1. Вермахтың соғыстан кейінгі шығындары 6 млн-ға жуықтады. Статистикалық деректерге қарағанда СССР мен Германия арасында қаза тапқандар мен өлгендер арасындағы ара-қатынас 7,3:1 құрады. Осыған қарап СССР-де ең кемі 43 млн адам құрбан болды деп қорытынды жасауға болады. Бұл цифрдың ішінде СССР-дің – 17 млн, Германияның – 2 млн жай қарапайым халқы бар.
2. 1941 жылы 15 қарашада фашистер Мәскеуге екініші рет екпіндей ентелегенімен Қазақстанда құрылған әскери құрамалар жауға қатаң түрде тосқауыл қойды. Волоколам бағытын қорғаған 16-армияның құрамындағы Алматыда жасақталған 316-атқыштар дивизиясы 16 қараша күні Дубосеково разъезінің түбінде өшпес ерліктің үлгісін көрсетті. Әсіресе Бауыржан Момышұлы басқарған 19 атқыштар полкі Соколово деревнясы түбінде жаудың төрт күн бойғы үздіксіз шабуылына төтеп берді.
3. Кеңес Одағында соғыстан кейін 17 жыл бойы «Жеңіс күні» аталып өтілмегенін екінің бірі біле бермейді. Жеңіс күні 1948 жылдан бастап қана басты мереке болып есептелді, алайда оны ешкім тойлаған емес, ол әдеттегі жұмыс күні болып қала берді.
4. Атыраулық зерттеуші Жұмабай Доспановтың анықтағанындай совет-герман соғысында 620 қазақстандық Совет Одағының Батыры атанған. Оның ішінде 107 қазақ бар. Тікелей командирлері «Совет Оданың Батыры» атағына ұсынғанмен өкінішке қарай жоғары жақтың шовинистік көзқарасынан 160 қазақ қаһарманына ол атақ берілмеді.
5. Кеңес халқы тек бір айда ғана (1942 жылы желтоқсан айында) бес млн алты жүз тоқсан бір литр арақ ішкен.
6. Жеңіс күні жиырма жылдан кейін, 1965 жылы ғана кең көлемде атап өтілді. Осыдан бастап 9-мамыр демалыс күніне айналды.
7. СССР халқы 1941 жылы маусым айында 196,7 млн болса, соғыстан кейін 1945 жылы СССР-де 127 млн тұрғын ғана қалды.
8. Ресей бүгінгі таңда совет-герман соғысы кезінде қырық үш миллион совет адамынан өлідей айырылғанын айтады.
9. Кейбір дереккөздер Жеңіс күнінің тойланбай келгендігін жасырады, өйткені кеңес өкіметі белсенді әрі тәуелсіз майдангерлер шындықты айтып қояды деп қауіптенген.
10. 1941 жылы 22 маусымда радиодан сөйлеген сөзінде Молотов Германияның опасыздықпен соғыс ашқанын айыптады. Бірақ бұл шындыққа үйлеспейді. Іс жүзінде Рибентроп сол күні Берлинде таңға жуық Совет Одағының Германиядағы елшісі Деканозовты шақырып алып оған СССР-ге қарсы соғыс ашылғаны туралы нотаны оқып берген. Тура сол кезде Германияның Совет Одағындағы елшісі фон дер Шуленберг те СССР-ге соғыс қаупі төніп тұрғанын хабарлаған.
11. Жеңіске жеткеніне қарамастан СССР оншақты жыл қағаз жүзінде Германиямен соғыс жағдайында болды. Неміс тарапы капитуляция қабылдағанымен СССР жаумен бітімшілік келісіміне қол қоймады, сөйтіп ұзақ жылдар Германиямен соғыс жағдайында қала берді.
12. 1955 жылы 25 қаңтарда СССР Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы «Совет Одағы мен Германия арасындағы соғыс жағдайын тоқтату туралы» Жарлық шығарды. Осы жарлықпен Германиямен соғыс қағаз жүзінде аяқталды.
13. Алғашқы Жеңіс парады Мәскеуде 1945 жылы 24 маусымда өтті.
14. Ленинград қоршауы (қазір Санкт-Петербург) 1941 жылғы 8 қыркүйектен 1944 жылғы 27 қаңтарға дейін 872 күнге созылды. Бірақ 1945 жылғы қарашада нацистік Германияның басшылары сотталған Нюренберг процесінде Ленинград құрсауы болмағандығын дәлелдеп, «Ленинград блокадасы» туралы айыпты алдыртып тастады.
15. Қазір айтса сену қиын, бірақ СССР билігі соғыс қимылдары кезінде қаза тапқандардың есебін жүргізуге ынталы болмады. Сталин соғыстан соң қаза тапқандар санын шамалап жеті миллион деп қоя салды.
16. Елдің батыс аймағының тұрғындары қаза болғандар саны жеті миллион дегенге сене қойған жоқ. Олар бұл фактіні теріске шығарып жатты. Сталин өлген соң да қаза болғандардың саны қайта қарастырылмады.
17. Антигитлерлік коалицияда ең мықты ұшқыш Иван Кожедуб болды. Ол дұшпанның 64 ұшағын атып түсірді. Үш мәрте Совет Одағының Батыры атанды. Қазақстандық ұшқыштар Талғат Бигелдинов, Леонид Беда мен Сергей Луганский қос мәрте Совет Одағының Батыры атанғандар.
18. Немістер жағынан авиация тарихында қарсыластардың ең көп ұшағын атып түсірген люфтваффенің ас жойғышы Эрих Хартманн. Ол қарсыластарының 352 ұшағын жойған. Нацистік Германияның 104 ұшқышы өз есептеріне әуе ұрыстарында 100 және одан да көп жеңістер жазған.
19. Қазақстан соғыстың басынан бастап Қызыл Армияға және өнеркәсіп жұмысы үшін 1,5 млн адамды, оның ішінде әскерге – 1 млн 161 адамды аттандырды. Майданда кейін гвардиялықтарға айналған бес әскери құрылым жауға қарсы күресті.
20. Совет-герман соғысына тек ерлер ғана емес әйелдер де қатысты. Статистикалық деректерге қарағанда офицерлердің сексен мыңы әйел адам болған.
21. Бас хатшы Хрущев айтқандай, «жеке басқа табынушылық» жойылған соң соғыста қаза болғандар саны жиырма миллионнан асқандығы айтылса, Горбачев тұсында совет-герман соғыында қаза тапқандар саны 27 млн делініп жүрді.
22. СССР Германияға соғыс алдында экономикалық тұрғыдан орасан зор көмек берді. Молотов пен Риббентроп келісіміне қол қойылғаннан кейін бір жарым жыл ішінде СССР үшінші рейхке 865 мың тонна мұнай, 140 мың тонна марганец рудасын, 14 мың тонна мыс, 3 мың тонна никель, 101 мың тонна шиті мақта, 1 млн тонна ағаш материалдары, 11 мың тонна кендір, 26 мың тонна хром рудасын, 15 мың тонна асбест, 184 мың тонна фосфат, 2736 келі платина және 1,5 млн тонна (25 000 вагон) астық жіберді.
23. Соғыста қаза тапқандардың нақты саны әлі күнге беймәлім. Соғысып жатқан мемлекеттер аумағында бауырластар зираты мен басқа да көмілістер аз емес.
24. Қазіргі ресми деректер мынандай: 1939 жылдан 1945 жылдың соңына дейінгі аралықта қаза тапқандар саны: 43 000 448 (қырық үш миллион төрт жүз қырық сегіз) адам.
25. 1941-1945 жылдарда қаза болғандардың жалпы саны 27 миллион.
26. Совет-герман соғысы кезінде шамамен 1,8 млн адам тұтқында қаза болған немесе шетелде қалып кеткен.
27. Зерттеуші Борис Соколовтың деректеріне қарағанда Қызыл Армия мен Вермахттың Шығыс майдандағы шығындарының арақатынасы 10:1 болған.
28. Совет-герман соғысы тұсында нацистік Германия 1155 сүңгуір кемені соғысқа қосса, СССР 267 сүңгуір кемені әскери мақсатқа жұмсапты. Советтік сүңгуір қайықтар 126 нысананы қарық қылса, немістердің сүңгуір кемелері су асты, су үсті 2840 нысананы жойған. Орташа есеппен әр сүңгуір кеме жаудың үш кемесін жойып отырған.
29. Совет-герман соғысы кезінде әйел құрамалары құрылды. Майданда әр кезде алты жүз мыңнан бір миллионға дейін әйел соғысты.
30.
31. Баку қаласының зауыттарында «Катюша» үшін снарядтар жасалатын.
32. Соғыс жылдарында Қазақстан әскери комиссариаты майданға барлығы 14 атқыштар және кавалериялық дивизия, 7 бригада, 1 зениттік полк, 12 құрылыс және 2 автобатальон аттандырды.
33. Соғыс кезінде Қазақстаннан Қызыл Армия үшін 13130 жүк автомашинасы, 107 арнайы, 825 жеңіл автомашина, 57 мотоцикл, 1538 трактор, 110118 ат және 10260 арба жіберілді.
34. Соғысқа қатысып жүрген ұшқыш әйелдерден үш полк жасақталған болатын, оларды немістер «түнгі албастылар» деп атайтын. Атыраулық Хиуаз Доспанова осындай 588-ші түнгі бомбалаушылар авиаполкінің атқыш-штурманы болып, жүздеген жауынгерлік тапсырмаларды орындады. Жеңіс күнін Берлинде қарсы алды. Оған Қазақстанның Халық қаһарманы атағы берілді.
35. 1945 жылы 30 сәуірде сағат түскі 14:25-те қазақ офицері Рахымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатов Рейхстагқа ең алғашқы болып Жеңіс туын тікті.
36. Соғыс кезінде немістер Украинаның 334 елді мекенін барша тұрғындарымен қоса өртеп жіберді.
37. Совет-герман соғысында атылған әр он оқтың тоғызы Шымкент қорғасын зауытында жасалған.
38. Фашистер басып алған ірі қалалардың бірі Чернигов облысындағы Корюковка қаласында небары екі күннің ішінде 1290 үй өртелді. Жеті мың тұрғын атылды. Күймеген он үй ғана қалған.
39. Совет-герман соғысы кезінде әйелдерден ерікті бригадалар мен запастағы атқыштар полктері жасақталды.
40. Мергендердің орталық мектебінде мерген әйелдер дайындалды.
41. Сондай-ақ әйелдерден теңізшілердің жекелеген роталары құрылды.
42. Сенуге қиын, бірақ айтайық, әйелдер кейде еркектерден де артық соғысатын.
43. Кеңес Одағының Батыры атағына 87 әйел ие болды. Олардың арасында Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлова сияқты қазақ қыздары бар.
44. Соғыстың барлық кезеңінде алға жылжыған сәтте де, кейін шегінген тұста да алкоголь бірдей аса көп мөлшерде қолданылды.
45. Соғыс кезінде 400-ден астам адам кеудесімен амбразураны жауып «Матросов» ерлігіне ұқсас қаһармандық жасаған. Солардың бірі Сұлтан Баймағамбетов. Ол 1943 жылы 25 шілде күні жау дзотының амбразурасын кеудесімен жауып ерлікпен қаза тапты. Оған кейін Совет Одағының Батыры атағы берілді.
46. «Берлинді алғаны үшін» медалімен 1,1 млн солдат марапатталды.
47. Бірқатар диверсиялық топтар жаудың ондаған эшелондарын жолдан тайдырды.
48. Танк жойғыш иттер жаудың үш жүзден астам техникасын талқандады.
49. Соғыс кезінде барлық жауынгерге бірдей арақ тиісті болмайтын. 1941 жылы Бас жабдықтаушы әрбір қызыл әскер мен офицерге жүз грамм мөлшерінде арақ берілетін тәртіп белгіледі. Сталин егер арақ ішкің келсе тылда отырмай майданға бар дейтін.
50. Соғыс кезінде Англия мен АҚШ Совет Одағына ленд лиз заңы бойынша орасан көмек жасады. 18303 ұшақ, 10876 танк, 6666 бронетранспортер, 1900 паровоз, 410 мың автомобиль, 35 800 радиостанция, 5899 қабылдағыш, 348 локатор, 32 200 мотоцикл және орасан мөлшерде авиабензин, түрлі станоктар, солдат киімдері, медикаменттер жіберді.
51. Соғыс кезінде өндіріс орден, медаль шығаруға үлгермей жатты, сондықтан ол марапатталғандардың бәріне жете бермейтін.
52. Соғыс жылдарында қару-жарақ пен оқ-дәрінің 130-дан астам түрі шығарылды.
53. Соғыстан кейінгі жылдарда кадрлар басқармасы марапатталғандарды іздестірумен белсенді айналыса бастады.
54. 1956 жылдың соңына таман шамамен бір миллион марапат иелеріне табыс етілді.
55. 1957 жылы марапатталған адамдарды іздестіру жұмыстары тоқтатылды.
56. Медальдар азаматтардың жеке өз басының марапатталуына байланысты сұрауларынан кейін берілетін болды.
57. Көптеген ордендер мен медальдар иесіне табыс етілмей қалды, өйткені майдангерлердің дені тірілердің қатарында жоқ болатын.
58. Қазақстан 1942 жылдың ортасында майданға әр түрлі атаудағы 1 млн 335 мың киім, оның ішінде 79587 қысқа тон, 232244 пима, 32 мыңнан астам қолғап жіберді.
59. Соғыста алпыс мыңнан астам үйретілген ит қызмет етті.
60. Байланысшы-иттер шамамен 200 мыңнан астам жауынгерлік ақпарат жеткізді.
61. Соғыс кезінде санитар-иттер шамамен 700 мыңдай ауыр жаралы офицер мен солдатты ұрыс алаңынан алып шықты. Майдан даласынан жаралы 100 жауынгерді алып шыққан санитар мен көтерушіге Совет Одағының Батыры атағы берілетін.
62. Сапер-иттер үш жүзден астам ірі қаланы минадан тазартуға атсалысты.
63. Ұрыс кезінде санитар-иттер жер бауырлай жорғалап жаралы жауынгерге жетіп, оған арқасындағы медициналық сөмкесін тосатын. Солдат жарасын таңып болғанша шыдамдылықпен күтіп, одан кейін келесі жаралы жауынгерге көмек беретін. Бұл иттер тірі солдат пен өлген солдатты жақсы ажырататын. Ес-түссіз жатқан жаралы солдаттың бетін жалап, оның есін жинауына көмектесетін.
64. Иттер төрт миллионнан астам фугас бомбасы мен жау минасын залалсыздандырды.
65. 1941-1945 жылдар ішінде Қазақстан халқы майданға 1205 вагон әртүрлі сыйлықтар жіберді, 1943 жылы ғана 415 вагон, оның ішінде 16 вагон сыйлық – 8-ші гвардиялық дивизиясына жіберілді.
66. Адамдар өзінің жиған-терген мүлкінен соғыс қажетіне арнап 15 келі алтын, 952 келі күміс және 320 миллион сом берді. Жеке қаражатына ұшақ, танк сатып алып соғысқа жіберген қазақтар да көп болды.
67. Соғыс кезінде майданға бір миллионнан астам қажетті тауарлар мен 125 вагон жылы киім жіберілді.
68. Қазақстандықтар 1941 жылғы 21 желтоқсанға дейін қорғаныс қорына 52 млн 354 мың рубль аударса, 1942 жылғы сәуірде бұл сома 95 млн 315 мың рубль болды, оның ішінде 40 млн 623 мың рубль қымбат бағалы бұйымдар болды.
69. Қазақстанда калибрлері 82 мм, 50 мм және 120 мм барлығы 5 214 254 дана мина корпустары жасалды. Егер бір дивизияның миналар жиынтығы 120 мм калибрдегі миналары 1680, 82 мм – 2180 дананы құраса, Қазақстан зауыттары 1350 дивизияны миналардың әскери жиынтығымен жабдықтады.
70. 1941-1944 жылдары Қазақстанның өнер шеберлері майдан, госпиталь, Қызыл Армияның шақыру пункттері мен тыл бөлімдері үшін 20 мыңға жуық концерт берді. Әртістердің он бригадасы майданда болып, жауынгерлер үшін 870 концерт берді. Сол уақытта 1943 жылы Алматы мен облыстың өзіне ғана майдангерлердің 9 делегациясы келді, оларды қазақстандықтар қуана қарсы алды.
71. Ресми деректер бойынша соғыстан СССР шеккен зардап соғыс алдындағы бағамен есептегенде 2,5 триллион рубль болды. Бұл тұтастай алғанда СССР-дің ұлттық байлығының 30 пайызын, оккупацияға ұшыраған аудандарда 65 пайызын құрады. Соғыс кезінде 1710 қала, 70 мыңнан астам село мен деревня жермен жексен етілді.
72. Вермахттың ең керемет мерегені Маттеус Хэтценауэр қарсыластарының 345 солдатын өлтірген. Онымен бірге соғысқан нөмірі екінші мерген Йозеф Аллербергердің есебінде нысанаға ілінген – 257 солдат.
73. «Советские снайперы 1941-1945гг» деген тізімде ең бірінші мерген, қазақ жауынгері Төлеуғали Әбдібековтің есімі тұр. Ол бір өзі 397 жауды жер жастандырған. Ал мерген Ы.Сүлейменовтың қолынан 250-ден астам фашист жер жастанған. Осыдан-ақ қай елдің мергені мықты екенін көре беріңіз.
74. Іс жүзінде барлық әскери тілшілер ордендермен, медальдармен марапатталды, Совет Одағының Батыры атағын алғандар да бар.
75. Соғыстағы ең танымал мерген әйел АҚШ-та өте танымал болды, ол туралы «Miss Pavlichenko» деген ән шығарылып, оны әнші Вуди Гатри орындап жүрді.
76. 1941 жылы жазға салым жау бомбасынан қорғау үшін Кремльді маскировкалауға ұйғарым жасалды. Жоба бойынша Кремль ғимараттарының шатырларын, қасбеттерін, қабырғаларын қайта бояп шыққанда жоғарыдан қарағанда ол қаланың әдеттегі орамдары сияқты көрінетін болды. Сөйтіп бұл айла жүзеге асты.
77. 1943 жылы СССР-да Шіркеу мен діни-патриархтық иерархия қалпына келтірілді.
78. Соғыстан кейін Сталин Орыс православ шіркеуі бойынша кеңес құру қажет екендігін жариялады.
79. Совет-герман соғысында аға лейтенант Зиновий Колобанов басқаратын танк экипажы мен танк ротасы Гиннестің рекордтар кітабына енген ерлік жасады. Олар Ленинградқа апаратын Луги, Волосово, Кингисепп сияқты үш жолдың торабына бекінген еді. Ұрыс басталғаннан кейінгі жарты сағат ішінде жау 43 танкісінен айырылды. Оның 22-сін Колобановтың экипажы жойды. Ал ротасындағы бес танк қалған 21 жау танкісін өртеді.
80. Қызыл Армия сапында соғысқан танкистер арасында лейтенант Дмитрий Лавриненкодан асқан мықты жоқ деп есептеледі. Ол өзінің Т-34 танкісімен немістердің 52 танкісін қиратты. Михаил Кученков фашистердің 32 танкісін жоқ қылса, Иван Корольковтың экипажы жаудың танктері мен өздігінен жүретін зеңбіректерімен жекпе жекте 26 рет жеңіске жетті. Никита Дьяченконың экипажы дұшпанның 31 бронды техникасын талқандады. Советтік танк асстары осылай соғысты.
81. Нацистік Германияның танк қүрамаларында да айырықша шебер асс танкистер болды. Айталық, Уша Оберхабер қарсыластарының 127 танкісін қиратса, Михаэль Виттман 138 танкіні жойды. Мартин Шройф қарсыластарының 141 танкісін өртеді. Отто Кариус болса қарсыластарының 150 танкісін жойып, бір ұшағын атып түсірді. Ал Курт Книспельдің ресми есебінде қарсыластарының 168 танкісін қиратқаны көрсетілген.
82. 1944 жылы 17 шілдеде Мәскеуде «Жеңілгендер шеруі» өткізілді. Оған тұтқынға түскен 57 мың неміс офицері мен солдаты қатысты.
83. Совет-герман соғысына көптеген ерікті әйелдер қатысты.
84. Соғыс кезінде немістер Георг Люгердің конструциясы бойынша бірегей Р.08 пистолеттерін шығара бастады.
85. Совет-герман соғысы кезінде Хуго Шмайссердің басшылығымен жасалған STG-43, STG-44 автоматты қарулары өзінің ерекшеліктерімен совет мамандарының да назарын аударады. Соғыс біткен бойда Хуго Шмайссер күллі чертеждарымен қоса Ижевскіге жіберіледі. Интернеттегі кейбір деректерге қарағанда STG-45 моделін АК-46 деген атпен шығару осында қолға алынған. Дұшпан елдің инженерінің атын қолданбау үшін талапкер жас рационализатор М.Т.Калашниковтың есімі пайдаланылады. Сөйтіп АК-47 дүниежүзіне танымал қаруға айналады.
86. Соғыс кезінде неміс матростары Линкор бортына мысық алып кірді. Бұрын рұқсат етілмейтін. Линкор кемесі ұрыста суға батып кетті, Экипаж құрамындағы 2200 адамнан тек 115 адам ғана аман қалды.
87. 1943 жылы қаңтар айында Ленинград қоршауы бұзылған тұста қалаға азық-түлікпен бірге Ярославльден төрт вагон мысық жеткізілді. Қоршаудағы аштық кезінде қалада егеуқұйрық қаптап кеткен. Ауру таратуы ықтимал қаптесерлерді тек мысықтар ғана жоя алатын. 1945 жылы қалаға Сібірден тағы бес мың мысық әкелінді. Сол үшін бүгінде Санкт-Петербургте мысыққа да қойылған ескерткіш бар.
88. Неміс командованиесі солдаттарын ұрысқа айдап салу үшін первитин (метамфетамин) есірткісін кеңінен қолданған.
89. Есірткі ресми түрде танкистер мен ұшқыштардың ас-суына қосып берілетін.
90. Гитлер Сталинді емес диктор Юрий Левитанды өзіне жау санаған. Қауіпсіздік қызметі Левитанды айырықша түрде қорғады. Левитанның басына Гитлер 250 мың маркі көлемінде бәйге тікті.
91. Левитанның хабарлары мен айтқан деректері ешқашан жазылып алынған емес.
92. 1950 жылы ғана тарих үшін Левитанның дауысымен арнайы ресми жазба жасалды.
93. Совет әскерлері Рейхстагқа шабуылдап жатқанда А.Гитлер жанынан совет танкілері зуылдап өтіп жатқан Рейхканцелярия бункерінде отырған. Рейхстагты негізінен француз, дат, латыш және тибет еріктілері қорғаған. Рейхстагта немістердің мемлекеттік архиві ғана болған.
94. Сталинград шайқасы кезінде Астраханда жасақталған 28-ші резервтік армияда қазақтардың 350 түйесі қызмет етті. Олар автокөлік пен аттар жетіспегендіктен зеңбіректерді сүйретуге, азық-түлік тасымалдауға пайдаланылды. Аман қалған екі түйе Берлинге дейін жетті.
95. Қазақстан Ресейдің соғыстан зардп шеккен Орлов облысын шефтік қамқорлыққа алып, қысқа мерзімде 148 комбайн, 61 сеялка, 89 трактор соқасы, 1042 шөп шабатын орақ, 73967 жұмыс өгізін, 552 жылқы, 782 шошқа, 13926 дана құс, 8465 пұт астық, сондай-ақ және басқа да ауыл шаруашылығы құралдарын жөнелтті.
96. Соғыс жылдарында неміс полициясында шамамен 400 мыңдай совет адамы жұмыс істеді. Олардың қатарында «28 панфиловшы-батырдың» бірі, Иван Добробабин де болды. Бірқатар полицейлер кейін партизандар жағына өтіп кетті.
97. 1944 жылға қарай немістер жағына жаппай өту байқалды, өтіп кеткендер өле өлгенше немістерге адал қызмет етті.
98. Соғыстың басында «Кока-кола» сусынын шығаратын неміс фабрикасы АҚШ-тан алатын қоспалардан айырылған соң «Фанта» деп аталатын сусын шығаруды қолға алды.
99. Жазушы, зерттеуші Виктор Суворовтың «Ледокол» деп аталатын кітабында фашистік Германияның «Барбаросса» жоспары бойынша 1941 жылы 22 маусымда Совет Одағына тарпа бассалуымен қоса Совет Одағы да 1941 жылы 7 шілдеде Германияға басып кіруді көздеген «Гроза» жоспарын жасағанын айтады. Осы мақсатта 1941 жылы 12 мамырда Белорус, Киев және Ленинград әскери округтарына 2 миллион 200 мың солдат, 8112 танк пен бронемашина, 6500 самолет және 37 мың артиллериялық қондырғы мен миномёт шоғырландырылған. Осыны көріп отырып Германия превентивтік соққы жасауға мәжбүр болған.
P.S. Материалда warfilm.ru деректері мен отандық деректер пайдаланылды.
СССР Германияға соғыс алдында экономикалық тұрғыдан орасан зор көмек берді. Молотов пен Риббентроп келісіміне қол қойылғаннан кейін бір жарым жыл ішінде СССР үшінші рейхке 865 мың тонна мұнай, 140 мың тонна марганец рудасын, 14 мың тонна мыс, 3 мың тонна никель, 101 мың тонна шиті мақта, 1 млн тонна ағаш материалдары, 11 мың тонна кендір, 26 мың тонна хром рудасын, 15 мың тонна асбест, 184 мың тонна фосфат, 2736 келі платина және 1,5 млн тонна (25 000 вагон) астық жіберді.
Comments