top of page
Patriot Tulga

Қыран қанатты қаһарман


Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры,

ұшқыш Талғат Бигельдиновтың туғанына 101 жыл!



Приозерск гарнизонындағы 44841 әскери бөлімінде Ұлы Отан соғысына (1941-1945 ж.ж.) қатысқан, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Жақыпбекұлы Бигельдиновтың туғанына 101 жыл толуына орай, ерлік сабағы ұйымдастырылып өткізілді. «Қазақтың текті қыраны» тақырыбындағы ерлік сабағына осы әскери ортадағы Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаздар тартылды. Аталған іс-шараға Приозерск гарнизонындағы Қарулы Күштер ардагерлері ұжымының төрағасы Тілек Алшымбекұлы Кенжебеков пен тәжік-ауған шекарасындағы қарулы қақтығыстарға қатысқан ардагер жауынгер Нұрзат Қуанышұлы Есмаханбетов арнайы шақырылған болатын.

Ерлік сабағын 44841 әскери бөлімі командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасары-бөлім бастығы подполковник Нұрбақыт Нұрғалиев ашып берді. Лауазымды әскери шенді Нұрбақыт Наурызбайұлы жеке құрамға қазақтан шыққан қаһарман ұшқыш Талғат Бигельдиновтың өмірі мен ерлік жолын баяндап берді. Келесі кезекте мінберге көтерілген Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагері Т.А. Кенжебеков сарбаздар алдында сұрапыл соғыс жылдарындағы Талғат есімді қазақ халқының ержүрек ұшқышының талай рет гитлерлік неміс басқыншыларына әуеден қауіп төндіріп, олардың зәре-құтын қашырғанын қарапайым түрде тілге тиек етіп, әңгімелеп берді. Сондай-ақ қаһарман ұшқыш Т.Ж. Бигельдиновтың екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағына қандай ерлік жолымен қол жеткізгенін ашып айтып, жеткізе білді.

Төрден орын алған тәжік-ауған қарулы қақтығысына қатысқан жауынгер Нұрзат Есмаханбетов ардагер аға ретінде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаздарға Ұлы Отан соғысына қатысқан қазақстандық жауынгерлердің арасында екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, ұшқыш Талғат Бигельдиновтың шоқтығы биік тұратынын атап өтіп, оның ерекше бір есте қаларлық тарихи ерлігін орнынан тұрып баяндап берді. Ардагер жауынгер Нұрзат Қуанышұлы бір сәт ойға шомып тұрып: «Ел басына қауіп төнген шақта Талғат Бигельдинов әлемдік авиация тарихында ең алғаш рет шабуылдаушы ұшақпен фашистік истребительді атып түсірген ержүрек батыр ұшқыш. Фашистік неміс басқыншыларының басшысы Адольф Гитлердің қолынан «Темір крест» атағын алып, Еуразия құрлығының Еуропа аспанында 108 рет ұшақты құлатып атой салған неміс ұшқышы, капитан фон Дитрих мінген «Мессершмитт» истребителі еш кедергісіз Талғат Бигельдиновтың құрығына ілінеді. Сондықтан да, ерліктің ерен үлгісін көрсете білген, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, авиация генерал-майоры Талғат Жақыпбекұлы Бигельдиновтың есімін әрдайым мақтанышпен атап, ұмытпай есте сақтағанымыз абзал....» - деп, тарихи шындықтың бетін ашты.

Тағлымы мол ерлік сабағы барысында жеке құрам арасынан қатардағы жауынгерлер Нұрдәулет Олжабайұлы, Валдис Поздняков, Иманжүсіп Қалдыбай, Бағдат Тұрар және Вильгельм Бронш ұшқыш Талғат Бигельдиновтың өмірі мен ерлік жолына асқан қызығушылық танытып, өздерінің көкейіндегі ойларын емін-еркін жеткізе алды.

Аса жоғары ұйымшылдықпен өткен ерлік сабағынан кейін сарбаздар арнайы шақырылған ардагер ағалар Т.А. Кенжебеков пен Н.Қ. Есмаханбетовке ортадан орын беріп, естелік фотосуретке түсті.

Приозерск гарнизонының баспасөз хатшысы

лейтенант Думан Жұмашұлы




59 просмотров0 комментариев

Недавние посты

Смотреть все

Comments


bottom of page