Жалпы біздің патриотизм немен өлшенеді? Арамызда патриот бар ма? Отанның қадірін терең түсіне аламыз ба? Біздің түсінікте патриотизм ту, елтаңба, әнұраннан әрі аспайтын секілді.
Бұл ой аяқасты неге мазалады дегіңіз келетін шығар. Айтайын...
Бірде бір мынадай жағдай болды. Архивтің оқу залына немістің тарихшы әйелі келді. Іздеген тақырыбы: "Қазақстанға жер аударылған немістер". Біраз құжаттарға тапсырыс беріп, еліне қайтып кетсе керек. Қайта айналып келсе белгілі бір себептермен құжаттары әлі дайын емес. Ана әйелдің ашуланғанын көрсеңіз...
Отыз бес шамасындағы жіңішке ғана сары келіншек. Орысша сөйлейді екен. "Не деген мемлекет бұл?" - деп бастады. «Сіз түсініп тұрсыз ба? Бұл менің мемлекетімнің уақыты, менің мемлекетімнің ақшасы. Мен күткен сайын менің мемлекетімнің ақшасы жұмсалады. Мен елшілікке шағымданамын», - деп күйінді. Содан өзіне қажет бір құжатты тапты, соны алмақшы болды. Ол ақылы, баға Қазақстанның заңнамасына сәйкес бекітілген 1600 теңге. Оны телефонына салып евроға айналдырып көрді де тағы да ашуланды. «Мына баға сұмдық қой. Бір қағаз үшін осынша төлеуім керек пе? Менің мемлекетімді тонамақшысыздар ма? Бейшара, кедей мемлекет. Менің мемлекетімнің бай болғаны қандай жақсы. Төлей аламыз!» - деп тілдеді. Түсіндіруге көнбеді. Негізі олардың ақшасымен есептегенде 1600 теңге түк те емес деп ойлаймын. Бірақ өз елінің тиынын санап жаны шығып бара жатыр. Ақыры соны елшілікпен келісіп тегін алды.
Ал біз ше? «Қазақстанның ақшасы қайда кетіп жатыр» деп басымызды қатырамыз ба? Қазақстанның бар байлығын сатып, таусылуға шақ тұр. Оның ақшасы тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетіп жатыр. Шетелдік инвесторлар елімізден керегін өндіріп алып, қажетінше жұмсауда.
Біз өзімізде тапқан-таянғанымызды шетелдік киім, азық-түлік, керек-жарақтарын алу арқылы шет мемлекеттердің экономикасын дамытып жатырмыз.
Г.Петровтың «Финляндия - ақ лалагүлдер мекені» атты кітабында жазылғандай, әр адам патриот болған кезде ғана мемлекет дамиды. Дәрігер шын ниетімен елі үшін еңбектенсе, мұғалім жанын салып балаларды оқытса, құрылысшылар сапалы үйлер салса, әр адам, әр маман өзіне жүктелген міндетін Отанға деген жанашырлықпен адал атқарса еліміз көркейе бермек.
Бірақ ондай дәрежеге әстен-әстен жетпесек, әлі ерте секілді. «Үш күн аш болған адамнан, қырық күн жөн сұрама» деп бекер айтпаса керек. Өткен ғасырда ашаршылықты, қуғын-сүргінді, соғысты, отаршылдықты көрген қазақтың санасы әлі аш. Қанымызға сіңген (генная память) қорқыныштың салдарынан әлі күнге дейін әркім өз қарнын күйттеумен әлек.
Тәуелсіздігімізді алғалы отыз жылдан асты. Етек-жеңімізді жиятын кез келді деп ойлаймын. Меніңше, қазір мықты, бәсекеге қабілетті, білімді әрі саналы ұрпақ өсіп келе жатыр. Шетелдің балаларына дес бермейтін, шетелде оқитын балалар көп. Тек енді оларға «Отанның қадір-қасиетін бойларына сіңіре алдық па, сіңіре аламыз ба?» деген сұрақ туындайды. Қазір патриот болып ел үшін, жер үшін деп жауға шабатын заман емес, білімділердің заманы. Сол білімге елге деген, жерге деген сүйіспеншілік қосылса екен дейміз. Сонда шетелде алынған білім,
қазақ елінің игілігіне жұмсалар еді. Қазақстан үшін мұхитқа тамған бір тамшыдай үлес қосқан адам – патриот!
Альбина
ТУЛАҚОВА
Comments