргі этнограф-ғалымға айналған Досымбек Қатран екеуі біздің үйге жиі келетін. Қазақ елінің болашағы жөнінде жиі пікірлесетінбіз. Жүрегіміздің түкпірінде «Кез келген империя түптің түбінде ыдырайды» деген сенім жататын. «Кеңес Одағы ыдырайды» деп ойлау ол кезде ақылға сыймайтын. Азаттық рухымен сусындаған сол інілерім 1986 жылғы желтоқсан көтерілісіне де қатысты. Арада қырық жылға жуық уақыт өтіпті. Сол идеяларды ұмытпай көлденең тартқан Ербақыт інім «Алматыдан ұстазым келді!» деп қояр да қоймай бүкіл делегация мүшелерін үйіне шақырып, қойын сойып, қымызын алдымызға тосып қонақ етті. Радиода қызмет етеді екен. Таяуда Қазақтан Жазушылар одағына мүшелікке өтіпті. Тіпті немерелі де болып үлгеріпті. Бұл бір есте қаларлық кездесу болды. Ербақыттың немерелеріне кәдесый ретінде Қазақстанның көгілдір жалаушаларын сыйға тартып кеттік.
КІШІ ҚҰРЫЛТАЙДЫҢ БИІКТЕРІ
Таңертең біз орналасқан «Медиана» қонақүйінің оныншы қабатынан қарасақ, аймақ әкімшілігінің ғима-раты да, Мәдениет үйі де қол созым жерде көрініп тұр. Құрылтайға жиналған қандастарымыздың қарасы көп. Тіпті Ресейден келген қандас-тарымыз да бар екен.
Аймақ губернаторы Камелият Ахмадияұлы қазақстандық делегацияның келуіне үлкен қуанышын білдіріп, халықтың тыныс-тіршілігінен хабардар етті, кіші Құрылтай жұмысына сәттілік тіледі. «Бермесең алмайсың! Бармасаң алыстайсың!» деген ақиқатты алға тартып, мұндай форумдардың қажеттілігіне тоқталды. Осы жақтың тәртібімен сөзін негізінен моңғол тілінде сабақтады. Маслихат Төрағасы Хабыл Шәривұлы да өзінің ізгі тілектерін аңдатты.
Кездесуде Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаевтың лебізіне жұрт ден қоя құлақ салды. Ары қарай ҚР Мәжіліс депутаттары Үнзила Шапақ, Нұргүл Тау, Жарқынбек Амантай сөз алып, екі елдің парламентаралық байланыстарының күн тәртібіндегі мәселелері, елімізде жүзеге асып жатқан құқықтық-демократиялық реформалар туралы құлғдар етті.
Моңғолиядағы қазақтардың IV кіші Құрылтайы Баян-Өлгейдегі Мұхамедәлиұлы Құрманхан атындағы Қазақ музыкалық драма театрында өтті. «Біз Моңғолия қазақтарының кіші құрылтайына қатысу үшін Қазақстаннан арнайы келген делегация мүшелеріне өте қуаныштымыз әрі шын пейілден алғыс айтамыз!», –деді салтанатты жиынды ашқан Баян-Өлгей аймағының басшысы Камелият Ахмедияұлы, – Осынау құрылтайдың Моңғолия мен Қазақстан қатынастарына, оның ішінде 100 мыңнан астам қазақ мекендейтін аймақтың Қазақстанмен рухани байланысына елеулі үлес қосатынына сенімдімін!».
Қазақстан Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Кіші құрылтай қатысушылары мен Моңғолия қазақтарына арнаған құттықтау сөзін оқып берді. Құжатта ел Президенті екі халықтың достығы мен ынтымақтастығын нығайтатын мәдени, іскерлік байланыстардың маңызын айтып, Құрылтай жұмысына сәттілік тілеген. Қандастарымыз құттықтауды үлкен ризашылықпен қабылдады.
«Отандастар қорының» президенті Абзал Сапарбекұлы делегация мүшелері атынан аймақ халқының риясыз көңілі мен шын ықыласына алғыс айтты. Қор жұмысының басты-басты бағыттары мен мақсат-міндеттеріне тоқталды. Жергілікті қандастарымыз үшін көкейтесті тақырыптарды қозғады. Яғни жастардың білім алу, мамандық таңдау, жас буынның түрлі тарихи танымдық жобаларға белсене қатысуы, қазақ дәстүрлері мен рухани құндылықтарының шетелдердегі қандастар арасында сақталуы, Қазақстан мемлекетінің шеттегі қазақтарды және көшіп келетін қандастарға қолдау шаралары туралы кеңінен баяндап берді.
Бұдан кейін сөз алған аймақтық Хурал төрағасы Қабыл Шәріпұлы Баян-Өлгей аймағының тарихы мен дамуы туралы әңгімелеп, оның Қазақстанмен жанды байланысына тоқталды. Қазақстан Парламент Мәжілісінің депутаттары Үнзила Шапақ, Нұргүл Тау, Жарқынбек Амантай қазақ-моңғол қатынастарында қазақ қандастарымыздың «алтын көпір» болып отырғанына ризашылық білдіріп, екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтататын бірқатар мәселелерді, атап айтқанда Өскемен – Өлгий – Ховд әуе рейстерін ашу, Баян-Өлгейде консулдық қызмет құру сияқты өзекті тақырыптарды қозғады.
Кіші Құрылтай барысында қуаныштарын бөлісіп, пікір айтушылар көп болды. Солардың бірі «Сана» үкіметтік емес ұйымның директоры Шолпан Хасенқызы балаларды оқытуда арнайы маман-педагогтардың жетіспейтіндігіне қынжылыс білдірді. Қазақ тілінде математика, физика, химия пәндерінің оқулықтары тапшы екендігін көлденең тартты. Хабсатар Омарұлы ата-аналар атынан Өлгийде Қазақстанның көмегімен қазақ мектебі мен балабақша салынса деген тілегін жеткізді. Жастар атынан сөз алған Ғибрат деген жігіт қазақ тіліндегі ғылыми-техникалық кітаптардың тапшылығын сөз етті. Мұның бәрі әрине, ең алдымен үкіметаралық деңгейде шешілуге тиіс.
Құрылтай барысында Мұхамәдиұлы Құрманхан атындағы Қазақ музыкалық драма театрында Мұхамәдиұлы Құрманханның ескерткіші ашылды. Аймақтың алғашқы басшы-ларының бірі Қызырхан Құсбекұлының ескерткіші мен көше атауының берілуі, «Өмірім –өзім, өмірім – ісім» атты кітаптарының да тұсаукесерлері өтті. Сондай-ақ, жастар арасында тоғызқұмалақ, асық ату, қазақша күрес сияқты ұлттық ойындардан жарыстар өткізілді. Жалпылай алғанда кіші Құрылта аймақ өміріндегі айтулы оқиға болғаны сөзсіз.
Сол күні кеште Қазақстаннан келген Қарағандының Тәттімбет атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі Баян-Өлгей тұрғындарын ән мен күйге бөледі. Концертте қазақ және моңғол халық әндері шырқалып, дәстүрлі күйлер мен халыққа кеңінен танымал музыкалық шығармалар орындалды. Ұжым мұндай концертті осының алдында Ховд аймағында да берген болатын.
МҮДДЕМІЗ ОРТАҚ
Моңғолия десе есімізге алдымен Баян-Өлгейден шыққан қандастарымыз түседі. Рас, біздер Қазақстандағы қазақ зиялы қауым өкілдері жетпіс жылдық социалистік-кеңестік ықпалдан кейін тайпалық, кландық жүйеден азат, шынайы демократиялық қоғам орнатқан моңғол мемлекетіне үлкен құрметпен қараймыз. Екі елдің арасындағы байланыста Баян-Өлгейде өмір сүретін, жалпы саны 130 мыңдай қазақ жұртының рөлі үлкен. Олардың ішінен шыққан Қинаятұлы Зардыхан, Қадыр Сайран, Қаржаубай Сартқожа, Қали Әліп, Уатхан Мәуліт, Күнтуған Мизамхан сияқты күрескер тұлғалардың есімдерін айырықша атап өткіміз келеді.
Жеке өз басыма 1969 жылы «Моңғолдың құпия шежіресін» алғаш аударып бастырған Мағауия Сұлтанияұлының, Моңғолияның Ельцині атанған, елдегі саяси-құқықтық реформалардың негізін қалаушы, профессор Зардыхан Қинаятұлының, «Шыңғыс хан – қазақ» деген негізсіз тұжырым жасаушыларға ғылыми тойтарыс берген профессор Қаржаубай Сартқожаұлының, «Керейлер керуені», «Моңғолия қазақтарының тарихы» сияқты құнды еңбектер жазған академик Ислам Қабышұлының, аспандағы аққуға әнін қосқан әнші Қабылаш Әбікейұлының, Моңғолия Ұлы Хуралының мүшесі, Мемлекеттік құрылым жөніндегі тұрақты комитетінің басшысы Бәкей Ағыпарұлының, Баян-Өлгий аймағының алғаш шаңырағын көтеріскен Бәжіұлы Қаби мен Шымшырұлы Ноғай, Ахыт Үлімжіұлының шығармаларын құрастырған ақын, өзі де от тілімен оза шапқан шайыр Кәкей Жанжүнұлының, Моңғол елінің еңбек ері, халық дәрігері, Хайрулла Жәлелұлының, Моңғолия мәдениетіне еңбек сіңірген, әрі ғалым, әрі дипломат, әрі жазушы Сұлтан Тәукейұлының есімдері қымбат.
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Алматыда оқып жүрген кезінде Кәкей Жанжүнұлымен дос та болдық. Сұраған Рахметұлы, Абай Мауқараұлы сияқты қаламгерлермен аз-кем қызметтес те болдық. Міне, осындай азаматтар екі елдің арасына алтын көпір болып келеді. Енді міне, осындай қайраткерлердің жаңа легі пайда болғанына да куәміз.
Мамандардың айтуынша Қазақстан мен Моңғолия арасында ортақ қызығушылық тудыратын бірқатар бағыттар бар екен. Атап айтқанда көліктік-логистикалық, телекоммуникациялық технологиялар, мал өнімдерін өңдеу және тау-кен өнеркәсібі салаларындағы, сондай-ақ екі елдің іскерлік қауымдастықтары мен бірлестіктері арасындағы ынтымақтастықтың болашағы зор. Бұдан өзге ақпарат жеткізу, қазақ тілі мен әдебиеті оқулықтарының мәселесі, студенттер алмасу, мәдени фестивальдар өткізу, оқырмандарды әдеби шығармалармен байыту, ортақ интернеттік порталдар ашу, радио-телевизиялық бағдарламалар алмасу күн тәртібінде тұрғаны анық.
Ұлан-Батырда, Хобда аймағында және ішкі өлкелерде тіршілік ететін қандастар балаларын ана тіліне үйрету, ұлттық салт-дәстүрлерін сақтауға бағытталған қолайлы жағдай туғызу мәселесінде үкіметтік қолдауға мұқтаж екен. Бұл мәселелер де біртіндеп шешімін табатынына сеніміміз зор.
Байланыстардың нығаюына екі елдің арасында транзиттік дәліздердің пайда болуы көп пайдасын тигізер еді. Қазақстан, Ресей және Моңғолия арасында арнайы келісімдер жасалып төтелей жол ашылса бұл үш мемлекеттің де пайдасына шешілетіні анық.
ТАРИХИ ТАМЫРЛАСТЫҚ ТӨРКІНІ
Моңғолия қазақтары бұл жаққа қалай келді? Бірқатар деректерде Алтайдың Шыңжан бетінде жайылымдық жер азайып, 1860 жылдары Керейдің Шеруші және бірнеше өзге рулары Қобда бетіне өтеді. Жаңа орнаған Боғдыхан үкіметінен қарамағына өту туралы ұсыныс жасайды. Таңбасын көрсетіп, қолын қойып, жазған өтініштеріне байланысты рұқсат беріледі. Кейін 1921 жылы Моңғол елі толық дербестігін орнатқан соң қазақ халқы Қобда бетінде өзінің құтты қонысында өмір сүріп қалған.
1924 жылы жазда Коминтерн атқару комитетінің ұйғарымымен Тұрар Рысқұлов Моңғолиядағы өкілетті өкілі болып тағайындалған тұста ол Моңғол Халық Республикасының дербес мемлекет ретінде қалыптасуына зор үлес қосты. Ол Моңғолия Конституциясының жобасын әзірлеуге атсалысты. Моңғолия астанасының атын Улан Батыр (Қызылбатыр) деп қою туралы ұсыныс жасағаны туралы деректер бар.
Қазақтар сол кезден бері мемлекетті қалыптастыруға қатысты түрлі жиындарға белсене қатысып отырған. Парламенттік жиындар төрінен көрінетін болған. Айталық, Мұқан Жылбайұлы деген азамат аз ұлттарға қатысты Кеңестің орынбасары болды. Тіпті 1932 жылы Моңғолияның Мәскеудегі елшісі болып сайланып, қызмет атқарғаны да бар. Иә, Моңғол елінің басшысы Х. Чойбалсан мырзаның қазақтарға деген оңды көзқарасы қалыптасып, қазақ аймағын орнатып берсе де, Қытайдағы Гоминданға қарсы соғыста қазақтарды пайдаланған. Бай-Өлкенің алғашқы басшысы Б. Қаби бастаған партизандардың ерліктерін бүгінгі жас ұрпақ онша біле бермейді. Қабиден кейін Жеңісхан Дүзелбайұлы Баян-Өлгий аймағын басқарды. Сол бір қысталаң кезеңде, 1939 жылы Жеңісхан Қобда аймағына келген Моңғолия елінің басшысы, маршал Чойбалсонды ертіп, Баян-Өлгей аймағындағы халықпен жүздестіреді. Жергілікті қазақтардың арман-мұңын естіртеді. Соның арқасында келер, 1940 жылы Баян-Өлгей аймағы құрылады.
Жеңісхан Дүзелбайұлы аймақ басшысы қызметін атқарған жылдарда Баян-Өлгей аймағына халықты орнықтырып алғашқы қалашық негізін қалады. Өнер клубын ашты. Қазақ тілінде «Өркендеу» деген тұңғыш газетті шығаруды қолға алды. Одан кейін Бай-Өлкенің тізгінін Құрманхан Мұқамәдиұлы қолына алды. Ол да көп еңбек сіңірген. Баян-Өлгейдің Музыка драма театрына М. Құрманхан есімі беріліп, саяси және қоғамдық қайраткерлігі туралы еске алынып жатыр. Біздің кіші Құрылтай аясында оның туғанының 100 жылдығы құрметіне орнатылған ескерткіштің ашылу салтанатына қатысқанымызды жоғарыда айттық.
Моңғолия қазақтарының арасынан шығып, жоғары билікке жеткен министрлер Мұқан Жылыбай, Ром Жуанған деген қайраткерлер болған. 1959-70 жылдары Баян-Өлгейді басқарған Ром Жуанғанұлы да мықты ұлтшыл, халықшыл басшы болды. Бұл кісінің заманында өнер мен спорт, мәдениет пен руханият жанданды. Жаңа ғимараттар тұрғызылды. Моңғолия қазақтарының негізгі ақпарат көзі болған Қазақ радиосының ғимарат құрылысы да сол кезде салынды. 300 метрлік антенна құрылысын Чехословакия елінің көмегімен салды.
Абзал Сапарбекұлы, Ғалиасқар Сарыбаев үшеуміз арасында уақыт тауып Оспан деген азамат басқаратын сол Қазақ радиосында болып сұқбат беріп қайттық.
НАЗАР НЕГЕ КЕМ?
Моңғолия қазақтарының кіші Құрылтайы жергілікті қазақтар үшін елеулі оқиға болғанымен екі елдің арасындағы байланыстарды тереңдетуге шешуші әсер ететіндей дәрежеге жете қойған жоқ. Иә, Қазақстан мен Моңғолия елдерінің үкіметтері тарапынан талпыныстар бар. Сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени салалар бойынша ынтымақтастық жөніндегі Қазақ-моңғол үкіметаралық комиссиясының әлденеше отырыстары өтіп жатқаны қуантады. Алайда мұның бәрі жеткіліксіз.
Өкінішке қарай соңғы екі-үш жыл көлемінде пандемия салдарынан Қазақстан мен Моңғолия арасындағы сауда-экономикалық байланыстар баяулап қалды. Көлемі төмендеді. Екі елдің арасындағы тауар айналымы соңғы жылдарда 60 млн АҚШ долларын әзер құрап отыр. Бұл мақтан ететін көрсеткіш емес. Енді оны қарқынды дамытатын кез келді. Бұл саладағы ішкі мүмкіндіктер толықтай пайдаланылмай жатыр.
Бұл орайда мамандар екі жақты сауда саласында орын алатын тарифтік және тарифтік емес кедергілерді азайтқан жөн деп есептейді. Оның бір жолы – Моңғолия мен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға арналған жол картасын түзу дер едік. Бұл құжатқа сәйкес екіжақты жұмыс тобын құруға, тауар түрлерін арттыруға, қосымша құн салығы енгізілген өнімдерді ұлғайтуға, халал технологиямен ет әзірлейтін бірлескен өндіріс ашуға, сондай-ақ тері, жүн мен кашемир өнімдерін экспорттауға жол ашылар еді.
Картадан қарап отырсақ, Қазақстан мен Моңғолия арасы 57 шақырым ғана екен. Алайда ол Ресей аумағы арқылы өтеді. Шіркін, Қазақстан, Ресей және Моңғолия арасында арнайы келісімдер жасалып төтелей жол ашылса бұл үш мемлекеттің де пайдасына шешілер еді. Сондай-ақ бес-алты жылдан бері Баян-Өлгийде Қазақстан консулдығын ашу да сөз болып келеді. Әйтеуір, неге екенін кім білсін, осы мәселе жылжымай-ақ қойды.
Алдағы уақытта Қазақстан мен Моңғолияда екі елдің өндірушілерінің қатысуымен экономикалық форумдар, тауарлардың көрме-жәрмеңкелері ұйымдастырылса құба құп болмақ. Бұл өзара қарым-қатынасты нығайта түсуге септесетіні анық. Бұған ынта-ықылас пен күш-жігер ғана қажет.
Менің байқауымда екі елдің арасында өзара туризмді дамытудың мүмкіндіктері көп. Осыдан екі жылдай бұрын жоғары деңгейде екі елдің аумағын қамтитын «Шыңғысханның ізімен» туристік бағдарламалар әзірлеу жөнінде ұсыныстар жасалған болатын. Бірақ біз әлі нақты жұмыстарды көре алмай келеміз. Алдағы уақытта көптеген жобалар қолға алынуға тиіс. Бұл үшін өзектілігін ескере отырып Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Монғолияға, Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсухтың Қазақстанға сапары ұйымдастырылса құба-құп болар еді.
Марат ТОҚАШБАЕВ,
жазушы-публицист,
Қазақстан Педагогикалық
Ғылым Академиясының
академигі, профессор
Comentarios