Бүгін – қыркүйектің 8-інде қазақтың маңдайалды ғалымы, Кенжалы Айманов «Қазақтың Крупскаясы», Әбіш Кекілбаев «Өмірмен өзектес ғалым иесі, ғылым әлемінде өз «жұлдызы» бар ғалымдардың іргелісі», Шерхан Мұртаза «Намыс пен жігерден жаралған», Мұрат Әуезов «Қазақтың төл ұлттық психологиясын ағылшынша сөйлеткен Ғалым» деп атаған Айтмолданқызы Күләш Оразбекованың туған күні. Ғалымның айтулы мерекесі қарсаңында ұлттық психология жайында жазған үш томдық еңбегі туралы белгілі ғалым Мұрат Әуезовтің ой-толғамдарын оқырман назарына ұсынамыз.
Менің есімде 1960-1964 жылдар. Сол кезде Күләш Оразбекова КазПИдің бірінші курс студенті біздің үйге келіп әкемді алып кететін. Әкемнен білгенім ол Талдықорған облысының Ақсу ауданында екі жыл пионер вожатый Аудандық пионерлер үйінің директоры, комсомол секретары, жауапты қоғамдық жұмыстардың белсенді мүшесі, 2 жылдық оқуға түскенше мол тәжірибесі бар деп анасы мен әкесімен бірге КазПИдің Рабфагінде оқыған ректор Мәлік Ғабдулин филфактың культмассовый секторын басқартады. Сондықтан мені өтініп студенттерге лекция оқуға өзі келіп алып кетеді. Сәбит Мұқановты да өзі барып алып кетеді екен.
Содан қаншама жыл өтті. Алматы әкімшілігінде болған бір жиналыста Күләшті бізбен бірге марапаттады. Ол қазақтың төл ұлттық психологиясын ағылшынша аудармасымен әкімге сыйлады. Үзілісте кітапты қарап көрсем:
«Ұлттық психология» атты оқулықта осы уақытқа дейін зерттеле қоймаған Қазақтың ұлттық психологиясы анықталып, мән-мағынасы, мақсаты көрсетіліпті. Оның негізін қалаған қазақ перзенттері үш кезеңге бөлініп қарастырылған. Ең алдымен Асан қайғы, Шалкиіз, Бұқар жырау және тағы басқа да ақын-жыраулардың, ойшылардың психологиялық көзқарасы.
«Екінші кезеңді Абай атымен атадым. Орыстың ғалымы Павловтың жұмыс істеген уақытын Павловтың кезеңі дейді. Ал біз неге Абай кезеңі деп атамасқа? Абай Павлов сияқты арнайы зерттеу жүргізбесе де одан бір төбе жоғары қызмет атқарып психологиялық тұжырым жасай білді. Абайдың негізгі зерттеу объектісі (нысаны) – адам, сол адамның эстетикалық (әсемдік), этикалық (әдептік) бет пернесі, арман-мақсаты, өмірінің мәні, сезімі мен түйсігі, болмысы мен мәдениеті, ұлттық ойлау ерекшелігі ұлы ойшылды терең тебіреністерге түсірген. Олардың негізінде адам психологиясы жатыр. Аристотельді психологияның атасы, оның ұстазы Платон десе, Абайды қазақтың ұлттық төл психологиясының атасы, оның ұстазы әл-Фараби деуімізге әбден болады», – дейді Күләш.
«Үшінші кезең Абайдан кейінгі, оның шәкірттерінің терең психологиялық ой-тұжырымдары: А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Б.Майлин, У.Жансүгіров, Х.Досмұхамедов, С.Торайғыров, Шоқан, Шәкәрім т.б. Қазақ перзенттерінің ілім-ұғымдарын, психологиялық ой-тұжырымдарын әлемдік психология мектебі деңгейінде деуге әбден болады.
Бірақ ұлттық психология және қазақ перзенттері туралы адамның мінез-құлқын құрылымын зерттеген немістер, адам өмірінің көп жақтарын қарастырған Австрия ойшылдары сияқты айтылмайды. Тіпті, Аристотельден кейінгі екінші ұстаз аталған ұлы ойшыл, дана ғалым, дүниежүзінің көптеген тілдеріне (араб, еврей, неміс, латын, испан, ағылшын, француз, орыс т.б.) аударылған еңбектері бар, нағыз шын мәніндегі психолог әл-Фараби мектебі түгілі, осы данамыздың есімі де аталмайды. Ол Аристотельдің «Жан туралы» трактатын жүз қайтара, «Табиғат үйлесімділігі» дейтін еңбегін қырық рет, «Риторикасын» екі жүз қайтара оқып шыққан. Адам баласына қажетті нәрсенің бәрін бойына дарытқан. Отанына, халқына, еліне жүрегі елжіреп адал еңбек еткен ғалым. Бұл намысқа тиіп, қайратты жігерлендіріп, ұлттық сезімді тасқындатып, іс-әрекетке итермелейді. Сондықтан мен «Ұлттық психологияны» жазуды қолға алып, үш том, 500 беттен жазып, өз қаражатыма жарыққа шығардым», – дейді автор.
«Философия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА мүшесі Досмұхамед Кішібеков: «ұлттық психологияны терең зерттеу, оның құпия сырларын ашу ғалым-педагогтардың алдында тұрған басты проблемалардың бірі болып саналады», – деген. Осы орайда ұлттық психологияны оқу-тәрбие процесінде кең көлемде пайдалану үшін оқулықтар мен әдіснамалық көмекші құралдар дайындап жарыққа шығардым. Олар балабақшалар мен мектеп, жоғары оқу орындарына министр Қ.Балахметов кезінде енгізілді. 92-ші жылдарға дейін психология қазақ балаларына, жоғары оқу орнында орыс тілінде оқылды. Мен 92-ші жылы аштық жариялап, үкімет менің үш ұсынысымды қолдап қазақша оқылатын болды. (Бұл туралы «Жас Алаш», «Азия» газеттері жазды) Бірақ қазақ ғалымдарының енбектері, ата-бабаларымыздың жанды сөздері лайықты бағасына ие бола алмады. «Ауызы қисық болса да байдың баласы сөйлесінің» кебі болғандықтан, кеңестің жалпы аударма психологиясы бүгінде оқытылып, қазақтың ұлттық тәлім-тәрбиесіне, «қазақтың ұлттық» өзінің төл психологиясына әлі мән берілмей келеді.
Осы орайда 1870 жылғы халық ағарту министрі Д.А.Толстойдың сөзі еске түседі: «Конечной целью образования всех народов, живущих в пределах нашего отечества, бесспорно должно быть их обрусение...»
Бүгін тәуелсіз егеменді өз елімізде әлі құлдық кеңестің аударма оқулғынан арыла алмай отыруға кім кінәлі деп те ойлайсың. Ойлағанмен дәрмен жоқ, сол өкінішті.
Елім, жерім деп оны қанын төгіп қорғайтын, жанын пида ететін, күш-жігері мен ақыл-қайратын жұмсап, ащы терін төгетін ұлтжанды, өз туған Отанын сүйетін азаматтар қалыптаспауы, шықпауы мүмкін. Осы орайда М.Дулатовтың «Оян, қазағы», Мұхтар Әуезов данамыздың: «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген ғибаратты сөзі әркімді ойландыруы қажет-ақ. Кезінде Шерхан Мұртаза мен Аманкелді Айталы сынды азаматтар елге жанашыр пікірлерін жасырмай айтып келсе, басым көпшілігі билік төңірегінен, басқа да салалардан жылы орын тауып үндемей отыр. Қазақта халыққа қайыр жасап бас бағып, бұғып қалмай, ұлт мүддесі төңірегінде елдің басын біріктіру, табандылық таныту – шынайы зиялылықтың белгісі саналған. Мысалы, Ресей үкіметі жоғары оқу орындарын жекешелендіру туралы мәселе көтергенде, ғалым-педагогтар бірауыздан ашық қарсы шықты. Қазақстанда 11 университет жекешелендірілді. Біздің ғалымдар іштерінен қарсы болса да жұмған ауыздарын ашпады. Ал ресейліктер «приватизация вузов – это продолжение разграбления общенародной собственности, которое было допущено в промышленности», – деп өз ойларын батыл білдірді.
Ал Мырзатай Жолдасбеков: «Ресей үлкен ой үстінде. «Жаһандану және орыс мәселесі», орысша айтқанда «Глобализация. Русский вопрос» деген конференция өткізді. Жаһандану заманынан орыс қалай аман қалуы керек? Орыстың психологиясын, мәдениетін, тілін, орыс менталитетін өзгерту керек пе мына заманда? Үйлесеміз бе, әлде де үйлесе алмай қалып қоямыз ба? Тарихи көштен деген секілді. Осы мәселе бізді де ойландырады», 2 дейді зиялымыз М.Жолдасбеков («Егемен Қазақстан» 6 сәуір, 2005 ж., 3-б.). Тіпті «Русская душа» деген сабақтарды қазақтар қазақ балаларына оқытып, бізге насихаттап жатқанын баспа беттерінде мен де айтқан болатынмын. Бірақ еш жанашыр (ректор, министр) табылып, мені шақырып, не мен сияқтыларды жинап: «не істейміз?» – демейді, тек журналистер шырылдап бізді насихаттайды, ал ол шыбын шаққандай да болмайды.
Ақын Жұбан Молдағалиев ағамыз айтқандай, мың өліп, мың тірілген халықпыз. Енді тәуелсіздігімізді алғанда мәңгіге өліп кетпесек екен.
Ұлы суреткер Ғ.Мұстафин: «Біз ұлтшылдықпен күрестік, енді сендер ұлтсыздықпен күресіндер», – деп еді (Жолдасбеков М. «Егемен Қазақстан. 6 сәуір, 2005, 3б.). Ал А.Сейдімбек ағамыз: «Қазақстанның атын Қазақстан дегізіп отырған – қазақ ұлтының мұң-мүддесі-ұлттық идея мен идеологияға арқау болуға тиіс.
Жазушы Ә.Кекілбайұлы: «Қазақтар шындықты айтуды қойды, сөз бен істің арасында алшақтық пайда бола бастады. Кеңестік дәуірде біз осындай жағдайда өмір сүрдік».
А.Айталы: «Тоталитарлық жүйеде көптеген ұлттар өмір сүрді ғой. Солардың ішінде азғындаған ұлт қазақ болды. Неге басқа халық ұлттық кейпін сақтады, бізге не болды? Бұл біз үшін ойланатын үлкен мәселе. Сол рухани азғындық жалғасып келе жатыр мына жаңа заманда. Оның себебі не? Өзімізге-өзіміз енді келіп, есімізді жинайтын тұста рухсыздық билеп барады. Неге? Бұл және үздіксіз, үзіліссіз. Қазақтың тұрмысы оналмай, қасиеті жоғалып, жан-дүниесі бұзылып барады. Байырғы ынтымақтастық дәстүрі қазақта әлсіреді.
Бұл туралы профессор Бақберген Досманбетов былай дейді: «Өкінішке қарай, қазіргі жастардың бір буыны рухани құндылықтарды білмей өсіп келеді. Олар Отан, патриотизм, ар-ұят деген ұғымға күліп қарайды. Кімнің ақшасы, байлығы көп, сол адам оған идеал.
Мұхтар Әуезов «Дегенмен бөтен салттың, жат дәстүрдің ырқына бағынып, соларға біржолата жұтылып кетпей, өз халқының құндылықтарын жалпы адамзат құндылықтарымен, қазіргі заман өркениет үрдістерімен оңтайлы түрде ұштастыра-білу – ең үлкен мақсат болуға тиіс.
Ал Бердібаев «қандай ұлы ақиқатты да әр қауымның құлағына құйып, санасына сіңіріп, үздіксіз үлгі тұтып, ардақтап, насихаттап отырмаса, мәдени жалғастық баяулап, дәстүріміздің тұтастығына нұқсан келмек», – деп жазған.
Қазақтың ұлттық психологиясында адамның жан құбылыстары Кеңес одағының жалпы және аударма психологиясындағыдай жеке-жеке қарастырылмайды. Жан құбылыстарын қазақ даналары тек тіршілік иесі Адам арқылы соның бойында көрсетеді.
Адамда ойлау бар, сезу бар. Жылынады, тынығады, бір нәрсені жақсы көреді, бір нәрсені жек көреді. Міне осындайлар – жанның барлық белгісі. (М.Ж. Көпеев).
Әл-Фараби мен Қожа Ахмет Йасауи, Абай мен Мағжан, жалпы Шығыс ғұламалары бойынша, адамның дүниедегі тіршілік ету мағынасы жанның мәңгілігімен айқындалады. Әйтпесе өмір мазмұны жануарлық күнкөрістен алыс кетпек емес.
Қ. Жүкеш: «Ұлт бар жерде – ұлттық психология болады». Өйткені ұлттық психологияның дамуы әдеби тіл, мәдениет және тұрмыс деңгейімен айқындалады. Сондықтан «Әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында, өз ұлты үшін қызмет қылатын болғандықтан, тәрбиеші баланы сол ұлттың тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті», – деген М.Жұмабаев. Ал М.Дулатов: «...балқыған жас баланың ойына, қанына, сүйегіне ұлт рухын сіңіріп, ана тілін үйретіп шығару қажет».
Ж. Аймауытов мектепте лайықтап жазылған психология кітаптары әлі шыққан жоқ, іздену бар; жорамалдау бар. Сондықтан бұл кітапты жазғанда көп қиындыққа душар болдық. Әйтсе де, одан-бұдан құрастырып, шама келгенше затшылдыққа негіздеп, бұл кітапты жұртқа ұсынып отырмыз. Не дегенмен, жоқтан да бар игі. Өмірге, тіршілікке пайдасыз білімнің білім сәні жоқ. Қандай білім болса да күндегі тіршіліктің азды-көпті түзелуіне қолбағыс өтуі керек қой. Психология терең ойдың білімі, құрғақ пәлсепе, бос сөз екен деп ойламаңыздар. Бір пәлсепені керекті жеріне кіргізіп, көбінесе өмірге керекті, пайдалы сөздерді тердік, шама келгенше бас қатырарлық пән сөздерінен қаштық, ұғымсыз, жат, сөздердің орысшысын жақшаға қойып отырдық, дейді ағамыз. Ал Ыбырай Алтынсарин: «...Біздің қазақ тілінде әркім түсініп оқитын бір де бір кітап жоқ. Сол себептен ... қазақ жұртына пайда келтірмек ниетпен... түсінікті тілменен... бұл кітапты жазуға кірістім», – дейді ғұлама ұстаз. Әрі қарай... бұл кітапты бапқа немесе бөлімге бөлдік», – дегендей мен де баба ұстаз жолымен кеңестің аударма құлдық оқулығынан қазақ жұртын арылтып төл ұлттық психологиямызды, атап айтқанда «Ұлттық психология» деген еңбегімді үш том етіп жазып, жас ұрпағымызды ұлттық төл психологиямыздың білгірлері психолог – жантану шеберлері, көпті көрген, көкірек көзі қиянды шалатын, ойы орамды, көнені ғана біліп қоймай, болашақты да тап басып, байламды, бағаналы болжам жасай алатын, әрдайым халық көңілінен шыққан бабаларымыздың жанды сөз (психология) – асыл мұрасын бойына сіңіру. Осылай олардың ойлауындағы селқостықты, жігерсіздікті Мұхтар Әуезов айтқан, бөтен салттың, жат дәстүрдің ырқына бағынып, соларға біржолата жұтылып кетпей өз халқының құндылықтарын жалпы адамзат құндылықтарымен, қазіргі тәуелсіздік үрдістерімен жастардың бойына, ойына, қанына, сүйегіне ұлт рухын сіңіріп, ана тілін үйретіп Қ.Жүкеш, Абай айтқандай: «нағыз қазақтың толық жетілген ұрпағын қалыптастыру», – дейді.
Шын мәнінде, бүгінгі таңда психология ғылымның маңызы зор болып отырғаны даусыз. Өйткені ХХІ ғасыр – психология ғасыры. Бұл туралы Альберт Эйнштейн (1879-1955) швейцариялық психолог Жан Пиаже-ге (1896-1980) былай деп жазған екен: «Менің физикама қарағанда, сіздің психологияңыз әлдеқайда күрделірек сияқты, адамаралық қарым-қатынастардың өркениеті болатын ХХІ ғасыр, психология ғасыры болуы тиіс».
Оразбекова Қазақтың ұлттық психологиясының таңғаларлық үлгілерін әлемге таныту мақсатында көптеген озық елдердің конгресс, съезд, симпозиум, саммит, конференцияларында насихаттап, олардың өрден, медаль, диплом, сертификат, мақтау қағаздарымен марапатталған. Ол қазақтың ұлттық төл психологиясын ағылшынша сөйлеткен Ғалым.
Comments