Қаңлы Сарбұқа батыр-ХҮІІ ғасырдың басы мен ортасында шапырашты Қарасай, арғын Ағынтай, найман Көксерек, Төртқара Жиембет, суан Елтінді сияқты батырлармен тізе қосып қалмаққа қарсы қазақ жерінде бірге соғысқан әйгілі қаһармандардың бірі. Қаңлы Сарбұқа 1602 жылы дүниеге келген. Ес жиып, етек жапқаннан кейінгі өмірі ат үстінде өткен. Ол қалмақтарға қарсы ұзын-ырғасы 70-ке тарта ұрысқа қатысқан. Оның ішінде азды-көпті деректері сақталғаны Есім ханның 1627 жылы Хазар теңізінің батыс жағалауында қалмақтарға жасаған жорығы мен 1643 жылы Орбұлақта Салқам Жәңгірдің 600 адамдық қолымен ойраттың Батыр қоңтайшы бастаған 50 мың адамдық қолына қарсы жанкешті шайқасы кезінде көрсеткен қаһармандықтары. Есім ханның жорығында Қаңлы Сарбұқа бес мың адамдық қолды басқарған.
Қалмақтардың қазаққа жалпы тұрақты шабуыл жасай бастағаны 1521 жылдан басталады. ХҮІ ғасырдың ортасында қалмақтардың шағын бір бөлегі Еділдің арғы бетіне өтіп кетеді. Олардың артынан жер іздеген, жайылым іздеген ойраттардың, торғауыттардың, дүрбіттердің Хо-Өрлік хан бастаған бір бөлегі ХҮІІ ғасырдың басында Еділдің оң сағасына қоныс аударады. Кейін оларды Аюке хан билейді. Бүгінгі Ресейдің құрмындағы Қалмақ автономиясы солардан қалған жұрнақ.
Ойрат елшілерінің сол кезде Еділдің орта ағысын мекендейтін орыстар туралы өз ханы Хо-Өрлікке жазған мына бір баяны назар аударарлық: «Ол жақта — ұстайтын малы шошқа, үйлері топырақтан салынған, қатындары жалаңбұт жүретін, ұзақ жолдан шаршамайтын, өтірік айтудан ұялмайтын бір халық тұрады. Өтірік айтудан ұялмайтыны олардың көздері көк, ұзақ жолдан шаршамайтыны арба мінеді» (Е.И.Кычанов. «Повествование об ойратском Галдане Бошокту-хане» Новосибирск, 1980 ж, 18 бет) делінген.
Сол тұста-ақ қайта-қайта шауып маза бермеген ойраттарға қазақтар Тәуекелдің мұрагері Есім 1598 жылы Қазақ хандығының тағына отырған соң ұйымдасқан түрде тойтарыс беріп жүрді. Сондай айқастардың бірі — 1627 жылы Хазар (қазіргі Каспий теңізі —М.Т.) теңізінің бойындағы қазақ пен қалмақ соғысы. 83 күнге созылған бұл шайқаста қазақтар қалмақтарды жамсатып салды. Мұның алдында 1622 жылы Тобыл өзені бойында қалмақтармен үлкен соғыс болған. Сонда жап-жас Сарбұқа жекпе-жекке өзі сұранып шығып, қалмақтың Ахай-доржы батырын найзасын бір сілтегеннен ат сауырына түсірген. Оның қайраты мен найзагерлік даңқы сол кезден шыққан екен. Бұл шайқасқа бөрілі байрақ көтеріп Алтынайұлы Қарасай да қатысқан. Қарасай мен Сарбұқаның таныстығы, ұзақ жылдарға созылған достығы сол кезде басталса керек.
1627 жылы Тобылдан ығысқан қалмақтар Кіші жүз қазақтарына қысым жасай бастайды. Еділ өзенінің Хазарға құяр жерінде алшындардың көптеген ауылдарын қырып кетеді. Сарысу маңындағы ауылдарда тіпті үрерге ит қалдырмайды. Еңсегей бойлы ер Есім Түркістанда Күлтөбе деген жерде кеңес құрып, қол жасақтайды. Өзі қатты құрметтеп, сенетін Қарасай батырды, арғын Ағынтай батырды, найман Көксерек батырды, қаңлы Сарбұқа батырды шақыртып, әрқайсысында бес мың адамнан сарбазы бар 20 мың қолды Жайыққа аттандырады. Оларға Кіші жүз төртқара Жиембет батыр да бес мыңдай қолымен Електен келіп қосылады. Қазақтардың бұл үлкен қосынын басқару жер жағдайын жақсы білетіндіктен Жиембет батырға ұйғарылады.
«Жиембет пен Сарбұқа
Ежелден екеу досты еді.
Қалмақтарды жамсатып
Көңілдері қошты еді» дейтін ауызекі жыр үзігі сол кезде туса керек.
«Хазар теңізінің батыс жағалауында, елсіз, масалы, қамысты өлкеде 83 күн соғыс болды. Осы соғыста жекпе-жекте сегіз адамды өлтірген соң, тоғызыншы адаммен түскенде аты жығылып, Алатау батыр дүние салады. Ұрыстың тура бір жарым айы жекпе-жекпен өтеді. Жекпе-жекке шыққан Ағынтай батыр майдан алаңында жеті күн, Сарбұқа бес күн, Көксерек алты күн, Қарасай батыр тоғыз күн тұрады» (Қазбек бек Тауасарұлы. «Түп-тұқияннан өзіме шейін».Алматы «Жалын», 198 бет). Сарбұқа батыр осы шайқаста жекпе-жекте қалмақтың Дамба-доржы, Гуши-ноян сияқты бетке ұстар батырларын найза ұшына түйреді. Содан бес күннен соң Сарбұқаға қарсы қалмақтан ешкім шықпай қойды.
«Осы ұрыстың аяғы жаппай кескілеске айналып, ақыры қалмақтар орыс жеріне қарай қашты. Қаңлы Сарбұқа батыр кескілесте бір құлағынан айырылып, Түркістанға шұнақ болып қайтты. Түркістанға келген соң Есім хан:
— Ей, Сарбұқа, құлағың қайда?— деп сұрапты. Сонда Сарбұқа:
— Құлақты Жайықты жұтпақ болған жайынға бердім!— депті. Сонда сол жерде отырған дулат Әлібек би іліп алғандай:
— Басқа келген пәледен бастан құлақ садаға!,—депті. Бұл сөз кейін мақалға айналып кетті» (Бұл да сонда. 198-199 бб).
Қаңлы Сарбұқаның айтарлықтай тағы бір үлкен ерлік көрсеткен жері Орбұлақ соғысы. Бұл шайқас 1643 жылы жазға салым өтеді. Бұл кезде Есім хан науқасқа ұшырап, билік әлі хан болып сайлана қоймаса да Жәңгірдің қолына көше бастаған кез.
Дәл осы кезде жоңғарлар өз ішіндегі алауыздықтарын жойып біріге бастаған еді. Чорос тайпасының көсемі Хара-Хуланың ұлы Батыр үнемі бақталасып жүретін хошоут тайпасын өзіне бағындырып 1635 жылы бүкіл жоңғар елінің ханына айналды. Қас қылғандай дәл сол жылы Салқам Жәңгір абайсызда қалмақтарға тұтқынға түсіп кеткен болатын. Есім хан келесі жылы қалмақ тілін жақсы білетін бірнеше батырларын жасырын жіберіп, аяқ-қолы шынжырлаулы Жәңгірді тұтқыннан босаттырып алады. Қалмақ қолында көрген зәбірін ол ешқашан ұмытқан емес. Бұл оның ата жауына деген кегін тек ұлғайта түсті.
Бұрын Есім хан қолында жүзбасы, мыңбасы, түменбасы болып оған адал қызмет еткен, қаңлы мен шанышқылының қолына басшылық жасаған Қаңлы Сарбұқа батыр енді Есім ханның мұрагері, Салқам Жәңгір әскерінің құрамында қалың қазақтың намысын жыртты. Есім ханның көптеген жорықтарының ішінде Сарбұқаның қатыспаған бір ғана жорығы бар. Ол Есімнің Тәшкенге жорығы.
Есім хан батыстағы қалмаққа қарсы соғысқа аттанып бара жатып Түркістандағы ел-жұртты басқаруды уақытша Тәшкеннің билеушісі Тұрсынға тапсырған. Алайда ол опасыздық жасап, бүкіл елді шауып зар қақсатады. Үй ішінен үй тіккендей болып Тұрсын өзін өзі хан жариялайды. Сарбұқаның бармауы — Тұрсынның билігіндегі жұрт негізінен қатаған мен қаңлылар болатын. Жорықтың аты жорық. Кінәлі хан болса да, жазатайым басқа жұрт та найза ұшына ілігуі кәдік. Ол сірә, нақақтан нақақ өз туыстарының қанын төккісі келмесе керек. Сол жорықта Есім хан «Уа, Тұрсын, сені ант ұрсын!» деп оның басын алды. Ал Тәшкен біржолата қазақ хандығына қарады.
Соның алдында Есім хан айтыпты дейтін бір сөз бар:
— Ей, Сарбұқа, Тәшкенге жорыққа бармай-ақ қойсам депсің. Қаңлы, қатағанға жаның ашыған екен. Білесің, Тұрсын да маған алыс емес. Ол опасыздық жасаған соң амалым жоқ. Күйіп барамын! Қазақта Шыңғыс тұқымы билегенге дейін «Кәделі жерде қаңлы бар, қаңлысыз хан сайланбайды, қарадан хан сайланса қаңлыдан сайланады» деген сөз болыпты. Бес мыңдық, он мыңдық қолды басқарып жүрсің. Тәшкенді билеуге сені жіберсем қайтеді?!
Сонда Қаңлы Сарбұқа батыр:
—Алдияр тақсыр!
Тәшкен барсам — құлағым қайта өспейді,
Батыр атым — хан болуға көшпейді!— депті. Оның Тәшкенге хан болғаннан гөрі Есімнің жанында болып, қалмаққа қарсы күрестің ыстық-суығында бірге жүруге бейімдігі ханға бек ұнаған көрінеді. Әлбетте хан бұл сөзді сынау үшін айтқаны да күмәнсіз. Сөйтіп ол Сарбұқаның тілегін құп алып оны Түркістандағы ордада қалдырып кетеді.
Сол Қаңлы Сарбұқа батыр Орбұлақ шайқасында да, оның алдында жауды діңкелету үшін қалмақ тайшыларының ауылдарына тыным бермей қайта-қайта жасаған шабуылдарында да Салқам Жәңгірдің қасынан табылды. Мұны Жәңгірге ұсынған ер Есімнің өзі болатын. Сарбұқа тоқтамнан шықты, Жәңгірдің ең сенімді батырларының бірі ретінде басқа қаһармандармен бірге айқастың қиын да шешуші жерлерінде жүрді.
Арқадағы ұрыстарда ол бұрын киік, құлан аулауда қолданылатын «Аран» әдісін бірнеше рет қолданып көрген. Су орып кеткен тік жарлы терең өзектердің бетін байқатпайтын етіп жауып, өздері қашқан болып, алдын орау үшін қалмақтар төтелей тартқанда апыр-топыр құлап сол ордағы аранға (істіктерге) шаншылатын. Салқам Жәңгір Батыр қоңтайшымен ұрысқа Қызылқияны таңдаған кезде Қаңлы Сарбұқа батыр баяғы «Аран» әдісін еске алған. Жер жағдайына қарай паналау үшін сондай орды өздері қазып алса қайтеді?! Жауға атылатын «істік» өздері. Осы ойларын екі аша істікке шаншып жаужүрек жеп отырғанда айналасындағы сен тұр мен атайын батырлармен бөліскені бар. Кім айтқаны беймәлім, осы ұсыныс сол күні кешке Жәңгірдің құлағына жетіп, ертесіне бұлар оқпана қазуға кіріскен.
Салқам Жәңгір осы Орбұлақ шайқасында шапырашты Қарасай батырмен шегінген жауға тұтқиылдан соққы беруді ұйымдастырған кезде Қаңлы Сарбұқа батыр суан Елтінді батырмен бірге оқпанадағы жасаққа басшылық етеді. Шиті мылтықтар оқталып жатқан кезде өрепки өрмелеген жауды садақпен жамсатады. Оның найзагерлігі мен мергендігі сарбаздар арасында бұрыннан аңыз етіп айтылатын. Олар оқпанадағы сарбаздардың мылтықтарын белгі бойынша бір мезгілде атуы арқылы тау жаңғырықтырған гүрсілмен де қалмақтардың есін шығарып, құтын қашырды. Ол ең қиын тұстардан табылатын. Оқ тиіп аты құлаған бір қалмақ өрмелеп келіп оқпанаға секіргенде оны шашақты найзасының ұшына тік көтерген де Сарбұқа болатын. Егер сол жерде шеп сетінесе ар жағы не боларын кім біледі? Оқпана ернеуіне сүйеп қойылған найза ұшындағы тырбаңдаған қалмақ алыстан-ақ өз қандастарының қаһарын қайтарып, зәресін ұшырды. Алшын Жалаңтөс баһадүр жиырма мың қолымен көмекке келгенше оқпанадағы үш жүз жасақ бірде бір қалмақты ілгері бастырмады. «Сарбұқа мен Қожақ Жетісудағы қаңлылардың басшысы болып Жәңгір жасағында» («Қаңлы». «Алаш» ғылыми зерттеу орталығы. Алматы, 2008 ж. 405 бет) болғаны, ерен ерліктер көрсеткені тарихи ақиқат.
Салқам Жәңгір шапырашты Қарасай батыр, арғын Ағынтай батырмен бірге аз қолымен аңтарылған жауға өзен астынан шығып бүйірден тиісті. Оқыстан тиген соққы қашан да ауыр ғой. Батыр қоңтайшы осы ұрыста он мыңнан астам адамынан айырылды. Жалаңтөс баһадүрдің көп қолмен келгенін білген соң соң енді беттемей қалмақ қоңтайшысы кері шегінгенді жөн көрді. Бұл 1643 жылы болған оқиға еді.
Жалпы Орбұлақ шайқасының өткеніне, онда Салқам Жәңгір жасағының жеңіске жеткеніне сенімсіздік білдіретіндер бар. Мәселен, шығыстың көрнекті зерттеушісі Н.Я.Бичурин Салқам Жәңгірдің 600 адаммен Батыр қоңтайшының 50 мың әскерін жеңгеніне күмәнданып, мұны «ертегі, өтірік» деп бағалайды. Алайда оның растығы сол кезде қағазға түскен деректермен расталады. 1644 жылы Тобыл қаласына келген орыс елшісі, казак Г.Ильин оқиғаның қалай болғанын воевода Куракинге былай деп баяндап берген:
«Контайша ходил на Янгира-царевича и на Ялантуша войною, и взял де он, контайша, две землицы алатай-киргизцев, да токмаков тысяч за з 10. И после де того учинилась весть Янгиру-царевичу. И Янгир де к контайше пошел навстречу с войском, а войска де было с Янгиром 600 человек. И Янгир поколов шанцы (біздіңше оқпана, орысша қазіргі окоп сөзіне келеді—М.Т.) меж камнем, и в те шанцы посадил 300 человек с вогненным боем, а сам тремя стами став в прикрытие за камнем. И кон де тайша с войнскими людьми приступил к шанцам и с шанцов де контайши побили многих людей. Из другую де сторону на нево ж, контайшу приходил с войнскими людьми сам Янгир и побил де у контайши на тех двух боях людей тысяч з 10. И в ту пору на тот бой Янгиру-царевичу пришли на помощь. Ялантуш, и с ним пришло войнских людей тысяч з 20. И кон де тайша, увидя тех войнских людей пошел назад». Сұрапыл соғыстан дерек беретін құжат солай деп сыр шертеді. Бұл Салқам Жәңгір мен Батыр қоңтайшының соғысына өзі тікелей қатысқан ойраттың хошоут тайпасының тайшысы Абылайдың Тобылға келген елшісі Бахтыйдың айтқандарымен қосымша тағы да дәлелденеді (Қ.Салғараұлы. Қазақтар. Алматы, «Өнер» баспасы, 289 бет). М.Тынышбаевтың «ХҮП және ХҮШ ғасырлардағы қырғыз-қайсақтар» деген еңбегінде бұл ұрыста қазақтар атыс қаруларын пайдаланғандығы айтылған.
Бұл шайқас туралы деректер мектепке арналған оқулықтарда да бар. «Жәңгір ханның 1643 жылы 600 жанкешті сарбаздарымен жоңғардың 50 мың әскеріне қарсы тұрып, жеңіске жетуі жалпы соғыс тарихында сирек кездесетін оқиға екендігін айта кеткен жөн» (Д.Бабаев. Қазақстан тарихы. 8 класқа арналған оқулық. 69 бет) делінген онда.
Қаңлы Сарбұқа батыр кейбір деректерде 1660 жылдары жасы алпысқа таяған шақта қалмақтармен кезекті ұрыстардың бірінде жекпе-жекте жау қолынан мерт болды делінеді. Оның ұрпақтары бүгінде Сарыағаш, Келес өңірінде тұрады. Қазақ елінің тәуелсіздігі мен бостандығы жолында қан төккен осындай қаһармандардың есімі ұмытылмауға тиіс.
Comments