top of page

Смағұл Сәдуақасов – Ұлт қайраткері


«Астана қаласының мемлекеттік архиві» мемлекеттік мекемесінің 578-қорында Қазақ КСР-нің көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, әдебиеттанушы, жазушы-публицист Смағұл Сәдуақасовтың (1900-1933) жеке қоры құрылған. Жеке қорда 105 сақтау бірлігі, оның ішінде 40 фотоқұжат бар. Нақтырақ айтсақ, өмірбаянына қатысты құжаттар: өмірбаян, мандат, құрмет грамоталары, сертификаттар мен мақтау қағаздары. Дипломдар, сертификаттар, құттықтау және алғыс хаттар. Медальдар мен төсбелгілерге сертификаттары бар. Еңбек құжаттарына қатысты қызметтік куәліктер, кітаптар, газеттегі мақалалар жинақталған.

С.Сәдуақасов өзінің аз ғана ғұмырында ұлт үшін ұлы істер жасап кетті. Ол бала кезінде ауыл молдасынан сауат ашып, кейін оқуын жалғастыру үшін Омбы қаласына кетеді. 1915 жылы Омбы қаласында ауылшаруашылық училещесін тәмамдайды. Осы жерде оқып жүргенде Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Кошмухамед Кеменгеров сынды ақын-жазушылармен танысады. Олар осы кезде бірлесіп «Бірлік» бірлестігін құрады. Аталмыш бірлестік 1914-1918 жылдар аралығында жұмыс жасайды. Онда қазақтың қамы үшін, ұлттың мүддесі үшін аянбай еңбек етеді. Саясатқа ерте араласқан С.Сәдуақасов небәрі 15-16 жаста еді. Бірақ ол жаспын демеді, төңкерістен кейінгі жаңа дәуірде елдің мүддесі, қазағының қамын ғана көздеген ұстанымнан айнымаған ол өмірінің соңғы сәтіне дейін осы позициясынан айныған жоқ және бұл істе ол жастығына қарамай өзгелерге үлгі бола білді.

Архив өзгенің емес, өзінің деректеріне сүйеніп сөйлейді. Мәселен, аталған 578 қордың 1-тізімдемесі, 1-ісінде қайраткердің өмірбаяны жазылған. Ол жерде С.Сәдуақасовтың 1900 жылы туылғаны жайында сөз етіледі, ал 2-істе «Лауазымға және қызметке қабылдау туралы анықтамасында» туған жылы: 1899 жыл деп келтірілген.

Сонымен қатар, туған жері де әр жерде әртүрлі жазылып жүр. Қайраткер С.Сәдуақасовтың өмірбаянында: «Біреуінде бұрынғы Ақмола губерниясының Қорған болысы, біреуінде Ақмола обласы, Шарлық ауданының Жарқын ауылы, үшіншісінде Солтүстік Қазақстан обласының тумасы деп көрсетілген», - деп жазылған. Анықтаманың тіркеу орны деген жерінде: Ақмола обласы, Қорған болысы, №3 ауыл деп жазылады. Анықтамаға сәйкес, С.Сәдуақасовтың туған жері Ақмола облысы, Қорған болысы деген дерекке сәйкес келеді.






АНЫҚТАМА

лауазымға және қызметке қабылдау туралы


Тегі, аты және әкесінің аты

Сәдуақасов Смағұл Сәдуақасұлы


Тіркеу орны

Ақмола обласы, Қорған болысы, №3 ауыл


Мекен-жайы

Омбы қаласы, Степная, 107 үй


Туған жылы

1899 жыл


Білімі: 1. Жалпы

2. Арнайы

2 кластық орыс-қазақ училещесі

Омбы орта ауылшаруашылық училещесі


Тіл білуі

Қазақ, орыс


Орыс тілінен қазақ тіліне аударылды (қолжазба)


Бұл анықтама 1918 жылы толтырылған. Анықтамада арнайы оқу курстарынан өткені, әскери борышы өтелгені жөнінде жазылған. Тіпті отбасылық жағдайы, мүліктік жағдай да көрсетілген. Онда әкесі – 46 жаста, анасы – 39 жаста, бір қарындасы – 18 жаста, екіншісі – 3 жаста, інісі – 5 жаста деп жазылған. Жылжымайтын мүлкі – қыстағы және ауылда қазақ үйі бар деп келтірілген. Алатын айлығы 750 рубль деп көрсетілген.

Ұлт қайраткері еңбек жолын 1915 жылы ауыл мұғалімінен бастаған ол 1918-1919 жылдары Батыс-Сібір кооператив одағы инспекторының бақылаушысы, 1920 жылы Омбыда шыққан «Кедей үні» газетінің редакторы болып қызмет атқарса, 1920-1921 жылы Жалпықазақтық кеңестер съезінде Қазақстан Орталық Атқару Комитеті Президиумының және Бүкілресейлік Орталық атқару комитетінің Түркістан Республикасы жанындағы өкілі болды, 1923 жылы Қазақ автономиясы жоспарлау комитеті төрағасының орынбасары, қазақ жерін аудандастыру бөлімінің бастығы қызметтерін атқарды.

Жеке қор иесінің 2-тізімдеме, 1-ісінде 1921 жылғы 3 қазанда толтырылған сауалнамасы бар. Онда:


САУАЛНАМА


Сәдуақасов Смағұл Садуақасұлы

Қазақ Орталық сайлау комиссиясы мүшесі және

Түрік Орталық атқару комитетінің жанындағы ҚазАСКР төрағасы


Қай округ немесе областық сайлау съезінде төрағалық етеді

Ақмола губерниясы, Омбы уезі, Қорған болысы

Жасы

22 жаста

Ұлты

Қазақ (киргиз)

Қай руға жатады

Керей руы

Туған жері

Омбы уезі

Тұрғылықты мекені

Орынбор губерниясы

Білім дәрежесі

Омбы орта ауылшаруашылық училищесі және

Омбы ауылшаруашылық институты

Зерттеген саласы

Кооперация

Революцияға дейін немен айналысты

Оқыды

Негізгі мамандығы

Агроном

Отбасылық жағдайы

Үйленбеген

Партиялық билеті

1920 жылдан бастап РПК (б) мүшесі, билет №949249

Басқа партиялардың мүшесі болды ма

Болмады

Қызметі

Қазақ КСР Орталық Атқару комитетінің Президиум мүшесі

Қай одаққа кіреді

Кеңес жұмысшыларының одағы

Мекен-жайы

Бірінші кеңес үйі


Сауалнама 1921 жылғы 3 қазанында толтырылған (Орыс тілінен қазақ тіліне аударылды (қолжазба).


Оның қайраткерлік, азаматтық әлеуеті толық ашылған кезең 1925-1927 жылдар. Ол 1925 жылы Халық ағарту комиссары, «Еңбекші қазақ» газетінің жауапты редакторы қызметін атқарды.

Қоғам қайраткерінің ұйымдастырушылық дарыны мен кісілігі халық ағарту комиссары болып істеген кезінде айқын көрінеді. Бар-жоғы екі жарым жылдай уақыттың ішінде 25 жастағы министр Қазақстандағы негізгі білім мен мәдениет ошақтарын қалыптастырды. Үкімет басшысы ретінде Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин сынды талантты жазушыларға көп қамқорлық көрсетті. «Қазақ халқының 100 әні» жинағын зерттеп шығарған Александр Затаевичке арнайы атақ бергізді. Сонымен қатар, Қазақ мемлекеттік театры мен Қазақ педагогика институтын ашуға айрықша күш-жігер жұмсады.

1927 жылы Ташкенттегі Қазақ институтының басшысы болды. Бұл кезең Ф.И.Голощекиннің Қазақстан өлкелік партия комитетінің жауапты хатшысы болып істей бастаған кезімен дәлме-дәл келеді. Оның жауапты хатшысымен ұстасқан 4 мәселесі болды: біріншісі - мекемелерді қазақыландыру, екіншісі - оқығандарға оң көзқарас, үшіншісі - байларға дұрыс көзқарас, төртіншісі - өнеркәсіпті дамыту. Оның бұл мәселелердегі ойлары билік басындағылардың қарсылығын тудырды. Оның үстіне Смағұл өз пікірлерін айтып қана қоймай, кей жағдайларда жүзеге асырып отырды. Мысалы, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Халел Досмұхамедовтерге оқулықтар жаздырып, оларды жұмысқа орналастырып, қамқорлық жасап жүрді.

Оның жауапкершілігі мен жүгі ауыр қызметі оған кең көсіліп қалам тартуына қаншалықты кедергі келтіргенімен, ол ондаған әңгімелер мен повестер, көптеген саяси және әдеби-сын мақалалар қалдырды.

Негізінде әдебиетші, публицист болған С.Сәдуақасұлы ұлттық рухани саланың дамуына үлкен үлес қосты. Жиырмасыншы жылдары «Еңбекшіл жастар», «Кедей үні», «Еңбек туы», «Еңбекші қазақ» газеттерінің жауапты редакторы бола жүріп, өткір мақалалар мен көркем прозада өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Ана тілімен қоса орыс тілін жетік меңгерген ол сол уақыттағы қазақша, орысша «Трудовая Сибирь», «Темірқазық», «Коммунар», «Жас Алаш», «Еңбекші қазақ», «Степная правда» секілді баспасөздерге мақалалары жиі шығып тұрды.

Ол үлкен үш көркем шығарма жазды. «Салмақбай-Сағындық» атты алғашқы романында қазақ ауылындағы әлеуметтік таптардың кооперация сияқты жаңалыққа көзқарасы, «Күлпаш», «Күміс қоңырау» повестерінде кейіпкерлерінің ішкі жан-дүниесін, олардың өзіндік бет-бейнесі, мінез-құлқы, ой-арманы бар жеке тұлғаларды бейнелейді. Сонымен қатар, оның қаламынан көптегенн патриоттық-тәрбиелік мәні бар дүниелер де туындаған. Бар болғаны 28 жасына дейін ірілі-ұсақты 7 кітап жазып қалдырыпты.

Кеңес үкіметінің жоғарғы жауапты қызметінде жүрсе де, сол кездегі бас-көзсіз тәркілеуге, күштеп ұжымдастыруға қарсы болды. Халықтың тарихын, салт-дәстүрін білмейтін, өзінің солақай саясатымен қалың елді тоз-тоз қылған Голощекин секілділердің істері мен сөздеріне қасқая қарсы тұрған бірден-бір саясаткер болды. Ақыр соңында Голощекиндік қуғынға ұшырап, жалған айып тағылған ол барлық қызметінен босатылып, елінен қуылып, Мәскеуді паналады. 1928-1932 жылдары ондағы Көлік инженерлері институтын оқып бітірген соң, Мәскеу-Донбасс темір жол құрылысында инженер-құрылысшы болып еңбек етті. Осында қызмет істеп жүріп 1933 жылдың 16 желтоқсанында дүниеден озды. Оның өлімінің де жұмбақ тұстары көп. Сүйген жары Елизавета өле-өлгенше оған НКВД тарапынан қастандық жасалғанын айтып кеткен. Бірақ ресми дерек бойынша сүзек ауруынан қаза тапты деген анықтама берілді.

С.Сәдуақасов Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхановтың қызы Зейнепке (Елизавета) үйленгенін бірі білсе, бірі біле бермейді. Екеуінің Ескендір атты ұлдары болған. Өкінішке орай, ол Ұлы Отан Соғысында қаза табады.

Арада жетпіс сегіз жыл өткен соң 2011 жылы Мәскеуге жерленген көрнекті қоғам қайраткерінің күлін туған елінің топырағына әкеліп жерледі.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, С.Сәдуақасов біріншіден саясаткер, аса ірі мемлекет қайраткері, екіншіден, жазушы, публицист, сыншы. Үшіншіден, шебер ұйымдастырушы, төртіншіден, Қазақстандағы кооперация қозғалысының басшысы, бесіншіден, мәдениет қайраткері, қазақ театрын, ЖОО-ның ұйымдастырушысы.

Альбина ТУЛАҚОВА




165 просмотров0 комментариев

Недавние посты

Смотреть все

Comments


bottom of page