top of page
Жанар Тоқтарбайқызы Умерджанова

Мамандандырылған «Арыстан» лицейіне – 10 жыл!


«Нұрсұлтан Назарбаевтың білім беру қоры» Қоғамдық қорының филиалы ретінде Қазақстан Республикасының білім кеңістігіндегі қайырымдылық акциясы аясында 1911 жылы ашылған әскери бейімдегі, физика-математика бағытындағы бұл лицей әсем Алатаудың бөктерінде орналасқан. Лицейдің ашылғанына биыл 10 жыл толып отыр!

Лицей бастығы, запастағы генерал-майор, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Тауланов Сәбит Сауменұлы бүкіл өмірін әскери қызметке арнаған қоғам қайраткері, халықтың біртуар азаматы. Ол – көп жылдық әскери тәжірибесін жас ұрпаққа беру мақсатында осы лицейдің ашылуы мен қалыптасып, гүлденуіне ат салысысып келе жатқан белгілі тұлға. Лицеистердің зор құрметпен «Әке» деп атауларының өзі Сәбит Сәуменұлына деген жастардың шексіз алғысы мен сүйіспеншілігін білдіреді.

Лицеистерді біліммен және өмір сүру қажеттіліктерімен қамтамасыз ету оқу орнының құрылтайшысы – «Нұрсұлтан Назарбаевтың білім беру қоры» және Лицейдің Қамқоршылар кеңесінің есебінен жүргізіледі.

Лицейде ер балалардың білім алу мерзімі 9-11 сынып аралығын қамтиды. Лицеистердің білім алуы мен жатын орны үшін Іле Алатауының әсем бөктерінде, Алматы қаласының маңында заманауи білім беру кешені тұрғызылған. Экологиялық таза аймаққа орналасқан лицейде балалардың денсаулығы мен спорттық жаттығуларына да аса үлкен мән беріледі.

Лицеистер үшін жаңа талаптарға сай жабдықталған оқу дәрісханалары, зертханалар, бай кітапхана қоры және интернет қызметі ұйымдастырылған.

Лицейдегі жоғары білім беру деңгейін жоғары білікті оқытушылар құрамы мен оқытудың жаңа технологиялары қолданысы қамтамасыз етеді. Жанам деген жүрекке от беретін, биікке самғаймын деген қыранға қанат беретін бұл Лицей туралы әлі де талай дүниелер жазылары анық.

Лицей әскери тәртіпке негізделген интернат типінде жұмыс істейді, оқыту семестрлік жүйеде құрылған. Лицей туралы Қазақстан Республикасы аясындағы баспасөз құралдарында көптеген мақалалар, мәліметтер жарияланып, деректі фильмдер түсірілген.

Сондықтан Лицей өзінің бітіруші түлектері үшін де аса маңызды бағдарлама қабылдағанын зор қуанышпен бөліскіміз келеді.

2021 жылғы 14 ақпанда "Арыстан" мамандандырылған лицейінде "Арыстан "мамандандырылған лицейі түлектерінің қауымдастығы" қоғамдық бірлестігінің кезектен тыс конференциясы онлайн форматта өтті, оған лицейдің Қазақстан Республикасында оқитын немесе қызмет атқарып жүрген, сондай-ақ Ресей, Беларусь, Украина, Түркия, Қытайда оқитын 400-ден астам түлегі қатысты.

2014 жылдың қыркүйек айында құрылған "Арыстан" мамандандырылған лицейінің түлектер қауымдастығы Қауымдастық туралы Ережеге сәйкес жұмыс жүргізді. Қауымдастықтың басты мақсаты – түлектер мен лицей арасында өзара тиімді ынтымақтастық пен әскери күш құрылымдарында түлектердің оқуын және одан әрі кәсіби қызметін дамыту мүмкіндігін беру.

Қамқоршылық кеңестің бастамасы бойынша, лицей ұжымының атқарған үлкен жұмысын есепке ала отырып, бұл сегіз түлектер легі, яғни 637 түлек, оның ішінде бүгінгі таңда 131 офицер Қазақстанның әскери күш құрылымдарында қызмет атқаруда, оның өкілеттігіне лицей түлектерін материалдық көтермелеу, материалдық көмек және әлеуметтік қолдау мәселелерін қосымша қосу арқылы қауымдастықтың мүмкіндіктерін кеңейту ұсынылды.

Осы мақсатта Қауымдастық туралы ереже негізінде ""Арыстан" мамандандырылған лицейі түлектерінің Қауымдастығы" қоғамдық бірлестігінің Жарғысы әзірленіп, бекітілді.

Конференция барысында Лицей бастығы запастағы генерал-майор

С.С.Тауланов және "Арыстан" мамандандырылған лицейі түлектерінің қауымдастығы "Қоғамдық бірлестігі" Үйлестіру кеңесінің төрағасы запастағы полковник В.А. Райхель сөз сөйлеп, түлектер қауымдастығының жаңа мәртебесі туралы ақпаратты жеткізді, ""Арыстан "мамандандырылған лицейі түлектерінің қауымдастығы мүшелерін материалдық көтермелеу, материалдық көмек көрсету және әлеуметтік қолдау тәртібі туралы Ережемен" және ағымдағы жылға арналған жұмыс жоспарымен таныстырды.

Осы шаралардың барлығы еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мемлекеттік құрылымдарда қызмет атқаратын түлектердің мүмкіндіктерін барынша іске асыруға және қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған.

Онлайн-кездесуге лицей әкімшілігі,Үйлестіру кеңесінің мүшелері, педагог-психологтар, бөлімше командирлері, 10-11 сынып лицеистері және қазақстандық және шетелдік әскери жоғары оқу орындарының курсант - түлектері, сондай-ақ әскери күш министрліктері мен ведомстволарында қызметте жүрген офицер-түлектер қатысты. Онлайн-конференция жұмысына қатысқан барлық түлектердің алғыс сезімі шексіз еді. Себебі балапанды ұясынан баулып ұшырғаннан кейін де оның қалыптасуына, өсіп-өркендеуіне көңіл бөліп, көмек көрсетуді жоспарлап отырған мұндай оқу мекемесі сирек. Бұл әскери қызметкерді материалдық жағынан қолдайды әрі рухани кемелденуіне жол ашатын аса игілікті іс болып табылады.



Алғысым шексіз, «Арыстан»!

"Арыстан" мамандандырылған лицейін бітіргеніме 4 жыл болып қалыпты. Уақыт деген көзді ашып-жұмғанша зымырап өтуде. Кеше ғана Алматы облысы Іле Алатауының бөктеріндегі "Бесқайнарда" оқып жүрген едім, бүгін болса, Түркияның астанасы Анкарада "Ұлттық Қауіпсіздік Университетінде" білім алып жатырмын.

Қалай түскенімді айта кетейін, өзім «Арыстан» мамандандырылған лицейінің 2016 жылғы түлегімін. Түркияға түсу туралы шешімімді лицейде 10 сынып оқып жүргенімде қабылдадым. Түркияға Петропавл қаласындағы Ұлттық Ұлан институты немесе Алматыдағы ВИСВ арқылы түсуге болатынын анықтап білдім. Өз жолымды Ұлттық Ұлан институты арқылы табуға шешім қабылдадым. Себебі, Ұлттық Ұлан арқылы 1 курстан соң Түркияға түсуге болатын. Петропавл қаласына «Арыстаннан» 10 бала болып бардық, олардың ішінде 8-і Россияға түсті, екеуіміз Түркияға оқуға қабылдандық. Бұл – дегеніміз үлкен жетістік, «Арыстаннан» алған біздің біліміміз бен күшіміз жеткілікті еді. Онымыз да қалаған оқу орнына түстік. Петропавловскіде он бала бірге жүріп, бір-бірімізге көмектесіп, бір отбасының балалары сияқты қатты бауыр болып кеттік, қазір жиі сөйлесіп тұрамыз, әскери оқу мен мақсат бізді біріктіріп жіберді.

Россияға түсетіндер тек орыс тілінен сынаққа кірді, біз болсақ, Түркиядан келген делегацияға спорттан да, сабақтан да емтихандарға кірдік. Тағы айта кетейін, оқуға түсу қиын емес, «Арыстанда» алған барлық білім мен күшің жеткілікті, жүрегіңнің қалауын жүзеге асыра аласың.

Түркияда оқу жылы қазан айында басталады. Бірінші жыл тек қана түрік тілін үйрендік. Түрік тілі қазақ тіліне ұқсайды, себебі қазақ тілі түркі тілдер тобының жанұясына кіреді. Түркияға түскісі келетіндерге кеңесім –ана тілін өте жақсы білу. Қазақша білетіндер түрік тілінде 2 айда сөйлеп кетсе, орыс мектебінен шыққан қазақ жігіттері 6 айдай қиналып үйренді. Түркияға келгенімде «Арыстанның» 2013-2014 түлектері күтіп алып, таныстырып, қаланы асықпай қыдыртқан. Айтқым келгені қайда барсақ та,бізді және сізді күтетін «Арыстаннан» шыққан бауырларымыз бар.

Оқып жүрген жерімнің бағдарламасы мамандандырылған «Арыстан» лицейіне ұқсайды. Білімге көп көңіл бөлеміз. Оқу орнын бітірген кезде бір әскери диплом, екіншісі мамандық таңдап, сол оқыған дипломыңды аласың. Әр курстың соңында полигондары бар. Жүйе НАТО бойынша. Себебі Түркия НАТО құрамындағы мемлекеттердің қатарына кіреді.

Түркияда жататын жерімізбен сабақтарымыз түріктермен бірдей. Ешқандай айырмашылық жоқ. Мысалға, жататын жеріміз 2 - 5 кісілік. Тілді жақсы білсін, ортаға үйренсін деп әр бөлмеде 1 шетелден келген курсантты жатқызады. Қазақтарды ерекше жақсы көреді. Себебі дәстүрлеріміз ұқсауда, бізді бауыр ретінде көреді. Орта Азияда туыстарымыз бар деп айтуда. Бізден басқа 22 мемлекеттен курсанттар келіп оқуда. Солардың ішінде Қазақстан ерекше бір орын алады. Түбі бір түркі елі болған соң, өз Отаныңда жүргендей еркін сезінесің. Сабақ жағынан қиындықтар болғанымен,«Арыстаннан» алған біліміміз жеткілікті деп ойланбастан айта аламын. Спорт жағынан болса да, біздікілер – ең күштілер. Өз тәжірибемнен айта кетсем, оқу жағынан қиындықтар тумайды. «Арыстанда» алған тәртібіміз, үйренген біліміміз мені азықтандырып, демеп келе жатыр. Алла қаласа, қызыл диплом жолында келе жатырмын. Спорт жағынан болса, 2017-2018 оқу жылында ең үздік спортшы атандым. Түркия Қарулы Күштерінің кикбокс құрамындамын. Жарыстарға да көп барамыз. Шетелден келген курсанттардың жауаптысымын. Осының бәрі «Арыстан» мамандандырылған лицейінен алған білім мен тәрбиемнің арқасында іске асуда.

Лицейде оқып жүргенімде көбісін түсінбейтінмін, қазір болса көзім ашылып, мың бір алғыс айтамын. Достық туралы айтсам, қазақтардың арасында аға- іні қылып қарауда. Бір- бірімізге көмек беруден шаршамаймыз. «Арыстаннан» келген інілерімізге ерекше қараудамыз, оларға қамқорлық көрсетіп, жолбасшы боламыз.

Уақыт өте «Арыстанды» көп сағына бастайды екенсің, жолдастарыңды, мұғалімдерімізді және де офицерлерімізді. Әр демалысымызда көрісіп, «Арыстанға» қуана- қуана келудеміз. Қазір ең көп күткеніміз – түлектердің 10 жылдығына жиналуымыз.

«Арыстан» лицейіне оқуға түсерде қандай үлкен үмітпен келсең, бітірген соң сондай үлкен жауапкершілікпен оқуды жалғастырасың, мұнда алған әскери дағды, іскерлік, білім мен тәрбие орта жолда қалдырмай, көздеген мақсатыңа жетуде көп күш береді. Осындай әскери бағыттағы лицей ашып, жас ұрпаққа жақсы жол сілтеген Лицей Қамқоршылар Кеңесі мен Лицей басшысы запастағы генерал-майор С.С.Тауланов мырзаға айтар алғысым шексіз! Әскери қызметкерлер мен ұстаздарға еңбектеріңіз осылай жемісті болсын деп, толағай табыстар тілеймін. Рақмет, саған «Арыстан»!



«Арыстан» ұстаздарына арнау


«Арыстаным» –алтын діңгек бесігім,

Айқара ашқан бізге білім есігін.

Рухы биік, айбынды ұл тәрбиелеп,

Тауып берген әрбір істің шешімін.


Ерге лайық өрлігі мен намысы,

Бізге үлгі Әкеміздің әр ісі.

Таулановтай нар тұлғасы ғаламның,

Қазағымның қайталанбас арысы!


Жөн сілтеген айтқан әрбір ақылы,

Ақ Жайықтың кемеңгері, батылы.

Бір құшаққа мың баланы сыйдырған,

Ол – бүгіннің нағыз қайтпас батыры.


Беу балалық, алаңсыз шат боп күлген

Доп қуалап ,шыбықты ат қып мінген.

Ер жетіп, қадам бастым «Арыстанға»

Сап түзетіп, саналы білім берген.


Ұстаздарым қолдап, жебеп, демеген

Әрқайсысы таудай тұлға, көреген.

«Арыстаным», ғасыр бойы қарыштап,

Біліміңмен кеңейсінші керегең.


Динара апай жүзі нұрлы, жарық күн,

Жетекшіміз әр кез берген бағытын.

Анамыздай санамызға құюшы ең,

«Сендер – нағыз қорғаушысы халықтың!»


Көсемсөзбен қуатты берген жалын,

Теңіздей тебірентер адам жанын.

Қазақ тілдің қаймағын шайқап жүрген,

Жанар апай, әрқашан кең құшағың.


Менделеев, элементтер, кестелер

Взводымды әр кез елеп, ескерер.

Химияны қызықтырып оқытқан

Тазагүлдей апайым бар көп білер.


Зерттеп адам ағзаларын, гендерін,

Жаратылыс,табиғаттың бергенін.

Биологиядан сыр шертетін үнемі

Нурбану апай, көрегенсіз білгенім.


Жан бітіріп,техниканы құраған,

Физиканың күштеріде сан алуан.

Жарық, импульс, ток күштерін үйреткен

Нағыз білгір Азамат ағай – ұлы адам.


Бала күннен бізге таныс сандары да,

Формула, калькулятор колдарында.

Ротамыздың ең сүйікті мұғалімі

Математика Ханшасы – Марина Ивановна.


Ұстаздардың атып әр кез ақ таңы,

Лицейдің біздер болдық мақтаны.

Қарт Алатау баурайында ер жетіп,

Таулановтың арыстандары аттанды!


Құтты болсын 10 жылдығың,бақ ұям!

Өркендесін өмір – өзен дарияң.

Барша жастың басын қосқан «Арыстан»,

Кемелденіп, берік болсын Жанұяң!


Тарихтарда қалсын ізің жаңғырып,

Нағыз әскер бастауысың мәңгілік!

Тәрбиелеп, қыран қылып ұшырған,

Мен өзіңді мақтан етем ән қылып!


72 просмотра0 комментариев

Недавние посты

Смотреть все

Comments


bottom of page