
Әскери қызметті таңдаған Динара
Әскери киімде адымдап келе жатқан қазақ қызы Динараның жүрісіне қарап, әскери қызметке жақында ғана кірісікен деп ойламайсың.... Оның әскери қызметшіге тән әрбір басқан қадамы көптен бері әскери қызметте жүрген әскери қызметшінің жүрісіне ұқсайды. Қимылы ширақ. Содан болар, әскери қызметті таңдаған Динара Үйсімбаеваны бөлім басшылығы тез арада қатарға қосты.
Үй-ішіндегі бес баланың ортаншысы Динара жастайынан өте алғыр болды. Өзінен үлкен отбасындағы Ғазиза мен Мадинадан үйренгені көп. Неге екені белгісіз, әкесі Бақтыкерей мен анасы Нұржамал басқа балаларына қарағанда, осы Динараға ерекше құрметпен қарайтын..... Содан болар, өсе келе бойжеткен Динара 2019 жылы Қарағанды облысы білім басқармасының Ақтоғай ауданы білім бөліміне қарасты Сарышаған кентіндегі жалпы білім беретін мектебінің 9-сыныбын бітірген соң, өз еркімен Тараз қаласындағы «Жамбыл политехникалық колледжіне оқуға түседі. Дәл осы орта кәсіптік білім беретін оқу орнын 2022 жылы «Радиоэлектроника және байланыс» мамандығы бойынша бітіріп шығады.
Содан күндер өтіп, айлар жылжып, 2024 жылдың күзінде өздері өскен жанұя ортасында, әкесі мен шешесінің көз алдында Динара өзінің әскери қызметші болатындығын жеткізеді. Ата-анасы мен отбасы мүшелерінен қолдау тапқан Динара Үйсімбаева Приозерск қаласында орналасқан Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлеріне қарасты 44841 әскери бөліміне құжаттарын тапсырады. Өзін жақсы қырынан көрсете білген қазақтың қаршадай қызы тез арада әскери киім-кешектермен қамтамасыз етіліп, 44841 әскери бөліміндегі жеке құрам қатарының санын толықтырады.
Келісімшарт бойынша іскери қызметке қабылданған қатардағы жауынгер Динара Үйсімбаева өз ойын былайша жеткізеді: «Отбасындағы әке мен шешемнің қолдау көрсетуімен, сондай-ақ бірге өскен жақындарымның алға тартуымен осы әскери қызметті таңдадым. Отан алдында қызмет ету маған ұнайды. Кешегі Ұлы Отан соғысы жылдарында ерліктің ерен үлгісін көрсеткен мерген қыз Әлия Молдағұлова, пулеметші Мәншүк Мәметова, ұшқыш Хиуаз Доспанова сынды батыр апаларымыздың өмірі мен ерліктерінен үлгі алып, келешекте әскердегі қазақ қыздарының мақтанышы болғым келетінін жеткізгім келеді».
Бүгінгі күнде әскери қызметтен үйге кірген Динараны әскери киімде көрген сіңілісі 4-сынып оқушысы Ерке мен інісі 1-сынып оқушысы Арсен шын көңілден қуанатындығы жасырған емес. Әскери ортадан бөлек, отбасының да мақтанышына айналған әскери қызметші Динара Бақыткерейқызы Үйсімбаеваның келешегінен көп үміт күтеміз! «Біртұтас ел – біртұтас жер!» атты жауынгерлік ұранымен басталып кеткен биылғы оқу жылында қатардағы жауынгер Д.Б. Үйсімбаева берілген тапсырмаларды бұлжытпай орындап, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің мәртебесін көтеру жолында толағай табыстарға қол жеткізеді деген сенімдеміз! Ерлермен қатар иық тіресе, бір қатарда сап түзеген әскери қызметші Динара Бақыткерейқызының алдағы қызметіне сәттілік тілейміз!
Приозерск гарнизонының
баспасөз хатшысы Думан Жұмашұлы
Comments