Оразақ Смағұлов,
ҰҒА академигі,
Болония ғылым Академиясының
мүше корреспонденті (Италия),
тарих ғылымдарының докторы, профессор
– Оразақ аға, сіз қазақ халқының тектілігі жайында зерттеп жүрсіз. Қазақ халқының бір тектілігі, феномені, мысалы, сіз айтып жүрген анау Алтай мен Маңғыстау қазақтарының қан жүйелері, тіс морфологиясы, басқа да антропологиялық ерекшеліктері өте аз. Осы күрделі тақырыпқа қалай келдіңіз? «Қырық сідік», «қырық құрақ» дегенге бірінші соққы бердіңіз? Осыны түсіндіріңізші?
– Әңгімені қазақ халқының этнотегі мен оның антропологиялық бірегейлігі туралы түсініктен бастайын. Жалпы түсінік бойынша, антропология пәні екі мағынада пайдаланылады. Негізінде адамның физикалық құрылымын, яғни биологиялық ерекшеліктерін зерттейтін ғылым саласы. Бұл саланы физикалық антропология, я болмаса, адам биологиясы деп атайды.
Ал адам қауымының мәдениетін, өркениетін, археологиясын, тарихын, салт-саналарын, тағы басқа бағыттарды зерттеуді мәдени антропология дейді. Сіздің тақырыбыңыз, іздесеңіз, мәдени антропологияға жатады.
Физикалық антропология саласында адамның морфологиялық, физиологиялық, генетикалық ерекшеліктерін зерттеулер арқылы оларға нақтылы аңықтамалар береді. Бұл жерде бос сөз жүрмейді, тек артефактілерге сүйенеді.
Көне заман адамдары тайпа, халық болып қалыптасу үшін алдымен белгілі бір табиғи ортаға бейімділік жасайды, ол жерге иелік жасап, тұрмыс тіршілігінің әр алуан түрін нақтылайды, өзара қауымдық қарым-қатынастарда болады. Бұл жайда некелесу жолы арқылы көбейіп, ұрпақтар жалғастығын жасайды. Сонымен қатар көрші тайпалармен әртүрлі қарым-қатынаста болады.
Адам баласының өмір тіршілігі өте күрделі. Бәрімізге мәлім адамдар ыстық, суық, қоңыржай, құрлықта, шөлейтте, теңіз аралдарында, тағы басқа табиғи орталарда өмір сүруге бейімделген. Сосын сол адамдардың дене құрылымы сол табиғи ортаға бейімділік жасайды, өзінше ерекшеленеді. Яғни, нәсілтектік құбылысқа айналады. Бұл құбылыстарға өте көп уақыт керек. Бұл мыңдаған жылдарды қамтитын геологиялық уақыт.
Ал адам қоғамындағы мәдени құбылыстар тек тарихи мерзім ішінде өзгеріп тұрады. Сондықтан, табиғи мен қоғамдағы бұл екі мерзімдегі заңдылықтарды білу керек.
Ал физикалық антропология саласында бүгінгі халықты негізінде кешенді түрде зерттеу керек. Өйткені бүгінгі халықтың биологиялық құрылымы өткендегі ата-бабаларының даму сатысының қазіргі нәтижелері. Сондықтан бүгінгі халықтың морфофизиологиялық құрылымын нақты білмей, оның өткендегі ата-бабаларының кім болғанын және бүгінгі халықта олардың қандай нәсілтектік ерекшеліктері қалғанын анықтау өте қиын. Әйтпесе, «көне заман адамдарының дене құрылысынан не іздеуге болады және онда не жоғалттық?» – деген сауалдар туады. Осы талаптарға байланысты, бүгінгі қазақ халқын кешенді зерттеуге біздер жарты ғасыр уақыт жібердік.
– Жарты ғасыр ғылым үшін көп уақыт емес қой! Зерттеу нысанына нені алдыңыздар?
– Бұл зерттеулер бағдарламасына кешенді ізденіс ретінде қазақтардың тарихи өсіп-өнген, яғни, отанында туып-өскендер ғана зерттелді. Ол қазақтардың 12-60 жас аралығындағы екі жыныс бойынша соматологиясы (дене құрылысын), тіс морфологиясы, қан жүйелері (АВ0, MNS, Rh0, (D)) және дәм сезімдері (РТС), алақан тері бедерлері, бас сүйектері зерттелді. Аталмыш бағдарламалар бір мезгілде және бір ауылдық жерде зерттелді. Бұл зерттеулердің ерекшелігі мен құндылығы, оның кешенді түрде іске асырылғаны. Өйткені, бұрын-соңды қазақтар арасында мұндай бағдарламалар бойынша ешкім ізденістер жүргізген емес. Бұл ғылыми зерттеулердің біразы арнайы кітап болып шықты. Сонымен қатар, оннан артық Халықаралық антропологтар конгрестерінде арнайы баяндамалар жасалды (Ресей, Жапония, Қытай, Үндістан, Түркия, Италия, Германия, АҚШ). Халықаралық деңгейде қазақ халқының және оның ата-бабаларымен қырық ғасырлық ұрпақтар жалғастықтары барлығы белгілі болды. Тек бұл жайды туған еліміздің оқырмандары мен ғалымдары түсінбей келеді. Уақыт өте келе түсінер деген үміттеміз.
Ал, бүгінгі кешенді зерттелген материалдарға қарағанда, қазақ халқын аймақтарға және жүздерге жүйелеуге болмайтындығы айғақ болып отыр. Сондықтан ат төбеліндей қазақтарды бөлшектеуден гөрі, оның бір тұтастығы әлдеқайда басым болып келетінін енді ешкім жоққа шығара алмайды. Бұл жайт, біріншіден, кешенді зерртеулер арқылы дәлелін тапты деп айта аламыз. Екіншіден, бүгінгі қазақ халқының дене құрлысында бұдан қырық ғасыр бұрын Қазақстан жерінде мекендеген ата-бабаларымыздың 1/3 үлесі сақталып қалған: дене құрылысында, тіс морфологиясында, қан жүйелерінде, қол таңбаларында, дәм сезімінде, бас сүйек морфологиясында. Олай болса, бүгінгі егеменді Қазақстанда бірден-бір көне халық болып саналатын тек қазақ ұлты ғана болмақ. Халқымыздың және ата-бабаларымыздың барлық өмір тіршілігі тек оның өз жері мен елінде ғана өрбіп-өскен.
– «Моңғолдық таңба» туралы және қазақтың басқа туысқан халықтармен туыстығымыз, ұқсастығымыз жайында айтсаңыз?
– Жаңа туған қазақ баласының құйымшақ үстіндегі көк таңбасы, ол барлық Азия тектес халықтарда бар. Көк таңба тек еуропалық балаларда жоқ. Қазақтарда көк таңбаның болу себептері, әлемдегі халықтарды антропологиялық жүйелегенде қазақтар еуропеоид пен монголоид расалар* ортасынан метистік популяция ретінде орын алады. Және қазақтарда жалпы моңғолоид элементтері басым болып келеді, яғни, оның үлесі жетпіс пайызды құрайды, ал отыз пайыз қазақ халқының бұдан төрт мың жыл бұрын өмір сүрген ата-бабаларының үлесіне жатады.
Раса дегеніміз не?
«Раса» араб сөзі – бас, басты, шығу тегі деген мағыналарды білдіреді. Барлық әлем тілінде раса деп арабша айтылады. Тек қазақ тілінде нәсіл деп жаңсақ аударылған.
Жоғарыдағыдай араласу, метистік процесс Қазақстан жерінде бұдан бұрын, яғни, жыл санауымызға дейінгі V ғасырдан басталған. Содан бастап бұл процесс жыл санауымыздың XV ғасырына дейін жалғасқан, демек, екі мың жыл уақыт ішінде болған антропологиялық құбылыс болып саналады.
– Қазақ халқының біртектілігі қай заманнан, қай ғасырдан басталады? Қазақ халқының қалыптасуының неше жылдық тарихы бар деп ойлайсыз?
– Қазақ халқының антропологиялық бейнесі XIV-ХV ғасырларда қалыптасқан және оның қалыптасуына өз жері мен елінде төрт мың жыл уақыт кеткен. Бүгінгі қазақ халқының антропологиялық қалыптасуының жоғарыда айтқанымдай, қырық ғасырлық тарихы бар.
– Біздің елімізде кенжелеп дамыған ғылымдардың бірі – антропология. Сіз осы саланың негізін қалаған ғалым ретінде қазақтың тегі жөнінен және жаратылысы тұрғысынан қай нәсілге жақын екендігін айтсаңыз? Қазақты моңғол тегіне жатқызып жүргендер де бар. Енді біреулер біздің түр-түсімізден еуропалық нәсілдің белгілерін табуда. Осы мәселенің шешімін сіздің айтқаныңыз жөн сияқты.
– Жалпы қазақ халқы аралас метистік топқа, яғни, метистік тұран расасы, соның ішінде қазақстандық нұсқаға жатады. Бұл раса тобына қырғыздар мен хақастар да жатады. Бұл үшеуінің арасындағы айырмашылық, ол қазақтардың бейнесінде көне еуропеоидтық үлес көбірек сақталған, ал хақастарда ол өте аз мөлшерде ұшырасады, қырғыздар болса осы екеуінің арасынан орын алады. Сонымен қазақтарды таза моңғолоид расаға жатқыза алмайсың. Әрқашан қазақтар аралас раса болып, екі үлкен расаның, яғни, еуропеоид пен моңғолоид расалар жігінде қала бермек. Осы сияқты еуропеоид пен негроид расалар жігінде эфиопиялықтар орналасқан. Ал моңғолоид пен негроидтың арасында маорилар орын алады. Сөйтіп бүкіл адам баласы биологиялық бір түр құрайды.
– Ұлан байтақ жеріміздің түпкір-түпкірін мекендеген қазақ халқы тұрып жатқан жерінің алыс-жақынына қарамастан бір-бірімен бір ғана тілде, қазақ тілінде сөйлесеміз...
– Кең байтақ жерді мекендеп жатқан қазақ халқының бейнесінде және тіл үндестігінде айтарлықтай айырмашылықтар жоқ. Бұл ғажайып құбылыс халқымыздың морфофизиологиялық бірлестігі мен тұтастығын танытады, қазақ тілінде диалекті болмай, тек говор деңгейіндегі тіл айырмашылық сақталып қалуының негізгі себебі, тілді уағыздайтын тек адам ғана екені мәлім. Олай болса, байырғы Қазақ атамекенінің жергілікті тұрғындарының краниология (бас сүйек) анықтамалары қырық ғасырлық динамикасына қарағанда әрбір мыңжылдықта да және әрбір тарихи дәуірлерде де айтарлықтай өзгерістерге ұшырамағанын айғақтайды. Былайша айтқанда, біріншіден, осыншама мерзімде жергілікті тұрғындардың бейнесі мен тіл жүйесін өзгертетін көптеген жайттар, сырттан басқыншылық жасап енген бөгде тайпалардың ықпалында болмағандығын көрсетеді. Сонымен қатар, екіншіден, жергілікті аборигендік тайпалардың аса бір көлемде туған жерін тастап, басқа өңірге ауып кетпегендігін көрсетеді. Сөйтіп, 4 мың жыл бойы жергілікті тайпалар өзіндік қалыптасқан ішкі биоәлеуметтік пен лингвистикалық жүйелер заңдылығы бойынша ұзақ уақыт тіршілік еткенін байқаймыз. Мұндай жағдай негізінде адам бейнесімен денесінде және тіл жүйесінде бір өңірде тұрақты болуына тигізетін тікелей әсері мол. Жалпы бұл ерекшеліктер қазақ халқына тән феномен болып саналады. Өйткені байырғы Қазақ атамекенінде тіршілік еткен тайпалардың көне еуропеоидтық пен көне түрік тілінің ерекшеліктерін сақтап қалған.
– Кеңес үкіметі кезінде Қазақстандағы антропология ғылымына қатаң қарағаны, арнайы тосқауылдар жасағаны, қазақтардың қан жүйесіне орай баспадан шыққан кітапты отқа жаққандары бізге мәлім. Алғашқыда бұл ғылымға жатырқай қарағандардың болғаны да рас. Қазір сол әрекеттердің барысы азайды ма? Біздің дәстүрімізге де қайшы келетін тұстары жоқ емес. Халықтың көзқарасы қалай?
– Егемендіктің арқасында Қазақстан антропологтарының еркіндікке қолы жетті. Соның арқасында Италия, АҚШ, Жапония, тағы да басқа шетелдік ғалымдармен байланыстарымыз ойдағыдай. Астана қаласында Ұлттық музейде арнайы физикалық антропология зертханасы ашылды. Дәл осындай зертхана Шымкентте Оңтүстік Қазақстан университетінің жанында ашылды. Бірақ кадр жағы ауыр болып тұр. Бұл салада негізінде биологтар мен медиктер қызмет етуге тиісті. Бүгінгі жастар бұл салаға назар аударатын жайы аз болып тұр. Жалпы антропологиялық ізденістерге елімізде арнайы жасалып жатқан тосқауылдар бар деп айта алмаймын. Дегенмен де, кейбір археологтардың қазақ халқының ата-бабаларының сүйектерін ешбір ресми рұхсатсыз Ресейге, Норвегияға, Швецияға контрабандалық жолмен алып кету жағын пайдаланып жатқандары қатты алаңдатады.
Керек десең, кейбір опасыз адамдар қазақтардың ауыз қышқыл сілекей жайындықтарын, тіпті біздің ұлттың тірі қандарын Ресейге, Америка Құрама Штаттарына шекарадан ешбір кедергісіз алып өтіп жатқандарына қайран қаласың. Мұның бәрі тегінде жақсылыққа апармайды, қазақ халқының геноқорының құпиясына жат елдің қол сұғып жатқаны келешекте халқымызды мүгедектікке, мәңгүрттікке, я болмаса құртып жіберуге апаруы мүмкін. Мұның бәрін бейқам халық түсінбейді, білмейді. Бұл алапатқа тек үкімет тарапынан ғана тиісті тосқауылдар қойылуы қажет.
– Қазақ этносының этногенезиясы мен антропологиясы туралы айтыңызшы? Қазіргі уақытта қазақ халқының этногенезі мен расогенезіне орай бұл ғылым саласында қандай ізденістер жүргізіліп жатыр?
– Отандық тарихнамада қазақ халқының шығу тегі бірінші қатарда болу керек. Бірақ бізде олай емес. Бұл туралы, яғни, халықтың этнотегін біздің тарихшыларымыз аузына да алмайды. Уәделесіп алғандай, барлығының қайталап жазатындары тек қазақтың этнонимі туралы. Одан әрі бара алмайды. Көптеген археологиялық қазбалардан алынған бұйым заттардың, жалпы, әртүрлі ескерткіштердің қазақ халқының тарихына орай мән-мағынасы туралы ештеңе айтылмайды және жазылмайды!
Бұл күнде біздің археологтардың барлығы ежелгі темір дәуірінің қорған-обаларын қазып, тек алтын іздеумен әуре, не болмаса, тек ортағасырдағы қалаларды қазады. Егеменді еліміздің барлық археологтары мен тарихшылары қазақ халқының шығу тегіне қарай аяқ баспайды және бұл күнде олардың аяқ басатын білімдері де жоқ.
Өкінішті-ақ, осыншама тарихшылар қазақ халқының этнотегіне бет бұрыс жасай алмай жүргені үлкен кінәрат. Сондықтан, бүгінгі таңда Қазақстан бойынша археологиялық қазбаларды толық тоқтату керек. Өйткені 200 жыл қазып келеді, халық тарихын аузына алмайды. Тек авариялық ескерткіштерді қазу керек. Қалған ескерткіштерді игеруді келесі ұрпақтарға қалдыру керек. Өйткені, олардың да ғылымға үлесі әрі өзіндік көзқарастары болуы үшін керек. Шетелдерде көне ескерткіштерді қазу жолы бірнеше ғасырларға бөлініп тасталған.
Ал, қазақ халқының расогенезіне келетін болсақ, онда кешенді ғылыми зерттеулер жарты ғасыр бойы жүргізілді. Олардың нәтижелері арнайы кітап болып жарияланды.
– Авторы өзіңіз ғой?
– Өзім және менің әріптестерім. («Население Казахстана от эпохи бронзы до современности». А. 1970; «Этническая геногеография Казахстана». А. 1977; «Этническая антропология Казахстана». А. 1982; «Этническая одонтология Казахстана». А. 1989; «Этническая дерматоглифика казахов». А. 1987; «Қазақ халқының антропологиялық тарихы». А. 2011, т.б.). Сөйтіп, әлем деңгейінде қазақ халқының қырық ғасырлық физикалық антропология саласында тарихы барлығы танымал болды. Қазіргі жайда физикалық антропология саласы бойынша Ұлттық музейде арнайы қазақ халқының антропологиялық экспозиция залын ашпақпыз. Онда халқымыздың төрт мың жыл бойғы өз жері мен еліндегі антропологиялық даму тарихы баян етіледі.
Лайым, қазақ халқы аман болсын, оның өмір тіршілігі мәңгілік болсын!
– Әңгімеңізге рахмет.
Қасымхан Бегманов,
ақын,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
コメント