ҚР Қорғаныс министрлігінің Медиа-контент орталығына қарасты Приозерск гарнизонының баспасөз қызметі бастығы лейтенант Думан Құрманғалиев 20 жылдан астам уақыт бойы Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылымдарында қызмет етіп келеді. Осы уақыт ішінде жүздеген фотошығармашылығы оның қоржынын толтырған болса, таяуда осы еңбектері «Қазақ фотошежірешілері ІІІ: тарих, дерек, өнер» атты фотоэнциклопедиясына енді. Кітаптың тұсаукесері Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультетінде өтті. Кітаптың тұсауын «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылхан Әбдірайым кесті. Шараға оқу орнының журналистика факультетінің студенттері мен ұстаздары, журналистер қатысты.
Энциклопедияда қоғам санасын фото арқылы мемлекеттік мүддеге, ұлттық мұраға, эстетикалық талаптарға жұмылдыра білген қайраткерлердің шығармашылығы және ұлттық фотоөнер тарихы жан-жақты баяндалады. Фотоэнциклопедия қазақтың тұңғыш фотографы қазақтың біртуар ақыны, Жәңгір ханның немересі Шәңгерей Бөкеевтің түсірген суреттерімен басталады. Шәңгерей түсірген фотосуреттерден қазір оншақтысы белгілі. Шәңгерей 1901 жылы Петерборға сапарынан кейін фотоөнермен айналысқан.
Кітапқа Қорғаныс министрлігі Медиа-контент орталығы Приозерск гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы лейтенант Думан Құрманғалиевтің бірқатар жұмыстары енгізілген. Думан қазақстандық медиа кеңістікте және әлеуметтік желілерде әскери тақырыптағы суреттерімен танымал. Автордың бірқатар жұмыстары жаңа жинақта көрініс тапқан. Әскери фототілшінің жұмыстары жеке құрамның жауынгерлік оқу-жаттығуларында, яғни әскери полигондарда дүниеге келген. Лейтенант Думан Құрманғалиев – Е. Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті «Бастапқы әскери дайындық» факультетінің түлегі. Фотоөнермен студенттік шақтан айналысып келеді. 2003 жылдан бастап Қазақстан Қарулы күштерінде қызмет атқарып келеді. «Астана» өңірлік әскерлері қолбасшысының басқармасында фототілші болып қызмет істеген. Лейтенант Д. Құрманғалиев Қазақстан Журналистер одағының, фотожурналист Рахымбай Ханалы атындағы арнайы сыйлығының иегері. Оның есімі 2016 жылы еліміздегі үздік фотографтар тізіміне кірген. 2017 жылы Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «Казахстанская правда» газеті ұйымдастырған «Менің Қазақстаным!» атты республикалық фотокөрмеде жүлделі ІІ орын алған. Түрлі-түсті фотосуретті бұл еңбек: «Фотографтар шығармашылығы», «Фотоөнер және ғылым» және «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің жобалары» атты үш тараудан тұрады. Бір айта кетерлігі, жинақ үш тілде, яғни қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көрген. Фотоэнциклопедияға редакциялық алқаның шешімімен жалпы саны 18 автор енген.
ҚР Қорғаныс министрлігінің
баспасөз қызметі
Bình luận