top of page
Patriot Tulga

Мәңгілік есте қалар есім


Келесі жылы баршамыз Кеңес Одағының Батыры, Тәуелсіз Қазақстанның төл әскерінің ірге тасын қалаған тұңғыш Қорғаныс министрі, ең жоғарғы абыройлы Халық Қаһарманы марапатына бірінші болып ие болған армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың туғанына 100 жыл толуын атап өтетініміз анық. Дәл осыдан он жыл бұрын, 2013 жылдың 24 қыркүйек күні мәңгілікке көз жұмған ержүрек батырымыз, армия генералы Сағадат Қожахметұлына құрмет көрсету мақсатында жыл сайын Отан қорғаушылар еске алу күнін өткізіп келеді. Осы тұрғыда Приозерск гарнизонының әскери қызметшілері Қарағанды облысы білім басқармасының Приозерск қалалық білім бөлімінің «№1 жалпы білім беретін мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіндегі 7 «в» сынып оқушыларымен ерлік сабағын өткізді.

«Елім деп соққан жүрек» тақырыбындағы ерлік сабағын сынып жетекшісі Маржан Лесбекқызы Қарабаева ашып берді. Алдымен, сынып оқушыларына заманауи интерактивтік тақта арқылы Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, армия генералы С.Қ. Нұрмағамбетовтың өмірбаяны мен ерлік жолына арналған деректі фильм көрсетілді. Келесі кезекте сөз алған Приозерск гарнизоны бастығының тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасары-бөлім бастығы подполковник Нұрбақыт Наурызбайұлы Нұрғалиев, Приозерск гарнизонына қызмет көрсету жөніндегі Әскери полиция бөлімшесінің (сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі) офицері әділет капитаны Нажмадин Рүстемұлы Мұхамед және Приозерск гарнизонындағы Қарулы Күштер ардагерлері ұжымының төрағасы Тілек Алшымбекұлы Кенжебеков сынып оқушыларының алдында Ұлы Отан соғысы (1941-1945 ж.ж.) жылдарының майдан даласында жанқиярлық ерлік жасаған Кеңес Одағының Батыры, егеменді еліміздің төл әскерін құрған білікті әскери маман, Халық Қаһарманы атағының иегері, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың әрбір жүріп өткен ерлік жолы мен атқарған қызметіне жоғары баға беріп, әр кез мақтаныш сезімде үлгі алу керектігін жеткізе білді.

Ерлік сабағын қорытындылаған Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагері Т.Кенжебеков: «Отан үшін от кешкен қазақстандық батырларымыздың ішіндегі Кеңес Одағының Батыры Сағадат Нұрмағамбетовтың есімінің шоқтығы биік тұратыны сөзсіз. Сұрапыл соғыс жылдарында қайсарлық танытып, жасындай жарқылдаған қаһарман небәрі 21 жасында Кеңес Одағының Батыры атағына қол жеткізіп, еліне аман-есен оралды. Жүрегі елім деп соққан Сағадат Қожахметұлы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылуы мен қалыптасуына өзінің сүбелі үлесін қосты. Бүгінгі күнде Тәуелсіз Қазақстанның айбынды армиясы кез келген қауіп-қатерге төтеп бере алатыны анық. Сондықтан да, біз Сағадат Нұрмағамбетов есімін мақтан етеміз және мәңгі есте сақтаймыз! – деп, ой түйді.

Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, армия генералы С.Қ. Нұрмағамбетовтың өмірі мен ерлік жолына арналған ерлік сабағынан мол мағұлмат алған сынып оқушылары сұрақтар қойып, сәйкесінше орынды жауаптарға асқан қанағаттанарлық танытты. Сынып оқушылары арасынан Бағдаулет Ахан, Әнел Бердімұратова,Ұлбосын Әбдікәрім, Кәусар Ізбасар және Диас Батырхан белсенділік көрсете білді.



Думан Жұмашұлы,

Приозерск гарнизонының

баспасөз хатшысы


78 просмотров0 комментариев

Недавние посты

Смотреть все

Комментарии


bottom of page