top of page
Patriot Tulga

Шанышқылы Бердіқожа батыр

Қазір Ұлы Отан соғысы аталып жүрген ХҮШ ғасырдағы қазақ-қалмақ соғысы туралы сөз болғанда Шанышқылы Бердіқожа батырдың есімі жиі аталып қалады. Алайда оның өмірі, ерлік істері туралы мағлұматтар онша көп емес. Төмендегі материалда батыр туралы бірқатар деректер беріледі.


Шанышқылы Бердіқожа батыр – кезінде бүкіл ел құрметтеген, Абылай заманында қол бастаған қаһарман тұлға. Шежіре деректеріне қарағанда ол Ұлы Жүздің Шанышқылы тайпасынан шыққан. Ауызекі деректерде Шанышқылы Бердіқожа мен Қаңлы Сар­бұқа батыр Есім ханның Еділ-Жайық қалмақтарына қарсы жорығына бірге қатысқаны айтылады. Дұшпанмен ұрыстарда оның стратегиялық көзқарастары құнды кеңес ретінде бағаланған.

Қазақстан ұлттық энциклопедиясының 2-томының 286-бетінде Бердіқожа туралы былай деп жазылған: «Бердіқожа батыр (шамамен 1690-1770 ж.ж.) – жоңғарларға қарсы шайқаста қол бастаған аға батыр. Мағлұматтарға қарағанда қазақ қолбасылары Бердіқожа батырсыз хан кеңесін өткізбеген, жорыққа да шықпаған. Оны Ұлы жүзде Төле биден кейінгі үлкен саяси қайраткер, ұлы қолбасшы мәртебесінде құрметтеген. Бердіқожа батыр Аягөз, Бұланты-Білеуті және Сарысу өзені бойындағы, Іле басындағы Талқы, Ебі, Алакөл, Алтайдағы Ұланасу, Қандысу, Айдынсу, Шар, Шорға ұрыстарында, Қозымаңырақ, Қоймаңырақ, Ақшәулі, Итішпес көлдері маңындағы, Аңырақай шайқастарында Ұлы жүз жасақтарына басшылық еткен».

Бұл деректер Бердіқожа батырдың Абылай хан кезінде тек жай тактик әскербасы ғана емес, стратег, көреген қолбасшы болғандығын айғақтайды. Абылай заманына қатысты көптеген деректерді жинаған, хатқа түсірген М.Ж. Көпеевтің жазбаларында да Бердіқожаның есімі аталады. Ол: «Абылай ханның заманындағы қазақ жұртынан шыққан батырлар қаракерей Қабанбай, қанжығалы Бөгенбай, қаз дауысты Қазыбек, Шақшақұлы Жәнібек, көкжарлы көкжал Барақ... шанышқылы Бердіқожа, Сырым Малайсары... Балтакерей Тұрсынбай, Тарақты Байғозы, он сан Орта жүзге ұран болған Олжабай, Малай жәдігерден Жауғаш, Биғаш, бөрі тонды бөрте атты, бөрі бас Орманшы, ақсары Шотана, қозған Биікше мерген, қарауылшысы әлтеке Жидебай, уақ Баян. Бұл айтылған батырлардың бәрі де Ербекейше бұзау жарып батыр атанған емес, жалғыз жүріп қалмақтың қамалын бұзған батырлар...

Алтын қақпалы қорғанды бұзатұғын жолда сырым Малайсары да бар еді, шанышқылы Бердіқожа да бар еді», – дейді ол.

Шанышқылы Бердіқожа туралы батырдың ұрпағы, техника ғылымдарының докторы, профессор Бақтыбай Қасымбеков те көп ізденіп жүр. Таяу жылдарда Қарағанды облысының Қарқаралы ауданына барып, Бердіқожа батырдың тамын көріп қайтады. Профессор Қарқаралыдан 250 шақырым қашықтықтағы Темірші ауылынан 45 ша­қырым жерде Мәшекең жазған Көкшетау мен Дуана тауларының аралығындағы Дағанделі өзенінің биік жерінде Бердіқожаның ескі мазар тұрғандығын көзімен көріпті.

«Осыдан екі жарым ғасыр бұрын тұрғызылған батыр бейітінің қос қабырғасы құлап, кесектері жан-жақта шашылып жатыр. Күмбезінің жартысы ғана сақталыпты. Дегенмен, жел мен жауыннан мүжіліп, күн көзі қақтаған батыр мазары өзінің асқақтыған сақтап қалыпты. Ұзындығы сегіз метр шамасында, күмбезі доғал, төрт құлақты, биік етіп соққаны көрініп тұр. Сақталып қалған оңтүстік шығыс бұрышы иіннің бітісі оның шаршылы шикі кірпіштен өрілгенін аңғартады. Бейіттен сәл төменде таспен шегенделген құдық бар екен. Тереңдігі қырық құлаштай. Суы таза әрі суық. Кезінде бұл маңайда, іргедегі Дағанделі өзені бойында батыр бабаға қарасты ауылдар қоныс тепкен көрінеді.

Дәл осы жерде XVІІІ ғасырда Абылай хан туының астына бір қол болып бірігіп, Қазақ елін қанымен, жанымен қорғаған Бөгенбай, Қабанбай, Қарасай, Жәнібек, Барақ батырлармен тізе қосып айдаһардай Қытай мен қаһарлы жоңғар-қалмақ басқыншыларына қарсы ерлік көрсеткен Бердіқожа батырдың мүрдесі жатыр дегенге не сенеріңді, не сенбесіңді білмейсің», – дейді ол. Төңіректе бұл ма­зарды «Бармақ бейіт» деп те атайды екен.

Бердіқожа батырдың қазасы туралы Мәшһүр Жүсіптің 1993 жылы Алматыдағы “Жалын” баспасынан шыққан “Қазақ шежіресі” атты кітабында бірқатар деректер келтірілген. Дұшпан қолында қалып, өзін жау өлтірерін білген соң, жолдасына: «Жау жерінде қалдым ғой, менің сүйегімді алып кете алмассыңдар, бір бармағымды кесіп алып, маңайлас жерлеріне көміңдер де, соған там салып, “Бердіқожа тамы” атаңдар. Мені есіне алғандар дұға ғылып өтер», – депті. Содан бұл тамды жұрт бірде «Бердіқожа тамы», бірде «Бармақ бейіт» деп атайтын көрінеді.

Профессор Б. Қасымбеков ресейлік офицер, тарихшы әрі этнограф ғалым Иван Андреевтің “Қырғыз–қайсақтың Орта жүзінің сипаттамасы” деген еңбегінде Бердіқожа туралы аздаған мағлұмат ұшырасатынын айтады. Оның жазуынша, 1781 жылы Абылай хан қайтыс болғасын Алатаудан асырылған қырғыз қайтадан қазақ жеріне еміне бастайды. Міне, осы кезде Аягөз маңына қоныс тепкен Бердіқожа батыр қырғыздарға қар­сы соғысқа аттанады. 1785 жылы Аягөздің тұсында батыр бастаған қазақ қолы қырғыздарға күйрете соққы береді. Бердіқожа батыр 18 жыл бойы қырғыз ауылдарымен аралас отырған жерін тастап келгенде, қырғызға қарсы шыққан жорықтарында көмек бермеген аягөздік наймандарға ренжіп, Сарыарқаға ойысады. Сөйтіп, 1783 жылы мамырда Шыңғыстау аймағына біржолата көшіп келеді.

И. Андреевтің жазуына қарағанда, Бердіқожа бастаған Шанышқылы ауылы малға бай, жылқысы көп, ұзын саны үш жүз шаңырақ болыпты. Орыс офицерінің жазуынша, Бердіқожа батыр аз ғана қолмен қырғызға шайқасқа атта­нады. Іле өзеніне келіп, қырғыздарға таяу аялдайды. Қазақ қолы артта қалған жасақты күтіп, аттарын отқа жібереді. Осы кезде қырғыздың жасағы, шамамен 80 адам, олар да аттанысқа шыққан екен, қос тігіп бейқам жатқан қазақтың үстінен түседі. Бердіқожаның басын шауып, далаға тастап кетеді. Мұндай сұмдықты көрген қазақтың артынан келген жасағы қырғыздарды қуа жөнеліп, ұрыста жеңіп, Есенгелді манаптың ұлын тұтқынға түсіріпті.

2007 жылы Бішкек қаласында жарық көрген “Алымбектин санжырасы” (“Қырғыз шежіресінде”) деген кітапта Бердіқожа батырдың Есенқұл бастаған көп қолмен аямай шайқасып, ақыры, қырғыздың қылышынан қаза тапқаны жазылған. Демек, батырдың қырғыздардың қолынан мерт болғаны ақиқат.

Батыр өмірін зерттеуші Б. Қасымбеков Бердіқожаның 1786 жылы қаңтарда қыс кезінде қаза тапқанын жазады. Ауылға жетіп, қаралы хабарды естірткен соң, Бердіқожаның әйелдері тұтқынға түскен Есенгелді манаптың ұлын пышақтап өлтірген. Батырдың артында інісі Секлоян (Секержан) мен төрт ұлы қалады. Үлкені – Лепес, енді бірі – Шоқ, қалғанының есімдері белгісіз .

Бердіқожа батырдың кіндік қаны тамған ата қонысы Сыр мен Келес өзендерінің арасы. Шанышқылы руынан тарайтын ұрпақ қазір де Шымкент, Сарыағаш, Ташкент, Тараз, Алматы, Түркістан, Кентау және т.б. қалаларда тұрады. Ал Бердіқожаның соңынан ерген шанышқылылардың бір бөлігі бас батырынан айырылған соң Шығыс Түркістанға өтіп, Абақ-керей арасында Шанышқылы тармағын құраса керек. Мұның бәрі әлбетте қосымша зерттеулерді қажетсінеді.

«Қазақ тарихының әліппесі» атты кітабында Шанышқылы Бердіқожа батырды Абылай заманының бас батырларының қатарында атайды. Аталасы үшін ғана емес, дүйім елдің, алты Алаштың мұраты үшін атқа қонып, елінің тәуелсіздігі жолында жан берген қазақтың қайқы қара қылышы – Бердіқожа батырды атаусыз қалдырмай, есімін ілтипатпен еске алуы да оның баһадүр батырлығын дәлелдесе керек.


69 просмотров0 комментариев

Недавние посты

Смотреть все

Comments


bottom of page